Негізі осы мақаланы оқып отырған сізді де жасырын камера түсіріп тұр. Бұл түсірілім көптеп бері жүргізілуде. Сіз бен бізді сыртымыздан түсіру үшін жоғары технологиялық камера қолданылады. Бейнесі тұнық, дыбысы анық.
Құран Кәрімде: «Ал, шын мәнінде, сендердің үстеріңнен күзетіп тұрушылар бар. Құрметті жазып тұрушылар. Олар не істеп жатқандарыңды біледі», (Инфитар сүресі, 10-12 аяттар) деп камераның бар екенін ескертеді. Ол біздің әрбір қимылымызды қалт жібермейді. Әрі бір емес екі камера. Әрбір адамға екі камерадан бекітілген. Мақсат, қоғамдағы әрбір азаматты салауаттылыққа шақыру.
Бұл көшедегі камера сияқты бір орында қатып тұрмайды. Жол бойындағы камераны алдағандай көліктің жылдамдығын баяулатып алдап кету мүмкін емес. Түсіру ауқымы 360°-ты қамтиды. Құран Кәрімде: «Міне, әрбір адамның оң жағынан және сол жағынан екі тіркеп алушы отыр. Ол қандай сөз айтпасын, оның жанында дайын тұрған бақылаушы бар», деп ескерткен. (Қаф сүресі, 17-18 аяттар)
Сондықтан, қай уақытта да абай болыңыз, себебі, жасырын камера тұр.
Мұхаммед Ибраһим