Өмірбаяны
1975 жылы 22 наурызда Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Ералиев ауылында дүниеге келген. 1992 жылы Жайрем кентіндегі №10 орта мектепті бітірген.
1994 жылы 13 желтоқсанда ҚР Білім және ғылым министрлігінің жолдамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында (ҚМДБ) өткен байқау арқылы Египет Араб Республикасы, Каир қаласындағы әл-Азхар университетіне оқуға түсіп, 2000 жылы аталмыш университет жанындағы Ислам ғылыми зерттеулер институтын тәмәмдап, 2004 жылы әл-Әзхар университеті «уағыз-насихат» мамандығы бойынша бакалавр академиялық дәрежесіне қол жеткізген. 2006 жылы Египет Араб Республикасы Жоғарғы білім министірлігі Ислам ғылыми зерттеулер жоғарғы институтында исламтану мамандығы бойынша магистр дәрежесіне ие болған. 2010 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарихында бірінші болып философия, мәдени антропология мамандықтары бойынша PhD доктор дәрежесін қорғады.
Қазақ, орыс, араб және түрік тілдерін біледі.
2007-2009 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында маман, бөлім бастығы, 2009-2011 Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-де аға оқытушы болып жұмыс iстедi. 2011-2013 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі (ДІА) Дін мәселелері бойынша ғылыми зерттеу және сараптама орталығына исламды зерттеу бөлімінің бастығы, ҚР ДІА Діни оқу орындармен байланыстар және дінтану сараптамасы басқармасының Бас сарапшысы болып қызмет атқарған.
2013 жылдың 27 ақпанынан бастап ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаруда. ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің хатшысы және Қазақстан Республикасының Халықаралық Ислам фиқһы (заңы) академиясындағы [International Islamic Fiqh Academy] тұрақты мүшесі.
Мұсылман әлеміне танымал ұстаздары:
- Махмуд Хамди Зақзуқ – ЕАР Уақф министірі
- Мұхаммад Саид әт-Тантауи – ЕАР Әл-Азхар университетінің шейхы
- Ахмад Омар Хашим – ЕАР Әл-Азхар университетінің ректоры
- Абдурахман әл-Адауи – ЕАР Әл-Азхар университетінің профессоры, Парламент мәжілісінің депутаты
Арнау сөзі
Ассаламу алейкум құрметті оқырмандар!
Мен – Оңғаров Ершат Ағыбайұлы, исламтанушы, теолог, Ph.D-мын, орыс, қазақ тілдеріндегі жарық көрген «Мұхтасар тәжуид» еңбегінің авторымын, дін, мәдениет, руханилық мәселелері бойынша бірқатар ғылыми-танымдық мақалалар жаздым. Қазіргі таңда «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» атты монографиялық еңбегім баспаға әзірленуде. Сарапшы ретінде келесі тақырыптар бойынша қойылған сұрақтарға жауап беруге дайынмын: Құран тәпсірі, ислам мәдениеті, ислам құндылықтары, ақида мәселелері.