Хақ дін ғылымды дәріптейді

Сәрсенбі, 24.02.2022

Егер сіз ислам мәдениетінің өркендеу ғасырына назар салар болсаңыз, онда сол замандағы ғылым мен білім атауының даму кезеңін байқайсыз. Басқаша айтқанда, сол замандағы адамның шамасы келетін ғылымдардың барлық саласы дамыды. Тек діни емес, керісінше зайырлы білімдердің  дамуы мен оқытылуын айтуға болады (астрономия, метофизика, алхимия, геометрия, алгебра, философия, лингвистика, медицина және т.б.), өнердің дамуы (архитектура, қол өнері, шешендік өнері, каллиграфия, сызу т.б.). Мұның барлығы исламның алғашқы кезден бастап қойған талаптары еді. Керек болса, Еуропа мен Қиыр шығыс қараңғылықтағы кезде ислам әлемінде жоғарыда аталған ғылым салаларының қаншалықты дамығаны барлығымызға әлем тарихынан белгілі.

Араб тілі ғылым тілі болды. Бұл тіл әлемге поэзия мен прозаның ғажап туындыларын тарту етті. Мұсылман ғалымдары күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған іргелі шығармалар мен трактаттарды дүниеге келтірді. Мұсылман ғалымдарының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі орасан зор. Айтпақшы, бұл дәуірге қатысты тарихшы мен ойшыл ғалымдары сол кездерде араб-мұсылман әлемінің артынан ерген Еуропаны «бойсұнушы шәкірт» деп атаған. Негеге дейсіз бе? Өйткені, ортағасырдағы Еуропа грек ойшылдарын және олардың шығармаларын араб тілінен латын тіліне аударып қана танысу мүмкіндігіне ие еді. Бұған қоса, XII-XIII араб-мұсылман математиктерінің, дәрігерлерінің шығармалары ортағасыр Еуропа ғылымының негізі болды. Тіпіті Ибн Синаның «Әш-Шифа» (Исцеление) кітабы күні бүгінге дейін Еуропаның бірқатар медицина факультеттерінде қосымша пән ретінде оқытылатыны мәлім. Жарайды, бұл бөлек әңгіме.

Менің айтайын дегенім, әлем мәдениеті мен өркениетіне осынша үлес қосқан ислам білімге қарсы болмаған. Керісінше, ислам мұсылман қауымды ғылым алуға, білім үйренуге жігерлендіреді. Бұған қатысты аят пен хадистер көп. Бірақ, бұл діни мақала болмағандықтан аят-хадистерді келтірмей отырмын. Дегенмен, исламда ғылымның артықшылыңын көрсететін бір ғана аятпен шектелейін: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» (Зумар: 9). Аятта көргеніміздей білімді адам мен білімсіз адам тең емес.

Тарихтан мысалы келтірер кетейін. IX ғасырда әл-Мамун халифтің әмірімен көтерілген, аты әлемге әйгілі «Бәйту әл-Хикма» (Даналық үйі – Дом мудрости) болған. Бұл ислам академиясының басты мақсаттарының бірі – үнді, грек тілдеріндегі астраномия, математика, медицина, химия, метофизика, философия т.б. шығармаларды араб тіліне аудару еді. Мұнда қандай тілде болсын білім туралы кітап алып келген адамға немесе аудармашыға сол кітаптың салмаңындай күміс берілетін болған. Сондықтан дұрыс үйретілген ислам қоғамдағы тәлім алу мен білім беруге өзінің оңды үлесін қосары сөзсіз. Тек оны дұрыс үйрете білу керек. Ғаламтордағы псевдо «шейхтер» арқылы немесе теріс ағымдағы «лидерлер» арқылы емес. Біз қаласақ та, қаламасақ та, мына заманда жастар дінге қызығушылық танытары анық. Мұның куәсі болып та отырмыз. Сондықтан, оны өзбетінше жібермей  жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, сол жолда білікті дін мамандары мен ғалымдары, имамдарымыз бірлесе отырып атсалысқаны жөн.

Ал енді исламның мемлкеттік құрылымға, азаматық қоғамды құрудағы орнына келер болсақ, онда мысалы ретінде әл-Фараби секілді бабаларымыздың шығармаларын келтіруге болады. Мемлекет, билік, мемлекеттік қызметші, қоғам мүшелері, азамат сияқты ұғымдар немесе құрылымдар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар бүгін пайда болған дүниелер емес. Бұлар ертеден бар. Бұларға қатысты ғалымдар қанша ғасырлар бұрын талдау жасаған, оларға іргелі әрі құнды зерттеулерін арнаған. Яғни, біздің бүгін көтеріп отырған сұрақтарымызға қанша ғасырлар бұрын ғалымдар жауап берген. Бұл мәселелер жаңалық емес. Тек өкінішке қарай, кейінгі кезде әлемдегі қайғылы оқиғалар, исламды өтірік қаралау, исламофобияның таратылуы, дінді терроризм мен экстремизмен теңестіріп қарау, белгілі топтардың дінді өз мүддесіне сәйкес бұрмалауы сияқты жағдайлар бізді осындай сұрақтарға (діннің азаматтық қоғамдағы орны, пайдасы немесе зияны бар ма? дін және мемлекет қарымқатынасы қандай? және т.б. мәселелерге) қайта әкеліп отыр. Қала берсе, біз ұзақ жылдар бойы ата-баба дәстүрі мен мұсылманшылықтан қол үзіп қалдық. Сөйтіп, дін туралы біліміміз таяз болып немесе мүлдем жоғалып кетті. Соның салдарынан осындай сұрақтарға қайтадан жауаптар іздеудеміз.

Сонымен мемлекет, билік жүйесі, азаматтық қоғам, мемлекеттік қызметші сияқты мәселелерге зерттеулерін арнаған ғалымдардың бірі, әлемде Екінші ұстаз атанған ғұлама әл-Фараби. Ғалымның көптеген шығармаларының ішінде әйгілі «Әл-Мәдинату әл-фазилә» (Қайырымды қала тұрғындары – Жители добродетельного города) және «Әс-Сиясату әл-Мәдәния» (Азаматтық саясат – Гражданская политика) атты трактаттары бар. Бұл шығармаларында ғалым жоғарыда айтып өткен ұғымдардың әрбіріне кеңінен талдау жасайды. Қоғамдағы азаматтардың әдетте қанша топқа бөлінетіні, отанды қорғайтын қарулы әскердің болу қажеттілігі, мемлекеттің негізгі функциялары секілді мәселелер түсіндіріледі. Тіпті, мемлекеттік қызметшінің «Ар-намыс кодексі» қамтылады. Ал енді, «Худжату әл-ислам» (исламның айғағы – довод ислама) атанған ортағасыр мұсылман теологы Әбу Хамид әл-Ғазали мемлекет пен қоғам азаматтарына «Насихату әл-Мулук» (Патшаларға кеңес – Советы правителям) шығармасын арнайды. Кітаптың аты айтып тұрғандай мұнда билік иелеріне, басшыларға қызмет барысында мемлекеттік қызметшіге ұстануы тиіс этика, әдептілік нормалары айтылады. Басшыны тәкәппарлық, зұлымдық сияқты жаман мінездерден сақтану, кісі ақысын жемеу, өзгенің құқығын таптамау керектігі көрсетеді. Мен бұл мысалдарды неге келтіріп отырымын? Мұсылман ғалымдары азаматтық қоғамды қалыптастыру негіздерін теориялық түрде талдап, практикада қолдануды ұсынады. Қоғам мүшесінің құқыңын қоғау, өзге дін өкіліне қысымшылық жасамау, әлсізге зұлымдық қылмау, басшының жұмысшыға әділ болуы, көршінің ақысын беру, ата-ананы құрметтеу, құдайы қонаққа көмек көрсету, жетімге қамқорлық, мұқтажға жанашырлық, үлкенге құрмет-кішіге ізет, әйел және отбасы ақысы сияқты т.б. қағидаттардың барлығы ислам ұстанымы.

Біз осы мұсылманшылық құндылықтардың барлығын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-баба дәстүрімізден көреміз. Сондықтан да, дін мен дәстүрдің үйлесімді болуы маңызды. Мұның айқын мысалын біздің полиэтносты қоғамымызда көріп отырмыз. Қазақ халқының тарихи және мәдени қалыптасқан діні ислам. Дархан қазақтың дәстүрімен біте қайнасқан бейбітшілік дін исламның құндылықтары біздің тілімізге, ділімізге, ұлттық мәдениетімізге сіңген. Сондықтан, 18 конфессия мен жүз отызға жуық этностың бір елде бейбіт әрі тату өмір сүруіне исламның өзіндік үлес қосып отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Бізге азаматтық қоғамды одан әрі дамыту үшін жаңа бір дінді ойлап шығарудың қажеті жоқ. Олай жасай да алмаймыз. Дұрысы, дәстүрлі исламның тұрақтылығын әрі оның дұрыс жеткізілуіне жол көрсету, оны демеу. Сонымен қатар, теріс ағымдардың исламды жамылып, ел ішінде іріткі салып, таралып кетпеуіне күш салу. Әйтпесе, елдегі конфссияаралық тұрақтылық пен этносаралық бейбітшілікке қауіп төнуі әбден мүмкін. 

Жалғас САНДЫБАЕВ

Оқылды 551 рет
JoomShaper
Top