Иманды қоғам қалай қалыптаспақ?

Жұма, 10.01.2022

Бауыржан ЖАҚЫП, «Қазақ энциклопедиясының» Бас директоры – бас редакторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Мен бала кезімнен ұлтымыздың ұлы перзенті, ардақ тұтқан ақыны Абай өлеңдерінен сусындап өстім. Содан болар, имандылықтан, ибалылықтан, адамгершіліктен аттаған жоқпын. 
Алла – мінсіз әуелден, Пайғамбар – хақ,

Мүмін болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ, – дейді Абай. Абайға ұқсағым келгендіктен, ұлттың ұлы болуға тырыстым. Ал ұлтын сүйген перзент болу үшін, әрине, ұлттың тілін, дінін, дәстүрін, салт-санасын құрметтеу керек. Бұл құндылықтардың бәрі де – қазақтың сонау замандардан бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіліп келген асыл мұрасы. Асыл мұраны жүрегінің түкпіріне сақтай алмаған, өмірлік темірқазығына айналдыра алмаған адам ұлтын сүйе алады дегенге өз басым сенбеймін. 

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ұлтының дінін, дәстүрін құрметтемейтін жандарды кезіктіріп қаламыз. Өзінің баға жетпес байлығына мұрын шүйіре қарап, өзгенің қаңсығын таңсық көретін адамдар бар. Әсіресе, бұл жағынан Батысқа еліктегішпіз. Солардың жабайы «мәдениетін» құрметтейтіндерге қайран қаламын. Шыны керек, бұл жағынан Батыс елдері бізді әбден былғады. Батысқа еліктегендер өз дәстүрімізді жоққа шығарып, дінімізді белден басып барады. Осы тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тамаша бастаманы қолға алған екен. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» атты кітап жарыққа шықты. Баспа басшысы ретінде, елді имандылыққа, жақсылыққа шақыратын осындай кітаптардың шыққанына қуанамын. Сондықтан да, жаңа кітапты оқып шығып, бір ауыз жылы лебізімді жолдауды жөн көрдім.

Ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін дін мен дәстүрдің атқарар маңызы зор. Біздің қазақ халқының түп негізі әуелден мұсылманшылықта жатыр. Сондықтан да ұлтымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүр-жоралғысының бәрі де діннен алынған. Алайда, кешегі кеңестік кезеңде дініміз бен дәстүріміздің басына қара бұлт үйірілгені жасырын емес. Соның салдарынан, халқымыз дербестігінен ғана емес, дінінен де айырыла жаздады. Діннен кеткен соң дәстүріне де сызат түсті. Алайда, ата-баба жолынан айныған емеспіз. Дінімізді, дәстүрімізді, даналардың асыл сөздері – әдебиетіміз сақтап қалды. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап, өшкеніміз қайта жанып, дініміз гүлденіп, дәстүрімізге жан бітіп жатыр. «Дін мен дәстүр» жинағын осы азаттықтың арқасында қол жеткізген мол табыс деп білемін. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң, құндылықтарымызға да мән бере бастадық. Кезінде көзімізден бұлбұл ұшқан асыл мұраларымызды қайтадан сара жолға салып жатырмыз.  

Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар. Алайда, соңғы жылдары осы екі асыл құндылықты бір-біріне қарсы қоюға құмар топтар пайда болды. Олар қазақтың салт-санасы мұсылманшылықта жатқанын жоққа шығарғысы келеді. Олар дін мақсатын жаңсақ түсініп, түрлі қателікке бой алдырып жатыр. Содан келіп дәстүр мен мәдениеттің тамырына балта шаппақ болады. «Дін мен дәстүр» кітабы осындай «білімпаздарға» дәстүрді мансұқ ету мәңгүрттің әрекеті екендігін дөп басып түсіндіріп берген екен. Бұл кітап дәстүр мен дін арасындағы байланысты тереңірек ұғындырады. Сондықтан да бұл жинақты барша қазақ жұрты, әсіресе жастардың оқығанын құп көремін. 

Жастарымыз ар-иманын ту еткен ата-бабаларымыздың ақ жолынан таймас үшін, олардың ұстанған дінін, дәстүрін қасиет тұтуы тиіс. Сонда ғана олардың ұлттық болмысы қалыптасып, мұраларымызды мансұқ етпейді. Құндылықтарын қадір тұтып, бағалай біледі деген ойдамын. Дінінен, дәстүрінен ажыраған ұлттың болашағы бұлыңғыр. Ұлттық болмысымызды сақтау үшін, дінімізге, дәстүрімізге берік болуымыз қажет. Сонда ғана елдігімізді сақтап қаламыз.

Қазақ – дәстүрге бай халық. Салт-дәстүр көрінісі тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірімізде орын алып жатыр. Халқымыздың ұлттық дәстүрінің көпшілігі ислам дінімен бірге өрілген. Демек, қаншалық қонақжай, мейірімді, биязы болсақ, мұның бәрі де бізге діннің берген нығметі. Қазақ халқы ешқашан да асыл дінінен ажырап, әдет-ғұрпын аяққа таптаған емес. Тіпті кешегі кеңестік қиын-қыстау заманда да,  Алла тағаланың шариғатына кереғар келген жоқ. Ал қазір, Аллаға шүкір, азаттықтың саф ауасымен тыныстап, қазақ ұлтының қайта түлеген кезеңіне куә болып жатырмыз. Тәуелсіздікпен бірге жоғалтып алған асыл байлықтарымыз да келді. Алла тағаланың әмір еткен амалдарына ден қоя бастадық. Дәстүрімізді дәріптеп, дінімізге деген құрметіміз күшейді. Кітаптағы: «Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өз Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі...

...Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен  мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды».

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Дін мен дәстүр» жинағы да осындай ізгі бастаманың нәтижесінде жарыққа шыққан туынды деп білемін. Енді бізге, дін мен дәстүрдің біртұтастығын сақтау жолында аянбай жұмыс жасау керек. Текті бабаларымыз қалдырған аманатқа адал болайық! Сонда ғана толыққанды ұлт болып қалыптасарымыз анық.

дереккөзі

Оқылды 738 рет
JoomShaper
Top