Ислам мен терроризм – кереғар ұғымдар

Жұма, 30.09.2021
Ислам мен терроризм – кереғар ұғымдар

Ислам – бейбітшілік пен қауіпсіздік діні. Исламды терроризммен тең санау тарихи қателік əрі исламға жасалған ең үлкен қиянат болып табылады. Жер бетіндегі барлық діндер бейбітшілік, рақымдылық, əділдік сияқты жоғарғы құндылықтарға негізделген. Солардың ішінде ең соңғы, кемеліне келген əрі мейірім мен рақымдылықты ту еткен дін – ислам діні. Сөздеріміз жалаң ойдың шетінде жар тіреп қалмас үшін ислам бұл мəселеге қаншалықты мəн бергенін оның ең басты қайнар көздері саналатын Құран мен сүннетке назар салып қарайық.

 ИСЛАМ – РАҚЫМДЫЛЫҚ ДІНІ

Мейірім мен рақым – жалпы жаратылыстың түп негізі. Абай атамыз айтқандай «махаббатпен жаратқан адамзатты» Алла Тағала аса мейірімді жəне тым рақымды. Құрандағы барша сүре «Бисмиллаһир-Рахмани-р-Рахим» деп ба-сталуы ең алдымен ислам дініндегі Алла түсінігінен хабар беріп тұр. Жаратушының Рахман жəне Рахим есімі рақымдылыққа тəн бүкіл сипаттарды қамтиды. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бəрі де Алланың Рахман есімін дəріптейді.

Алла Тағала осы Рахман есімі арқылы пенделерін мұсылман, кəпір деп бөліп жармай, қаншама күнə жасап, астамшылық танытса да жарылқап, ризық-несібесін беруде. Алла Тағаланың мейірімі күллі болмыс атаулыны қамтиды («Ағраф», 156). Сондықтан Құранда Алла Тағаланың мейірімділігі мен рақымдылығына байланысты аяттар өте көп («Бақара», 163, «Али Имран», 129, «Зумəр», 53, т.б.). Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рақым етіп қана жібердік» («Əнбия» сүресі, 107-аят.) деу арқылы пайғамбарымыздың жіберілуінің мақсатын айқындап берген. Пайғамбарымыз да өз кезегінде рақымдылықтың керемет үлгісін түбітті жібекке айналдырған шебер секілді көрсетіп кетті жəне мұсылмандарды мейірімділік пен рақымдылыққа шақырды. Ол бір хадисінде: «Жердегілерге рақымдылық жасаңдар. Сонда көктегілер де сендерге рақымдылық жасайды» дейді. (Термези, Бирр, 16; Əбу Дауд, Əдəб, 58). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл хадисінде «адамдар», «мұсылмандар», «салиқалылар» деп бөлмеген. Олай болса, мейірімділік пен рақымшылық бүкіл жа ратылысты толық қамтиды. Жер бетіндегілерге мейірімділік жасау шексіз рақым иесінің разылығына бөлейді. Пайғамбарымыз: «Алла адамдарға мейірімділік танытпағандарға мейірімділік көрсетпейді» деген. (Бұһари, Тəухид 2; Мүслим, Фəдəиль 66, (2319) Мейірімділік – адам болумен қатар иманның да қажеттілігі екенін Ибн Аббас арқылы жеткен мына бір хадистен байқауға болады: «Мейірімді, жұмсақ жүректі бол майынша иман еткен боп саналмайсыңдар». Тағы бір хадисте: «Мейірім тек қана бақытсыздың (иманнан нəсіпсіз) ғана жүрегінен алынып тасталған» (Термизи, Бирр 16, (1924); Əбу Дауд, Əдəб 66, 4942) деу арқылы бірінші хадистің мағынасын аша түседі. Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде мұсылманды «оның қолынан жəне тілінен өзгелер зиян шекпеген жан» деп сипаттаған. (əл-Хатиб ибн Масудтан, əл-Хатиб əл-Жами, 2-том, 269-б.) Сол үшін нағыз мұсылман осы айтылған қағидаларды бəрінен жоғары қойып, ислам пайғамбарының мейірімге толы ғұмырын терең біліп, одан үлгі алуы керек.

 

ЖИҺАД ҰҒЫМЫНЫҢ БҰРМАЛАНЫП КӨРСЕТІЛУІ

Қазіргі таңда исламды терроризммен байланыстыруға жол берген себептердің бірі исламдағы «жиһад» ұғымының бұрмаланып көрсетілуі болып табылады. Ол – əрі кейбір мұсылмандар, əрі басқа дін өкілдері тарапынан бұрмаланып, бұрыс түсініліп жүрген басты ұғымдардың бірі. Араб тіліндегі жиһад сөзі «алға қойған мақсатқа жету үшін күш-жігер жұмсау», «талпыну», «тырысу» деген сияқты мағыналарды қамтиды.

Жиһад сөзі батыстық ақпарат құралдарында негізгі мағынасынан бұрмаланып «қасиетті соғыс» деп аударылып жүр. Ал бұндай ұғым исламда жоқ. Жиһадты мұсылман ғалымдары негізінде үлкен жиһад жəне кіші жиһад деп екіге бөледі. Үлкен жиһад деп адамның кемелдікке көтерілуіне кедергі келтіретін ең үлкен дұшпаны нəпсімен күресіне байланысты айтылған. Ал кіші жиһад көбіне материалдық тұстарды қамтиды.

Қысқаша қайтарсақ, мұсылманның адамдармен қатынасында барлық амалдарын Алла Тағаланың ризашылығы үшін жасауы осы ұғымның аясына кіреді, ал Оның ризашылығына бастайтын жолдар аса көп. Сол тұрғыдан қарастырсақ қолға қару алып соғысу мұның азғантай бір бөлігі ғана. Ол діннің ең негізгі элементі емес. Оның өзінде де белгілі қағидалармен шектеліп, жүйеленген жəне оның басты мақсаты зұлымдыққа қарсы тұру. Исламда тек белгілі қағидалар шеңберінде қорғануға рұқсат етіледі. Ислам соғысты мейлінше шектеп, əділдік пен бейбітшіліктің болғанын қалайды.

Сонымен қатар, жеке адамдар мен кейбір топтардың өз бетінше жиһад жариялауға ешқандай құқы жоқ. Соғысты тек қана мемлекет жариялай алады. Міне, қазіргі таңда ат төбеліндей кейбір лаңкес керітартпалардың жасап жүргендері исламға мүлдем үйлеспейтініне бүкіл ислам ғұламалары бір ауыздан келіседі. Кейбір мұсылмандар мен «исламдық ұйымдардың» исламды лаңкестік діні ретінде түсінулерін исламнан емес адамдардың қате пайымдарынан жəне басқа да себептерден іздеу керек.

 

ИСЛАМ ЖӘНЕ ТЕРРОРЛЫҚ АКТІЛЕР

Жалпы террордың ұлты да, діні де жоқ. Сол тұрғыдан мұсылман адамның террорист болуы əсте мүмкін емес. Ислам дінінің терроризм, экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Соған қарамастан батыстық бұқаралық ақпарат құралдары исламды терроризммен байланыстыруға құмартып тұрады.

Мұндай лаң əкелетін лас əрекеттерді жасап жатқан тек мұсылмандар ғана ма? Мысалы, Токиода метрода улы газ шашып, қаншама адамның өліміне апарып соқтырған «Аум Сенрике» сектасынының жасағандарын ешкім «Будда терроризмі» деп атаған жоқ. 2000-2004 жылдар арасында Испанияда бірнеше жарылыстар болды. Бірақ оны ешкім сол елдің дінімен байланыстырған жоқ. Бұзақы топтардың аты аталып, түсі түстеліп анықталды. Аборт жасату клиникаларын жарып жіберген христиан фанатиктерін немесе Изак Рабинді жəне «əл- Хилəл» мешітінде жұма намазын оқып жатқан мұсылмандарды өлтірген Др. Браус Голдстейн тəрізді иаһудей фундаменталистерінің жасағандарын да ешкім сол діндерімен байланыстырған жоқ.

Ал ислам дінінде «Бейкүнə бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең» («Маида» сүресі, 32-аят.) Бұл ереже қасиетті Құранда айтылған. Бейкүнə адамды өлтіру – үлкен күнə. Тіпті барлық ережелер мен тепе-теңдіктердің астаң-кестеңі шығатын соғыс кезеңінің өзінде жазықсыз адамдарды өлтіруге тыйым салынған. Пайғамбарымыз соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына: «Алланың атымен жолға шығыңдар. Алла жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүсле» (өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кеспеңдер) жасамаңдар. Балаларды, əйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер» деп ескерту жасаған. Тіпті жараланған жау əскерлерінің өзіне көмек көрсетуді бұйырып, ағаштарды, егін алқаптарын өртеуге тыйым салған. Ислам дінінің бұл дəстүрін пайғамбарымыздан кейін келген халифалар мен басшылар қатаң ұстанып отырды. Бұл ерекше мəн берерлік жəйт.

Жоғарыда да атап өткеніміздей, бейкүнə адамдарды өлтіру, Ислам діні тұрғысынан үлкен күнə болып саналады. Мейлі ол отаршылдарға қарсы күрес болса да оны ақтау мүмкін емес. Бұл мəселеде бүкіл мұсылман ғалымдары Ю. Қардауи, əл-Азһар шейхы Мухаммад Саид Тантауи, Аятуллах Насыр Макарим Ширази, Сауд Арабия мүфтиі Абдулазиз Абдуллах ибн Мухаммад Али Шейх, жазушы Мухаммад ас-Сафир, Абдулмути Байюми лаңкестік жанкештілік оқиғаларын бір ауыздан кінəлап, оны жасаушылардың істерінің исламға қайшы екенін айтқан болатын. Қала берді, Қасиетті Құранда: «Өздеріңе өздерің қол жұмсамаңдар!» («Ниса» сүресі, 29-аят.) деу арқылы адамның өз-өзін өлтіруіне де қатаң тыйым салынған. Адам өлтірген пенде жұмаққа кіре алмайды. Бейкүнə адамдарды өлтіріп, Алла Тағаланың разылығына бөленемін деу барып тұрған азғындық пен үлкен қателік. Ал əрбір мұсылманның басты мақсаты – Алла Тағаланың разылығына бөлену. Олай болса, лаңкестік əркекеттерге барушылар кімдер?

Олардың басым көпшілігі өз саласының тар аясынан шыға алмаған, діни білімі таяз кісілер екенін көруге болады. Ол топтың жетекшілері діни сауаты бар ғалымдар емес. Олар, тіпті, əл-Азһар университеті немесе басқа да терең білім беретін діни медреселерде білім алушыларға да оң көзбен қарамайды. Бұл – барлық керітартпа топтарға тəн психология.

 

ТЕРРОРИЗМДІ ТУДЫРАТЫН НЕГІЗГІ ФАКТОРЛАР

Терроризмнің исламдық санамен ешқандай байланысы жоқ. Діни сана терроризм тудыра алмайды. Өйткені, ислам дінінің қоғамда беделі күшті болған кезде лаңкестік деген орын алмаған. Терроризмді тудырған модернистік сана деп айтсақ қателеспейміз (фашизм, атеизм мен əсіре коммунизмді де тудырғаны сияқты). Қазіргі таңда ислам атына жабылып жатқан жала қай жағынан алып қарағанда да оның рухына жат. Əсіресе, «11-қыркүйек» оқиғасынан кейін батыс бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар ислам мен терроризмді бір етіп көрсетіп, адам сана- сына сіңіруге тырысуда.

Алау ƏДІЛБАЕВ,

исламтанушы, PhD доктор,

E-Islam.kz

Оқылды 552 рет
JoomShaper
Top