Жорабек Дәуренов: "Астанадағы конфессиялар мен дін өкілдері бейбіт келісімдерін бұзған емес"

Сәрсенбі, 01 Қазан 2014 05:22

АСТАНА. 1 қазан. E-islam.kz - Қазіргі таңда діни ахуалдың елімізде ғана емес, әлемде күрделеніп тұрғаны рас. Дәстүрлі Ислам дінінің атын жамылған жат ағымдықтардың залалын айқын аңғарған үкімет арнайы заң шығарып, нақты шараларды да қолға алғанын білеміз. Десе де, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы тоқырау сәттерде тамырын тереңге тартып үлгерген радикалды дін өкілдерінің тынысын тарылтып, бетін қайтару оңайға соғып жатқан жоқ. Тура жолға түсемін деп, бөгде пиғылдылардың жетегінде кетіп жатқан жастар әлі де бар. Көкейдегі осындай түйткілдерден туған сауалдарымызды Астана қаласы Дін істері басқармасының басшысы Жорабек Дәуреновке қойған едік...

– Жорабек Әбдімәжитұлы, елордадағы діни ахуал төңірегінде әңгімелессек, бас шаһарда бүгінде нақты қанша діни бірлестік жұмыс істейді? Олардың жұмысына қысқаша тоқталсаңыз.

– Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасында 17 конфессиядан тұратын 3088 діни бірлестік қызмет атқарады. Оның ішінде, Астана қаласында 14 конфессиядан тұратын 48 діни бірлестік тіркелген. Тарқатып айтсам, олардың бесеуі – православ, төртеуі – католик, жиырма сегізі протестанттық, біреуі бахаи, біреуі кришнаизм және біреуі иудаизм бағытында. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты сегіз мешіт бар. Бұлардың барлығы заң талаптарына сай жұмыстарын атқаруда. Ең бастысы, бір-бірімен тату, бейбіт келісімдерін бұзған емес. Осыған қарап, Астанадағы діни ахуал тұрақты деп айтуға әбден болады.

Рас, арагідік радикалды ағымдардың іс-әрекеттері байқалып қалып жатады. Алайда, құзырлы орган өкілдерімен бірлескен дер кезіндегі қимылымыздың арқасында жағдайды ушықтырған емеспіз.

– Оқырмандарымыз біле жүрсін, белгісіз діни ұйымдардың мүшелері көшеде, қоғамдық орындарда немесе тұрғылықты жеріне келіп діни әдебиеттер ұсынып, діни жиындарға қатысуға шақырып жүрсе, не істеу керек, қандай амалдарға барған жөн?

– Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында яғни жергілікті атқарушы органдардың арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол берілгенін баса айтуым керек. Бүгінгі таңда, Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен елордада діни әдебиеттерді сатуға рұқсат етілген 8 орын белгіленген, оған қоса 48 діни бірлестіктің аумағында таратуға рұқсат етіледі. Жалпы - 56 орын.

Ал сіз айтқандай басқа орындарда діни әдебиеттер ұсынып, діни жиындарға қатысуға шақырып жүрсе, ондай әрекеттер заңсыз діни әдебиеттер тарату және заңсыз миссионерлік қызмет болып табылады. Және «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 375 бабы негізінде сот шешімімен 50-ден 100 АЕК көлеміндегі айыппұл тағайндалуы мүмкін. Яғни, осындай жағдайларға тап болған немесе кездескен адам ең алдымен «102» полицияға немесе 78-22-88 Сенім телефонына хабарласқаны жөн. Содан кейін істің ақ-қарасы анықталып, құзырлы органдар тарапынан қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады. 

– Қазіргі таңда Астана көшелерінен, мешіттері маңынан етегі шұбатылған көйлек, хиджап киген әйелдер мен қысқа балақ шалбарлы, сақалдары қауғадай жастарды, ерлерді көп кездестіретінімізге көзіміз үйренді. Ал мұндай жандардың түпкі пиғылы күдікті көрінеді кейде. Мұндайларға қандай да бір заң талаптары жоқ па?

Қазақстан Республикасының заңнамасында адамның киім кіиуіне, сыртқы келбетіне қатысты қандай да бір шектуелер белгіленбеген. Конституциямыздың 14-бабының 2-тармағында да адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы нақты көрсетілген. Сондықтан, бұл сауалға қатысты айтарым, адамның сыртқы пішімі мен киіміне қандай да бір тосқауыл жасау немесе ол жөнінде арына нұқсан келтіру заңсыз әрекет болып табылады және ондай әрекеттерге арнайы заңдармен шек қойылады.

Бұл жерде діни сенімі бойынша түсінбеушіліктен немесе басқа елдердің мәдениетіне елікету жағынан қарастыратын болсақ, қала аумағында, әсіресе жастар арасында, білікті мамандар Қазақстандағы дәстүрлі діндер құндылықтары мен салт-дәстүріне негізделген түсіндіру шараларын, ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізуде. Тек заң талаптарымен шектеу қою арқылы түбегейлі шешеміз десек, жаңылған болар едік. Бұл  мәселеде отбасылық тәрбиенің мәні зор.  Егер ұлтымызға, дәстүрлі дінімізге жанымыз ашыса, бұл шараға әрбіріміз атсалысуымыз керек. Әр отбасы балаларын мәдениетімізді сақтап, тарихи қалыптасқан құндылықтарды дәріптеуге тәрбиелесе, Елбасымыздың қазақстан халқына Жолдаундағы айтқан әр адамның, әсіресе жастардың «іщкі филтірін» қалыптастыру арқылы, түсінбеушілік, адасу, електеу сияқты келеңсіз жағдайлардан туындайтын проблемеларды мейлінше жеңуге болады.

– Жорабек Әбдімәжитұлы, бүгінгі таңда шаңырақ көтерген отбасылардың дені некелерін мұсылманша мешітке барып қидырғанды жөн санайды. Алайда, ондағы дін қызметкерлері жас жұбайлардан алдымен АХАТ органдарында тіркелгені туралы куәлігін сұрайды. Бұл қадамға қандай мақсатпен бардыңыздар?

– Біздің еліміз – зайырлы, құқықтық мемлекет. Сол себепті, АХАТ органына тіркелудің мәртебесі жоғары, заңды күші бар. Жас отбасы АХАТ органына тіркелу арқылы Неке және отбасы туралы заңнамадағы отбасының дамуын Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағыты ретінде айқындай отырып, құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.  Ал, діни неке қию рәсімі әр адамның өз еркі, оны Астана қаласында тіркелген мешіттерде жүзеге асыруға болады.

Бүгінгі таңда, неке қиып, біраз уақыттан соң «талақ» айтылып, ажырасу етек алды. Мұндай жағдай, жетім балалар мен жалғыз басты аналар санының көбеюіне, әкелік міндетті мойындамауға әкеледі. Сондықтан, АХАТ-дағы некелесу жоғарыда көрсетілген келеңсіз жағдайларды болдырмауға, заңнама тұрғысынан әлеуметтік қорғалуға мүмкіндігінше кепілдік береді.

– Сөздің реті келгенде сұрай кетсек, дүкен сөрелерінде, базар нүктелерінде сыртына «халал» деген сөзді жапсырған тауарлар көп. Ал тұтынушылар тарапынан солардың кейбірінің күмән тудыратыны жиі айтылады. Шындығында, бізде «халал» сертификатын ұсынатын, тексеретін арнайы мекеме бар ма?

– Бүгінде жергілікті әкімдіктердің Дін істері жөніндегі басқармалары «халал» өнімдеріне қатысты қызмет түрлерін көрсетпейді. Десе де, айта кетейін, халал сертификатын алу үшін арнайы қойылатын шарттары бар. Бұл негізінен, діни ұстанымға байланысты екенін білеміз. Бүгінде, кей кәсіпкерлер тарапынан жарнамалық тұрғыданда қолданылып жүргені жасырын емес. «Халал» ұғымы өндірілетін өнімдердің технологиясына қойылатын талаптар болып табылады, ол негізінен тамақ өнімдеріне қатысты көбірек қолданылады.

2005 жылдың 11 сәуiрiнде «Халал» тамаққа қолдануға рұқсат етiлген өнiмдердiң өндiрiсiне және саудасына бақылауды жүзеге асыру, өндiрiстi және сауданы ұйымдастыру тәртiбi туралы ереже» әзiрленiп бекiтiлдi. Индустрия және сауда министрлiгiнiң Техникалық реттеу және метрология комитетiнiң №386 бұйрығымен Қазақстан Республикасында СТ 1353-2005 «Халал» пiсiрiлген шұжықтардың жалпы техникалық шарттарының мемлекеттiк стандарты анықталды. Сол жылдан бері Сауда және индустрия министрлігі жанынан құрылған Стандарттау комитеті ұлттық экономиканы, өндiрiстi дамыта отырып, адамдар мен қоғамның денсаулығына және қауiпсiздiгiне жағымды әсер ету, тұтынушыларды қорғау құралы ретiнде, iшкi және сыртқы саудаға, сондай-ақ шариғаттың негiзгi ережелерiне сәйкес «Халал» индустриясының дамуына көмектесуді және нығайтуды жүзеге асырады. Бұл комитет  қазірде Қазақстандағы әрбір халал өнім өндіретін кәсіпорындардың өнімдерін тексеріп, тексеру қанағаттанарлық жағдайдан өткен соң оларға Халал стандартының серификатын береді. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген – Асхат РАЙҚҰЛ

Оқылды 84 рет

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Конференция

Күнтізбе

« Қазан 2014 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Құран (аудио)

JoomShaper