Жастар және ислами құндылықтар тәрбиесі

Дүйсенбі, 06.10.2021

Бүгінде адамға ең қажетті нәрсе – тәрбие. Әсіресе, бұл қазіргі жастарға өмірдегі шынайы құндылықтарды ұғынуы үшін ауадай қажет. Адамның сол арқылы дүниетанымы кеңейеді және қоғамда өз орнын табады. Өйткені жаһандану заманында қоғам мүшесінен ғылым мен техниканы меңгеріп, жоғары білімді маман болуын талап етіп қана қоймай, сенімі мен дәстүрі алуан түрлі қоғам мүшелерімен  бірлікте өмір сүріп, дұрыс тіршілік ете білуді қажет етеді.

Тәрбиеге  жеткілікті көңіл бөлмеушілік қоғам тарапынан жастар тәрбиесіне салғырт және немқұрайлы қарау, кейбір шектен шыққан әдепсіздік пен арсыздықтың көрініс беруіне алып келіп отырғаны  шынайылық.

Жастар – біздің жарқын болашағымыз болғандықтан, оларға жіті көңіл бөлу, тәрбиелеу – дін жетекшілері мен елағалары алдындағы негізгі мәселелердің бірі. Жастардың келешегі осыған байланысты. Сондықтан да шығыстық түсініктегі тәрбие ұғымының ел болашағына бағыт-бағдар берудегі маңыздылығы өте жоғары. Әсіресе, мұсылмандық түсінікте жас ұрпаққа ана құрсағында жатқаннан бастап тәрбие беруге баса назар аударылады.

Ислам дінінде бұл тәрбие жүйесі өте тиянақты әрі берік дәрежеде құрылған және өзіндік түсініктерімен ерекшеленеді. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлы тәрбиесіз адамға берілген білім оққа айналады, яғни адамзат үшін қатер тудырады деген байлам жасаған. Ал ортағасыр данышпаны Әбу Хамид әл-Ғазали бала тәрбиесі туралы:

«Біліп ал! Баланың тәрбиесі ең маңызды істердің бірі. Перзент ата-анаға аманат. Баланың жүрегі пәк, нәзік, аңқау және ешбір нақыш салынбаған таза гауһар тасы сияқты. Жүрекке қандай ою-өрнек салынса, ол соған ұқсап пішінделеді, оны иген тарапқа қарай иіледі. Егер бала жақсылыққа үйреніп, жақсылықты әдеттенсе, дүние мен ақыретте бақытын табады. Әрине, бұл сауапқа оның ата-анасы және тәрбиешісі мен оған тәлім берген адамдар бөленеді. Егер балаға көңіл бөлінбей шетте қалып қойса, жамандықтың ортасында өссе, бақытсыздыққа душар болып, құрып кетеді. Бұл жағдайда күнәнің ауыртпалығы оны осы күйге түсіргендер мен ата-ананың мойынына артылады».

Жастарымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін ұдайы жадында сақтап, оны құрмет тұтып қадірлеуі, өз туыстары мен отандастарына ілтипат көрсетуі үшін кезкелген қоғамда адамгершілік құндылықтар бірінші орында тұруға тиіс. Дәстүрлі исламда ата-дәстүрімізбен ұштасып жатқан адамгершілік құндылықтар жетіп жатыр. Мұнда білімге, ақылға, жақсы ниетке, қоғамдық-әлеуметтік әділеттікке, сонымен қатар адамдардың құқығы мен құрметіне ерекше көңіл бөлген.

Өйткені жаһандану заманында отандастарымыздың, әсіресе, жастардың рухани дамуына кері әсері бар әртүрлі жағдайларды байқаймыз. Мәселен, бұл ретте жарнама мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы адамгершілік құндылықтың, ар мен ұяттың аяққа тапталуын айтуға болады. Сонымен қатар жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне теріс әсерін тигізіп жатқан кейбір теледидар хабарларының, әдепсіз фильмдердің, бейнеклиптердің қатерге айналғанын баршамыз біліп отырмыз.

Жеке адамның, оның санасы мен тұлғасының қалыптасуына әсер ететін факторлар мол. Ай­талық, оның ата-анасы, өмір сүріп отырған ортасы, жора-жолдастары және т.б. Адам ба­ласы күн сайын бір нәрсеге көңіл бө­ліп, ой түйеді, өмір бойы үйренеді. Шығыс құндылығымен көп ұштаса бермейтін Батыс түсінігі көп жағдайда құмар ойындарды, адамның есін шығарар есірткі мен ішкілікті күнделікті өмір әдетіне айналдыруды насихаттап, жастардың өз Отаны мен отбасына, дініне, салт-дәстүріне деген көзқарастарын өзгертіп жатқандығы мәлім. Солардың өмір сүру әдетіне еліктегіш жастардың ата салтынан, қазақ дәстүрінен алшақтап кету қауіпі бар.

Мысалы, елімізде көше қаңғып жүрген жасөспірімдердің нақты санын дөп басып айту қиын. Дегенмен, кейбір мәліметтерге қарағанда 2011 жылы Қазақстан аумағында үйі-күйі жоқ, балалар үйінен тыс көше қаңғып жүрген балалардың тіркелгендерінің саны 4357 құраған (www.socialistkz.info). Бұл жай ғана ресми органдарда тілкелгендері, олардың арасында жасырын жүргені қанша. Мұндай жасөспірімдердің жыл санап саны өскені болмаса, кеміп келеді деп айту қиын шығар.

Ойымызды Ибн Омардың пайғамбардан (с.ғ.с.) жеткізген мына хадисімен түйіндегіміз келіп отыр:

«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы(қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де  бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар», – деп айтқанын жеткізген.

Пайғамбардың мұнда бақташы деп отырғаны – жауапты адам, ал отар дегені – жауапты кісінің қарамағындағы қызметшілер, соның қарауындағы мал-мүлік. Демек, қоғамда жауапсыз адам жоқ, барлығы әйтеуір бір нәрсеге жауапты. Әке отбасы үшін, ана балалары мен үйі үшін, бастық қарамағындаңы қызметшілері үшін, ал қызметші қолындағы мүлкі, құрал-сайманы үшін жауапты. Олай болса, қоғамның гүлденуі, мемлекеттің өркендеуі үшін жастарды тәрбиелеуде қоғам мүшелерінің барлығы да жауапты. Бұл міндетті тек мұғәлімдер мен имамдарға жүктеп қоюға болмайды. Қазақ: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – демекші жастарымызды рухани-адамгершілік пен патриоттық бағытта тәрбиелеу көптің міндеті.

 

 

 

Жалғас Садуахасұлы, дінтанушы,

философия ғылымдарының кандидаты

 

Оқылды 1293 рет
JoomShaper
Top