Хиджап дауының астарында не жатыр?

Жұма, 02.10.2021

«Біз – мұсылманбыз. Бірақ исламда түрлі ағымдар бар. Және сендер, “жасотандықтар”, осы ағымдарға кірген жастарды жаман нәрселерден тежеуге тиіссіңдер. Оларды тәрбиелеулерің керек. Біз өзімізді мұсылманбыз дегенде халықты орта ғасырға қарай тартпауымыз керек. Бізге әр адамның пікірі маңызды. Бірақ біздің қыздарымыз бен әйелдер киіп жүрген араб киімі біздің жол емес. Қазақ көшпенді халық болған, біздің ертеден келе жатқан өз жолымыз бар».  ҚР Президенті Н. Назарбаев (“Нұр Отан” партиясы “Жас Отан” жастар қанатының 2-съезі. Астана, 16 қараша 2012 жыл)

Оралда хиджаg дауы тарқамай тұр. Қаланың «Жұлдыз» ықшамауданында орналасқан №37 мектепте оқитын оқушылардың ата-аналары «Қыздарымызға хиджап кидірмей жатыр» деп арыздануда. Бұл туралы аталмыш мектеп директоры Тамара Мұрадымова баяндайды.

– Ашылғанына 3 жыл болған мектебімізде 1033 оқушы оқиды. Соның 29-ы – ата-анасы діни бағыттағы балалар, оның 15-і – қыз бала. Бүгінде қыздарымыз хиджаg киіп жүр, олардың алды – 1-4-сынып оқушылары. 2014 жылы қараша айында облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімі басшыларынан хат келді. Онда ҚР Бас прокуратурасының ҚР-ның «Білім туралы» заңының 47-бабының 15-1-тармағына сәйкес «Білім алушылар білім беру ұйымдарында белгіленген киім үлгісін сақтауға міндетті» және «Ешбір азаматтың өз діни нанымын негізге ала отырып, Конституцияда және Қазақстан Республикасының заңдарында қарастырылған міндеттерін орындаудан бас тартуға құқығы жоқ» («Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 7-тармағы) деген хатын басшылыққа алған. Осыларды сараптай келе жылдың аяғында ата-аналарды шақырып, сөйлесе бастадық. Оларға мемлекеттік мекеме екенімізді, әділет басқармасында бекітілген мектеп жарғысы барын, Конституцияға, білім заңына бағынатынымызды, зайырлы мемлекетте бар балаға құқық бірдей екенін айттық. «Алдағы оқу жылында қыздарымыз орамалдарын шешіп, ақ бантиктарын тағып келсін» дедік. Биылғы 20 тамыз күні «Қызымызға хиджап кигіземіз» деген хаты бар бір топ ата-ана мектепке келді. Мен оларға: «Қалалық білім бөлімімен ақылдасайын, бір апта уақыт беріңіз» дедім. Ал олар мен сұраған мерзімді күтпей, үш күннен соң «Қыздарымызды сабаққа орамалмен жібермей жатыр» деп тәуелсіз делінетін газетке барған және қалалық прокуратураға шағымданған. 28  тамыз күні прокуратурада кездесу болды. Кездесуге келгендердің дені біздің мектеп оқушыларының ата-анасы емес, көбін танымадым. Олар балалары біздің мектепте оқитын ата-аналарды қолдау үшін келгендер деп түсіндік. Оларға орамалды кимешек түрінде емес, қыз баланың басының артына қарай сәнді етіп тартуды ұсындық. Бұл негізі қыз баланың психологиясы бұзылмасын деген ниетіміз еді. Олар маған: «Сіз сонда қызымызды мектепке кіргізбейін деп тұрсыз ба?» деп сұрақ қойды. Ондай ойымның мүлде жоқтығын, тек қана мектеп директоры ретінде қыздардың хиджабын шешіп, мектеп киімімен, ақ фартугі мен бантигін тағуын сұрайтынымды айттым. Алайда ата-аналар бұған келіспеді. Олар «Қойыңызшы, мектеп жарғысын» деп сөзімді тыңдағысы келмейді. Бәрі – сақалды, шалбарының балағы кесілген азаматтар. Прокурорға «Бірінші күні сізге 6 кісі келдік, бүгін 20 адам келіп отырмыз, келесіде мешіттегі жамағатымыздың бәрін әкелеміз» деді Мержан есімді оларды қорғап жүрген қорғаушы (бұрын ішкі істер бөлімінде жұмыс жасап, шығып кеткен азамат екен). Біз қазақ дәстүрін өзіміз қазақ болғандықтан құрметтейміз. Жалпы, бұл ата-аналардың кейбірі озбырлық көрсетуге дайын тұратыны шындық. Мектеп ашылған жылы бір оқушымның ылғи қара киім киген анасы орынбасарым Гүлжан Бисенғалиеваға: «Бүкіл мектепке орамал тартқызамыз» деп қоқанлоқы танытқан болатын. Ата-аналардың бәрі – екпеден бас тартқандар. «Егер балаға екпе жасасаңыз, сотқа беремін» дейді олар. Біздің түсінігімізше, дінде зорлық жоқ. Бәрі ортақ тіл табысумен, ортақ келісумен, түсіністікпен шешілуі керек. Әр кез қоғаммен санасу керек деп білемін.

Директордың айтуынша, бұл дауға қашан, қалай нүкте қойылары белгісіз. Прокуратура бір айдың ішінде жауабын беруге уәде еткен. Ал облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығы бұл мәселеге араласып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын алға тартады.

 

Хиджаgтың өңін кимешек деп айналдырған

Ата-аналар «Исламда қыз бала орамалсыз жүруге болмайды» дейді. Және олар хиджаgты кимешек сөзіне ауыстырып қолдануда. Арабтың ұлттық киімін емес, қазақтың кимешегін кигізуді сұрадық деп, кимешекті пайдаланып, арғы ойлары хиджабқа қол жеткізу екені айдан анық көрініп тұр. Қазақта кимешекті балиғатқа толмаған 5-6 жастағы қыз бала емес, тұрмысқа шыққан кексе әйелдер, аналар киген. Ал исламда бүлдіршін қыздарға балиғатқа толғанша орамал тарту парыз емесі белгілі. Бұл ата-аналар мектеп ұсынған орамалды артынан сәндеп тартудан неге бас тартып отыр? – Олар неге БҚО дін істері басқармасы мен Дін мәселелерін зерттеу орталығына бармай, бірден прокуратураға барған? Бұл мәселелерді өткен 2014 жылы  Дін мәселелерін зерттеу орталығы ортақ келісіммен, түсіністікпен шешкен жоқ па? — дейді мектеп басшысы.

Шынында да, дауға оппозициялық басылымды араластыру, яғни шу шығару, мұсылманды мұсылманға айдап салуда елдің тыныштығын бұзу саясаты бұғып жатқан жоқ па? Жалпы, еліміз бойынша араб елдеріне барып азын-шоғын дін үйренген жастар олардың мәдениетін қоса әкеліп, оны дінге балауда. Мәселе хиджаgта емес, мәселе қыз баланың психологиясы бұзылмасын деген адамгершілік ниетпен кейбір мектеп басшылығы тарапынан ұсынылған жарғыдан тыс орамалды артқа байлауды, мектеп формасын тізеден төмен түсіріп киюді қабылдамай, кимешек деп хиджаgтың үлгісін ұсыну және сол көзқарастан айнымай, фанатистік көзқарас танытуы бұлардың бүгінгі қоғамнан именбеуге жасап отырған алғашқы қадамдары сияқты. Хиджапқа қол жеткізген соң арабтың нихабын (көзін ғана көрсеткен қара киім) одан әрі пәрәнжасын киеміз демесіне кім кепіл? Ата-бабаларымыз сонау заманнан бастап қыздарды тыйып ұстаған, қазақтың ұлттық киімі әу бастан-ақ тік жаға, ұзын етек, ұзын жең емес пе? Мемлекет те әурет жерлерді жабуға қарсылық білдіріп отырған жоқ, қыздардың ашық-шашық жүрмеуін мектептің өзі қатаң қадағалап отыр. Хиджап дауын көтерушілер неге зайырлы ортаға бейімделіп, бүгінгі заманға, қазақтың салт-дәстүріне сай киіну туралы ұсынысқа келіспейді? Міне, бұл бүгінгі қазақ қоғамындағы кез келген қарапайым адамнан бастап, мемлекетке дейін ойланатын аса күрделі мәселе. Түйіні шешілмей тұрған бұл даулы мәселе туралы қоғамдағы пікір екіұдай. Кейбір адамдар орамал тартуды қолдайтынын айтса да, «Намаз оқысам да, балиғатқа толмай немереме орамал тартқызбас едім» дейді. Себебі олардың ойынша, 6-7 жастағы бүлдіршін сәбиге хиджап өте қолайсыздық әкеледі және өзін өзгелерден бөлектеу арқылы томаға-тұйықтыққа бейімделіп, еріксіз психологиялық үлкен жүк арқалауға мәжбүр болады. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ балиғатқа толған қызына ұлттық нақышымызды араластырып, ата-бабамыздың киім үлгісін бүгінгі заманға, жасына қарай лайықтап қиіндіруі шарт. Жалпы, арабтың киім үлгісін күшпен қоғамға әкелу – ұлттық құндылықтарымызды аяқасты ету. «Хиджап, шын мәнінде де, арабтың киімі. Оның мұсылмандар киіміне ешқандай қатысы жоқ. Жалпы, мұсылманның киімі деудің өзі дұрыс емес» деген еді Дін істері агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Лама Шәріп.

Ұлдай САРИЕВА, «Орал өңірі»

 

Ержан МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы:

– Біздің жастарымыз еліктегіш. Кейбір балалар Пәкістанның киімін киіп жүреді. Кейбірі арабтың, үндінің киімін киіп жүр. Оны өздерінше «сүннет» деп түсіндіріп бағады. Исламда тамақ пен киімнің түріне сүннет жоқ. Басқа ұлттың киімін киіп жүргендер – исламды дұрыс түсінбейтіндер. Исламда ұятты жерін жабу деген бар. Бірақ қазақтың киімін киіп-ақ әуретіңді жаба аласың ғой. Бұрынғы заманда ата-әжелеріміздің киімдері қандай әдемі болған. Тіпті ол заманның киім-кешегі адамның жасын, дәреже-деңгейін де айқындаған.

 

Ғалым ШОЙКИН, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы:

– Жаңа оқу жылының басталуымен бірге білім беру мекемелерінде оқушылардың діни орамал тағу мәселесінің қайта орын алатыны белгілі. Мұндай жағдайдың Қазақстандағы білім берудің зайырлы ұстанымдарына сәйкес келмейтіні анық. Оқушылар діни шектеуден, тыйымдардан, шарттылықтардан тыс жан-жақты білім алуға ашық болулары тиіс. Осыған орай Дін істері комитеті алдағы оқу жылының басынан бастап діни орамал тағу мәселесіне қатысты келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында, оқушылардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізудің қажеттілігін назарларыңызға салады.  (2015 жылы, 28 тамыз күні Алматы, Астана қалаларының әкімдеріне және барлық облыстарға оқу орындарында орамал тарту мәселесіне қатысты жіберген ресми хатынан).

 

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жастар және жалпы істер бөлімінің басшысы:

– Қасиетті Құранның аяттарында киімнің түсі мен үлгісі нақты айтылмаған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қыздар мен әйелдерге қара түсті киім кимей, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын сақтай отырып киінуді ұсынады. Мектеп табалдырығын жаңа ғана аттаған қыздарға діни орамал тартуды біз дұрыс емес деп санаймыз. Балиғатқа толмаған қыз балаға діни орамал тартуды міндеттеу шариғаттың заңына қайшы. Қазақстан мұсылмандары өздері өмір сүріп отырған қоғамнан бөлініп өмір сүрмеуге, Құранда көрсетілгендей, заңды сақтап, оған сыйласымдықпен қарауға міндетті.

 

Кеңшілік ТЫШҚАН, исламтанушы, философия ғылымының кандидаты:

– Бізді кей ата-аналардың мектепте хиджаб киюге тыйым салынуына байланысты қыздарын оқуға бермей отырғаны алаңдатады. Олар қыз бала 6-9 жаста балиғатқа толады, сол себепті денелерін тұмшалап ұстау керек деп санайды. Бұл жаста балалар тұлға ретінде қалыптасып, дүниетанымы дамып үлгермейді. Ата-аналар бұл жерде ұлттың ділін, этникалық ерекшеліктерін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын есепке алмай отыр. Әр мұсылман үшін білімге ұмтылу – парыз. Себебі білім Аллахтың құдіреті мен мейірімін түсініп, пайымдау үшін міндетті түрде қажет.

Оқылды 1073 рет
JoomShaper
Top