Ислам және жастар

Сәрсенбі, 18.09.2021

Кез келген дәстүрлі діннің діттегені - күллі адамзат арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті уағыздау.

 

Еліміздің көркем де көрікті бас қаласы Астанада өткен үшінші құрылтайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бүкіл делегаттарға: «Төртінші құрылтайды қай елде өткізгілеріңіз келеді?» - деген сауал тастағаны бәріміздің есімізде болар. Сонда мәртебелі меймандар бірауыздан: «Әрине, алқалы жиынды тағы да әсем қала Астанада өткізсек, өйткені бұл шаһар ұлтаралық пен дінаралық келісімнің халықаралық орталығына айналды» деген еді.

Мұны біз бәрімізге ортақ мекен - жер жүзінің қауіпсіздік пен бейбіт өмірге бөленуін көксей отырып, біріншіден, Қазақстан Республикасына, ал екіншіден, әлемдік дін жетекшілеріне жүк­телген зор жауапкершілік екенін жақсы түсінеміз. Баршамызға ортақ осынау сауапты да жауапты игі ісімізді атқаруда ұстанатын таптырмас тамаша жол - өзара құрмет пен діни түсіністік һәм өрге сүйрейтін өркениеттік деңгейдегі үнқатысу. Анығырақ айтқанда, бұл- төрткүл дүниенің тепе-теңдігін сақтау мен бейбіт өмір салтын қалыптастыруды қалайтын дін қайраткерлерінің абыройлы қызметі.

Кез келген дәстүрлі діннің діттегені - күллі адамзат арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті уағыздау. Өткен құрылтайларда Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Өзара сыйластық пен түсіністік, өзгелердің кие тұтқан құндылықтарына құрметпен қарау - адамдар арасындағы бауырмашылдықтың, сүйіспеншілік пен тыныштықтың және төзімділіктің басты шарты саналады» деп салиқалы сөз айтқан еді.

Бабаларымыз ұстанған асыл дініміз - Исламда жас ұрпақтың санасына ізгіліктің дәнін сеуіп, жеткіншектерді атаның баласы емес, адамның баласы болуға баулу айрықша маңызға ие. Алла Тағаланың қолдауымен сәулелі сәтті пайдаланып, осы тақырыпқа тереңнен бойлап, өз ойларымды ортаға салғым келеді. Ең алдымен, «Әдемілікті сүюші» деген көркем есімге ие және бүкіл мақтауға лайық ұлы Алла Тағалаға шүкіршілігіміз болсын. Жаратушы Иеміз бізге ізгі істерді жасауды бұйырады және соны орындаған пенделеріне разы болады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында, иман келтіріп, ізгі істер жасағандардың еңбегінің сауабын зая қылмаймыз» («Кәһф» сүресі, 30-аят), - деген.

«Ислам және жастар» деген тақырыпты таңдауыма, жас ұрпақты жақсылыққа асық, жамандықтан қашық болуға үндеудің тамаша үлгісі мен дәстүрімен тәрбиелейтін құндылықтардың өмірімізден алшақтай бастауы жайлы ойлар се­беп болды. Бүгінгі жастар имандылыққа жол сілтейтін және олардың жоғалған жан сұлуы мен әдемі әдептерін қайта қалыптастыратын бағыт-бағдарға өте-мөте мұқтаж. Ислам үнемі ойлануды, пікір қорытуды, ілім іздеуге бұйырады. Мынадай бір қанатты сөз бар: «Мүминнің бірінші міндеті - білім іздеу. Қандай қайнар көзден тапса да, оған иелік жасауы керек». Қасиетті Құранның 719 жерінде Алла Тағала білім жетілдірудің артықшылығы жөнінде айтқан. Дәл осы тұста мен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «Еліміздің және жастардың ең басты байлығы - сапалы білім»деген даналық сөзі барын да айтқым келеді.

Осы мәселеге жастарды тәрбиелеу тұрғысынан келгенде, Исламда алынған білім діннің қағидаларына, ұстанымдарына, негізгі ережелеріне қайшы келетін болса, онда ол адам өміріне пайдалы болмайды. Сондықтан Шығыс пен Батыстағы оқыту жүйесі мен тәрбие теориясын тек адамдар ойлап тапқан жаңашыл идеялар деп түсінуден гөрі ол адамзат тәжірибесі мен біліктілігінің жемісі деп қарастыруымыз қажет. Біз оның бәрін түгелдей сіңіріп алуға да, сондай-ақ Құдай заңына қарсы келетін жақтарын мүлдем жаратпай тастауға да болатын материал деп қана қараймыз. Құдайға иман етіп, қоршаған ғалам туралы терең ойға берілумен кез келген философияның бұрмаланған жағы немесе ретсіз жүйе тазаланады, жақсартылады. Бұл жағдайда ғылым-білім, иман жолындағы іздену білім берудің тиімді тәсілдеріне айналады. 

Кемел де кіршіксіз Ислам діні жастарға білім бергенде, Құран мен Пайғамбар (с.ғ.с.) Сүннетін қоса үйрету арқылы ижтиһад (Ислам іліміне негізделген жеке тұжырым немесе тәуелсіз ой қорытындысы) пен даналықты садақ ағашының екі басын иіп тең ұстағандай теңгереді. Егер адамдар, соның ішінде ата-аналар өздеріне және өз ұрпағына бақыт тілесе, онда осы діни тепе-теңдікті сақтауы керек. Мұның, әсіресе, жастарымыздың иманына, олардың болашақ өміріне берер пайдасы мен маңызы өте жоғары. Міне, бұл жастарды Ислам аясында дұрыс жетілдіруді қамтамасыз ететін дұрыс қағида.

Жастар - біздің жарқын болашағымыз. Оларға жіті көңіл бөлу, тәрбиелеу - дін жетекшілері мен елбасшылары алдындағы негізгі мәселелердің бірі. Олардың болашағы осыған байланысты. Сондықтан бұл саладан қаражат аяп қалуға болмайды. Жастарымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін ұдайы жадында сақтап, оны құрмет тұтып қадірлеуі, өз тума-туыстары мен отандастарына ілтипат көрсетуі үшін кезкелген қоғамда нағыз шынайы құндылықтар бірінші орында тұруға тиіс.

Қазақстанда халықаралық, дінаралық келісім, өзара татулық пен сыйластық ежелден қалыптасқан үрдіс. Аллаға сансыз шүкір, бұл Құдай Тағаланың Қазақстан халқына нәсіп еткен ұлы сыйы, нығметі, әрі біздің ата-бабамыздан қалған құнды мұра. Осындай үлкен қазынаның қадіріне жетіп, оны сақтап, молайту - перзенттік борышымыз. 

Соңғы жылдары отандастарымыздың, әсіресе, жастардың рухани дамуына кері әсері бар әртүрлі жағдайларды байқаймыз. Мәселен, бұл ретте жарнама мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы адамгершілік құндылықтың, ар мен ұяттың аяққа тапталуын айтуға болады. Сонымен қатар жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне теріс әсерін тигізіп жатқан кейбір теледидар хабарларының қатерге айналғанын баршамыз біліп отырмыз. Зиянды ойындардың, адамның есін шығарар есірткі мен ішкіліктің теледидар арқылы көп насихатталуы жастардың өз Отаны мен отбасына, дініне, салт-дәстүріне деген көзқарастарын өзгертіп жатқанын жасыра алмаймыз.

Бүгінгі жастар бұрынғылармен салыстырғанда өзгешелеу. Олардың ой-өрісі, талпынысы, сауық-сайран құруы, былай айтқанда, адами құндылықтары бөлектеу. Бірақ жастарымыз жалпыадамзаттық мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтардың да бар екенін естен шығармаулары қажет. Онсыз тұлға толыққанды қалыптаса алмайды. Жеке адамның, оның санасы мен тұлғасының қалыптасуына әсер ететін жағдаяттар мол. Ай­талық, оның ата-анасы, өмір сүріп отырған ортасы... Адам ба­ласы күн сайын бір нәрсеге көңіл бө­ліп, ой түйеді, өмір бойы оқиды. Алайда адам баласының тұлғалық сипаты жас кезінен бастап қалыптасады. Жас сәби табиғатынан таза, пәк. Бұл - адамның өмірден әлі ештеңе көрмеген, көңілге түймеген шағы. Әлемді енді-енді тани бастайды. Міне, дәл осы кезеңде ата-ананың, содан кейін білім беру мекемелеріндегі мұғалімдердің балабақшадан бастап, олар­дың бойына бірте-бірте рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратуға үйрету - маңызды іс. Осы орайда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың: «Ата-ана баласы үшін жауапты» деген даналық сөзін еске түсіре кеткен орынды болар. Егер ата-ана өз міндеттерін орындамаса, онда бала көше тәрбиесімен кетеді. Ондағы (көшедегі) тәрбие, өмірге деген құштарлық, мақсат-мүдделердің басқа екенін баршамыз жақсы білеміз. Мұндай жағдайда теледидар, ғаламтор, компьютерлік ойындар баланың бас тәрбиешісіне айналады. Осыдан кейін жас баланың бойында кез келген нәрсені жасауға болады деген мінез қалыптасады.

Әрине, жас ұрпақты мұндай қатерден құтқарып қалу - толықтай мүмкін де емес. Десе де, қатерлі жағдайдан шығудың бірден-бір жолы - оларға алдағы өмірінде кездесуі мүмкін кесапаттар мен қауіп-қатерлерді және неден сақтанып жүру қажеттігін түсіндіру. Олар мұның сана мен саулыққа кері әсер ететінін саналы түрде ұғынулары тиіс. Болашақта біреу темекі ұсынса, әлде ит те ішпейтін ішкілікті ішуге итермелесе, міне, сонда олар не істеу қажеттігін таразылай алады. Жамандық атау­лыдан саналы түрде бас тартқан бала оларға: «Жоқ» деп жауап бере алады, сондай-ақ жамандықтан жиренетін болады. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен». Бұл - ата бабаларымыздың өскелең ұрпаққа қалдырған өсиеті.

Жастар бойындағы жаман қылықтарға қарсы күресетін иммунинет - ол діни, рухани-адамгершілік және моральдық ұғымдар. Осындай құндылықтар ғана әлемді жамандық атаулыдан құтқарады. Сонымен қатар жастардың көкейіне Заң арқылы үрей салу, қоғамдық пікірден аяқ тартқызу - жас ұрпақты қандай да бір қылмыс жасаудан тоқтатуы мүмкін. Дегенмен ол, толық тосқауыл бола алмайды. Адам жазықты бола тұрып, жазаланбай қалса, онда ол заң талаптарын тағы да белден басуы ғажап емес. Ал ешкім мені көрмеді, бұл әрекетімді байқамады деген түсінік оны тағы да қылмыс жасау­ға жетелеуі мүмкін. Ал діни, рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде тәрбие көрген адам қай жерде жүрсе де, қандай жағдайға тап болса да, өзін Жаратушы Ие кө­ріп тұрғанын біледі. Сондай-ақ ол бұл дүниенің сотынан оңай құтылғанымен, арғы өмірдің тезінен қашып кету мүмкін еместігін жақсы сезінеді. Діни тәрбие адам бойында ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілік, т.б. сезімдерін оятады. Дін адамды төзімділікке, алып-қашпа, бөтен ойларға кеңдікпен қарауға үйретеді. Бұл, әсіресе, көп дінді, бірнеше ұлтты елде өте маңызды. Осындай тәрбие болмаған жағдайда қылмыс, экстремизм, төзімсіздік, дін­ара­лық, ұлтаралық алауыздық пен теке тірес секілді құбылыстар көрініс табуы ықтимал. Осындай құбылыстардың болуын қалайтын, елдегі ахуалдың тұрақсыздануы үшін қолынан келгенін аямайтын күштердің де бар екені жасырын емес.

Арнайы діни білімнің болмауы, шала сауаттылық та экстремизмге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Қылмыскерлер мен экстремистердің қатарына қосылып кеткендердің бәрі де дұрыс діни тәрбиеден нәр алмағандар. Сондықтан олар қылмыс әлеміне оп-оңай жем болады. Олармен күресте тек күш қолдану тәсілі тиімді нәтиже бере бермейді, сондықтан бұл мәселеге қарсы идеологиялық күрес жүргізу ләзім. Мұндай жағдайда ағартушылық жолмен күресу қажет. Жастарға шынайы діни білім беріп, олардың білім көкжиегін кеңейту керек. Адамгершілік тәрбиеде діни құндылықтарды пайдалану, сондай-ақ дін мен мектептерді шебер байланыстыру нүк­телерін дұрыс таба білу - бүгінгі заманда оң нәтиже берері сөз­сіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғам мен дін қызметкерлері жастарды дұрыс тәрбиелеуде күш біріктіргені абзал. Осы бағдарлама аясында мек­тептер мен өзге де білім беру мекемелерінде дін негіздерін, әлемдік діндер тарихын, әдеп сабақтарын үйрететін пәндерді де енгізу артық етпейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің қоғамдық өміріне етене араласып, билік басындағылардың адамгершілікті, мәдениет пен білімді дамытуға, иман қуатын күшейтетін, патриоттық сезімді, қоғамдағы өзара сүйіспеншілік пен бауырмашылдықты нығайтатын рухани дәстүрлерді қайта қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік бағдар­ламаларға қолдау көрсетіп келеді.

Ел мұсылмандары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани-адамгершілік бастамаларды қанаттандыруға, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге және Қазақстан қоғамының рухани-идеологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған саясатын толығымен қолдайды. Ислам дінінде дін мен дүниәуи іс ажырамастай бірлікте қаралады. Ислам мұсылман жастарын тәрбиелеуде белсенділік танытумен қатар, бүтіндей елдің бүкіл қауымдастығына толықтай қызмет етеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Отанды сүю - иманнан» деген. 

Имамдар, оқытушылар, жетек­ші тәлімгерлер соңғы жылдары еліміз мұсылмандары арасында Отанды сүю және оған қызмет ету, оның тарихи, рухани, мәдени мұраттарына адал болу, оның біртұтастығын сақтау және саяси-құқықтық негіздерін күшейту бағытында үлкен жұмыстар атқарды. Ондағы мақсат - жастардың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесін жандандыру, қоғамдық келісімді нығайту, ар-намыс пен дінге сену мәселелерінде өзара түсіністік пен төзімділікті қалыптастыру.

Жастармен жұмыс жан-жақты жүргізіліп келеді. Әрбір мешіт жанында сауат ашу курстары қызмет етеді. Онда жастар дін негіздері туралы бастауыш білім алуда, Ислам қағидаларымен танысуда. Бұл курстар арқылы жастардың патриоттық сезімдері артып келеді. Онда діни төзімділік пен барлық адамдармен өзара түсіністік жайлы рухани-адамгершілікке негізделген тәрбие берілуде. Өйткені сауат ашу курстарындағы дәрістер жастарды жоғарыда аталған белсенді іс-әрекеттерге тартудың негізгі жолдары саналады. 

Бүгінгі басты міндеттеріміз - Қазақстан мұсылмандарының рухани құрылымдарын біріктіру; экстремистік идеялардың тарауы­на қарсы тұру; дінді саясиландырмау, Исламға жала жабу сынды іс-әрекеттердің көрініс табуына жол бермеу; Қазақстан мұсылмандарының рухани құрылымдарын жаңа бағытта жандандыру және т.б. 

Ал алдағы уақытта атқаратын игілікті істерімізде рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие негізінде төмендегідей бағыттар бойынша жұмыс жасаймыз:

- барынша кең және жан-жақты діни білім беруді ұйымдастыру;

- мұсылман жастарды Исламдағы орта жолды ұстануға, Отанға, дүниежүзіндегі барша адамзат баласына, тарихқа, мәдениетке деген сүйіспеншілікке баулу; 

- жастар арасында радикалды және экстремистік ағымдардың тарауына бөгет болатын шаралар өткізу;

- жастарды өзара сыйластық пен түсіністік бағытында тәрбиелеудің бағдарламаларын жасап, жүзеге асыру.

ҚМДБ-ның жастарды тәрбиелеу саласында тиісті мемлекеттік мекемелермен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы көптеген мәдени-рухани іс-шараларды ұйымдастыруда. Алдағы уақытта осындай игілікті істер жалғаса бермек.

Біздіңше, мемлекеттік және рухани құрылымдардың арасында өзара түсіністік пен берекелі байланыс болмаса, онда тек ел мұсылмандары ғана емес, бүкіл Қазақстан қоғамында даму болмайды. Мұндай жағдайда еліміздегі ұлттар мен ұлыстар арасында жылы жүздесулер мен жемісті жұмыстар жүзеге аспайды.

Қасиетті Құранда Алла Тағала бүкіл адамзат баласына бір-бірін қадірлеуге, құрметтеуге бұйырған. Мүбәрак Құранның адамгершілік қағидалары халықаралық қауым­дыстықтың қауіпсіздігін нығайтуға қосар үлесі шексіз. Ислам бейбіт өмір сүруге, адамдарды өзгенің ала жібін аттамауға шақырады.

«Бірлік - береке бастауы» деген нақыл текке айтылмаған. Қазақ - қазақ болғалы еркіндікті аңсаған, бейбіт ел болуды қалаған. Міне, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ата-бабалар аңсаған арман мен үмітті ақтап, халықтар бірлігін һәм халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде біз оның куәсіміз. 

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы және

Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти

http://www.kups.kz/ru/about-university/student/announcement/tochka-distantsionnogo-dostupa-k-obrazovatelnym-resursam-mgtu-im.-n.e.-baumana

 

Оқылды 904 рет
JoomShaper
Top