Қалмахан ЕРЖАН: «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында»

Жұма, 19.08.2021

Діни мәселелерге байланысты перзенті ата-анаға деген құрметін жоғалтқанын, ағайынның арасы алыстай түскенін қоғамда көріп жүрміз. Неге дінге бет бұрдық деген кей жастардың ата-анаға құрметі кеміді? Ата-ананы сыйламау әдепсіздік пе, әлде, күнә ма? Келіннің үлкендерге сәлем салуы шынымен де ширк пе? Осы және өзге де сұрақтарға «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің доценті, белгілі ислам зерттеушісі, ғалым Қалмахан Ержан жауап берген еді.

– Адам баласы – Алла Тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең ұлысы. Адамзат ұрпағын Хақ Тағала ата-ана дәнекерлігімен көбейткен. Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жандар – ата-ана. Алайда осындай қымбатты жандарға деген құрметіміз азайып бара жатқан секілді...

– Бұл қымбатты жандарды Алла Тағаланың Өзі аяттарда дәріптеген. Демек оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндеті балаға жүктелген. Сондықтан да Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тіпті: «Туу» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейлінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол! Һәм олар үшін: «Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей гөр!», – деп дұға ет, – деген.

Бұл аятта әуелі Аллаға серік қоспауды бұйырғаннан кейін, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершіліктеріне тоқталып, Алладан кейінгі кезекте ата-ананың ақысы бар екені еске салынып, оларға жақсы қарауды бұйырған. Осылайша Алла Тағаланың құзырында ата-ананың қадірі қаншалықты маңызды екендігі көрсетілген. Басқа аятта: «Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны қинала жүріп (бірнеше ай) көтерді һәм қиналып босанды. Оның ана құрсағында жатуы мен емшектен шығуы (ең кемінде) отыз айға созылды», – деп әуелі өзіне шүкір етуге, содан кейінгі кезекте ата-анаға шүкіршілік етіп, алғыс айтуға шақырады. Олай болса, Ұлы Жаратушыны танып, Оған құлшылық борышымызды өтегеннен кейінгі міндетіміз – ата-анаға деген жақсылық һәм құрмет көрсету. Дана халқымыз «Ана алдында құрмет, ата алдында қызмет» деп текке айтпаса керек. Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алла Тағаланың разы болмауы да – ата-ананың наразылығында», деген хадисі де бар.

Алла елшісіне (с.ғ.с.) тізе бүгіп тәлім тәрбие алған сахабалардың қалауы да Алланың разылығына бөлену болатын. Тәпсір әрі фиқһ мектебінің негізін қалаушы ғалым сахаба Абдулла ибн Масғуд былай дейді:

«Бірде Алла елшісінен (с.ғ.с.): Алла Тағала қандай істі анағұрлым жақсы көреді? деп сұрадым. Ол: Уақытында оқылған намазды, – деді. Мен тағы: Одан кейін ше? – деп сұрағанымда: Ата-ананы құрметтеуді, – деді. Үшінші рет: Одан кейін ше? – дегенімде: Алла жолындағы күресті, –деп жауап берді. Егер де мен одан әрі сұрай бергенімде Алла елшісі жауап бере беретін еді», – дейді.

Демек, Алла Тағаланың разы­лығы – ата-ананың ризашы­лы­ғында екен. Себебі ата-ана разылығына бөлену – ең үлкен бақыт. Олай дейтініміз ата-ананың шынайы жасаған дұғасын Хақ тағала қабыл етеді. Ол туралы Алла елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Үш адамның дұғасы қабыл болады. Олармен Алла Тағаланың арасында перде болмайды. Олар: ата-ананың баласына жасаған дұғасы; мүсәпірдің дұғасы; зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы».

Мына бір оқиға өзгелерге үлкен сабақ болса керек.

...Алқамә (сахаба) пайғам­бар­дың көзі тірісінде құлшылығына берік, өте ізетті, иманды жігіт еді. Күндердің күнінде аяқ астынан ауырып, төсек тартып жатып қалады. Ауруы әбден меңдеп, өлетін халге жеткенде, тілі куәлік сөзге келмей күрмеле береді. Оның қатты қиналғанын көрген сахабалар пайғамбарымызға хабар жеткізеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алқамәның шешесін шақыртады.

– Алқамә қандай еді? –деп сұрайды.

Анасы: – Балам көп намаз оқитын, көп ораза ұстайтын, садақаны көп тарататын,- деп жауап береді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сұрақты төтесінен қойып: – Сізбен қарым-қатынасы қалай еді?

Анасы: – Енді «іштен шыққан балам ғой» деп қанша кешіріммен қарағаныммен мені ренжітетін кездері көп еді. Оны айтып отырған себебім, көбіне әйелін жақтап, маған қарсы шығатын, – деген кезінде, пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Анасының реніші бала­сының тілін күрмеп тұр екен. Қане, отын жинаңдар, Алқамә­ні тірідей жағамыз, – деп маңайын­дағыларға бұйырады.

Ана байғұс бірден жанұшыр­ды: – Ойбай-ау, қажеті жоқ. Ба­ламды өртей көрмеңіз, - деп жалын­ғанда, пайғамбар салиқалы түрде: – Алла Тағаланың о дүние­дегі азабы балаңыздың қазіргі азабынан да қатты. Егер Алла ұлыңыздан разы болсын десеңіз, сіз аналық ақ сүтіңізді кешіп, ұлыңызға деген реніш-өкпеңізді қойып, онымен ризалықпен қоштасыңыз, – дейді.

Ана разылығын айтып, кешір­ген кезде баласының да тілі кәли­маға келіп, өмірден озған екен.

Иә, ата-ананың бала алдын­дағы ақысы өте үлкен. Бірде халифа Омарға бір адам келіп:

«Менің ата-анам қатты қартайды. Кішкентай кезімде олар маған қызмет еткеніндей мен оларға қызмет етіп келем. Олардың ақысын өтеген болып саналамын ба?» деп сұрайды.

Халифа Омар (р.а.): «Жоқ. Өтеген болып саналмайсың. Себебі олар сенің өсіп, мықты азамат болуың үшін саған қызмет көрсетті. Ал сенолар жақында дүниеден өтуі мүмкін деп қызмет көрсетудесің»деген екен.

– Ата-ананы құметтемеу шариғат бойынша әдепсіздік пе, әлде, күнә ма?

– Әрине, күнә. Егер де осыншама нәрсені біле тұра ата-анаға қарсы шығып, оларға құрметсіздік танытар болсақ үлкен күнә жасаған боламыз. Себебі оларға құрмет көрсету – Алланың тікелей бұйрығы.

Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына:

– Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін айтайын ба? – дегенде, сахабалар «Иә, бізге қайсылары екенін үйретіңіз», – деді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу...» – деп айтқан еді.

Адам (құқығына) құқына ерекше көңіл бөлген ислам діні ата-анаға құрмет көрсетуді мойнымызға борыш етіп жазған. Ата-анаға құрмет – тек ар-ождан мәселесі ғана емес, басқа да парыздар сияқты ғибадат. Тіпті, Алла жолында жиһад жасаудан да артық саналған.

Ардақты елші (с.ғ.с.): «Ата-анасын сыйлап, оларға қамқор болған перзенттерге сүйінші! Алла олардың өмірін берекетті етеді», – деген. Басқа бір хадис­те: «Кімде кім өмірінің ұзақ, ризығының мол және берекетті болуын қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын», – деген.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар. Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады» демекші, адам баласының ризық, несібесі ата-анасына байланыс­ты. Үйдің берекеті ата-анасы, әрине түсінген жанға. Кімде-кім ата-анасына құрмет көрсетіп, олардың ізгі дұғаларын алған болса, оның дүниедегі ризық, несібесінің көбеюіне де өзіндік септігі болмақ.

– Қазақ халқы үшін келіннің сәлем салуы ата-ене мен үлкендерге деген құрметтің белгісі болып саналады. Алайда осы сәлем салу төңірегінде тартысты пікірлер көп айтылады...

– Әр нәрсенің өзіндік әдебі болған секілді қазақтың ұлттық дәстүрінде де сәлемдесудің өзіне тән әдебі бар. Жасы кіші үлкенмен, көліктегі жаяу жүргіншімен, жүріп бара жатқан отырғанмен, аз адам көп адаммен сәлемдескен. Келіндер ата-енесімен, қайын ағаларымен немесе үлкен кісілермен, тізесін сәл бүгіп, басын иіп, ибалық сәлем жасап, ишаратпен амандасқан. Мұның өзі қазақтың ең тамаша моральдық қасиеті болып табылады. Жасы кішінің үлкенге бірінші болып сәлем беруі – үлкенге деген сый-құрметі, көліктегінің жаяуға сәлем беруі – көліктегінің такәппарлануға жол бермей, оны қарапайымдылық, сыпайылыққа тәрбиелеуі, жүріп келе жатқанның отырғанға сәлем беруі – бөлмеге кіріп келген адамның міндетіндей болуы, келіннің сәлем беруі – ата-енесіне ізеттілік көрсетуі деп түсіндіріледі.

Келіндер ата-енесіне, үлкендерге басын иіп, ибалық сәлем салады демекші, осы тақырып қозғала қалса кейбір жастарымыз ғаламтор беттерінде «иіліп сәлем салу, намаздағы рүкүғқа ұқсайды» деп, сәлем салуды ширкке теңеп, шулап кетеді. Егер әрбір иілуді рүкүғқа теңер болсақ, тік тұрып сәлем беру де намаздағы қиямға ұқсағаны ма? Онда әр қимылымыз ширк пе? Кез келген нәрсенің өзіндік өлшемі бар емес пе? Осы кезге дейін қазақ «келіннің сәлемін ширк» екенін білмей келген бе? Халқымыздың әрбір салт-дәстүрін «ширкке», яки «харамға» балайтын болсақ неміз қалады? Шариғатта «келіннің сәлем салуы ширк» деген нақты үкім де жоқ емес пе? Келіннің үлкендерге сәлем салуы қазақтың көнеден жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпы.

Ұлы Жаратушы адам баласын ең кемел әрі көркем бейнеде жаратып, оны сансыз нығметтерге бөлеген. Бұған қоса, сол нығметтердің қадірін түсіндірсін, адам баласының һәм бүкіл болмыстың жаратылу мақсаты мен сырларын ұғындырсын деп әр қауымға елші жіберген. Осы орайда пайғамбарлар – адамзатқа әр нәрсенің өзіндік мән-мағынасы мен міндеті бар екенін ұқтыратын тәлімі мол ұстаздар. Бізді қоршап тұрған жаратылыстарды танып-біліп, Ұлы құдіретке бас июге шақырушы ардақты асыл тұлғалар да осы пайғамбарлар. Пайғамбарларға иман – Ислам дініндегі иман негіздерінің бірі. Ал, оларға келген ақиқат ортақ. Құранда Меккеде түскен 111 аяттан тұратын Жүсіп пайғамбармен қатысты оқиға баяндалады. Онда «Жүсіп ата-анасын құрметтеп өзінің тағына отырғызды. Ата-анасынан бастап барлық бауырлары оған тағзым етіп, бас иді. Сонда Жүсіп әкесіне: «Әкей! Бұрын бала күнімде көрген түсімнің жоруы, міне, осы. Раббым сол түсімді расқа шығарды», - деген аят бар.

Тәпсірші ғалымдар аяттағы Жүсіптің ата-анасымен бауыр­ларының тағзым етуін (сәжде етуін) екі тұрғыда жорамалдайды.

Бірінші жорамал бойынша Жүсіпке құрмет сәлемі ретінде тағзым етілген. Бұл Жүсіп сүресінің «Әкешім! Мен түсімде аспандағы он бір жұлдыздың және күн мен айдың маған тағзым жасап, сәжде етіп тұрғанын көрдім»,- деген 4-аятын растайды дейді.

Екінші жорамал бойынша Жүсіпке қауышқаны үшін Аллаға шүкір ету мақсатында сәжде жасалған. Аяттағы «олардың маған тағзым жасап, сәжде етіп тұрғанын көрдім» деген аятты «олардың мен үшін тағзым жасап, сәжде етіп тұрғанын көрдім» деп те аударуға болады. Сонда бұл екінші ойды құптайды дейді.

Жүсіп (а.с.) те бұл әмірді Алладан екенін біліп, шүкір еткен. Бауырларының жаса­ған әрекеті мен жасаған қастан­дығына үндемеген. Демек мұн­дағы сәжде «құлшылық сәждесі» емес екені аян болып тұр.

Ендеше шариғатта ерекше саналатын сәлем беруді неге ширкке балаймыз. Сәлемдесудің түпкі мақсаты адамдардың және жанұяның тату-тәтті, бақытты өмір сүруіне негізделген емес пе?!

Жастарымыздың өзге елдің салтына ергенін, яки асыл ді­німіздің бұрмаланып, халық арасында бүлік шығуын көздегендер осы секілді мәселелерді күн тәртібіне қойып, қоғамда қарама-қайшылықтардың болғанын қалайды.

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, әр ел өз дәстүрін өз еліне дәріптегені жөн. Онсызда халқымыздың алтын қазынасы саналатын ата-дәстүрімізді, салт-санамызды жастардың жадына сіңіре алмай жатқанда әр нәрсені ширк деп жұртты мазаламасын.

Сөз соңы, сәлем салуды ширк­­ке теңей бермей, сәлем беру­­ші сәлем алушыдан бір дәре­­же артық сауапқа ие болатынын ұмытпай, бір-бірімізді көр­генде сәлем беріп жүрейік, ағайын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан

Әлімхан СЫРБАЙ

Оқылды 579 рет
JoomShaper
Top