Ең лайықты есім

Сейсенбі, 26.04.2022

Бойы кішкене ғана, өрілген бұрымына күлгін түсті бантик таққан сүйкімді қызды сырттан бақылап оның соңынан келе жатқан қария:

– Қолыңды бере ғой, өткізіп жіберейін, – деп жетектеп жолдан өткізіп салды.

Көлік қозғалысы толассыз, біреуі жол берер емес. Мына балақайлар түгілі ересек адамның өзі әрең өтеді, – деп жүзі жылы қария немересімен шамалас қызға әңгімесін айтып келеді. Сөмке асынған бүлдіршін қыз да, біреу үйретіп қойғандай:

– «Ата, рахмет, Алла разы болсын», – деп томпаңдап жүгіріп кетті.

Бұл – тілі балдай, сүйкімді қыз Айша болатын.

Айша есік қоңырауына бойы әзер жетіп, басып еді, атасы есік ашты. Бала деген-ай, ә, пенсиясын сақтап, бар тәттісін екі құлыншағының аузына тосып отырса да, немересі:

– Ал, анам қайда, үйде жоқ па? – деп шешесін сұрап қоймайды. Үй-іші тым-тырыс. Атасы Айшаның сұрақтарына баяғы әдетімен, асықпай жауап беруде.

– Әкеңді білесің, жұмыста. Кешке келеді. Анаң ауруханаға кетті. Халима жеңешеңе керек-жарағын апарып, әрі хәлін біліп келу үшін.

Айша көңілі түсіп:

– Кім ауырып қалды? Алдымен анам келсін, әйтпесе, тамақ ішпеймін - деді. Қуанышы қойнына симай тұрған атасы:

– Омар көкең мен Халима жеңешеңнің енді ұлы бар, сен әпке болдың, бөпе жұбатасың. Саған сол үшін күш керек, жақсылап тамақтанып ал, келістік пе, – деп, Айшаны маңдайынан иіскеді.

Сәби санасымен атасының айтқанын өзінше түсінген Айша қуанып, іштей «Мен әпке болдым» деп танауын көтеріп қойды.

Кенет есік қоңырауы соғылып, Айшаның анасы да келді. Айша былдырлап:

– Бөбек қандай екен, маған ұқсай ма екен, а, айтшы? – деп анасының аяғына оралып жүр. Атасы:

– Айшажан кішкене қоя тұрсаңшы, анаң демін алып, тамақтансын, - деп, үлкен келініне: «Иә, жағдайы қалай екен?» – деген кейіпте аңтарыла қарап тұр. Мұны сезген келіні:

– Ата, бәрі жақсы. Аллаға шүкір, анасы да, сәби де бір қалыпты, уайымдамаңыз. Бірақ, сіз құп көрмейтін бір жағдай болды. Қайын сіңлім мен келініңіз сәбидің есімін кім деп қоятынын шешіп қойыпты.

Атасы:

– Олар қай уақытта үлгеріп жүр, жарайды, қойса, қойсын, – деп әлі қуанып жүр. Айшаның анасы әлдене айтқысы келді де, іркіліп қалды. Қайын атасы бала құсап ас үйге қайта келіп:

– Тамақтана бер, айналайын, сұрайын дегенім балалар сәбидің есімін қалай атапты? – деді.

– Ата, бұл есім сізге ұнамайды, білем. Шетелдің әншісі бар ғой, Рикки Мартин деген, соның құрметіне қойыпты, – деді келіні.

Өмірінің жалғасы немерелерінің қатары көбейгеніне төбесі көкке бір елі жетпей, қуанып жүрген қарт бұл жайтты естіп көңілі су сепкендей басылды. Үн-түнсіз бесін намазын да, асырды да өз бөлмесінде оқыды.

Кешкісін үлкен ұлы келгенде ғана бөлмесінен шығып, дастархан басына отырды. Үй ішінің райын сезген Айшаның әкесі жұбайынан мән-жайды біліп алған-ды. Отбасы ас қайырып үстел үстінен тұра бергені сол еді, қарттың кіші ұлы Омар кіріп келді. Еті пысық, аса ұғымтал кішкентай Айша көкесінің алдынан шығып:

– Көке, бөпеңіз құтты болсын, бұл жолы «Бисмиллә, бисмилла»  деп кіріңіз, әйтпесе атамның ашуы келіп жүр, әкем екеуіңізге ұрысады, – деді.

Айшаның көкесі мал-жан амандығын біліскеннен кейін, жеңгесі ас-суын дайындап берді. Кейін әкелі-балалы болып құптан намазын оқыды. Ұзақ уақыт үнсіздіктен кейін қарт әке балаларын қасына алып:

– «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» – демекші, бүгінгі естіп-білгенім сұмдық, мұсылман атымызға айып. Ұрпағымның жалғасы, атұстар дүниеге келді деп марқайып қалып едім, – деді де көзінен ыршып кеткен жасты жасырып, жүзін бұрды. - Бұлар келіп айдаладағы біреудің есімін қойып. Мен ақыретте Алланың алдында қалай есеп берем. Менімен қоса туған әкесі, сен де сұраласың ғой. Осыны ойландыңдар ма? Дүниеге келген перзенттің есіміне селсоқ, бей-жай қарауға болмайды. Пайғамбарымыз алейһис сәләм: «Бір адамның өз қамқорлығындағы адамдарға селқос қарауы, оның күнәһар болуына жеткілікті», – деп айтқан, мына әрекетіңмен бәрімізді күнәға батырасың ғой.

Қарт әке сөзін жалғап:

– Ұлдарым-ау, ер жетіп үйлі-жайлы болғандарыңа дейін үнемі айтар ақылым мен нақылым, насихатым  естеріңнен шығып қалған ба? Тағы қайталап айтамын, пайғамбарымыздың хадисінде: «Сіздер қиямет күні өз есімдеріңізбен мен және әкелеріңіздің есімдерімен шақырыласыңдар. Сондықтан балаға жақсы ат қойыңдар!», – деген. Кемеңгер хазіреті Әли: «Балаларың өздерің болмайтын уақыт үшін жаратылған», – деп қалай жақсы айтқан.

Қарттың осы бір отты сөздерінен ұялған кіші ұлының:

  – Кешіріңіз, әке, - дегеннен басқа аузына сөз түспеді. Үнсіз жүзін төмен салған үлкен ұлы Осман:

– Әке, өзіңіз сәбиге көптен ниет етіп жүрген Ибраһим пайғамбардың, Абай бабамыздың есімі ең абзалы, ең лайықтысы болар еді, – деп жауап қатты.

Гүлнар Жаладинқызы,

дінтанушы

Оқылды 618 рет
JoomShaper
Top