Ислам білімді ардақтайды

Жұма, 20.05.2022

Ислам әлемдік дін ретінде қазақ халқының өмірі мен салт-дәстүрімен біте қайнасып, үйлесімін тапты. Бұл халқымыздың ділі мен тілінде, мінез-құлқында және салты мен әдет-ғұрпында айшықталады. Дін ислам жәй ғана сенім емес, бұл – қоғам мүшелерін бейбітшілік пен тұрақтылыққа шақырып, мұсылмандарды білім алуға міндеттейді.

Өйткені, Құран білімді ардақтайды. Белгілі сахаба Ибн Масғуд (р.а) былай деп айтқан: «Егер білімді қаласаңдар, онда Құранды оқыңдар. Күмәнсіз, оның ішінде бұрынғылар мен кейінгілердің білімі бар». Мысалы, Құран 114 сүреден құралған. Бұлардың әрқайсысы белгілі оқиғаға және заманға байланысты рет-ретімен түсіп отырды. Әрбір сүренің түсу тарихы, мақсаты мен хикаясы бар. Енді осы сүрелердің ішінен алғаш болып Мекке шаһарында «Алақ» сүресі түсе бастады. Алақ сүресі он тоғыз аяттан тұрады. Сүренің өзі «Оқы!» деген сөзбен басталады. Алла Тағаланың адам баласына Құранда түсірген алғашқы сөзі – «Оқы!». Адам – парасатты, ақыл иесі.

Ол оқыған сайын көзі ашыла түседі. Қоршаған айналасын танып, олардың қадірін, құндылығы мен қасиетін біледі. Иә, құрметті оқырман, Алла Тағала бұл сөзді бұйрық райында түсірді. Бұйрық дегеніміз қатал естіліп, қысқа қайырылады. Демек, адам үшін оқып-тоқу, білім алу – парыз-ғайын (әрбір адам үшін парыз). Сондықтан да, шариғат ғалымды жан-жағына жарық шыраққа, ал білімсіз адамды қараңғылыққа теңейді. Бұл жайында Құранда: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» (Зумар: 9) делінеді. Ал пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Таһа» сүресінің: «Раббым, білімімді арттыр!» – деген 114-ші аятын дұға ретінде жиі оқығандығы мәлім.

Тарих қойнауына назар салар болсақ, исламда ғалымның мәртебесі өте жоғары екенін көресіз. Ертеде ғалымдарға патша сарайынан жай берілген немесе кеңес алу үшін патша ғалымның алдына өзі барар еді. Әбу Асуад есімді мұсылман ғалымы бұған қатысты былай деген екен: «Ғылымнан асқан ғазиз нәрсе жоқ. Патшалар адамдарға билік жүргізсе, ғалымдар патшаларға билік қылады». Мұндағы ғалымның айтпағы билік пен дәулетті уысында ұстаған патшалардың өздері ғалым адамның алдына бас иіп, кеңес сұрап келеді. Ғалымды мұндай мәртебеге жеткізген оның мал-дүниесі де емес, шыққан тегі де емес, бәлкім – бойындағы ғылымы.

Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Халдун, Идриси, әл-Бируни, әл-Хорезми, Ибн Батут, әл-Баттани, Джабир ибн Афләх, әр-Рази, әл-Ғазали сияқты т.б. көптеген мұсылман ғалымдарының білім жолына түсуіне осындай аят-хадистердің себеп болғаны анық. Ол дәуірлерде ғылым тілі – араб тілі, ал патшалардың билік қылған заңы – шариғат болатын. Бұл ғалымдардың бірі патша сарайын- да қалса, екіншісі бас уәзір қызметінде, үшіншісі сарай дәрігері болса, төртіншісі әділ сот міндетін атқарды.

Батыс шіркеуі жаратылыстану, медицина, астрономия, химия сияқты т.б. ғылымдарға тыйым салып, ғалымдарға қарсы инквизиция жариялап, оларды зынданға тастап, отқа жағып, өлтіріп жатты. Мұсылман әлемі, керісінше, ғылымның абыройын көтеріп, ғалымдарды марапаттады. Ғалымдар мен аудармашылар ғылымға жігерлендіру үшін олардың жазған немесе өзге тілден аударған кітаптарының салмағына тең күміс дирхамдар берді. Міне, осындай уақытта мұсылман ғалымдарының шоқтығы бірінен бірі асты. Әрине, олар әлем ғылымына баға жетпес үлес қосты. Бұл ірі тұлғалы ғалымдардың әрбірі туралы томдаған шығармалар жазуға болары хақ, бірқатары жазылды да.

Қазақ та көреген, көзі ашық адамды «оқыған адам», «кітап көрген адам» деп құрмет тұтады. Қазақ демекші осы орайда білімнің артықшылығын көрсететін Абай атамыздың «Ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма?» деген әңгімесі еске оралады.

«Наушабай дейтін кісі жол жүріп келе жатып, Абайдың үйіне түсіпті. Жайғасып отырған соң, ол:

– Абайжан, өзіңе асыл сөз, алғыр ой тауып айтқан кісі болды ма? - деп сұрапты. Абай сәл ойланып отырыпты да:

 – Менің Әбдірахман деген балам бар еді. Оны тоғыз жасында Семейдегі орыс мектебіне оқуға бердім. Оны бітірген соң, Петерборға жібердім. Қыс оқып, жаз демалысқа үйге келді. Сұрастырып байқасам, оқуы жақсы көрінеді. Баламның алымдылығын сынап білейін деп ойладым да, бір күні жай әңгімелесіп отырып:

– Қалқам Әбіш, осы әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма? - деп сұраған едім. Ол іркілместен:

– Ақ зат асыл ғой, – деді.

– Неге, қара зат асыл емес пе? – дедім мен. Әбіш бетіме қарап күлді де:

– Қараны қалай асыл дейсіз? – деді. Мен:

– Біріншіден, адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен көреді емес пе, – дедім.

– Бірақ көздің ағы көрмейді, ортасындағы кішкене қарашығы ғана көреді. Қараның асылдығына осы дәлел. Екіншіден, қағаз ақ, одан адам оқып білім ала алмайды, үстіне жазған қара сиядан өнер-білім алады. Үшіншіден, жас шақта адамның сақал-шашы қара болады. Осыған байланысты жас күнде адамда ақыл, білім, қайрат көп болады. Қартайғанда шаш-сақал ағарады. Ал, адамда ақыл, білім, қайрат та азаяды. Сондықтан ақтан қараны асыл ма деп ойлаймын, - дедім. Сонда Әбіш:

– Оның бәрін қалай білдіңіз? – деді.

– Ақылмен білдім, – дедім мен.

– Олай болса, ақыл мида болмай ма, ал ми ақ зат емес пе! Екіншіден, ақыл – нұр, жарық зат. О да аққа ұқсамай ма? – деді.

Мен баламның тауып айтқан сөзіне риза болып, маңдайынан иіскедім».

Әңгімеден шығатын түйін, «ақ заттың» қарадан артықшылығы, ақ түстің қара түстен асыл екендігі. Мұнда «ақ» деп отырғанымыз – адамның ақылы, парасаттылығы. Ал ақыл білім-ғылыммен қоректенеді. Ертедегі шығармаларда ғалымдар ақыл деп білімді меңзейтін болған. Ақылды адам оқиды, шоқиды, тәлімге жақын тұрады. Оның бойындағы білімі басқаларға шырақ болып, жарық түсіреді. Алла кімге білім берсе, ол оны ша- масына қарай Алланың жолында тарқатуға міндетті. Басқаларға білгенін үйретіп, адамдарды жақсылыққа шақырып, бұзық істерден қайтаруы тиіс. Білім берсем, білімім тауысылып қалады деген ойдан арылған жөн. Өйткені, білімнен басқа күллі нәрсе азаяды. Білім, керісінше, басқаларға үйреткен сайын, арта түседі. Көрнекті ортағасыр ғалымы Әбу Хамид әл-Ғазали өзінің «Ихья-и Улум әд- Дин» (Дін туралы білімдердің жандануы) атты белгілі бес томдық шығармасында Хамид Әбу Шайх ибн Хибанның «Әс- Сауаб» атты шығармасындағы сахаба Мұғаз ибн Жәбәлдің тағылым беру мен үйрену турасында айтылған мынадай сөзін келтіреді:

«Ғылым үйреніңіздер! Рас, Алла үшін ғылым үйрену – тақуалық. Оны талап ету – құлшылық. Ғылымды оқу – Алланы зікір ету, ғылымды іздеу – жиһад, ғылымды білмейтін адамға үйрету – садақа беру, ғылымды лайық адамға беру – Аллаға жақындау. Ғылым жалғыздық кездегі – жаныңдағы серігің, достықтағы жолдасың, қуаныш пен қайғы кезіндегі ортағың, қиын қыстаудағы демеушің, жат жерде жүргенде – бауырың, жәннат жолындағы шам шырақ. Алла ғылымның арқасында пендесін – елді өсіретін, басқаларды соңынан ерітетін басшы, дұрыс жолды көрсетуші мырза етеді».

Ойымды ардақты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисымен түйіндегім келіп отыр: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы және жердегі бүкіл нәрсе, тіпті, судағы балық та Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді!» (Термези).

Осы хадис арқылы жастарды білімге, ғылымға шақырамын. Өйткені, ислам – ғылымды үйреткен ұстазды да, оны үйренген шәкіртті де құрметтеп сыйлауға үндейді. Келешегіміз жарық әрі жарқын болсын десек, онда білім алуға, білімді буын қалыптастыруға күш салайық.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

философия ғылымының кандидаты, дінтанушы

Оқылды 578 рет
JoomShaper
Top