Шарасыз шараналар

Дүйсенбі, 14.03.2022

Қоғамның жарасы асқынып, жер-жерден жамандық хабар еститін болдық. Алғашқыда төбе құйқамыз шымырласа, енді, міне, түрлі оқиғалардың ақырын естіп, жер шұқып отырмыз. Қызды «гүлге» теңеп, бөтен ашкөздерден қызғыштай қорғаған ата бабаларымыздың аманатына қиянат жасадық па, кім білсін!? Тар құрсағын кеңіткен сәбиінен аналар неге жериді? Тас жүректер сәбиінің шыңғырған үнін естімейді ме?

«Келдім. Кеттім. Мен сендерге не жаздым?

Анашым-ай, осыншалық неге аздың?
Жатырыңнан сəл кеңірек көліктен,
Басқа əлемді көрсетпедің неге аз күн?!

Анашым-ай!
Құлақ салшы, құрсағыңда бүрлегем,
Шаранаңмын бір күн өмір сүрмеген.
Сыртқы əлемнің салқындығын сезуші ем,
Бірақ мұнша суықтығын білмегем.

Ей, адамдар!
Мен жолдамын, мені ұмытып кетпеңдер,
Аза тұтып жатыр маған Көк пен Жер.
Тым құрыса баспаңдаршы миымды,
Жинап алсын кептерлер!»  (Оюлы Қуаныш)

Кәмелетке толмай жатып жүкті болған оқушы қыздардың тағдырына кім жауапты? Біреулер балаға зар болса, біреулер баланы далаға тастауды ар көрмейді. Тіпті, баласын далаға тастамақ түгілі балалы болу үшін екі жүз мың несие алып, ЭКО-ға (қолдан ұрықтандыру) барып жатқан аналар да бар. Әрқилы тағдырлар.  Жол жиегіне тасталып, жарық дүние есігін аша сала тепкі мен теперіш көрген шақалақтардың жазығы не? Сықырлаған сары аязда шарананы далаға тастап, үсіп өлетіндей хәлге жеткізгендерге қандай жаза бар? Санада сансыраған ой тізбегі. Бір мезет ойланып қарағанда, бүлінген қоғам ішіндегі «бүлінген тағдырларға» жаның ашиды. Жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыз: «Әйел еркектің құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей жауып, жария етпей қымтап ұстауы абзал. Әсіресе, етекті қара санға дейін көтермеу, кеудені жалаңаштамау жөн. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды, адалдық бұзылмайды» деп көрегенділік танытқан. Дұрыс қой. Қазір керісінше, қысқа кигендерге емес, ұзын етектілерге шүйлігеді. Мектептегі форманың сиқы белгілі. Осыдан соң, қыздарымыздың алданып қалмауына кім кепілдік бере алады!?

2016  -дың қаңтар айында біз куә болған оқиғалар мыналар:

–  2016 жылдың 3 қаңтарында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолындағы қоғамдық әжетханадан жаңа туған сәби табылған болатын. 8 қаңтарда полицейлер дәретханаға жаңа туған сәбиін тастаған келіншекті тапты. Дәрігерлер нәрестенің шамамен оқиғадан 6 күн бұрын дүниеге келгенін анықтады.

–  Жамбыл облысында орын алған оқиға жұрттың тағы да жағасын ұстатты. Оныншы сынып оқушысы көлікте босанып, нәрестені тас жолдың жиегіне лақтырып жіберген. Оқиға Талас ауданының Үшарал ауылы маңында болған. Тас жолға басымен түскен нәресте сол жерде шетінеген. Қансырап қалған 16 жастағы қыз ауруханаға жеткізілді. Осы жайтты дәрігерлерден естіген тәртіп сақшылары көп ұзамай жолдың бойынан сәбидің өлі денесін тауып алады. Қазір кәмелет жасына толмаған ана ем алуда.

– Бейнеу ауданындағы Сарға ауылының тұрғыны 17 қаңтарда аудандық ІІБ-ге хабарласып, сағат 17:00 шамасында республикалық Ақтау – Атырау тас жолынан, Сарға ауылынан 900 метр жерде картон қорап тапқанын айтады. Қораптың ішінде өлі нәресте болыпты.  Полицейлер нәрестенің анасының аты-жөнін анықтап үлгерді. Ол 1978 жылғы әйел болып шықты. Ол полицейлерге баласының өлі күйінде туылғанын айтқан. Қазір полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Әр жерден осындай оқиғаларды тізбектей берсек көптеп шығып қалуы да ғажап емес.

Мұхаммед пайғамбар «амалдар ниетке байланысты» деген. Біздегі ниет – әр нәрседен адамдар ғибрат алса екен деген мақсатты ой ғана. Біреудің жасаған қателігін біреу қайталамаса екен дейсің. Болмаса, екі күннің бірінде баласын алдырып тастап, шариғатқа қарсы сүйкімсіз амал жасап жүргендер арамызда баршылық. Дініміз Исламда некесіздіктен болатын нәрселердің барлығы жаман жолға  бастары анық. Жалпы зина дегеніміз – ақылды және балиғат жасында болған еркек пен әйелдің некесіз қатынаста болулары дегенді білдіреді. Зина харам болып табылады. Құран кәрімде былай делінеді: «Зинаға жоламаңдар! Ол арсыздық, лас, төмен іс, жаман жол болып табылады» («Исра» сүресі, 32-аят).

 

Зинаның дүниедегі үш зияны бар:

1.Әдемілікті және жүздегі нұрды кетіреді;

2.Кедейлікке жол ашады;

3.Өмірдің қысқаруына себеп болады.

 

Ақыреттегі үш зияны:

1. Алла тағала ашуланады;

2.Қияметте есебі қатаң болады;

3.Жаһаннам отында азап шегуге себеп болады.

      Бір хадис шәрифте былай делінеді: «Көздің зинасы – харамға қарау, құлақтың зинасы – әдепсіз (ұятсыз) сөз тыңдау, тілдің зинасы – балағат (ұятсыз сөздер) айту, қолдың зинасы өзіне халал болмаған әйелді ұстау, аяқтың зинасы – күнә болған жерлерге бару». (Бұхари) Зинақорлық жайылған сәтте қоғам мынандай зардаптарға душар болатынын пайғамбарымыз ﴾с.ғ.с.﴿: «Жаман әйелдер көбейіп, қоғамда зина етек алса, халық бұрын соңды көрмеген жұқпалы ауруларға ұшырайды». «Бір жерде зина мен өсім көбейсе, ол жердің халқы апатқа ұшырайтын болады» деп айтып кеткен.

1.Отбасы ажырасса, тірі жетімдер көбейеді.

2. Әпке, қарындастарымыздың арсыздануы, ұлт болашағына үлкен қауіп тудырады.

3. Зина жайылған жерде некесіз бала дүниеге келеді. Некесіз бала дегеніміз –  тексіз ұрпақтың пайда болуы.

4. Тастанды жетім балалар көбейіп, ата-ана мейірімінен мақұрым өскен ұрпақ өсіп жетіледі.

5. Жасанды түсік жасату белең алады. Яғни, шарананы жарық дүниеге келтірмей өлтіру.

Хазреті Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шындығында, пенде күнә жасағанда, оның жүрегіне бір қара дақ түседі. Егер ол тәубә қылса, күнәні тастаса және өзін сөксе, онда оның жүрегі тазарады. Ал, егер ол тәубеге келместен тағы күнә жасаса, жүрегі тұтасымен қарайып кеткенше дақ үлкейе береді. «Жоқ! Керісінше, олардың жүректерін істеген қылықтарының таты басты» деген аяттағы айтылған «тат» – дәл осы дақ» деген.  Он сегіз мың ғаламның Жаратушысы Алла тағала адасқан құлдарына туралық нәсіп етсін деп тілейміз.

 Тұрар ӘБУОВ,

дінтанушы.

 

Оқылды 295 рет
JoomShaper
Top