Ислам дінінде қабір басына гүл шоқтарын қою құпталмайды. Одан да гүлге жұмсалатын қаражатты кедей-кепшіктерге берген әлде қайда сауаптырақ. Алайда кейбір мұсылман зираттарында егілген тал мен отырғызылған гүлдерді жиі байқаймыз. Құран Кәрімде: «Жеті қабат ғарыштағылар мен жер және ондағы тіршілік иелерінің барлығы Оны (Алланы) ұлықтайды, таспих (мақтау, дәріптеу) айтады. Аллаға мақтау айтпайтын ешқандай да тіршілік иесі жоқ. Бірақ сендер олардың тілін түсінбейсіңдер», – дейді (Исра сүресі, 44-аят). Яғни мұндағы мақсат өсімдіктердің айтқан таспих, мадақ-мақтаулары мәйітке жәрдем болады деген түсінік бар.
Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларымен қабірдің жанынан өтіп бара жатып, екі қабірді нұсқап: «Бұл екеуі азапталуда. Бірақ, үлкен күнә істегендері үшін азапталып жатқан жоқ. Олардың бірі зәрінен тазармайтын еді (яғни, зәр шығарғаннан соң өзінің киіміне, денесіне тигізбеуге көңіл бөлмейтін). Ал, екіншісі сөз таситын еді», – дейді. Сөйтеді, екі жас шыбық алғызып, қабірдің басына егеді де: «Бұл екі шыбық шіріп кеткенше қабірдегілердің азабы жеңілдетілетінінен үміт етемін», – дейді (Бұһари, Мүслим). Осы хадисті негізге алып, тал егіп, гүл отырғызудың айыбы жоқ. Алайда өзге діндегілер секілді гүл шоқтарын, венок қою дұрыс емес.