Сыдық – турашылдық, шынайылық, адалдық

Сәрсенбі, 30.04.2022

 “Әрдайым туралықты іздеңдер! Туралықта құрдымға бататындарыңды білсеңдер де, сөзсіз онда сендер үшін азаттық бар”   (Хадис)

الصدق «Сыдық» сөзі – шыншылдық, шынайылық, адалдық, туралық деген мағыналарды білдірумен қатар, хақ жолындағы пенденің дүние қумай аталмыш қасиеттерді өмірінің өлшемі ету дегенді білдіреді. Ондай жан әркез Құран аятын басты негізге алады. Құранда Ұлы Жаратушы:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اتَّقُواْ اللّهَ وَكُونُواْ مَعَ الصَّادِقِينَ

«Ей, иман келтіргендер! Аллаһтан қорқыңдар, әрдайым турашылдармен бірге болыңдар (турашылдықты ұстаныңдар),»  ,-дейді.    

Ар мен ақиқатты жаю жолында адалдық сертінен айнымау, туралықтан таймау – нағыз сыдықтықтың белгісі. Хадис тілінде мұндай жандар ақиретте «сыддық» (турашыл, адал) деп көрсетілсе, өмірі  өтіріктен көз ашпағандар «кәззәп» (өтірікші, суайт) деп жазылмақ.

Сыдық – амалдарымыздың рухы мен айнасы. Асылында осы қасиет арқылы мүмін мен мұнафықтың (екіжүздінің) ара-жігі ажыратылады. Бұл – пайғамбар емес пенделердің пайғамбарлық сипаты. Міне, осы сипат мүміндерді ақиретте Ұлы Жаратушымыздың мәртебелі, сыйлы, қалаулы құлдарымен бірге етеді. 

Аллаһ елшісі (с.а.с.) қалай сыддық болса, оны алғаш қолдап, қорғаған досы Әбу Бәкір де сондай сыддық еді. Құран бұл жайды «Ол шындықты алып келді, оны растап қолдағандар – нағыз тақуалар»  деп баяндайды. Сыдық – пайғамбарлардың негізгі сипаты болуымен қатар, иман мен ислам жолында, Құран ақиқатын жаю жолында жүргендер үшін, ең күшті қозғаушы күш. Ақирет әлемінде азап пен тозақтан құтылудың басты шарасы. Аллаһ:

هَذَا يَوْم ُيَنفَعُ الصَّادِقِينَ صِدْقُهُمْ

«Шыншылдарға шындықтарының пайда беретін күні – нағыз осы күн»  деу арқылы бұл дүниеде шыншыл болудың о дүниеде қайтарусыз қалмайтындығын білдіреді.  

Туралық – сөз бен істің бір жерден шығуы, жалған айтып құтылып кетуі бек мүмкін қилы сәтке тап болғанда, өзінің әуелгі табиғатынан титтей де айнымауы. Нағыз шыншылдар мен турашылдар мойнына алған іске жан-тәнімен беріліп, ішкі-сыртқы тазалығын сақтай біледі. Жапан түзде жалғыз қалып, басына қандай күн туса да ішкі ар-иман таразысынан әсте жаңылмайды.  

Құран аяттары сөз бен іс тұтастығын сақтауды, дүниелік істерімен қоса ішкі ниет-пейілде әрқашан туралықтан айырылмауды нағыз мүмінге жарасымды асыл мақсат-мұрат ретінде көрсетеді . 

Сыдықтық қасиет пайғамбарларды, муқаррабин (Аллаһқа жақын аса тақуалы жандар) асфияларды (тура да шыншыл әрі салиқалы тақуа жандар) асқар шыңға жеткізсе, ал жалған мен өтірік шайтан мен оның ізбасарларын құрдымға батырған. Демек, шыншылдық –  пайғамбарлар мен олардың артынан ергендерге тән қасиет болса, өтірік сөйлеп, жалған әрекетке бару – екіжүзділік пен күпірлік сипаты. 

Әбу Бәкірді де пайғамбарлардан кейінгі ең жоғарғы мәртебеге шығарған да шыншылдығы, шынайылығы мен адалдығы. Пайғамбарымыз дінді ең алғаш уағыздай бастағанда, адамдардың бәрі сырт айналып кетіп жатқан қылыштың жүзіндей қысылтаяң кезеңде оған қолдау көрсеткен де осы Әбу Бәкір Сыддық болды. Миғраж оқиғасында да кейбір адамдардың көңілдерінде кірбің туып, екі ойлы болғанда адалдық танытқан, Хұдайбия шайқасында да көптеген кісілер тосылып қалғанда Пайғамбарымыздың жанынан табылып, оны растаған да Әбу Бәкір (р.а.) еді. Сондықтан да ол Пайғамбарымыздың ең сенімді серігіне айналды.

Туралық – ақиқат жолы. Алайда, тіршіліктегі ақырғы дәм-тұзы таусылғанша адамның туралықтан ауытқымауы үшін өте күшті ерік-жігер, шынайы ықылас қажет. Мұның қаншалықты қиын екенін Аллаһ елшісі:

 ﴿فَاسْتَقِمْ كَمَا أُمِرْتَ﴾ «Әмір етілгендей тура бол»  аятын толыққанды жүзеге асыра білу үшін «мені «Һуд» сүресі қажытты»  деген. Яғни, Пайғамбарымыз Аллаһтың бұйырғанындай тура өмір сүру үшін өмірінің соңына дейін бүкіл күш-жігерін жұмсаған, сондай-ақ, үмбетіне де осыны үнемі насихаттап отырды.  Ол:

اضْمَنُوا لِي سِتًّا مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَضْمَنْ لَكُمْ الْجَنَّةَ اصْدُقُوا إِذَا حَدَّثْتُمْ وَأَوْفُوا إِذَا وَعَدْتُمْ وَأَدُّوا إِذَا اؤْتُمِنْتُمْ وَاحْفَظُوا فُرُوجَكُمْ وَغُضُّوا أَبْصَارَكُمْ وَكُفُّوا أَيْدِيَكُمْ

“Маған мына алты нәрсе үшін кепілдік беріңдер, мен де сендерге жаннатқа кіруге кепілдік берейін:

– Сөйлегенде шындықты айтыңдар!

– Уәделеріңді орындаңдар!

– Аманатқа сенімді  болыңдар!

– Ұятты жерлеріңді сақтаңдар!

– Көздеріңді харамға жұмыңдар!

– Қолдарыңды харамнан аулақ ұстаңдар!” .

Басқа бір хадисінде:

دَعْ مَا يَرِيبُكَ إِلَى مَا لَا يَرِيبُكَ فَإِنَّ الصِّدْقَ طُمَأْنِينَةٌ وَإِنَّ الْكَذِبَ رِيبَةٌ

“Күмән туғызар нәрсені тастап (күмәнсіз аймақта ғұмыр кеш). Туралық көңілді хош етіп, жанды рақатқа бөлейді. Жалған көңілді жайсыз етіп, күмән ұялатады”,–дейді .

Тағы бір насихатында:

تَحَرَّوْا الصِدْقَ وَ اِنْ رَأَيْتُمَْ فيهِ الْهَلَكَةَ فَاِنَّ فِيهِ النَّجاةَ

“Әрдайым туралықты іздеңдер! Туралықта құрдымға бататындарыңды білсеңдер де, сөзсіз онда сендер үшін азаттық бар”, – делінген .

Басқа бір хадисте:

عَلَيْكُمْ بِالصِّدْقِ فَإِنَّ الصِّدْقَ يَهْدِي إِلَى الْبِرِّ وَإِنَّ الْبِرَّ يَهْدِي إِلَى الْجَنَّةِ وَمَا يَزَالُ الرَّجُلُ يَصْدُقُ وَيَتَحَرَّى الصِّدْقَ حَتَّى يُكْتَبَ عِنْدَ اللَّهِ صِدِّيقًا وَإِيَّاكُمْ وَالْكَذِبَ فَإِنَّ الْكَذِبَ يَهْدِي إِلَى الْفُجُورِ وَإِنَّ الْفُجُورَ يَهْدِي إِلَى النَّارِ وَمَا يَزَالُ الرَّجُلُ يَكْذِبُ وَيَتَحَرَّى الْكَذِبَ حَتَّى يُكْتَبَ عِنْدَ اللَّهِ كَذَّابًا

“Туралықтан айырылмаңдар. Туралық сендерді жақсылыққа, жақсылық жаннатқа апарады. Кісі әрдайым тура болып, туралықты іздесе, Аллаһ әмірімен турашылдардың қатарына жазылады. 

Жалғаннан сақ  болыңдар. Жалғандық адамды күнәға, күнә жаһаннамға апарады. Кісі үнемі жалған сөйлеп, жалғанды іздесе, Аллаһ Тағаланың жарлығымен өтірікші кәззаптардың қатарына жазылады”– деп әмір етеді . 

Бүгінгі таңда  жалғандық пен өтірік сөйлеу қоғамдық өмірдің бүкіл саласына тамыр жайып, адами құндылықтардың аяқ асты етілуіне тікелей себепкер болып отыр. 

Ал, жалғандық – мұсылмандық сипатқа мүлдем жат. Оған куәлік етудің өзі де – үлкен күнә. Сөзіне ісінің үйлеспеуі мұнафықтық (екіжүзділік) болса, алдау, қиянат жасау ислам шеңберінен шығуға әкеледі .

Ислам құқығында өмірінде бір рет болса да жалған сөйлеген адамның куәлігі қабылданбайды. Хадис ғалымдарының өмірінде бір рет болса да өтірік сөйлеген адамнан хадисті қабылдамауы, исламның шыншылдыққа қаншалықты ерекше көңіл бөлгендігінің айқын дәлелі. 

Шындық пен жалған – иман мен имансыздық сияқты араларында жер мен көктей айырмашылықтары бар бір-біріне кереғар ұғымдар. «Алтын ғасырда» («Бақыт ғасыры» – Пайғамбарымыз бен әділетті халифалар кезеңі) Пайғамбарымыз бен оған ерген саңлақ сахабаларды шыңдардың шыңына шығарған қасиет – олардағы  турашылдық, шыншылдығы мен шынайылығы еді. Алайда, уақыт өте келе шындық жалғанмен, шынайылық жылпостықпен араласып кетті. 

Адамның мәртебесін өсіріп, жаннаттың төріне жетелер турашылдық жайы сөз болғанда әйгілі сахаба Ка’б ибн Мәликті (р.а.) еске алмау әсте мүмкін емес. Оның турашылдық қасиеті бақытына жол ашты. 

Ка’б ибн Мәлик – сөзі қылыштай өткір, Ақабаға келіп Аллаһ елшісіне сенім білдіріп серт байласқан, екі дүние шырағы әкелген нұрға бөленген алғашқы мәдиналықтардың бірі еді. Бірақ, толарсақтан қан кештірген Тәбук жорығына тас түйін дайын болғанына қарамастан қатыса алмады.  Ка′бпен бірге тағы екі кісі жорыққа шыға алмады. Аллаһ елшісі (с.а.с.) жорықтан оралған кезде қалып қойған мұнафықтар әртүрлі сылтауды алға тартып жатқанда, Ка′б ибн Мәлик жасырмай шындықты айтты. Бармауына ешқандай себеп жоқ еді. «Үлгерермін» деп жүріп қалып қойған болатын. Пайғамбарымыз сахабаларына Аллаһ Тағаладан жарлық келгенге дейін олармен сөйлесуге тыйым салды. Бұл қиын сынақ тура елу күнге созылды. Елу күн болғанда қандай елу күн?!... Олардың сол елу күнде шеккен азабы Құранда былай суреттеледі: 

«(Аллаһ Тағала) артта қалған үш кісінің де тәубелерін қабыл етті. Жер жүзінің кеңдігіне қарамастан, тарылғандай, ар-ождандары өздерін қинаған үстіне қинай түсті. Ақыр соңында олар Аллаһтан басқа ешбір пана жоқтығын аңғарды. Содан соң олардың өздеріне қайта келуі үшін, Аллаһ олардың тәубесін қабыл етті. Өйткені, Аллаһ Тәууәб (тәубені өте көп қабыл етуші), аса Рақымды»  .

Осы аятты оқығаннан кейін Ка′б Аллаһ елшісіне: «Пайғамбарым! Мен туралығым арқылы азат болдым. Бұдан кейін өмір-бақи шындықтан басқа ешнәрсе айтпайтыныма сөз беремін» деген болатын . Міне, Ка′б ибн Мәлик осындай қиын сынақтан туралығының арқасында ғана аман өтті. 

Сыдық істегі әрі сенімдегі шынайылықты да қамтиды. Аллаһ Тағаланың бұйрықтары мен талаптарына бас ию, қандай қиын жағдай болса да ниетінен таймай табандылық таныту – шынайылықтың белгісі. Бұл орайда Ибраһим пайғамбардың (а.с.) қиын сынағы еріксіз еске түседі. Хазірет Ибраһимге түсінде баласы Ысмайылды (а.с.) құрбандыққа шалу бұйырылады. Баласын жанындай жақсы көретініне қарамастан Аллаһ Тағалаға деген шынайылығын дәлелдеу үшін, сүйкімді де сүйікті ұлын құрбандық етуге ниеттенеді. Хазірет Ысмайыл да жастығына қарамастан, бұл бұйрықтың Аллаһтан келгенін түсініп, еш наразылық білдірмей, әкесін қолдап құрбан болуға бас тігеді. Сол сәт Аллаһ олардың шынайылықтарына дән разы болып, хазірет Ысмайылдың орнына көктен бір қошқар түсіреді .  

Шынайылыққа байланысты Пайғамбарымыздың сахабасы Шәддәд төмендегідей оқиғаны баяндайды:

Бір кісі исламды қабылдап, кейін һижрет жасайды. Пайғамбарымыз оны сахабаларының біріне аманаттап тапсырады. Күндердің бір күнінде шайқаста түскен олжадан өзіне тиген үлесін көріп таңғалған ол Пайғамбарымызға:

– Мен саған дүние үшін емес, мына жерімнен (кеңірдегін нұсқап) оқ қадалып шейіт болайын, сөйтіп жаннатқа барайын деп мойынсындым, – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.) байсалды қалпын бұзбастан: 

– Егер осы айтқаның рас болса, ниетіңе шынайы болсаң, Аллаһ Тағала сені жалғаншы етпей мұратыңа жеткізер, – дейді. 

Көп уақыт өтпей бір шайқастан кейін әлгі кісі шейіт болады. Кеңірдегіне жебе қадалған өлі денесі Аллаһ елшісінің алдына әкелінеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.):

– Ол тура сөйлепті. Аллаһ та оны растады, – деп, оны шапанымен кебіндеп, жаназасын өзі шығарады және «Аллаһым, сенің бұл құлың сен үшін һижрет жасады және шейіт болды. Мен бұған куәмін» деп дұға жасаған екен . 

   Иә, мақсатқа жетудің басты шарттарының бірі – ниеттегі шынайылық. Ниетіміз шынайы болса, Аллаһ Тағала ниетімізге қарай береді. Пайғамбарымызға ерген алғашқы ислам қаһармандары Аллаһқа, Пайғамбарымызға және исламның бұйрықтарына шынайы беріліп, бас игендіктері үшін мардымсыз күш, аз мүмкіндіктеріне қарамастан Аллаһ оларды жетістікке жеткізіп, адам баласының ең мәртебелісі етті.  

Шыншылдық жайлы мұсылман ғалымдары былай дейді: 

Ғұлама Әбу Әли: «Бір істің тірегі – шыншылдық. Барлық іс туралықпен толық болады. Пайғамбарлықтың бір төменгі сатысы – шыншылдық. Аллаһ Тағала:

فَأُوْلَـئِكَ مَعَ الَّذِينَ أَنْعَمَ اللّهُ عَلَيْهِم مِّنَ النَّبِيِّينَ وَالصِّدِّيقِينَ

«Олар Аллаһтың нығметтеріне бөленген пайғамбарлары, шыншылдармен бірге...»  дейді.

Ахмад ибн Худрауәйх: «Аллаһ Тағаланың өзімен бірге болғанын (қорғап, қолдауын) қалаған кісі шыншылдық пен адалдыққа жармассын». 

Әбу Саид Қураши: «Шынайы, адал (кенеттен өлім келгенде) – ішкі әлемі сыртқа ақтарылса (іші мен сырты бірдей болғандықтан) ұялмайтын, өлімді шаттана қарсы алған кісі»;

Жүсіп ибн Әсбәт: «Бір түн болса да Аллаһ Тағалаға деген шынайы адалдық – Аллаһ жолында соғысудан да қайырлы деп санаймын», деп айтқан. 

«Адал саудагер жоқшылық көрмейді»  деген де сөз бар. 

Турашылдық жауапкершілікті, жауапкершілік өз кезегінде сөз бен ісіміздегі туралықты талап етеді. Бүгінде туралық пен шындықтан қашу, жалғанға жармасу кең етек алуда. Көптеген жандар ауырдың үсті, жеңілдің астымен өмір сүруді санасына сіңіріп, адами қасиеттерден жұрдай болып жатыр. Міне, осындай сын сағатта мұсылмандардың ел-жұртқа әсер ете алмауының басты себебінің бірі – өз бойымыздағы келеңсіздіктермен күресе алмау болуы бек мүмкін. Асылында, өмірін ақиқатты паш етуге арнағандар үшін ең бірінші қасиет – туралық болуы керек. 

Аллаһ Тағала адамдар ақиқаттан ажырап, туралықтан алшақтай бастағанда үзбей дін жіберіп отырған. Олай болса, діннің мақсаты – туралық пен шыншылдықты сақтау. Сондықтан, дін адамына, ақиқат жаршыларына тек шыншыл әрі адал болу ғана жарасады.

Туралық – қоғамдағы ең маңызды құндылыққа жатады. Иман негіздерін мойындамаған адамның мұсылман бола алмағанындай, туралық болмаса адамның «иманы бар» деу де әбестік. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Уа, Аллаһтың елшісі, маған исламды басқа адамнан қайта сұрамастай етіп танытсаңыз» деген кісіге «Аллаһқа сендім» де. Содан кейін ақиқаттан ауытқымай, әрдайым турашыл бол» , – деп исламның түпкілікті мәнін көрсеткен. 

Ислам түсінігінде Аллаһқа апарар жол – «сыратуль-мустақим», яғни, «тура жол» деп аталады. Өткінші дүние сынағынан аман өтіп, ақиретте құтылудың жолы да осыдан басталады. Бұл жайлы Құранда:

إِنَّ الَّذِينَ قَالُوا رَبُّنَا اللَّهُ ثُمَّ اسْتَقَامُوا فَلَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ

«Раббым Аллаһ деп өмірлерінде туралықтан таймағандарға (ақиретте) қауіп-қатер жоқ және олар мұңсыз болады»  делінеді.

Мәңгілік бақыттың жолы – туралық. Баға жетпес қымбатқа көз тіккен адам оның ыстығына да, суығына да төзуі керек. Туралықтың, шынайылық пен адалдықтың бұл дүниедегі пайдасы – адамдар арасындағы қатынастарда сенімділіктің негізі, Аллаһ пен құл арасындағы байланыстың шынайы көрсеткіші мен ақиретте азаптан құтылудың басты шарасы. 

Алау Әділбаев

 

 

 

Оқылды 1288 рет
JoomShaper
Top