45 сайттан артық 45 қара сөз

Сейсенбі, 12.07.2021

Бүгінде ақпарат алудың оңай да, жеңіл жолы ғаламтор. Ол жерде өрмекшінің торындай сайттар көп-ақ. Сол сайттарға кірген кісінің су ортасындағы ұйыққа түскендей күй кешері сөзсіз. Ақ-қараны ажырата алмайтын жеткіншек осындай сайттармен бетпе-бет келген уақытта құрыққа ілінеді. Сайтан пиғылды сайттардан сақтап отыру үшін ата-ана үнемі баланы бақылауда ұстауға мәжбүр. Ал, енді жастарды толықтай сырттан келетін ақпараттан оқшаулау мүмкін емес. Ғаламторды қадағаласаңыз да, телефонға келіп тұратын түрлі «қоқысты» тазалап отыру қиындау.

Бірақ, мұның ең тиімдісі біздің болмысымызға жақындау Абайдың 45 қара сөзі. 45 сайттан таппайтын дүниені Хәкім Абайдың қара сөздерінен таба аласыз. Қала берсе, Абайдың аталмыш ғақилиясы балаға тіпті ересек кісілерге де басқа діни ақпараттарды таразылайтын өлшеу құрал болмақ.

Мәселен, Абайдың отыз жетінші қара сөзінде: «Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің! Қары қалың қатты қыстың артынан көші қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді!»,-деген сөзі адамның еңсесін көтеріп, қиыншылыққа мойымауға шақырады. Шақырып қана қоймай, бойға күш-қуат береді.

Ал, отыз сегізінші қара сөзі тұтастай «әлһи сүннет уал жамағаттың» иман тұрғысындағы көзқарасын қазақи тілмен түсіндіреді. Мысал үшін, «...біз Алла Тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгел, хикметіне ешбір хаким ақыл ерістіре алмады. Алла Тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды...»,-деген жолдары.

Имандылықтың жоғары құндылықтары жайлы қырық бесінші қара сөзінде: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі...», деп адам баласының бойынан табылуы қажет ұғымдарды үйретеді.

Хәкім Абайдың қара сөздерінде иман мен шариғатпен қоса: «...Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай, сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылдыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады...», (Отыз тоғызыншы сөз) «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаның бар болса, жанған отқа күймессің, деп мал айтып тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен...»  және «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек», (Қырық бірінші сөз) деп қазақи болмысты, қазаққа не керек екенін атап өткен.

Әке бала-шағасына жұмасына бір рет дастарқан басында Абайдың бір қара сөзін оқып, мән-мағынасын түсіндіріп берсе жасөспірімнің бойында «имани иммунитет» қалыптасады. Қала берсе, 45 қара сөз жазылған бұл планшет сияқты жұқа кітап 45 сайттың қуатын береді. Абайды оқыңыз.

Руслан Қамбар,

исламтанушы

Оқылды 499 рет
JoomShaper
Top