Салафи-салихиндердің немесе алғашқы мұсылмандардың ақидасы қандай болған?

Сейсенбі, 27.12.2021

Хақ Елшісі (с.ғ.с) мен сахабалардан кейінгі дәуірде мұсылмандардың күн тәртібінде Құдай Тағаланың заты мен сипаттары және Құран Кәрімнің мутәшәббих аяттары мен хадистерін қалай ұғуға болады деген тартысты мәселе тұрды. Осы түйткілді мәселелерде кейбір адамдар адасушылыққа бой алдырып, әһлі сунна сенімінен айырылды. Ал, салафи-салихиндер Алла Елшісі (с.ғ.с) мұсылмандарға Тәңір Тағаланы қалай танытса, олар айна–қатесіз солай сенді. Өздерінің жанынан ешқандай жаңа бір пікір (бидғат) білдірген жоқ.

Даңқты ғұлама Имам Ғазали «Илжамул–авам ән илмил–калам» атты шығармасында алғашқы ақжал толқынның (салафиелер) ақидасының мынадай жеті ерекшелегі болғандығын айтады:

1. Тақдис – Алла Тағаланы жарытылғандардың ішінде ешкімге ұқсатпау.

2. Тасдиқ – Ұлы Жаратушының есімдері мен сипаттары хақында Құран Кәрім мен Сүннетте айтылған негіздерді қабылдап, Алла туралы жақсы пікірде болу және Алла Тағала Елшісіне өзін қалай таныстырса, Оған солай сену.

3. Өздерінің дәрменсіздігін мойындау – настарда айтылатын мағынасын бір Алла Тағала ғана білетін мутәшаббих негіздерге жаңаша түсіндірме жасамау.

4. Сукут – Мутәшәбих аяттар мен хадистердің мағынасын ешкімнен сұрамау.

5. Имсақ – Мутәшаббих аяттар мен хадистерге тек түсіндірме емес, жорамал айтудан да бас тарту. Сонымен бірге, мутәшаббих аяттар мен хадистерді өзге тілдерге де тәржімаламау.

6. Кафф – Мутәшәббих аяттар мен хадистер туралы ойламайтындығын тілмен ғана емес, жүрекпен айту.

7. Мағрипатқа берілу – Жоғарыда айтылған шектеулер негізінде, яғни, Алланың заты мен мутәшәббих аяттар мен хадистерден басқа илаһи ілімді игеруге бет бұру.

Хақ Елшісінің (с.ғ.с) көзі тірісінде сахабалар наным-сенімге қатысты сұрақтарына толық қанағатттанарлық жауап ала алатын. Ал, табиғиндер мен таба-табиғиндер Алла Елшісін (с.ғ.с) көзін көрмеседе, Құран мен Сүннетті берік ұстанды. Шынтуайтында кейінгі «халафи-садиқин» (Әшғари мен Матуриди) толқынның иір бұтақты ғұламаларының қалыптасуына пайғамбарымыздың (с.ғ.с) аманатын мәпелеп ұстап, мәңгілік ұлы мұраны шашау шығармай жеткізген салафи-салихтардың сіңірген еңбегі өлшеусіз еді. Яғни, ізігілік тарихының алғашқы парағына аты алтын әріптермен жазылған алғадай толқын - ол салафи-салихтар болатын.

Мұхан Исахан

дінтанушы

Оқылды 159 рет
JoomShaper
Top