«Дінтану» – қажеттіліктен туындаған мамандық

Бейсенбі, 03.11.2021

Күрделі әрі жұмбақ  құбылыстың бірі – дін. Дін адамзаттың өзін тануға, рухани әлемнің тылсым сырын түсінуге  деген талпынысының ажырамас серігі. Ол адам мен әлемнің, көзге көрінетін дүние және байқала бермейтін құпия тіршіліктің тұтастығын қамтамасыз етеді. Адамға су қаншалықты қажет болса, рухани сусын да соншалықты қажет. Миллиондаған адамдардың діннен сусындайтыны, жан азығын табатындығы да сондықтан. «Ғылым дамыған сайын дінге деген қажеттілік сарқылады» деп сәуегейлік танытқан ғалымдардың болжамының күйреуі де осыны айғақтайды.

Ғасырлар бойы дін қоғам мен мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етудің пәрменді құралы болып келді. Жаңа тарихи жағдайларда дін осы қызметін сақтап қала ала ма? Жоқ әлде адамзат жалпыламалық пен тұтастықты қамтамасыз етудің басқа тетіктерін ойлап таба ма? Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттегі діннің рөлі мен орны немен айқындалады және оның аталған құрылымдармен қарым-қатынасы қандай болмақ және қай бағытта дамиды? Міне, осы және басқа да мәселелер дін сияқты нәзік әрі күрделі салада салиқалы ұстанымды қалыптастыруды қажет етеді. Ал еліміздегі дінаралық келісімділік пен сұхбатты үйлесімді дамыту өз кезегінде білімді де білікті мамандарды дайындаумен тығыз байланысты. Осы қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 1999 жылы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде «Дінтану» мамандығы бойынша бакалавриат, ал 2001 жылы магистратура ашылды. «Дінтану» мамандығы ашылғаннан бері кафедра ұжымы республикамызға қажетті мамандар дайындаумен қатар, аталған сала бойынша Мемлекеттік білім беру стандарттарын, типтік бағдарламалар, пәндердің оқу әдістемелік кешендерін жасады. Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұжымы бакалавр, магистратура, PhD докторларын жаңа талаптарға сай даярлауда. Атап айтқанда, жеке білім алу траекториялары, біліктілік бағыттылықтары анықталып, қазіргі Қазақстан мен әлемдік еңбек нарығының сұраныстарына сай кәсіби білікті мамандар дайындау ісі оң жалғасын тауып келеді.

Еліміздегі діни жағдайды ескере отырып, ҚР БҒМ 2016 оқу жылынан бастап мектептердің 9 сыныптарына дінтануды міндетті пән ретінде енгізді. Мектеп қабырғасынан бастап оқушыларға дін тарихы мен теориясы туралы терең де толық әрі мазмұнды білім беру, жастарды дінаралық сұхбат пен келісімділікке тәрбиелей отырып, оларды жалған діни ағымдардың ықпалынан сақтау аса маңызды қоғамдық және мемлекеттік мәселе болып табылады. Бұл да білімнің сапасы мен тәрбиелік мәніне айрықша назар аударуды талап етеді.

        Жаңадан ашылғанына қарамастан «Дінтану» көпшілікке танымал және қоғамға қажетті, сұранысқа ие мамандыққа айналып отыр. Еліміздегі «Дінтану» мамандығына бөлінген мемлекеттік грант иегерлерінің бакалавриат бойынша 70 пайызға жуығы, ал магистратураның 100 пайызы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Дінтану» бөлімін таңдайды. Бұл кафедра ұжымына деген үлкен сеніммен қатар, келелі міндеттер де жүктейді. Өйткені, терең біліміне сай өнегелі тәрбие алған азамат – еліміздің жарқын болашағының кепілі.     

Затов Қ.А. филос. ғ.д.,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Әлтаева Н.С.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

2 курс PhD докторанты

Оқылды 120 рет
JoomShaper
Top