Оларға неке не үшін қажет?

Дүйсенбі, 24.08.2021

Сенімі де, мінезі де айныған лаңкес топтардың шатақ істері толастар емес. Қазір ғаламтор бетін аша қалсаңыз, біресе Еуропадан, тағы бірі Тунистен, Түркиядан, т.б. елдерден Таяу Шығысқа «тартып кеткен» жап-жас қыздар туралы дерекке көзіңіз сүрінеді. Мысалы, жақында ғана 17 жасқа енді толған қыз бала Түркиядағы ата-анасын тастап, Шамға қарай көшіп кеткен. Себебі, «намаз оқымайтын ата-анасы кәпір екен, тезірек мұсылман елге көшіп кетпесе, иманын жоғалтып алып, тозаққа түседі екен».

Қыздың «тәлімгерлері» оның иманын сақтап қалу мақсатында басқа елге һижрат жасауды (көшіп кету, қоныс аудару) үкім етіп бекітіп берген. Тозақтан зәресі қалмай қорқатын қыз «Жақсы, ахи! Енді мен иманымды сақтау үшін не істейін? Сіз айтыңыз, мен соңыңыздан еремін», дейді. «Тәлімгері» де жауапты оп-оңай тауып бере қояды: «Жарайды, мен енді сен үшін құрбан болайын. Екеуіміз тез арада никах (неке) қиып алайық. Ол жаққа барған соң неке қидыру дұрыс болмайды», -дейді. Әрине, қызбен таныса салып бірден үйленуге қолқа салмайды. Алдымен асықпай әлеуметтік желіге кіріп, қыздың суретін көреді. Құлындай сұлу мүсіні мен айдай сұлу ажарына тәнті болады. Сосын өзіне-өзі масаттанып: «Фэйсбукте түні бойы «жиһад» (Алла үшін күрес) жасаудың мукафаты (сый-сыяпаты) осы болса керек» деп миығынан күліп те қойған.  Қандай рахат! Қалың мал беремін, ата-анасының келісімін аламын, үй саламын, жұмысқа тұрамын, бала тәрбиесімен айналысамын деп бас қатырмай, 17 жасар қызмен неке қиюға оңай жол ашылып тұр. Мұның бәрі оның ойынша, «Алла жолында жиһад жасаудың» берекесі. Мұның бәрі, әрине, қызға беймәлім ойлар. Ол да өзіне екі дүниенің бақытын көрсетіп жіберетін адамға кезіккеніне мәз. Бүгінге дейін «намазсыз, құлшылықсыз, кәпір ата-анамен» бір үйде қалай өмір сүріп келгеніне өзі де таң.

Қысқасы, осылайша он екіде бір гүлі ашылмаған, әке-шешесінің үкілі үміті болып отырған жап-жас қыз сақалы  қоғадай «тәкфірші» біреумен қол ұстасып өзге елге тайып тұрған. Басқа бір қалаға жеткенде ғана үйіне: «Мені іздемеңдер» деп хабар береді. Жылап-еңіреп отбасы мен бауырлары қала береді. Мұндай оқиғалардың бүгінге дейін нешеуі өткенін тап басып айту қиын.

Әлбетте, бұл жерде жас қыздардың иманын құтқарғыш «жиһадшыға» қойылар сауал өте көп. Сенің ойың, шынында да, дін Исламды жаю ма, түндерді «фэйсбукте қыз аулаумен» өткізу құлшылыққа жата ма, Исламды түсінуге мұқтаж еркектер таусылып, тек жас қыздар қалып па, егер қыз сен ойлағандай әдемі болмай шықса, сонда да оны өзіңмен әкетесің бе, әлде «Ухти! (Қарындасым!) Сен осы елде қалып, интернетте елге жақсылық жая бер. Мен кете берейін» дейсің бе? Шамға баруға, саған тұрмысқа шығуға келісім бермесе, онда ол қыз тозаққа кіре ме?

 

Некеге ата-ана рұқсаты керек пе? Жалпы ғұламалардың пікірінше, неке қию үшін ата-ананың разылығын алу – шарт. Уәлидің (ата-ананың) рұқсаты Мәлики және Шафиғи мәзһабтарында некенің бір негізіне жатады. Ханбали мәзһабында шарт. Үш мәзһаб бойынша да, ата-ананың рұқсатынсыз қиылған неке – неке емес.  Ал Имам Ағзам мәзһабында бұлай үйленуге рұқсат болғанымен, ата-ана біріне-бірі тең емес деп шешсе, рұқсат бермеуге, ажыратып жіберуге ақысы бар. Демек, қандай жағдайда да ата-ана өзі аялап, үкілеп өсірген қызын тұрмысқа беру, бермеуге байланыстың ең соңғы шешімді айтатын адамдарға жатады. Бұл – бүкіл шариғат кітаптарында жазылған, белгілі тақырып. Шариғаттан хабары бар адам оны білмедім дей алмайды. Сондықтан ешбір жөні дұрыс, дені, қаны сау мұсылман ғаламтордан танысып алған қыздарға: «Ата-анаңды таста! Кеттік, екеуміз үйленіп, Шамға һижрат жасайық» деп ұсыныс жасай алмайды. Қасиетті Құран да, Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті де бұл әрекетке рұқсат бермейді.

Некені адал ететін шарттар. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде былай деген: «Сендер орындауға тиіс міндеттердің ең маңыздысы – әйелдерді сендерге адал ететін шарттар» (Бұхари, Никаһ, 52). Мұсылман ғұламалары бұл жерде айтылған шарттарды  некенің басты шарттары деп бекіткен: әйелмен  дұрыс қарым-қатынас жасау, оған нәпақасын тауып беру, киетін киімін, тұратын баспанасын қамтамасыз ету, әйелдің ешбір ақысын кем етпеу...Бұл айтылғандар неке қию рәсімінде жария айтылмаса да, бар шарттар.

Әйелмен дұрыс қарым-қатынас жасау. Ислам діні жер бетінде әйел затының рөліне ерекше көңіл бөлетін жалғыз дін екені мәлім. Керексіз зат құрлы құны қалмаған әйелдерді соншалықты биік дәрежеге көтеру үшін асыл дініміз еркектерге ең маңызды міндет ретінде әйелдерге дұрыс қарауды жүктеген. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде әйелге жақсы қарауды бұйырған. Ал енді оларды елінен-жұртынан бездіру, ата-анасымен арасын бұзу, туыстарынан қол үздіру, тірі жанмен араластырмай қамап тастауды ешбір адам әйелге жасалған жақсылық деп айта алмайды. Ақшасын беріп, аз уақытқа неке қидыра салу, нәпсісі қанса, талақ ете салу – бұрынғы надандық дәуірінде әйел затына жасалған қиянаттан бір де бір кем емес. Керісінше, Ислам қатаң тыйым салған зина күнәсына әйелдерді тартуға, мәжбүрлеуге жатады.

Хайуандық құмарлықтарына қасиетті Құранды құрал етудің де күнәсы орасан зор. Әлі санасы толық қалыптаса қоймаған қыздарды аяттармен қорқыту арқылы айтқандарына көндіру тәсілін лаңкестер мен тәкпіршілер өте шебер игерген. Әр адам, әсіресе, жастар «Жұмақтың иісін де иіскемейсің!», «Тозаққа кіресің!», «Алла бұл қылығыңды ешқашан кешірмейді» деген сөздерден елеулі әсер алатыны заңды. Кім болса да, мұндай ескертулерден үркитіні анық. Осылайша, жас қыздарды қорқытып, уақытша әйел ету – оларға жасалған жақсылыққа жатпайды. Ендеше, бұл шарт «оларша» қиылған некеде орындалмайды. Қасиетті Құранның «Оларға жақсылық жаса!» деген бұйрығы жүзеге аспайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең маңызды сүннеті аяқ астына тапталады.

Осы ретте ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттеріне көңіл аударып көрейік:

  1. Алла Тағаланың адам баласына өмірдің бүкіл салаларында «көркем үлгі-өнеге болсын» деп  жіберген сүйікті Елшісі отау құрып үйленген. Сол арқылы әке, ата, өмірлік жар, қайын ата, күйеу бала болудың ең тамаша ислами үлгілерін көрсетіп кетті. Бұл тұста әсіресе назара аударатын жағдай Алла елшісінің (с.ғ.с.) ең алғаш үйленгенде жиырма бес жаста болып, өзінен он бес жас үлкен жесір әйел Хадиша анамызбен тағдыр байласып, шаңырақ көтеруі еді. Сөйтіп елу жасқа келгенше, осы бір ғана әйелімен бүкіл жастық шағын өткізеді. Ол кезде екі әйел алу араб елдерінде барынша кеңінен жайылған үрдіс болғаны да мәлім. Осы әйелден бала-шаға сүйіп шат-шадымен ғұмыр кешті. Сүйікті жары дүниеден өткеннен кейін ғана өзге отауларын көтеріп, қалған он үш жыл өмірін өткізеді. Көрдіңіз бе, өзінен үлкен әйелмен жиырма бес жыл бақытты өмір сүреді.  Әрине, бұл жанымыздай жақсы көретін анамыз Хадишаны кемсіту емес. Бірақ бұл оқиғаны келтіріп айтпағымыз - үйлену, үй болу тек қана тән құмарлығына байланысты емес екендігі. Одан да маңызды мақсаттар бар екенін көрсету. Кейінгі әйелдеріне үйленуінің өзінде көптеген саяси, әлеуметік, діни, тарихи, т.б. себептер мен хикметтер бар еді.
  2. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйленуге, үй болуға шақырды, үндеді. Тіпті Аллаға көбірек құлшылық жасау үшін отбасын құрудан бас тартқан сахабаларын бұл райынан қайтарып, шаңырақ көтеруді кеңес берді. Оған: «Үйлену – менің сүннетім, кім менің жолымнан бас тартса, менен емес» деген әйгілі өсиетін білдірді (Бұхари, Никаһ, 1). Алайда мұнда да бір сағаттық, бір апталық немесе бір айлық зина іспеттес некеге шақырмағаны түсінікті. Кезінде ата-бабамыз: «Он үште отау иесі» деп жастарды не себепті ерте үйлендіруге баулыды дейсіз. Мұндағы «отау иесі» деген сөзден-ақ қазақ жастары ерте бастан бір отауға ие болуға, бала тәрбиелеп, бір отанды басқарып отыруға үйренсін деген мағынаны байқаймыз. Ендеше, үйлену керек. Бірақ ешкімнің қолына тиген әйелді қор қылып, шариғатымыз бұйырмаған істерді жасатып, күнәға қалдырып, түсініксіз, мақсатсыз істермен айналыстыруға құқы жоқ.
  3. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үй болу үшін иманды, діндар жар таңдауды бекерге кеңес етпеген. Ол (с.ғ.с.) тектіліктен де, байлықтан да, сұлулықтан да жан дүниенің көркемдігін алға тартқан. Себебі күйеудің күтімі, баланың тәрбиесі болсын, туыстық қатынас, көрші ақысын іске асыру болсын – бәрі де әйелдің көмегімен жүзеге асады. Сондай-ақ отбасылық өмірдегі небір қиыншылықтарға шыдап, сабыр ету, үйдегі бүйымдар мен мүліктерге ие болу, жар төсегін былғамай таза ұстаудың барлығы да әйелге жүктелетін шариғи міндеттерге жатады. Бұл айтылғанның бәрі екі дүниеге тікелей қатысы бар істер. Біреудің аялап, үкілеп отырған жап-жас қызын ұстап алып,  ел-жұртынан бездіріп, ата-анасы, туыстарынан қашырып, кімнің кімге қарсы соғысып жүргені беймәлім, мәнсіз, мағынасыз қантөгістер орын алып жатқан, айдаладағы соғыс алаңына апарып «Осы жерде маған әйел боласың!» деп талап ету шариғаттың ешбір талабына сай келмейді. Әрине, елдің шетіне жау тиіп,  белгілі бір мемлекеттің Елбасы немесе Дінбасы тарапынан «Тегіс атқа қоныңдар!» деген пәрмені шықса, жұрттың бәрі жаппай отан қорғауға кіріседі. Бұл соғыстың жөні бөлек.  Кеізінде апа-әжелеріміз қалмақтарға, жоңғарлаға, Хиуа, Қоқан хандықтарынің шабуылдарына қарсы қолдарына кетпен, айыр, күрек секілді қолына түскен құралды алып елі мен жерін қорғауға үлес қосуға тырысты.
  4. Алла елшісінің (с.ғ.с.) үмбетіне қалдырған өсиеттеріне тереңірек мән беріп қарасақ, отбасын құрудағы негізгі мақсаттардың бірі үйді бала тәрбиелейтін «мектепке», «медресеге», құлшышық орнына, қуаныш пен шаттықтың ұясына, сүйіспеншілік пен өзара сыйластық, мейірім мен кешірімділік ортасына айналдыру екенін байқаймыз. Ал енді бір сағатқа, бір аптаға немесе бір айға құрыла салатын уақытша некеде мұның бірі де жүзеге аспасы анық.
  5. Пайғамбар сүннетінде отбасын құруға байланысты орын алған негізгі мақсаттардың бірі – жер бетінде иманды ұрпақ көбейтіп, ақиретте мұсылман үмбетінің көптігін паш ету. Маъқил ибн Йасар деген сахаба былай дейді:  «Бір адам Расулуллаға келіп: «Әдемі бір әйелді қолға түсірдім. БІрақ тумайды екен. Онымен үйленейін бе?» деп сұрайды? Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ!» деп жауап қайырды. Екінші рет тағы келіп осы сұрақты қойып еді тағы да «Жоқ!» деген жауап естіді. Ол адам үшінші рет келіп, сол әйелмен үйленгісі келетінін тағы айтты. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Туатын әйелдермен үйленіңдер. Өйткені Мен өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңды мақтан етемін» деді (Әбу Дәуд, Нәсайи).  Бұл хадисте де үйленудегі негізгі мақсат тән құмарлығын қандыру емес екендігі анық көрінуде.
  6. Үйленудің үлкен жауапкершілік екенін де сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен үйренеміз. Хадистердің бірінде: «Сендердің әрқайсыларың бақташы секілдісіңдер және әрқайсың өз қол астыңдағыларға жауаптысыңдар...» деп осы ақиқатты білідіріп кеткен. Ендеше, ер азамат алған әйелі туралы міндетті түрді жауапқа тартылады. Сонда үйленген әйелін шетелдегі соғыс алаңына апарып, өлімге басын тіккендер қалай жауап бермек? Ол істері шариғат бойынша һижратқа да, жиһадқа да, шейіттікке де жатпайтыны анық.
  7. Пайғамбарымыздың сүннеттерінің тағы бірі – некені жұртқа жария ету. Еркек мен әйелдің екеу ғанасы келісіп, некелерін қиып алуы дұрыс емес екендігі жөнінде ғалымдардың бірауыздан келісімі де бар. Барлық мәзһабта жағдай осындай. Осы ретте, ұлын үйлендіргенде «Беташар» рәсімін жасайтын қазақ елі осы сүннетті қандай жақсы орындайтыны ойға оралады.

Қысқарта айтқанда, мұсылманша, дұрыс құрылған отбасына қойылатын Ислами талаптар өте көп. Шариғат ілімінде «Мунакахат» («Неке істері») деп аталатын арнайы үлкен бір ғылым саласы бар. Бүгінге дейін сол салада қаншама том кітаптар жазылды. Отбасының мән-маңызы, өзара міндеттері, нәпақаның сипаты мен көлемі, киім-кешек, баспана бөлімі, басқа сан түрлі қарым-қатынас туралы үкімдер ғылыми ізденістерге арқау болған. Мұның бәріне көз жұма қарап, әйелді керексіз зат секілді немесе тән тояттатудың құралы ретінде қарауға болмайды. Қасиетті Құранда «Ниса» (Әйелдер) деп аталатын арнайы бір сүренің болуы да түсінген адамға үлкен ой салатыны даусыз.

Ендеше, Исламдағы неке деген ұлы құндылыққа жеңіл қараудың зардабы да өте үлкен. Алла Тағала жастарымызға қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттерінен таймай отбасын құратын сана берсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай!

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ,

дінтанушы

Оқылды 1443 рет
JoomShaper
Top