Жаһандану және Құран ұстанымы

Сәрсенбі, 24.08.2021

Жаһандану – қазіргі заманғы қарама-қайшылықтарға әрі шиеленіске толы мәселелердің бірі бола тұра қоғамдық болмыстың әртүрлі жақтарын қарастырады. Бұл феноменнің табиғатына деген қарым-қатынасы әрқилы болғанымен, оны ғылым және уақытша кедергілерге төтеп беретін, сонымен қатар транснационалды қарым-қатынасты орнататын және жаңа халықаралық институттарды қалыптастыратын коммуникациялық технология аясында ең алдымен теңдесі жоқ даму деп сипаттауға болады.

Бір жағынан бүгінгі жаһандану үрдісі әлемдегі сан түрлі мәдениеттердің басын бір арнаға тоғыстырып отыр. Сондықтан түрлі мәдениеттер мен діндердің бір арнада тоғысуы жаһандану идеясымен тығыз байланысты деуге негіз бар. «...Аты айтып тұрғандай, жаһандану қандай да болмасын процестің, іс-әрекет барысының немесе мәдени-әлеуметтік феноменнің, құбылыстың бір ғана ұлт, халық, мемлекет, өркениет немесе континент шеңберімен шектелмей, бүкіл планеталық – жұмыр жерлік, бүкіл жаһандық деңгейде көрініс тауып, маңызға ие болуын танытатын ұғым» [1, 145 б.].

Осы жаһандану мәселесі аясында ұлттық-этникалық мәдениеттердің, түрлі діни сенім өкілдерінің, халықтардың өзара сұхбаттастығы күн өткен сайын өзекті болып барады. Жалпы әлемдік интеграциялық процестердің әсерінен мәдени және экологиялық қоршаған ортаға тигізетін антропогендік әсерінің деңгейі күрт ұлғаюда. Бірақ мұндай әсер көбінесе жағымсыз сипатқа ие болуда. Көбінесе бұған бұрын-соңды болмаған қозғаушы космополитикалық элитадағы өзгермелі жаһандану күшінің жауапкершілігінен босату мүмкіндік беріп отыр.

Осының нәтижесінде ұлттық ұқсастықты сақтау мәселесі өзінің өзектілігін элита үшін ғана емес, сондай-ақ мемлекетте өз құқығы мен мәдени салт-дәстүрін сақтау кепілдігін көрмейтін белгілі бір ұжым алдында да жоғалтып отыр. Бұған ұлттық құндылықтар аясында ғана шектелмейтін әрі жаңа қоғам қалыптастыруға мүмкіндік беретін әлемдік компьютер желісінің күн өткен сайын кең қанат жаюы ықпал етуде.

Мұндай жағдайларда діни фактор дінді мәдени құндылықтарды сақтау құралы әрі оның қайнар көзі деп білетін ұжым алдында және нақты мақсаттарға қол жеткізуді көздейтін жаһандану субъектілері үшін маңызды рөл ойнайды.

«Геополитические акторы, – как отмечают П. Лоро и Ф. Тюаль, – ссылаются на религиозную идентичность гораздо чаще, чем религии вмешиваются в глобальную геополитику. Религиозная идентичность – это ускоритель геополитических феноменов. Религии функционируют по-разному, и эта разница, в зависимости от обществ и государств, отражает взаимоотношения религии и политики» [2].

Мұнымен қоса, халықаралық және ұлттық заң шығарудың маңызын жоятын жағдайда өркениетке үлкен қауіп төндіріп, ғылыми-техникалық ойлардың дамуын ретке келтіретін құлықтық-этикалық шектеулердің болмауын көрсетеді. Бұл шектеулер діни құндылықтармен тығыз байланысты, сонымен қатар соңғы күндері ғылыми ізденістердің нысаны болып келеді.

Осылайша ондаған жылдар бұрын дін қоғамдық өмірден түбегейлі шектетілген болып көрінсе, бүгінгі күнгі қоғамда діни институттарға және діни түсініктерге деген көзқарас мүлде басқаша. Өзін теңестірудің этникалық және конфессионалды процесінің жандануы және Ислам өркениетін қалған әлемге қарсы қою жиілеу, Құран және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеттіне негізделеген Ислам құндылықтары мен бүгінгі күнгі әлемді жаулап алған объективті және субъективті процестермен қатынасының мәнін түсіну сұранысы күн өткен сайын артып келеді.

«Жаһандану үрдiсiнiң бiр белгiсi ретiнде Қазақстан жерi бүгiнде әлемдiк дiндердiң зертханасына айналып үлгердi», – дейді Ерлан Ахметов. [3] Сондықтан біздерге діни құндылықтардың қоғам өмірінде алатын орны мен рөлі төңірегіндегі мәселені жан-жақты терең қарастыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Өйткені дін мен жаһандану процесі өзара тығыз байланысты. Бір жағынан қандай өркениеттің болмасын негізгі кіндігі болған діннің рөлі өсіп, табиғат пен қоғамды антропологиялық бүлдіргіш әсерден қорғаушы механизм сипатына енуі жиілеп келеді. Ал екінші жағынан жаһандану діни өмір үрдісін жақтап, дінді трансцендентіден босатуда, бұл құбылыстың нәтижесі жемісті болып, дұрыс баға алуға тиіс. Көбінесе біріктіруші бастама болып, горизонтальды байланыс пен институционалды қатынастың күрделі жүйесін меңгерген дін глобальды тенденциялардың жүйелі әрі тиімді құралы қызметін атқаруы мүмкін.

Дін дәстүрлі және қазіргі заманғы синтездің маңызды элементі ретінде жаһандану мен дәстүршілдік жақтастарының болашақ қарым-қатынасында, соның ішінде Исламның, шешуші рөл ойнауы әбден мүмкін. Осы тұста Ислам құқығының, әлемтануының бірден-бір қайнар көзі болып табылатын Құран және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетін жан-жақты зерттеп, зерделеу арқылы ислам дінінің әлемдік жаһандану үдерісіне деген көзқарасын айқындап алу өте маңызды болып табылады. Ислам діні өзінің ашық ұстанымдарымен, еркін кеңею мүмкіндігімен, сондай-ақ қоршаған ортада болып жатқан өзгерістерге жоғары бейімділігімен және басқа діндерге қарағанда қатаң центризмнің, иерархизмнің, шешім қабылдауда қиын механизмнің болмауымен сипатталатын конфессионалдық жүйе ретінде бүгінгі жаһандану ғасырында қарқынды даму мүмкіндігіне ие. Осыған байланысты соңғы кездері ислам әлемінің басқа да өркениеттермен сұхбаттастығы мәселесін зерттеп зерделеу қажеттілігі туындап отыр. Расында, ислам діні ғылыми-техникалық және ақпараттық өзгерістердің кеңеюіне себепші болатын әлемдік жаһандану үдерісіне түбегейлі қарсы тұрмайды. Бірақ әлеуметтік, саяси, мәдени, экологиялық аспектілерді өзіне бағындыруды мақсат тұтатын жаһандану идеологиясын толыққанды құптамайды да. Бұған қоса ислам діні әлеуметтік әділдік пен адам құқығын қорғау және трансцендентальды жүйе құндылықтары негізінде глобальды мәселелерді жою мақсатында әлеуметтік мүшелердің арасындағы саяси, әлеуметті-экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға әсер етеді. Құран аяттарында және Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінде глобальды мәселелердің туындауын ескертетін мәтіндер кездеседі. Оларды әлеуметтік, табиғи-әлеуметтік және интер-әлеуметтік деп бөлуге болады. Әрине бұл рационалды ғылымның аясына сыймайды, бірақ болашақта ғылыми болжамның негізінде жасалған шешімдердің нәтижелі және негізді болуына айтарлықтай өз ықпалын тигізе алады.

Құран және Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері глобольды мәселелерді шешудің және белгілі институттар құрудың нақты механизмін ұсынбайды. Ол тек қана оларды іздеудің шекараларын белгілеп, айқындап береді. Ислам дінінің ұстанымдары бойынша бұл нысанаға қоғамдық қатынастарды бір құдайға табыну, қоршаған орта және экожүйені қорғау, адам құқығын қорғау, әлеуметтік әділдік пен өркениет аралық сұхбаттастық ұстанымдары негізінде жасалатын реформалау арқылы жетуге болады. Құран қағидаларын нақты даму мақсатында өмірге енгізу үшін мұсылман әлеміне ислам құндылықтарын реформалау керек емес, керісінше, осы діннің мақсатын, қызметін дұрыс түсіну және оны қабылдай білу реформасын жасау қажет тәрізді.

Негізі қасиетті Құран аяттарының күллі адамзат баласына ұсынған ұстанымдары мен жаһандану идеясы арасында тоғысудың бар екендігін аңғаруға болады. Себебі, қасиетті Құран Кәрім кітабына дейін Жаратушы Ие тарапынан түсірілген киелі Таурат, Зәбүр, Інжіл кітаптары белгілі бір ұлтқа, қоғамға, басқаша айтқанда, белгілі бір кезеңге ғана лайықталып жіберілген болса, Құран үкімдері мен тыйымдары, қарастырған мәселелері жұмыр жер бетіндегі күллі адамзат баласына арналады. Әрі Құран аяттарындағы түрлі үкімдері мен тыйымдары белгілі бір уақытпен шектелмеген, ол қиямет күніне дейін жарамды болып қала беретіндігі алға тартылады.

Негізінде төрт киелі кітаптың кезінде қай қайсысы болса да, Жаратқан Иені танып-білуде бір ортақ пікірге тоғыса алды. Басқаша айтқанда, тағат-құлшылық мәселелерінде ерекшеленгенімен Алланы танытуда бірізділік танытты. Мұны хакім Абай Құнанбайұлы да «Алланың өзі де рас, сөзі де рас...» деп басталатын діни сарында жазылған өлеңінде «...Көп кітап келді Алладан, оның төрті Алланы танытуға сөзі айырылмас», – деп шегелеп айтқан болатын.

Енді Құран Кәрім ұстанымдарының қазіргі жаһандану мәселесіне қатысты көзқарасына нақтырақ тоқталар болсақ, ең алдымен Құран аяттары адамзат баласының материалдық және рухани құндылықтарын тең ұстайтындығын айтуға тиіспіз. Осыны кезінде сезе білген Бартольд: «...Исламның басты артықшылығы, мұсылман әлемінің сол дәуірдегі білімді халықтардың алдында болуы, әрине, материалдық және рухани мәдениет жағынан бірдей мәдени біріншілікті ұстауында...»-деп өз ой түйген екен [4, 54-б.].

Сонымен Құран ұстанымдары: Біріншіден, өзара келісім, көз жеткізу, айғақ-дәлел. Әрқашан қандай да бір нәрсені күшпен, зорлық-зомбылықпен енгізуге қарсы тұрып, өзара келісім, түсіністік, ескерту негізінде іске асыру керектігін алға тартады. Бұл әдісті ең алдымен Алланың жер бетінен таңдап алған елшілері орындады. Қасарысқан, менменсінген құдайсыз, Аллаға серік қосушы жандарға Алланың елшілері күш қолданбай оларды түсіністікпен, ескерту арқылы дұрыс сенімге, ақиқатқа шақыра білді. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Ал енді насихат ет; негізінен сен бір насихатшысың. Сен оларды зорлаушы емессің» [5] дейді. Сондай-ақ әрбір басқарушыға өз сөзіне айғақ, дәлел келтіруін талап етеді. Құранда: «Егер сөздерің шын болса, дәлел, келтіріңдер»-де» [6] деген мағынадағы аят кездеседі. Осы орайда Ислам діні дінге сену тұрғысынан қандай да қысымға, күш көрсетуге, дінге зорлықпен кіргізуді қолдамайтындығын баса айтуға тиіспіз. Бұл айтылғанға Құрандағы: «Дінде зорлық жоқ»,- деген мағынадағы аят дәлел [7].

Екіншіден, дін бірлігі. Құран – Алланың құзырындағы діннің біреу-ақ екендігін алға тартады. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан діндердің салт-санасы әртүрлі болғанымен түбі бір. Сайып келгенде Алланың жер бетіне жіберген елшілері барша халықты бір жаратушыға ғана бас июге, әділдікті ұстануға шақырған. Алла тағала Құран Кәрімде: «...Мұхаммед бар болғаны бір елші ғана. Одан бұрын да (талай) елшілер өткен»,- деп [8] Мұхаммед пайғамбарға дейін де Өзінің дініне шақырған басқа да пайғамбарлардың болғанын ескертеді.

Үшіншіден, Ибраһим (ғ.с) діндерді тоғыстырар ұлы тұлға. Яһудилер мен христиандар және кезінде Меккедегі Аллаға серік қосушы топтар өздерін Ибараһим (ғ.с) заңды мұрагері, оның жолын ұстанатындықтарын алға тартқан. Сондай-ақ мұсылмандар да Ибраһим (ғ.с) өздерінің қадірлі пайғамбарларының бірі ретінде санайды. Олай болса Ибарһим (ғ.с) мұсылмандар мен яһудилерді әрі христиандарды біріктіреді. Ибраһим (ғ.с) балалары кезінде яһуди, христиан болып өзара іштей бөлінбеді. Егер үш діннің өкілдері Ибраһим (ғ.с) ұстанған сеніміне қайтар болса, онда сөзсіз талас-тартыс, өзара келіспеушілік жайына қалар еді. Мұсылман үмметі өзінен алдын келген пайғамбарлардың бәріне де бұлтартпай сенеді әрі оларға құрметпен қарайды. Құранда: «...Олар: «Яһуди немесе христиан болыңдар, тура жолда боласыңдар» деді. (Мұхаммед ғ.с.) олай емес, Ибараһим (ғ.с) ның тұп-тура жолындамыз, ол ортақ қосушылардан емес еді» де» [9] дейді. Алла тағала Құранда яһудилер мен христиандарға: «Және оларға: «Біз Аллаға, бізге түсірілген Құранға әрі Ибараһим, Исмайыл, Исхақ, Жақып (ғ.с) дарға, ұрпақтарына тағы Мұса, Иса (ғ.с) ға берілген нәрселерге, сондай-ақ Раббылары тарапынан өзге пайғамбарларға берілген нәрселерге иман келтіріп әрі олардың араларын айырмаймыз (бәріне де сенеміз). Және біздер Ол Аллаға ғана бой ұсынушымыз» деңдер», – дейді. [10] Сонда бізде сенім тұрғысынан бірігу мүмкіндігі бар. Өйткені Алла тарапынан келген бүкіл пайғамбарлардың сенімі бір. Бұл жайында Құранда Алла тағала: «Осы сендердің үмметтерің бір-ақ үммет. Мен сендердің Раббыларыңмын. Сондықтан Маған ғана құлшылық етіңдер», - [11] деп бүкіл адамзат баласының бір-ақ үммет екенін баян етіп, ынтымақ-бірлікке, Өзіне құлшылық етуде бірігуге шақырады.

Төртіншіден, Қағба пайғамбарлардың сенімінің бір екендігінің айғағы. Қағба – Жаратушыға құлшылық ету мақсатында салынған жер бетіндегі ең алғашқы үй. Құранда: «Негізінен адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол. Онда ашық белгілер, Ибраһим (ғ.с) ның орны бар» [12] Кезінде бұл қасиетті орында Ибраһим (ғ.с) баласы Исмайылмен бірге қайта жөндеуден өткізеді. Ибраһим (ғ.с) үш дін өкілінің де атасы. Сондықтан бұл қасиетті мекен бүкіл адамзат баласын біріктіретін, әрі онда діндер арасында мәдени, рухани қарым-қатынастың жанданар бейбіт қала.

Бесіншіден, Құран негізінде мұслмандардың яһудилер мен христиандармен болған қатынасы. Құран мұсылмандарға Кітап иелерімен сауда-саттықта, алыс-берісте, тосқауыл қоймайды. Бірақ дінге зияны тимейтін тұстарда екі тарапқа да пайдалы болған жағдайда әрі екі тарап та өз міндеттерін толық орындаған кезде ғана рұқсат етеді.

Мұның екі жолы бар. Біріншісі, адамзат баласы өміріндегі ең маңызды факторлардың бірі саналатын бейбітшілікті сақтау. Өзара пікір алмаса отырып, сауда-саттықты жандандыру, жақсылық жолында бір-біріне көмек қолын соза білу. Міне, бұл адамзат баласын жамандық, қауіп-қатерден қорғап, тату қоғам құруда екі тараптың да жасаған ізгі қадамы болмақ. Оған Мұхаммед пайғамбардың Мәдина қаласына алғаш келген кезде мәдиналық яһудилер, христиандар және мүшрік (Аллаға серік қосушы) араб тайпаларымен жасасқан келісімшарттарын, өзара бейбіт өмір сүру келісімдерін үлгі-өнеге ретінде айтуға болады.

Екіншісі, Адамзат баласының жалпыға ортақ қоршаған ортаны сақтау, реттеу аясында іске асады. Мұндағы мақсат адамзат баласына қоршаған ортадан келетін зиянның алдын алу. Мысалы, өлексе малдың етін, доңыз етін жемеу, қан ішпеу т.б. Жалпы, адам баласының денсаулығына зияны бар, тыйым салынған нәрселер.

Құранда: «Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Кітап берілгедердің (христиан мен яһудилердің) тамағы (бауыздағандары) халал етілді. Сендердің тамақтарың оларға да халал етілді. Және мүміндерден абыройлы әйелдермен әрі сендерден бұрын Кітап берілгендерден де (христиан мен яһуди) абыройлы әйелдермен мәһерлерін беріп, бой суытушы, астыртын көңілдес болмай үйленулерің халал етілді» [13] делінеді. Міне, мұнда мұсылмандардың христиандар мен яһудилермен қарым-қатынасы, әлеуметтік мәселелердегі байланысы баяндалады.

Алтыншыдан, уақытты қадірлеу адамзат баласының өркендеуінің кепілі. Уақыт мәселесіне ең алғаш Құран көтерді. Жасалатын құлшылықтың уақытын анықтады. Әрі оның дұрыс яки бұрыс болуын бір шартын уақытпен шектеді. Құранда: «Олар сенен жаңа туған айдың жағдайын сұрайды: «Ол, адамдар және қажылық үшін уақыт белгілеу» де» [14] делінсе, басқа бір аятта: «Ол сондай Алла, күнді жарық, айды нұр етіп жаратты да оған (айға) жылдардың сандарын, есептерін білулерің үшін орындар белгіледі» [15].

Құран күнделікті тіршілікті реттеуге, артта қалмай әрдайым уақытпен бірге ілгерілеуге шақырады.

Жетіншіден, жер бетіндегі теңдікке жол ашады. Құран біздерге теңдікке қол жеткізу үшін қандай өзара қарым-қатынаста болу керектігін үйретеді. Адамзат баласының игілігі үшін қызмет ету мақсатында өзара қарым-қатынасқа түсіп, қолда бар бүкіл тәжірибені пайдалануға тыйым салмайды. Ең алдымен теңдік мәселесі халықты, елді басқаруда сөз болады. Бұған қол жеткізуде Құран Кәрім ең алдымен қай қоғамда болса да басқаруы өте қиын саналатын экономикалық мәселелерді шешу керектігін үйретеді. Өйткені бұл халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде аса маңызды рөл атқарады. Құран осы мәселеге қатысты Жүсіп (ғ.с) қиссасын баян етіп, оның экономикалық мәселелерді қалайша дұрыс жоспарлай білгенін, қалай дамып, халық арасында жүргізген әділ саясаты, халықтың оған емес, ол халыққа жасаған қызметі, игілігі дәріптеледі.

Сонымен, қорыта айтқанда Құран ұстанымдары жаһандану мәселесіне қарсы тұрмайды. Бірақ Құран аяттарына негізделген кейбір маңызды мәселелер де бар.

Жалпы дүниенің төрт бұрышындағы ислам дінін қабыл еткен, қасиетті Құран кітабын басшылыққа алатын барша жандар түр-әлпетіне, шыққан тегіне, материалдық қал-жағдайына қарамай үлкен-кіші, бай-кедейі барша әлемнің жаратушысы «Бір Алла» деп біледі, әрі оған сенеді. Алла тағала барша адамды, жер бетіндегі, астындағы және үстіндегі барша тіршілік атаулыны, сан түрлі мақлұқтарды жаратты, әрі мұның барлығы адамзат баласының игілігіне бағындырылып, олардың әрбірі өз қызметтерін атқаруда деген сенімді, дүниетанымды ұстанады.

Ең баста Құран аяттарына негізделетін ислам мәдениеті әу баста иманға, басқаша айтқанда, Аллаға, ақирет күніне, періштелеріне, елшілеріне, кітаптарына, тағдырға, Жаратқанның жақсылығы мен жамандығына сенуге негізделеді. Ал материалистік көзқарасты ұстанатын жандар, тек көзге көрініп, қолмен ұсталатын нәрселерге ғана арқа сүйейтіндігі белгілі.

Бүгінгі жаһандану үдерісі өзімен бірге түрлі саяси, діни, мәдени көзқарастар қақтығысын, келіспеушілік пен түсініспеушілікті, тіпті бірін-бірі жеккөру сияқты түрлі проблемаларды да әкеліп отыр. Біз қаласақ та, қаламасақ та соңғы кездері жаһанданудың шытырманына, ой-шұңқырына, белес-қырына заман ағысымен жылдам еніп барамыз. Күн өткен сайын дөңгелеген дүние, яғни бүкіл жер шары тарылып, күллі адамзат баласының қуанышы мен қайғысы бір бүтінденіп, ортақтасып бара жатыр.

Соңғы кездері әлемдік саясат сахнасында тікелей ислам дінімен байланысты сан түрлі көзқарстар мен түсініктер талқыға түсіп отыр. Болып жақтан оқиғаларға әртүрлі елдердің сарапшылары, сала мамандары баға беріп, өз ой-тұжырымдарын ортаға салуда. Қалай болғанда да мысырлық ғалым М.Х.Зақзұқ айтқандай: «...Ислам мен Еуропа арасындағы сұхбаттың маңызы өте зор. Сондықтан да Еуропа ислам туралы көп мәліметтерді білуі тиіс, мұсылмандар да Еуропа өркениеті, оның тарихы жайлы көп мағлұматтарға мұқтаж» [16, 8-б.].

Түйін сөз ретінде айтарымыз күллі адамзат баласын бүгінгі жаһандану заманында сан түрлі қақтығыстардан құтқаратын нәрсенің бірі – «Адам». Сондықтан әрбіріміз адам ретінде жоғары адамгершілік қағидаттарын жетілдіре түсуге тиіспіз. Жоғары адамгершілік – түсіністіктің, сыйластықтың, ынтымақ-бірліктің, татулықтың негізі.

Палтөре Ықтияр,

философия ғылымының докторы (PhD)

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Құлсариева А. Аударма және өркениет. Монография.– «Нұрлы Бейне», 2006. – 184 б.

2. Лоро П., Туаль Ф. Геополитика, с. 84.

3. «Ислам және өркениетті» (2022-03-03)

4. Бартольд, В.В.; Тюрки-Двенадцать лекции по истроии турецких народов Средней Азии. – Алматы: «Жалын», 1993.

5. Құран Кәрім 88-сүре, 21-22аяттар.

6. Құран Кәрім 2-сүре, 111-аят.

7. Құран Кәрім 2-сүре, 256-аят.

8. Құран Кәрім 3-сүре, 144-аят.

9. Құран Кәрім 2-сүре, 135-аят.

10. Құран Кәрім 2-сүре, 136-аят.

11. Құран Кәрім 21-сүре, 92-аят.

12. Құран Кәрім 3-сүре, 96-97-аяттар.

13. Құран Кәрім 5-сүре, 5-аят.

14. Құран Кәрім 2-сүре, 189-аят.

15. Құран Кәрім 10-сүре, 5-аят.

16. Зақзұқ М.Х. Ислам және сұхбат мәселелері. – Алматы: «Шапағат-Нұр» 2006 – 312 б.

Оқылды 120 рет
JoomShaper
Top