Алла Тағала үшін біздің сырт келбетіміз емес, шынайы ниетпен жасалған ғибадатымыз бен жүрегіміздің тазалығы маңызды.
Әбу Хурайрадан жеткен пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Тағала сендердің бет-әлпеттерің мен дүниелеріңе емес, жүректерің мен амалдарыңа қарайды» (Мүслим, Бирр 34), – деген хадисі сөзімізге дәлел.
Кейбір мұсылман бауырларымыздың балағыңды қысқартпасаң тозаққа түсесің деп үрейді ұшыруы мына хадисті тура мағынасында қабылдағандықтан шығар. «Изардың тобықтан төмен түскен жері - тозақта» (Бұһари «Сахих»).
«Изар» деп арабтардың ұлттық киімін, яғниденесінің белден төменгі бөлігін орап тұратын матаны айтады. Хадиске амал етіп жүрміз деп, балақтарын тобықтан шолтитып тастап, өзгелерді де осыған үгіттейтіндер Алла елшісінің сөзін тіке мағынасында қабылдап, қатеге бой алдырып жүр. Осы тақырыпқа қатысты басқа да хадистерді саралап көрелік.
Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Кімде-кім киімін тәкаппарлықпен сүйретіп жүретін болса, қиямет күнінде Алла оған қарамайды» (Бұһари 4/24), – дейді. Мұны естіген Әбу Бәкір: «Уа, Алланың Елшісі: «Менің изарымның бір жағы егер қадағалап жүрмесем түсіп кетеді», – деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Уа, Әбу Бәкір! Сен оны тәкәппарланып жасамайсың ғой» (Бухари 4/23), – деді.
Расымен де балағы ұзындар тозаққа баратын болса, Алла елшісінің адал досы Әбу Бәкір де, ардақты пайғамбарымыз да солай істеген болар еді. «Қабиса әл-Һиләли: «Күн тұтылған еді. Пайғамбар (с.ғ.с) алаңдаған күйінде, тіпті көйлегінің етегі сүйретілген күйде үйінен шықты» («Муснад Сахаба фи әл Кутуб әт Тисға» 49/259), – делінген хадиске қарап Алла елшісінің де олай жасамағанын аңғаруға болады.
Ислам дінінде тәкаппарлыққа мүлдем жол жоқ екені белгілі. Тіпті «Жүрегінде зәредей (атомның көлеміндей) тәкаппарлығы бар жан жұмаққа кірмейді» (Мүслим). Бұл жерде де басты қағида – қандай киім кисең де менменсіп, тәкаппарланбау. Себебі тозаңдай тәкаппарлық жаһаннамға жол салады.
Имам Ахмад ибн Ханбал: «Тәкәппарлық ниеті болмаса, киімді ұзын кию – харам емес», – дегені де балақтың қысқа ұзындығы емес, адамның пиғылының маңызды екенін көрсетеді.