Айнұр Әбдірәсілқызы: Сәләфилік бағыттағы 334 әдебиетке тыйым салынған

Сейсенбі, 19.07.2021

− Айнұр Әбдірәсілқызы, таяуда ғана Қазақстанның батыс өңірлерінде қызметтік іссапарда болып қайтқаныңызды БАҚ беттерінен оқыдық. Іссапарда көрген-білгеніңізбен бөліссеңіз. Батыстағы ағайынның халі нешік екен?

− Батыс өңіріне біздер Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында сапарладық. Ел – аман, жұрт – тыныш, дегенмен көптің көкейінде қордаланып қалған сан сауал бар.

Сапар барысында бірнеше бағытқа бөлініп жұмыс жүргіздік. Ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, «Дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері, арнайы орта білім беру мекемелерінің оқытушылары мен студенттері, медицина және құқық саласының мамандары, жастар және әйелдер ұйымдарының өкілдері, еңбек ұжымдары, тұрғын халық өкілдері, түзету мекемесінде жазасын өтеушілер секілді бірнеше санат қамтылды.

Әр аудиторияның діни ахуалды түсіну және бағалау деңгейі әртүрлі, қызықтыратын мәселелері сан алуан, дегенмен айқын аңғарылған екі жайт бар. Біріншісі – соңғы кезең оқиғалары дін саласына қатысты қауіптену аралас қызығушылықты күшейте түскен, соған сәйкес тұрғын халықтың ақпараттану деңгейі жоғарылаған. Екіншісі – салафилікке тыйым салу мәселесі ел арасында ең қызу талқыланып, күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналып отыр.

Ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне ең жиі қойылғаны – «Ұлттық дәстүрлердің исламмен байланысы қандай?», «Дәстүрлі дінді қалай сақтап қала аламыз?», «Дәстүрлі емес ағым өкілдерін қалай ажыратуға болады?», «Оларға қарсы күресудің қандай жолдары бар?», «Салафилікке заңмен тыйым салына ма?» деген сұрақтар болды.

Жалпы тұрғын халықты қашанғыдай діннің шариғи-сенімдік мәселелерінен гөрі күнделікті өмірмен қабысып жататын қарапайым әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері көбірек қызықтырады. Олардың қатарында ешқашан өзектілігін жоймайтын дін мен дәстүр сабақтастығына қатысты сауалдар да бар.

Шешімін таппаған мәселелердің үлкен бір бөлігі білім беру жүйесіне қатысты екені айқындалды. Бұл орайда мектеп формасына қатысты білім саласындағы уәкілетті орган мен оның жергілікті мекемелерінің іс-әрекеті толық үйлесім таппай отырғаны байқалады. «Дінтану негіздері» пәні мұғалімдерінің тарапынан қойылған сауалдар да дінтанудың мазмұндық мәселелеріне емес, негізінен білім саласының ішкі мәселелеріне көбірек бағытталды.

– Әр сапардан кейін «Не істеу керек?» деген дәстүрлі сауал көкейге оралып отыратын болса керек...

– Иә, сол сауалға сан жауап жұптай келген жайымыз бар. Ең маңыздысы – салафилікке заң жолымен тыйым салу мәселесі болса, оған қатысты Елбасы тапсырмасына сәйкес қазір Ведомоствоаралық топ құрылып, осы мәселені жан-жақты зерттеп-зерделеуде.  Тиісті шешім қабылданар алдында ол халықтың да, халық қалаулыларының да талқысына салынады.

Бір байқағанымыз, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ендігі жерде тек дін тақырыбымен ғана шектеу мүмкін де, міндетті де емес болып отыр. Қазір қоғам ішіне дендеп енетін, қоғамдық ойға қозғау салатын осы топтардан басқа ешбір балама тетік жоқ. Демек, осы талайлы кезеңде біздің маңдайымызға тек діннің емес, тұтас ұлт руханиятының жүгін көтеру жазылғанын мойындауымыз керек.

Сондықтан аудандық, ауылдық деңгейде де Ақпараттық-түсіндіру топтарын құру ерекше маңызды болмақ. Оған бұған дейін де айтып, атқарып жүргеніміздей, ел ішіндегі есті сөз айтатын ақсақал-қарасақалдарды, беделді тұлғалар мен белсенді жастарды, қалам ұстаған қайраткерлерді көбірек тарту қажет. Басты мақсат – қоғамды қараусыз қалдырмау. Қоғам тәрбиесін қоғам мүшелерінің өз қолына берген жөн. «Әй» дейтін әже, «қой!» дейтін қожа бар екенін әрбір адам сезінуі тиіс.

 «Пайдасыз мың кітапты оқығанша, пайдалы бір кітапты мың рет оқы» деген қанатты сөз бар. Қазір біздің қоғамға дәстүрлі қазақ мұсылмандығына, қазақ мәдениеті мен ислам дінінің терең тамырластығына қатысты ақпараттарды барынша сіңіре түсу әлі де қажет екен. Сондықтан біздің Орталық тарапынан 2014 жылы жарық көрген «Дін саласындағы өзекті мәселелерге қатысты 20 сұрақ-жауап» сериясының «Дін және дәстүр», «Дін және қоғам» секілді шығарылымдарын жаппай көбейтіп тарату қажеттігіне көзіміз жетті. Осындай әдебиеттер жүз мыңдап таралып, әрбір отбасының төрінде тұрмайынша дәстүрлі құндылықтарды ұлт санасында қайта жаңғырту мүмкін болып табылмайды. Бұл кітаптардың бір ерекшелігі – сұрақ-жауап сипатында жеңіл тілмен жазылып, қызықты мазмұнға құрылғандығы. Ұстаған жерде қалып қоятын салмақсыз бүктеме емес, ұстаудан да тартынатын қалың кітап емес, жинақы шағын кітапша түрінде жасақталған осындай еңбектер қазіргі оқырман сұранысына сай келері айқын.

Тағы бір түйгеніміз – мектеп қабырғасында балғындарды дінтану әліппесімен сусындататын «Дінтану негіздері» мұғалімдерін ақпараттандыру, оқыту, қайта даярлау, тестілеу арқылы білімін сынау шараларын одан әрі жетілдіру қажет. Білім саласына қатысты қордаланып қалған мәселелерді Білім және ғылым министрлігінің назарына салмай тағы болмайды.

Біздің бастамамызбен жоғарғы оқу орындарында ашылып, жұмыс жүргізіп жатқан «Қыз Жібек» клубтарын аудандық, қалалық, ауылдық деңгейлерде мектеп қабырғасынан бастап құру өскелең буын үшін теңдесі жоқ балама идея боларына сапар сайын көзіміз жетіп келеді. Радикалды ағымдарға қарсы іс-қимыл мәселесіне келгенде болары болып, бояуы сіңгендерден гөрі аман қалған аудиториямен жұмысты жандандыру керек.

− Осы тұстан сауалымызды қазіргі қоғамда кеңінен талқыланып отырған мәселелерге ойыстырсақ. Соңғы кезең оқиғалары лаңкестік тақырыбын күн тәртібінен түсірмей отыр. Ақтөбедегі жағдайға қатысты көптеген материалдар жарық көрді. Сіздің де «Ақтөбе оқиғасы сәләфиліктің қауіптілігін айқын дәлелдеді» атты мақалаңыз көпшілік тарапынан қызу талқыланды. Осы орайда Ақтөбеде лаңкестіктің орын алуын өңірдегі құқық және дін саласындағы мамандардың тиісті деңгейде жұмыс жүргізе алмауынан деп бағалаушыларға қандай пікір айтар едіңіз?

− Кемшіліксіз қызмет тарихта болмаған. Әр саланың күрделілік деңгейіне сәйкес өз қиындықтары, тұрақты түрде туындап отыратын күрмеулі мәселелері болады. Ол – мемлекет тіршілігінің ажырамас заңды үдерісі.

Ал Ақтөбедегі оқиғаны сала мамандарының тиісті деңгейде жұмыс жүргізбеуінің салдары деген пікірмен мүлде келіспеймін. Әдетте сол саланың тыныс-тіршілігінен бейхабар адамдар ғана осындай үстірт әңгімеге әуес келеді. Әділеттілік үшін айтайын, тек дін саласына тоқталар болсам, еліміздегі он алты өңірдің ішінде қызмет белсенділігі жөнінен ақтөбелік әріптестеріміз оқ бойы озық тұр дер едім. Бұл өңірде жергілікті әкімдік құрамындағы Дін істері басқармасы, оның бастамасымен ашылған «Ансар» оңалту орталығы, жергілікті құқықтық бақылау органдары және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы филиалдарының бірлескен жұмысы жақсы жолға қойылған. Соңғы төрт жылда өңірдегі діни ахуалдың тұрақтануы – осы құрылымдардың орасан зор күш-жігерінің нәтижесі.

Елімізде теріс пиғылды және радикалды ағымға арбалғандарды райынан қайтару жөніндегі алғашқы әдістемелік құралды жасақтаған және оны тәжірибе жүзінде қолданып, елеулі нәтижеге қол жеткізген де ақтөбелік мамандар болатын.

«Ендеше, неге дәл осы өңірде лаңкестік қайта бас көтерді?» деген сауалдың көкейде тұрғаны айқын, соған келейік.

Ол өңірдің тұтастай алғандағы ахуалына байланысты мәселе. 2011-2012 жылдардағы лаңкестіктің ең жиі орын алған өңірі – Ақтөбе екенін көпшілік әлі ұмыта қоймаған болар. Ақтөбенің ғана емес, жалпы батыс өңірінің діни ахуалы ширығысты болып қалыптасты. Оның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, Қазақстанның батыс өңірі – шекаралық аймақ, оның Ресеймен шектесуінің діни ахуалға өзіндік әсері болды. 2000-2011 жылдар аралығында Дағыстанда өткен толассыз террористік актілердің жаңғырығы бірінші кезекте батыс өңіріне жетті. Дағыстанға жарылыс жасау үшін кеткен қазақстандықтардың батыс өңірінің тумалары болғаны белгілі. Яғни көрші елдегі дүмпулер мен лаңкестік идеялар белгілі бір дәрежеде батыстықтар санасына әсер етті.

Екіншіден, мұнайлы-өндірісті батыс өңірі – стратегиялық маңызы зор аймақ. Геосаяси мүдделерді көздеген сыртқы күйретуші күштердің Қазақстанның осы өңірінің ішкі тұрақтылығын әлсіретуге және сол жерде тұғырларын орнықтыруға көбірек назар аударатыны айқын. Сондықтан кезінде батыс өңірлеріне сырт елдерден қолдау тапқан дәстүрлі емес діни ағым өкілдері көбірек шоғырланып, белсене жұмыс жүргізді. Оларға қарсы тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және қажет жағдайда шұғыл шаралар да жүргізілгенімен, «ұсталмаған ұры емес» – құрықталмаған талайлар ел арасына сіңіп кетті. Уақыт өте келе оның сілемі қайта айқындалуда.

Үшіншіден, өндірісті өңірлерге тән топтасу мен ұйысуға бейімділік сипаты тұрғын халық бойында белсенді идеологиялық бағдарларға деген қажеттілікті оятады. Бұл қажеттілікті де дәстүрлі ағым өкілдері өз мақсаттарына пайдаланып, агрессияшыл идеяларын таңып үлгерді.

Төртіншіден, әр өңірдің менталитетінің ерекшеліктеріне қарай дінге құлшынысы мен діни құндылықтарға қатынасы әртүрлі болатыны белгілі. Бұл мәселеде оңтүстік өңірінде салыстырмалы белсенді, орталық өлкелерде байсалды, солтүстікте салқынқандылау қатынас орныққан болса, батыстық азаматтарда құндылықтарға қалтқысыз берілу мінезі басым. Дін құндылықтарын қызғыштай қоритын жауынгерлік мінезді басқа бағытқа бейімдеп алуға да болатынын дәстүрлі емес ағымдар әрекеті айғақтап отыр.

Қазақстан Республикасы аумағында бүгінде дейін сот шешімімен тыйым салынған 670 экстремистік мазмұндағы материалдың тең жартысы, яғни 334-і салафилік ағымына тиесілі болса, соның 226-сына батыс өңірлердегі жергілікті соттар тарапынан тыйым салу жөнінде шешім шығарылған екен. Осының өзі өңірдің тұтастай алғандағы діни ахуалының белгілі бір көрсеткіштері болып табылады.

− Соңғы жайтты тарата айтсаңыз. Сот шешімімен тыйым салынған салафилік материалдар кімдерге тән?

− Бұл материалдар арасында салафилік ағымының белгілі идеологтары саналатын Ибн Тәймия, Ибн Бааздан бастап, қазіргі заманғы жетекшілерінің, пәтуа беруші шейхтарының, белсенді уағызшыларының көптеген еңбектері бар. Материалдар арасында көлемді кітаптар ғана емес, әртүрлі көлемдегі ғаламтор материалдары, оның ішінде мәтіндер, дыбыстық-бейне жазбалар, дәрістер, уағыз-насихаттар мен үндеулер кездеседі. Еңбектеріне тыйым салынған салафилік уағызшылар арасында өкінішке орай, Ділмұрат Әбу Мұхаммад секілді өз отандастарымыз да бар.

Бұл материалдарды талдап-түсіндіру, зиянды идеяларын тарата айту қазіргі Қазақстан қоғамы үшін маңызды болғандықтан, біздің Орталық қызметкерлері таяуда осы тақырыпта жеке талдау материалын жарияламақ. 

- Салафилікке тыйым салу мәселесіне қатысты ғаламтордағы талқылауларда «Ұйым ретінде топтаспаған ағымға тыйым салуға негіз жоқ» деген секілді тұжырымдар бой көрсетіп қалады. Орайы келіп тұрғанда осы жайтқа талдау жасап өтсеңіз: ағымға тыйым салу тәжірибеде бар үрдіс пе?

− Болғанда қандай! Дәстүрлі емес діни ағымдардан бізден бұрынырақ және ауырырақ зардап шеккен Тәжікстан, Дағыстан, Өзбекстанда салафиліктің атын атап, түсін түстеп, кейбірі тіпті уаххабилікке қосақтап тұрып, тыйым салатын заңнамалық құжаттар қабылданған.

Айта кету керек, Ресейде бой көрсетпесе де, террористік ұйым ретінде тыйым салынған «Аль-Каида в странах исламского Магриба» ұйымының алғашқы атауы «Салафистская группа проповеди и джихада» болатын. Сондай-ақ өз аумағындағы ешбір тіркелген діни бірлестікке немесе ұйымға қатысты болмаса да ресейліктер «Нұршылар халықаралық ұйымына» және «нұршылық идеологияны насихаттайды» деген дәйекпен түрік лицейлерінің қызметіне тыйым салды. Мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірсе, тұтас идеология тұрмақ, жекелеген идеяларға, атаулар мен нышан-рәміздерге де тыйым салу шараларын көптеген мемлекеттер қолдайды.

Алысқа бармай-ақ өзіміздің Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы», «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы», «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңдарына көз салайықшы. «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның 3-бабында көзделгендей, елімізде экстремистік деп танылған ұйымдардың атауларын жаңадан құрылатын ұйымдар атауына пайдалануға жол берілмейді. Осы заңның 13-бабында бейбіт митингілер мен шерулер өткізу  барысында экстремизм нышандарын пайдалануға жол берілмейтіні айтылған. Мәселен сіз ізгі мақсаттағы қоғамдық акциялар өткізу барысында біліп-білмей тыйым салынған экстремистік ұйымға қатысты бір нышанды, айталық ДАИШ ұйымының қара түсті туын немесе оның суретін қолдана қалсаңыз, ол экстремизм нышанын пайдалану ретінде айыпталады.

«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңға назар аударсақ, негізгі ұғым ретінде «күш қолдану идеологиясы» тіркесінің пайдаланылғанын байқайсыз. Осы ұғым террористік әрекеттердің туындауын айқындайтын негізгі өлшем болып табылады және заңның бүкіл мәтініне тіректік қызмет атқарады.

«Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңның елеулі бөлігін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелері құрайды, соған сәйкес тиісті тыйымдар да белгіленген. Ал ақпарат кеңістігі – идеологиялық сала екені, ақпарат арқылы идея насихатталатыны баршаға белгілі. Осы заңда Қазақстан Республикасы халқының рухани-мәдени мұрасынан айырылуы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін қатерлер қатарында көрсетілген. Ал рухани-мәдени мұрадан айыру қалай жүреді? Күйретуге бағытталған идея мен идеология арқылы ғана. Ал бұл қатерге жол берілмеуі – теріс идеологияға жол берілмеу деген сөз.

Елімізге теріс пиғылды ағымдар идеологиясының таралуына елеулі дәрежеде тосқауыл болып отырған бір тетік бар, ол – Дін істері комитеті тарапынан жүргізілетін дінтану сараптамасы. Осы сараптама барысында да ең алдымен идея сарапқа салынады.  Яғни «Материалдың мазмұнында саяси, діни немесе ұлттық экстремизм белгілері бар ма?», «Адамның әлеуметтік, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тiлдік қатыстылығына байланысты оның құқығын, бостандығы мен заңдық мүдделерін бұзуға шақыратын белгілер бар ма?», «Заңмен белгіленген азаматтық міндеттерді орындаудан бас тартуға және заңға қайшы әрекеттерге шақыратын үндеулер кездеседі ме?», «Зайырлы білім алудан, зайырлы мамандық игеруден, ақы төленетін еңбектен,  дәрiгерлiк жәрдемнен бас  тартуға,  дiни ұстанымдар негізінде отбасының бұзылуына жетелейтін идеялар бар ма?» деген сараптама сауалдарының барлығында идея бірінші кезекте тұр. Идеяға талдау жасау арқылы дінтану сараптамасы жасалған материалға оң немесе теріс қорытынды беріледі. Соған сәйкес оның ел аумағында таралу-таралмау мәселесі де шешіледі.

Қорыта келе мына жайтты атап өткім келеді: 2014 жылдың 18 тамызында Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы экстремистік деп танылып, оның Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынғаны белгілі.  Тәкфіршілік – бір идеологиялық негізден бастау алатын салафиліктің көп ағымдарының бірі. Сондықтан тәкфіршілікке тыйым салу үдерісін салафилік ағымдарды бөлшектеп еңсерудің басы деуге болады. Ал оның ортасы – жоғарыда айтылған салафилік әдебиеттерге тыйым салу болатын. Енді ағымның идеологиясы мен іс-әрекетіне шектеу қойылса, бұл үдеріс толығымен аяқталады.

− Соңғы әрі дәстүрлі сұрақ: Орын алған оқиғалар аясында қазіргі діни ахуалға  қандай баға берер едіңіз?

− Ешбір елдің ауа-райы дауыл тұрып тұрған сәтте өлшенбейді. Дауылы, жауыны, жайма-шуақ күндері толығымен есепке алына отырып, біртұтас өлшеммен алғанда қандай климаттық белдеуге жататыны айқындалады. Елімізде күні кеше өткен лаңкестік оқиғалар мен олар тудырған жаңғырықтардан кейін діни ахуалға баға беруге бірқатар тұлғалар тартынып қалған болуы да мүмкін. Әсіресе террористік қауіптіліктің сары белдеуі сақталып тұрған кезең ішінде бағалау деңгейінің толқымалы болуы да қалыпты жағдай.

Десек те, қанша залалды, өкінішті болғанымен, жекелеген оқиғалар жалпы ахуалды адам танымастай өзгертіп жібереді деуге келмейді. Өкінішке орай, біздің бұған дейін де сан рет мәлімдегеніміздей, жаһандық деңгейде өрістеп отырған терроризм қаупінен ешбір ел, оның ішінде Қазақстан да ада-күде азат болып қала алмай отыр.

Жетістіктерді де жоққа шығармай, қауіп-қатерлерді де қолдан көлегейлемей, осы кезең үшін орнықты бағасын берер болсақ, еліміздегі қазіргі діни ахуалды салыстырмалы тұрақты деп бағалаған жөн.

– Сұхбатыңызға рахмет!

E-Islam.kz

Оқылды 3510 рет
JoomShaper
Top