Исламдағы білім алу құндылығы

Бейсенбі, 08.10.2021

Білім – адамзат баласының қоршаған ортаны тануға, білуге, меңгеруге деген ұмтылысы. Жаратушы Алла тағала аманат еткен ислам діні ғылым мен білімге ерекше құрметпен қарайды. Дін ислам біліммен және ғылыммен айналысуды жоғары бағалайды және ғалымдардың дәрежесін биік тұғырға қояды.

Ислам діні бойынша ең көркем бейнеде жаратылған адам баласы өзін оқу, білім алу арқылы дамытуы керек. Өйткені, оның күш-қайраты, ынта-жігері мен қабілеттері құнды, бағалы саналады. Бұл қабілеттерді өз мақсатына сай дамытып, пайдаланбау ысырап болып табылады. Себебі, қоғамдық өмірдің барлық саласындағы өрлеу, экономикалық тұрғыдан күшею және ұлттық мәдениеттің ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыруы тек қана білім беру арқылы ғана мүмкін.

Адам баласының қоғамдық ортадағы дәрежесі  білім деңгейіне қарай анықталады. Құран Кәрімнің алғашқы аяты да «Оқы», «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың сенің ардақты! Ол қаламмен үйреткен». (Алақ сүресі) деп бұйыру арқылы басталғаны баршамызға белгілі. Осыған қарап ислам дінінің білім алуға, үйренуге, ғылым іздеуге қаншалықты маңыз бергенін байқаймыз. Осы арада ғылымға, білімге, үйрену мен үйретуге арналған кейбір Құран аяттары мен хадистерін еске түсіре кеткен жөн болар: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? (39/12)»,«Ғылым әрбір ер мен әйелге парыз», «Ғылым мұсылманның жоғалтқан дүниесі. Оны қай жерде тапса алады», «Ең абзал садақа – мұсылманның ғылым үйреніп, сосын оны мұсылман бауырына үйретуі», «Кімде кім ғылым жолына түссе Алла оның жұмаққа барар жолын жеңілдетеді». Міне, осыған ұқсас толып жатқан білім мен ғылым іздеуге шақыратын аяттар мен хадистер ислам дініндегі білімнің мән-маңызын көрсетеді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Мәдинаға хижра жасағаннан соң, сол жерде мешіт салдырып, онда арнайы дінді үйрету мақсатында бір бөлім құрғаны және ол орында өзі ұстаздық еткені мәлім. Алла елшісі оқу-жазуды және басқа да ғылымдарды халыққа үйретуді сахабалардың ішіндегі сауаттыларына міндеттейді. Бәдір соғысы кезінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қарсылас жақтан тұтқынға түскендердің оқу-жазу білетіндеріне, мәдиналық он мұсылманның сауатын ашқан жағдайда босату шартын қойғаны ислам тарихынан белгілі. Хз. Пайғамбарымыз бір жағынан білімділерге білетінін білмейтіндерге үйретуді бұйырса, екінші жағынан мұқтаж аймақтарға дінді үйрететін ұстаздарды жіберіп отырды. Осылайша мұсылмандардың білім алуына өзі тікелей ұйытқы болып, үлгі көрсетті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ислам діні жаңадан таралып жатқан аймақтарға өз сахабаларын жіберу арқылы сол аймақтағы халықтың дін исламды тереңірек түсінуіне жағдай жасады. Исламға дейін сан түрлі наным-сенімді ұстанып келген жат жерлік халықтар білімдар мұсылмандар арқылы ислам дінінің асыл құндылықтарымен сусындады.

Білімге ұмтылу – шынайы сенушілерге тән қасиет. Құран мұсылмандарды білімді байлық пен атақ үшін емес, сенім үшін игеруге шақырады. Ал өз білімін тәкаппарлыққа және атаққұмарлыққа негіз ретінде пайдаланғандардың орны тозақ екенін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те айтып кеткен. Діни және дүниелік білімді Алла ризалығы үшін үйреніп, өз білімі арқылы игі, сауапты істер атқаруға ұмтылғандар адамзатқа тек пайда әкелетіні белгілі. Адал ниетімен және дұрыс іс-әрекеттерімен ерекшеленген мұсылмандар әріптестеріне қызғанышпен қарамайды және өз қателіктерін мойындауға әрдайым әзір тұрады. Олар өзіне бағытталған мақтауларға масайрап, даңдайсымайды және мені мақтасын деп риякерлікке бармайды. Ислам іліміне сәйкес, үлгілі шәкіртке тән басты қасиеттердің бірі – ақиқатты меңгеруге ұмтылыс болып табылады. Ислам діні білімділерге үлкен жауапкершілік артқан. Олар айналасындағы адамдарды білім нәрімен сусындатуы тиіс. Егер өзгелер ол адамның біліміне мұқтаж болып жатса, ғалым өз білгенін жасырып қалмауы керек.

Мұсылман әлемінде ғылым – ерекше құрметке ие құндылық. Ертедегі ислам мемлекеттерінде патшалар танымал дін қайраткерлерін қамқорлығына алды, қабілетті ғалымдардың жұмыс істеуіне мүмкіндіктер жасап берді. Ерте кезден-ақ ислам әлемінің барлық қалаларындағы мешіттер мен медреселерде біртіндеп кітапханалар салына бастады. Бұл іс ислам әлемінің білім алуға қаншалықты деңгейде көңіл аударғанын аңғартса керек. Мұсылман елдерінің саяси-қоғамдық өмірінде философтар мен ойшылдар маңызды рөл ойнағанын тарихтан білеміз. Мұсылман ойшылдары қоғамдық пікірге ықпал етті және көптеген мемлекеттік маңызы бар шешімдердің қабылдануына түрткі болды. Әбул Әсуад әд-Дуали былай деген еді: «Патшалар адамдарды басқарады, ал патшаларды ғалымдар басқарады». Бұл сөз билеушілердің білім иелеріне жүгінгенін аңғартады. Ғұламалар тұщымды ойлары мен нәрлі сөздері арқылы қарапайым халыққа да ақылшы болып отырды. Ислам әлемінде орта ғасырларда болған ғылым жетістіктері қоғамның білім деңгейіне де әсер етті. Ойшыл-философ әл-Кинди, математик әл-Хорезми, дәрігер, ақын Ибн Сина, математик, астроном әл-Баттани, екінші ұстаз әл-Фараби т.б. даналар мұсылман әлемінен өсіп өнген.

Мұсылмандық бастауыш діни мектептер (мактаб) VII ғасырда мешіттердің жанында пайда болды. Олардың құрылуы таифтік әл-Хажжаж ибн Жүністің есімімен байланыстырылады. Исламның гүлденген кезеңінде мұсылман қалаларында көптеген жоғары мектептер (медресе) қызмет етті. Жалпы мұсылман әлеміндегі танымал медреселер қатарына Бәйт әл-Хикма (Бағдад ІХ ғ.), әл-Каравийия (Бағдад ІХ ғ.), әл-Азхар (Мысыр Х ғ.), ән-Низамийя (Бағдад ХІ ғ.), әл-Мустансырийя (Бағдад ХІІІ ғ.) жатады. Олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері болды. Мұсылман халықтарының медреселері Еуропадағы колледждер мен университеттердің бастамасы болды. Еуропадағы Болон, Париж, Монпель, Оксфорд тәрізді университеттер ХІІ ғасырдан соң ғана, яғни исламдық медреселердің құрылғанынан бірнеше ғасыр өткен соң ғана өмірге келді.

Ислам дінінде білім алушы екі жаман қасиеттен арылуға тиіс деп есептеледі. Олар: тәкаппарлық және шектен шыққан ұялшақтық. Біріншіден, шәкірт өз қателіктерін мойындай білуі және жеткен жетістіктеріне масайрап кетпеуі керек. Екіншіден, шәкірттің шектен шыққан ұялшақтығы да білімді жетілдіруге кедергі болып табылады. Өйткені, ұялшақ шәкірт түсінбеген жайтты ұстазынан сұрауға қысылады және бойында керітартпа қасиеттер пайда болады. Ислам дінінде білім алу белгілі бір жаспен шектелмеген. Ата дініміз жас балалардың білім алуына ерекше мән берумен қатар кез-келген жаста білім үйренуге үндейді. Бұған Пайғамбарымыздың «тал бесіктен жер бесікке (мазар) дейін білім алыңдар» деген хадисі дәлел. Сонымен қатар ардақты Пайғамбарымыз «Екі күні бір-біріне ұқсас (тең) болған мұсылман зиян ішінде» деген. Бұл сөзде үлкен мән бар. Екі күннің ұқсас болуы деген сөздің астарында, мұсылман адамның біржақты ғұмыр кешпей, үнемі ізденісте болу керектігі меңзелген. Ерте кезеңде жоғары қарқынмен дамыған исламдық елдер қазіргі кезде ғылым мен білімдегі бұрынғы биігін жоғалтып алғаны баршамызға белгілі. Бұл әрине дінмен байланысты жайт емес. Дінді дұрыс түсінбеуден туындап отырған құбылыс.

Соңғы уақытта елімізде кертартпа діни ағымдар халықтың санасын сонау ортағасырға сүйреп апарғысы келетінін көріп жүрміз. Діннің білімге, ғылымға, мәдениет пен өркениетке шақыратын асыл құндылықтарын насихаттаудың орнына басты негіз болып табылмайтын дүниелерді маңызды етіп көрсетіп, сенушілердің арасында алауыздық тудыруда. Ал білімді болу адамды осындай кертартпа қасиеттерден сақтайды. Қазір мұсылман мемлекеттерінде болып жатқан қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың астарында осы білімсіздік, халықтың басым бөлігінің сауатсыз болуы да маңызды фактор болып табылады.

Біздің мемлекетіміз әлемдегі ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіруді көздеп отыр. Ал үздіктердің қатарында болу үшін бізге сапалы білім алған білікті мамандар қажет. Қазіргі кезеңде ҚР білім беру жүйесі алға жылжып дамып келеді. Білім беру жүйесінің барлық сатысын халықаралық стандарттарға негіздеу жолында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әйтсе де, шет елдік тәжірибені өзімізге енгізген сәттерде ұлттық ерекшеліктерімізді де ескеруді ұмыт қалдырмауға тиіспіз. Себебі бір елде жемісті болған жоба екінші елде сол нәтижені бере бермейді. Елбасымыз «Қазақстан –2050» стратегиялық жолдауында болашаққа алға қойылған мақсат-міндеттерді атап өтті. Осы міндеттерді жүзеге асыру ең алдымен еліміздің жастарының мойнында екені анық. Ал бұл биіктерді бағындыру үшін жастардың бойында отансүйгіштік, терең білім, жаңашылдық секілді қасиеттер болу керек. Білімді жастар – мемлекетіміздің маңызды қозғаушы күші. Өз білімін отанын дамытуға арнау аса сауапты, игі іс. Ислам әлемінің бір бөлшегі болып табылатын Қазақ Елі екінші ұстаз атанған, бүкіл әлемді мойындатқан бабамыз әл-Фарабидің ұрпақтары ретінде білім мен ғылымда өзегелерден озық тұруға тиіспіз. Болашақта Қазақ Елі білім мен ғылымның барлық саласында өзге елдердің үлгісін қабылдаушы ғана емес, өзгелерге үлгі көрсетуші дәрежесіне жетсе екен дейміз. Дінді де парасаттылықпен, ғылым арқылы танысақ екен. Әйтпесе, бұрынғы бабаларымыздың жасаған еңбектерімен мақтанумен ғана шектеліп қала беретініміз анық.

Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің доценті

 

Оқылды 1753 рет
JoomShaper
Top