Исламдағы діни төзімділік

Дүйсенбі, 26.12.2021

Мұсылмандар қай кезде де өзге дін өкілдерімен ортақ ынтымақтастықта өмір сүріп келген. Көктен түскен иләхи кітаптардың соңғысы Құран Кәрім мына аяттарында адамдарды бір-бірімен аралас-құралас, таныс-біліс болуға шақырады:

«Әй, адамдар! Біз сендерді бір ер мен әйелден жараттық. Бір-бірімен таныссын деп сендерді өзара ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Күмәнсіз, Алланың қасында ең құрметтілерің Одан ең көп қорқатындарың» (Хужурат сүресі, 49/13).

Жер бетіндегі өркениеттер мен мәдениет өкілдерінің бір-бірімен жақын араласуы, бір-бірінің дүниетанымымен санасуы, діни т.б. ерекшеліктерімен таныс болуы ол тек қана әлемде бейбітшіліктің орнауына алып келері сөзсіз.

Али Имран сүресінің, 3/64  аяттарында «Былай де: Әй, кітап иелері! Келіңдер, бәрімізге ортақ мына сөзге тоқталайық: Алладан басқаға құлшылық жасамайық. Оған ешкімді серік қоспайық. Ешкім Алладан өзгеге тәңір деп табынбасын» деп діні бөтен болған жағдайда да тіл табысуға шақырып, ортақ сенімде мәмілеге келу керектігі баяндалған.  

Құранда Алланың: «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылықпен әдептілік сақтап пікір таласыңдар»  (Анкабут, 29/46)  деуі  мұсылмандарды олармен үн қатысу кезінде сыпайыгершілікке, өзара түсіністікке, сыйластыққа шақырып тұрғанын айқын аңғартады. «Анкабут» сүресінде де: «Іштеріңдегі зұлымдық жасағандарынан басқа кітап иелерімен көркем түрде пікір таласыңдар. Оларға: «Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Құдайымыз да сендердің Құдайларың да біреу-ақ. Біз Оған мойынсұнғандармыз» деңдер»  деген.

Міне, Құранның дәріптеп отырған әдісі осы. Пікір талас өрбіту кезінде сыпайыгершіліктен аспау исламда ізгілік этикасы болып табылады. 

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өз өмірінде Құранның әмірлерін қалтқысыз орындап, кітап иелерімен жылы қарым-қатынаста болуға тырысқан. Христиандармен диалогы алғаш рет уахи келгенде-ақ басталған. Өйткені оның пайғамбарлығын растаған Уарақа ибн Нәуфәл Інжілге қанық білімді христиан еді.

Пайғамбарлықтың үшінші жылында Византия Ираннан жеңіліс тапқанда, мұсылмандар бұған іштей қайғырған да болатын. Тіпті бұл жөнінде аят та түскен (Рум сүресі, 30/1-5).

Өзге дін өкілдеріне жасалған кеңпейілдіктің үлгілерін Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) жеке өмірінен көптеп кездестіреміз. Айталық, бір жолы бір еврейдің табытын көтеріп бара жатқан топты көргенде, дереу орнынан түрегеліп құрмет көрсетеді. Жанындағылар оның мұсылман еместігін ескерткенде, Алланың елшісі «Кім болса да адам емес пе?» деп ойлы жауап қатқан.

Ислам діні келген алғашқы уақыттарда өзге дін өкілдері жылы қабылдамағаны тарихтан белгілі. Ата-бабалары табынып келген пұттардан бас тартқаны үшін мүшріктер алғашқы мұсылмандарға көп қысым жасаған. Қинап өлтіріп тастауға дейін асқынған бұл қысымнан мұсылмандар қатты зардап шеккен кезінде, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларына көршілес Эфиопияға көшуге кеңес берген. Өйткені Эфиопия патшасы Ашама ибн Әбжар христиандықты ұстанатын еді. Мұсылмандардың сол уақыттарда басқа сенімдегілерден емес христиан елінен пана табуы расында да тарихи тұрғыдан өте маңызды. Өйткені, кейінгі ғасырларда христиандардың да мұсылмандардан әділеттілік көрген оқиғалары жиі кездеседі. Эфиопияны таңдауын Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) былай түсіндірген:

«Хабашистанды сағалағандарыңды жөн көремін. Неге десеңдер, ол жақтың патшасы қарамағындағыларға зұлымдық жасамайды. Ол жақта әділдік үстемдік құрған. Алла сендерге бір жол көрсеткенше сол аймақта бола тұрыңдар».

Еврей ұлтынан Абдуллаһ ибн Үбәй ибн Сәлүл мұсылмандарға дұшпандықта тым шектен шыққандардың бірі еді. Алайда екіжүзді Ибн Сәлүл қанша қастық пиғылдан бас тартпай кетсе де, Алла елшісі ол қайтыс болғанда, өз шапанын шешіп беріп, сонымен жерлеткен. Тіпті әлгінің жаназа намазын да өзі бастап оқытқан. Хазірет Омар оның көзі тірісінде мұсылмандарға жасаған жамандықтарын тізбелеп айтып бұны қанша жатырқап, жақтамаса да пайғамбарымыз «Алла бұл істе таңдау еркін өзіме қалдырды. Қаласам жетпістен аса мәрте кешірім тілеймін» деп жауап қатады. Осы кезде «Тәуба» сүресінің сексен төртінші аяты түсіп, мынандай үкім беріледі:

«Олардан өлгендердің ешбірінің жаназа намазын оқыма. Қабірінің басына барып дұға тілеме!»

Бұл мысалдардан Мұхаммед пайғамбардың өзге дін өкілдеріне адам болғаны үшін құрмет  көрсетуге, кешірім етуге лайық деп білгенін көреміз. Бұл түсінік әрине ислам дінінің түп негізінде жатқан кеңпейілдіктен бастау алуда.      

Мәдинаға хижраттың алғашқы күндерінде болған оқиға да мұсылмандардың өзге дін өкілдеріне қандай жақындық танытқанына дәлел.

Сол уақыттарда еврейлердің ораза ұстап жүргенін көрген Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) оның себебін сұрастырғанда, «Осы күні Мұса пайғамбар перғауынның зұлымдығынан құтылған. Мұса пайғамбар осы күнді ораза ұстаған» деген жауап естиді. Сонда Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) «Сендерге қарағанда Мұсаған біз анағұрлым жақынырақпыз» деп, мұсылмандарға да сол күні ауыз бекітуді бұйырған. Ол ораза «Ашура» деп аталады.  

Исламдағы діни төзімділік алғаш рет Мәдина құжатында да көрініс тапты. Аталмыш құжаттың жиырма бесінші бабында мынандай үкім жазылған: «Еврейлердің діні өздеріне, мүминдердікі өздеріне». Бұл бап Мәдинадағы әрбір дін өкіліне наным-сенім еркіндігі берілгенін ұқтыруда. Яғни еврейлерге өз дінін, ал мүминдерге өз дінін ұстануына жол ашылған. Бір қызығы, құжат заңдық күшіне еніп, еврейлер Мәдинадан ығыстырылғанға дейінгі аралықта еврейлерге мұсылмандыққа өту жөнінде ешқандай діни қысым жасалмағаны анықталған.

Мына бір мысал да ойымызға дәлел бола алады. Бәни Харис ибн Қағыб бастаған топқа Исламды үйретуді табыстап тұрып Мұхаммед пайғамбар жазбаша түрде берген кеңесте сол аймақтағы еврейлер мен христиандарды Ислам дініне күштеп кіргізуге қинамау керектігін баса ескерткен.  

Жалпы діни төзімділік пен кеңпейілдікті негізге алған ислам дінінде біреуді өз сеніміне күштеп кіргізу, болмаған. Мұхаммед пайғамбардың өнегесіне басшылыққа алған мұсылмандар қай кезде де қасиетті Кітап иелеріне зор құрметпен қараған. Кітап иелерінен қыз алуға болатыны, солар құрмет тұтатын бүкіл пайғамбарларға құрметпен қарауға шақыруының өзі де исламның басқа дін өкілдеріне қаншалықты ілтипатпен қарағанына дәлел.

Халифалар дәуірінде де мұсылмандарды паналаған өзге дін өкілдеріне ешқандай қысым жасалған жоқ, қайта олардың құқы әркез қорғалып отырды. Діни төзімділік дәстүрі үзілмеді. Осының әсерімен еврейлердің Абдуллаһ ибн Сәләм сияқты айтулы ғалымдары Исламды қабылдағаны белгілі. 

Ислам қоғамында христиандарға және олардың шіркеулеріне құрметпен қаралды. Шіркеудегі түрлі мүсінді тастарға, мозаикаларға, суреттерге, арнайы мерекелерде тағатын айқыштарына, қабірлері мен жаназаларына құрмет көрсетілді. Мәселен, Синай тауындағы Синай монастырлығы ІІІ ғасырда салынған ғимарат. Ол христиан тарихында алғашқы шіркеулердің қатарында болғандықтан мұсылмандардың қолына өткенде мешітке айналдырылмаған. Тек қана мұсылмандардың нышаны ретінде бір бөлмесі ғана намаз оқуға әзірленген. 

Стамбулдағы Аясофия мешіті де осының айғағы. Әлі күнге христиандардың шіркеуі ретінде тарихи естелік болып сақталған. Бұндай үлгілерді бүкіл ислам әлемінен байқауға болатынын еске саламыз. Айталық, Дамаск мешітін кеңейту үшін Яхонна шіркеуіне сызат түсірген халифа әл-Уәлид ибн  Абдулмәликтің қателігін халифа Омар ибн Абдулазиз түзеуге тырысқан.

Мұсылман билігіне қарасты төленетін салықтың өзі шамасы келетін еркектерден алынып, әйелдерден, балалардан, поптар мен мүмкіндігі жоқ науқас, соқыр, кедейлер мен құлдардан алынбағандығын христиан зерттеушілері зор құрметпен жазған.

Мұхаммед пайғамбар «Сендерге кітап иелерін, яғни христиан мен еврейлерді аманат етемін»деп өсиет қалдырған.

Басқа бір хадисте «Кімде-кім кітап иелерін жәбірлесе, ақыретте мен оның дұшпанымын» деп қатаң ескерткен.

Ендеше, өзге діндерді тілдеместен олармен ортақ тіл табысуға тырысу, ислам дінін оларға дұрыс жеткізу мұсылмандардың ең негізгі міндеті болмақ.

Қорыта келгенде, Ислам діні өзге дін өкілдерімен қатар өмір сүргенде бейбітшілікті, ымыраластықты, өзара татулық пен діни төзімділікті негізге алуға үндейтінін көреміз. Жалпы алғанда әлемдік діндердің қай-қасысының да өзегінде ұлтына, сеніміне, нәсіліне қарамастан адамды сүю, бір Жаратушыға сену, ізгілікті қағидаларды ұстану, діни төзімділік идеялары жатқаны анық. Бұл әлемге өзін дінаралық әрі мәдениетаралық татулықты жақтайтын ел ретінде танылған Қазақстан республикасы үшін де аса маңызды. Елімізде мекендеп жатқан 70 пайыз мұсылман дінінің өкілдері үшін өзге дін өкілдерімен ынтымақ жарастырып, ұлттар татулығын сақтауда діндер тарихында кездескен діни төзімділіктің үлгілерін өнеге ету күн тәртібіндегі мәселе.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мынадай бір мәнді сөз айтқан еді: «Жаратушы – жалғыз, дүние – ортақ, аспан асты – кең, ендеше, біз бір атаның баласы, бір ананың перзенті ретінде бір-бірімізбен береке-бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз керек». Бұл идея дін өкілдері татулығын, дінаралық төзімділікті ту еткен Қазақ елі үшін   ешқашан өзектілігін жоймайды деп білеміз.

Құдайберді Бағашаров,

әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы,

PhD докторы 

Оқылды 196 рет
JoomShaper
Top