Ислам ғылымында иіліп сәлем беруді «Аллаға серік қосу», «ширк» деген ешқандай хадис-шәріптер кездеспейді. Дін ғұламалары да иіліп құрмет көрсетуді шариғатқа жат деп баға бермеген.
«Сәлем салу» – қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі. Көреген келіндер қайын жұртына иіліп сәлем беру арқылы ізгілік танытқан. Иіліп сәлем беру – әдептіліктің белгісі. Ешқай келін табынып, тәңір тұтып иілмейді. Сондықтан да ата-баба салтын «серік қосу» деп санау ақылға сыймайды. Дініне берік болған, дәстүрі шариғатпен біте қайнасқан қазақ елі мұндай келеңсіздікке жол бермесі анық.
Сәлем берген кезде иілуге байланысты әт-Тирмизидің хадис жинағында Әнас ибн Мәликтен риуаят етілген бір ғана әлсіз хадис келген.
«Бір кісі Пайғамбарымызға ﷺ: Бізден бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған (сәлем берген кезде) иіле ме? – деді. Пайғамбарымыз ﷺ: «Жоқ», – деді. Ал оны құшақтап, (бетінен) сүйеді ме? – деп тағы да сұрақ қойды. Пайғамбарымыз ﷺ: «Жоқ», – деді. Ал қолын алып амандаса ма?-деді. Пайғамбарымызﷺ: «Иә», – деп жауап берді. Хадистегі «Иіле ме?» деген сұраққа пайғамбарымыздың «жоқ» деген жауабын негізге алып, «иіліп сәлем беруді» ширкке яки харамға шығарар болсақ, онда құшақтап амандасу мен беттен сүюді де ширкке яки харамға шығаруға тура келеді. Себебі, Пайғамбарымыз ﷺ«Оны құшақтап (бетінен) сүйеді ме?» деген сауалға да «жоқ» деп жауап берген. Алайда құшақтап амандасуды ешбір ғалым ширк яки харам демеген. Керісінше пайғамбарымыз бен ардақты сахабалардың сапардан келген кісіні тұрып қарсы алып, құшақтап амандасқандықтары жайлы: «Пайғамбарымыздың сахабалары бір-бірімен кездескенде қол алысып амандасатын. Ал сапардан оралған кезде бір-бірімен құшақтасып амандасатын»2,– делінген сахих риуаяттар бар. Олай болса, пайғамбарымыздың “жоқ” деген жауабын негізге алып, иіліп сәлем берудің Жаратқанға серік қосуға яки харамға шығарылмайтындығы анық. Яғни, екі сұрақтың да жауабы бірдей болғандықтан үкімдері де бірдей яки ұқсас болуға тиіс».
Келіннің сәлем салуы ислам міндеттеріне жатпайды, халқымыздың салт-жоралғыларының бірі. Аталмыш салттың астарында құрмет, сыйластық жатыр. «Келiнi жақсының – керегесi алтын», – дейді қазақ. Бастысы, үлкенді сыйламайтын кекірейген келіннен сақтасын...