Шайтанды састырудың амалы

Дүйсенбі, 11.04.2022

Бір адам әлдебір жерге біраз қазына тығып қояды. Бірақ уақыт өте келе көмген жерін ұмытып қалып, Имам Ағзамға келіп ақыл сұрайды.

Имам Ағзам мұның фиқһ іліміне қатысы жоқ екенін, бірақ қолынан келгенінше көмектесетінін айтады. Сосын «үйіңе барып таңға дейін намаз оқы, қайда тыққаныңды есіңе түсіруге тырыс» дейді. Ертеңінде әлгі кісі қуанышы қойнына сыймай имамға келеді. Қазынасын қайда жасырғаны кеше намаз оқи бергенде есіне түскенін айтады. Сонда имам:

– Әрине, есіңе түседі. Шайтан сені түні бойы намаз оқытып қойсын ба? Саған намаз оқытпау үшін дереу есіңе салған ғой. Әттең, есіңе түскеннен кейін де түннің қалған бөлігін Аллаһқа шүкір етумен өткізгенің жөн болар еді. Шайтанды састырар едің, – дейді. 

Оқылды 4229 рет
JoomShaper
Top