Асан Омаров. Теология және қоғамдық сана

Жұма, 20 Қыркүйек 2013 13:08
Білім және ғылым министрлігінің стандарты бойынша «Дінтану» деген мамандық бар. Енді «Теология» деген мамандық та мемлекеттік стандартқа кіруге тиісті.

Білім және ғылым министрлігінің стандарты бойынша «Дінтану» деген мамандық бар. Енді «Теология» деген мамандық та мемлекеттік стандартқа кіруге тиісті.  Яғни ислам, христиан теологиясы деген арнайы бағыттар бойынша келешекте мамандар дайындауды қолға алу керек. Бұл, сөз жоқ, орны бөлек, маңызды дүние. Қазақстан халқы руханиятының қайта жаңғыруы жолындағы тың бұрылыс. 

Адамның еркі туралы

  Біз қазақстандық үлгідегі ислам теологиясы болашағына байланысты кейбір  мәселелерді тілге тиек етпекпіз.  Әріден қозғар болсақ, Алла тағаланы тану ілімі орта ғасырлардан беріде ислам философиясының сүбелі бөлігіне айналған-тұғын.  Фалсафа ғылымының осынау ең күрделі  бағыты «тағрифолла» және «мағрифатулла» деген арнау терминдермен аталды. Мәселен, соңғыны Абай: «Егерде ол сипаттарменен тағрифламасақ бізге мағрифатулла қиын болады» - дейді, өзінің «Ғақлиат-тасдиқат» (қазіргіше 38-ші қарасөз) трактатында [1, 471]. 

  Қасиетті Құран Кәрімде Алла тағаланың пендесіне ерік бергендігі айтылған. Әйтпегенде пенденің бақытты я бақытсыз болуы, яғни өз өмірін өзгерту мүмкіндігі өз қолында болмас еді. Онда Құдай жолы қайсы деп іздеу де мағынасыздық. Өйткені, тура жолдан ешкім де адаспас еді. «Мейлің ет, мейлің етпе». Міне шариғат бойынша Алла үкімінің бірі осы болады. 

  Кітап оқимыз ба, теледидар көреміз бе, әлде Құдайға дұға қыламыз ба біздің шешімізбен болады. Біз толғанамыз, ойланамыз, салыстырамыз, бағалаймыз, таңдау жасаймыз,  онан соң оларды істейміз бе немесе істемейміз бе шешім қабылдаймыз. Сөйтіп, іс-қылықтардың әлдебіреуін істеуге бізді ешкім де мәжбүрлемейді. Сондай-ақ, жаман бір іске баруын барып алып, біз артынша өкініш сезімін бастан кешеміз. Егер біз әлдекімге жамандық немесе зиянкестік жасасақ, ол адамнан кешірім сұраймыз. Бұл қылықтар біздің әрекетіміз белгілі бір шешім бойынша жасалатынын көрсетеді. Егер біз өз қылығымызды таңдай алмайтын болсақ және Жаратушы Құдірет қалай айтса, солай жасайтын болсақ, онда біздің өкінетін жөніміз қайсы және кешірім қылуды сұрар ма едік?

  Қоғамда мейірімді және бұзылған адамдардың, орынды төрден иеленушілер мен өз уақытын өзі зая кетіретін серменделердің, өзінің жақсы істеріне немесе табыстарына лайық құрмет-ғиззатқа бөленушілер мен өздерінің қылмыстары үшін жазаланушылардың болуы – осының бәрі-бәрі біздің әрқайсымыз да ерік бостандығының иесі екенімізді дәлелдейді. 

  Қысқасы, адамның ерік бостандығы, фалсафалық тереңнен келгенде, Тәңіріні танумен тығыз байланыстағы мәселе. Табиғат пен оқиғалар, сол сияқты Құдайдан түскен діндер, бейнелеп айтқанда, Құдайдың тамаша сарай қылып жасаған адамның хикмет кеудесіне сәулесін шашқан электр көзіне ұқсайды. Егер өзіне берілген ерік бостандығымен жарық беретін түймені баспаған жағдайда кім кімде қараңғылық құшағында қала бермек.

  Сөйтіп, Тәңіріні тану көкірегімізге Хақтықтың сәулесі түсуі үшін қажет.

  Бұл туралы: «Адамға ерік не үшін қажет дегенге келсек, - дейді академик Ғарифолла Есім, - ол Алланы тану үшін қажет деп қысқа қайырамыз. Басқа сөздердің құны шамалы. Себебі, Алланы тану адамшылдыққа бастайтын жол. Иасауи адам еркі туралы осындай пікірде болған» [2, 19].

Ислам теологиясы деген не?

 

  Көне эллиндік философияны арабша сөйлеткен Әбунасыр әл-Фараби бабамыз «Ғылымдардың шығуы туралы» атты трактатында Алла болмысын тану «ең жоғарғы ғылым» деп пайымдаған. Оның нені зерттейтіні жайын былайша таратады: «Ақылмен тануға дағдыланбаған, ғылымдарды меңгермеген, не табиғат ғылымын, не логика қисындарын білмейтін адамдардың айтқандарындай Оның (Алланың) алдында ештеме болған жоқ па, кейін келетін де ештеме жоқ, не басталуы, не аяқталуы жоқ мәңгілік нәрсе ме дегенді қарастырамыз. Осыны зерттеу жөнімен Хақ тағаланы танимыз және оны субстанциялар (рух, идея, Құдай) мен акциденцияларды (өзгермелі, ауыспалы нәрселерді) жаратушы деп мойындаймыз” дей келе, ой тасқынын былайша түйеді: «Бұл ғылым ең жоғарғы табиғат ғылымы – метафизика немесе құдіретті ғылым деп аталады. Ғылым осымен тәмам. Одан әріде зерттелетін ештеме жоқ» [3, 58].

  Мұсылмандық Тәңіріні тану ілімінің бастауында тұрған ғұлама - арабтың алғашқы философы әл-Кинди (9 ғасыр) еді.  Ол құдіретті ілім туралы былай деп жеткізеді: «Бұл ілім ізденісті де, еңбекті де, зерттеуді де, зеректікті де, уақытты да қажет етпейді, оған (елшіге) Алланың бұйрығымен, соның жәрдемі, оқытуы және жүректерін ақиқат нұрымен тазартуы арқасында жетеді. Бұл қарапайым адамдарға емес, тек елшілерге тән. ...Ал жай адамдар мұндай білім ала алмақ емес, бұл білім олардың табиғи қабілетінен тыс».

  Әл-Киндидің неліктен бұлай дегенін ислам теориясында, оның ішінде теология ғылымында тың бұрылысты жасаған сопы ғұламасы Әбу Хамит әл-Ғазали (1058-1111) еңбегінен табамыз. Ол «Дін ілімін тірілту» атты әйгілі трактатында мұсылман қауымның имандылық деңгейін мынадай төрт сатыға бөледі: «Первая стадия веры в Единого – когда человек говорит языком своим: «Нет божества, кроме Аллаха», но сердце не замечает Его или отрицает Его. Это вера лицемеров. Вторая стадия – когда сердце искренне верит в смысл сказанного, как верят все мусульмане. Это стадия простых верующих. Третья стадия – когда человек видит это через открытие посредством Света Божьего. Это стадия приблизившихся. Четвертая стадия – не видеть в сущем ничего, кроме Единого. Это ясновидение правдивейших» [4, 231]. 

  «Адам өз бойындағы зәрре сипаттарын аша білуі үшін алдымен көңіл көзін (басират) ашуы тиіс» деген Әл-Фараби мен әл-Ғазалидің көзқарастары Ахмет Иасауи ілімімен сабақтасады.

  «Танымдық тұрғыдан Фараби мен Иасауи ілімінде айырмашылықтарға қарағанда ұқсастықтар басым, - деп жазады иасауитанушы ғалым Досай Кенжетай. – Тек Иасауи ілімінде адамның ақыл арқылы «ғайып әлеміне» өтуі мүмкін емес. Ақыл Тәңірді тануда шарасыз. ...Иасауи ілімі қалб (жүрек), зауқ   (эмпириялық), илхам  (интуиция) жолы арқылы мағрифат (құдайылық таным) және батинге (ішкі ақиқатқа) ден қояды».

Өкінішке қарай, әл-Кинди, әл-Ғазали, әл-Фараби және Ахмет Иасауи сынды мұсылмандық оқымысты ғұламалар  негізін қалаған теология ілімі орта ғасырлардан беріде ұзақ тоқырауға ұшырады. Сондықтан да жаңа заманда аталмыш ілімді бүкіл ислам әлемі деңгейінде қайта жаңғыртқан, бұл өрісте жаһандық маңызы бар жаңалықтарды ашқан төл даналарымыз Абай, Шәкәрімдер. Олар, күдіксіз, ұлы теолог хакімдер.

Халқымыз дана да тақуа жандарды ежелден «әулие» деп әспеттеген еді. Алайда шынайы әулиелік әрқашанда сирек құбылыс. Оның себебін Абай былайша білгізеді: «Бұған ғылымның да зоры, сиддық, қайраттың да зоры, махаббаттың да бек зоры табылмақ керек. Бұлардың жиылмағы қиынның қиыны, бәлки фитнә болар».

Ұстазымыз Абай бұл сөзімен Тәңіріні тану мүмкін емес деген ой туғызудан аулақ (әйтпегенде жоғарыда аталған өзінің даналық трактатында мағрифатулла іліміне ең көлемді орынды берер ме еді). Бұл, сірә да, ХІХ ғасырдың соңындағы заман ахуалы мен мүмкіндігіне қатысты айтылған пікір.

Ұлттық теологияның негізі және қолдану аясы

  Қазіргі жаһандану және ақпарат дәуірінде жағдай басқаша. Теология іліміне адамзат аса зәру, оны дамыту, қалың жұртшылыққа жеткізу ерекше мәнге ие болуда. Неге десеңіз, рухани ақаулық материалдық әлемнің ақаулықтарын тудырып отыр.  Осыдан екі ғасыр бұрынғы ғылыми атеизм және бір ғасыр бұрын орын алған дінді тәркі еткен «ақаулықтар» үшін адамзат төлеуге тиісті «шоттарды» Жаратушы Құдірет дәл қазір қойып отырған сыңайлы. Бұл бүкіл жаһан капиталды, пайданы қуу жолынан, ізгілікке, махаббат пен әділдікке қайта бет бұруы қажет деген сөз. Адамзат түбегейлі жаңаруы үшін алдымен бүкіл ойлау жүйесін жаңарту керек. Рухани дағдарыс  туннелінен шығарар өзгедей амал жоқ деген ойдамыз. Осыған жалған діни ағымдар көбейіп отырған ахуалды қосыңыз. 

Хакім Абай жас баланың «толық адам» болу үшін «толық білім» алуы шарт  дейді.  «Толық білім» деп ғұлама: «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық» дейді. Бұл арада «Алла тағаланы танымақтық», сөз жоқ, теология ілімі. «Өзін танымақтық» бізше «психология» ілімі. «Дүниені танымақтық» - бүгінгі «философия».

Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Тіршілік, Жан туралы» деген өлеңінде:

  Бар ма мақсатсыз тәртібі жоқ нәрсе әлемде?

  Ол «Меңіреу күш емес байқасаң,

  Пән айтты ғой деп сенбе!

  ... «Жан жоқ» - дейді психолог,

  Сау адам мұны ұғар ма?!  –

деп Европа философиясын сынға алады.  Бүгінгі таңда мұны әлемдік философия және педагогика мойындап отыр.

 Тоқ етері сол, қазақ теологиясының және исламтану ілімінің теориялық негіздері Абай мен Шәкәрімде жатыр. Мұны мысалмен бекітелік. Жаратушының трансценденттік мәнін тағрифлап білуді мұтакаллимдер (мұтазилиттер) Алланың Құрандағы сипаттары арқылы атқарған болатын. Оны ашариттер жалғастырды. Олардың айтуында, «Сипаттар Алла емес және Оның тысында да емес». Ғылым, Құдірет, Тәкин, Хаят, Ирада, Каллам, Басар және Самиғ. Матуридтерде сегіз, Ашариттерде жеті сипат болды. Ашариттер «Тәкин» мен «Құдіретті» біріктірген еді. Бұл сегіз субутия – тұрақты сипат орта ғасырлардан беріде өзгертілген емес.

Хакім Абай өзінің басты еңбегі «Ғақлиат-тасдиқат» атты трактатында Алла тағаланың сегіз субутия сипаттарын алғаш жүйеге салуды қолға алады. Қиын сырлы зерттеуі нәтижесінде бұл сегіздің ішінде негізгілері– Ғылым, Рахым, Ғаделет, Құдырет деп  төртеуін іріктейді. Алла тағала пендесінде де Құдіреттен өзге үшеуінің әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты. Сөйтіп, негізгі үш сипат – Ғылым, Рахым, Ғаделет. Осы үшеуін игерсең кәміл мұсылмансың. Бұл үшеуі Жеке тұлғаның ұстанымы ғана емес, Ұлттық идеяға негіз қылып, мемлекетімізді мұратқа жеткізер қағида екені хақ. Яғни, әлем ойының алыбы Абай ашқан жаңалықтың қолдану аясы мейлінше кең.

Мысалға Қазақстан Еуропаның ынтымақтастық ұйымына  төрағалық еткен кездерінде бұл идеяны соны жаңалық «ноу-хау» сапасында ұсына алады.

Соңғы айтар бір жәйт, Арабия, Түркия секілді елдерден оқып келген талантты жастар ұлттық теологияның негізіне назар аудармайды. Осыдан кейін қазақ ортасындағы сан ғасырлық исламтану ілімі әлсіреп барады. Жаңа оқып келген жастар мен байырғы дәстүрлі исламтануды үйлестіретіндей ұғым жоқ. Ол КСРО кезінде жойылып кеткен.

Сол себепті қазіргі теология ілімін елімізде өркендету үшін рухани білімі  терең кадрлер керек.

 Асан Омаров – филос.ғ.к.,  

«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» мекемесінің жетекші маманы


Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Абай Құнанбайұлы. Отыз сегізінші қарасөз // Шығар.бір томдық толық жинағы. – Алматы, 1961. – 471 бет.

2.  Ғарифолла Есім. Иасауи дүниетанымы // Абай. -2001. -№3.

3.  Әбунасыр әл-Фараби. Ғылымдардың шығуы туралы// Фалсафа тарихы. – Алматы, 2000. - 58 б.

   4. Әбу-Хамит әл-Ғазали. Ихйа илм ад-дин. Арабшадан аударған және түсініктемесін жазған В.Наумкин. – Москва, 1980. -231 б.

Оқылды 96 рет

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Конференция

Күнтізбе

« Қыркүйек 2014 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Құран (аудио)

JoomShaper