«Тәкфиршілер» - қауіпті ағым

Жұма, 31.10.2021

«Тәкфиршілер» - қауіпті ағым 

Соңғы уақытта қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында лаңкестік әрекеттер мен жиһад мәселесі басты тақырыптардың біріне айналды. Солардың бірі, әлем елдерін алаңдатып отырған «Тәкфиршілер» жамағаты. Олар «Таза Ислам», «Таза таухид» деген ұранмен діни ұстанымы толық қалыптаспаған, білімі толыспаған жастарды топтастырып, жақтастарына айналдыруда. 

Бүгінде жиһадтың не нәрсе екенін айқындап беретін қасиетті Құран мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерін кейбіреулер қате түсініп, бұрыс насихаттап жүр. Осындай қасаң қағидаттар шеңгеліне шандылып қалған теріс ағым іргетасының бірі «тәкфир» ұғымына негізделген. Яғни, «үлкен күнә жасаған» адамды кәпірге шығару. Құранмен үкім етпейтін басшыларға кәпір үкімін беру. Ата заңы Құран болмаған мемлекет пен оның азаматтарын кәпір санау. Ал, дін ғұламалары мемлекет басшыларына «кәпір» деп үкім шығармағандықтан, олар да алдыңғылардың қатарына қосылады. Олар өз жамағатын мойындамаған және олардың басшыларына бойұсынбаған мұсылман баласын кәпір деп үкім етеді. Ал, теріс ұйымнан бас тартқандарды «муртәд», яғни дінін тәрік етуші адам деп, өлтіруге рұқсат береді. Осы ағымның ұстанымын естіп, қабыл алмаған азамат та кәпір болып есептеледі. Олар осы ұстанымымен Пайғамбарымыздың ізгі сахабаларының талай өсиеттері мен сөздерін де жоққа шығарған болады.

Ойланып қарасақ, сонда бізге Исламды жеткізген сахабаларды, мұсылман үмбетінің ұстаздарын үлгі тұтпай дінді қалайша үйренуге және мұсылмандықты ұстануға болады? Сахабалардың, табиғиндер мен ізгі ғұламалардың еңбегінсіз біздер қарапайым мұсылмандар өз дінімізді дұрыс түсіне алмайтын едік.

Үлкен күнә жасаған адамды кәпір деп қаралау Ислам дініне қайшы. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Қиямет күні үлкен күнә істеген үмбетіме мен шапағат етемін»,- дейді.(Ибн Мәжә, хд.;  4310-4311; Ибн Хиббән, 6433) Иә, адам баласы пенде болғандықтан қателеседі, бірақ, Алла Тағала тәубе есігін қиямет күніне дейін ашық қалдырады. Қателігін кешіруді сұрап жалбарынған мұсылманға Алла Тағала кешіріммен қарайды. Әрине, «Алла кешіреді» деп арақ ішу, өтірік айту, өсімқорлықпен шұғылдану немесе пара беру сияқты үлкен күнәні істеп жүре беруге тағы болмайды. Бірақ, шариғатымызда қателескен адамға «кәпір болдың» деп кесіп айтуға тыйым салынады.

Ал, мемлекеттік жүйеге қарсы шығу әһли сүннаның сеніміне жат әрекет. Шын мәнінде Құран және сүннетке құлақ асамын деуші әрбір мұсылман өз елінің Ата заңына және мемлекет басшысына бойұсынуы уәжіп. Міне, сондықтан да бұл топ елдің арасына бүлік салып, тыныштығын бұзатын, пиғылы жат ағым.

Бұл жамағаттың негізгі ұстанымдарының бірі – «һижрат жасау». Һижрат дегеніміз – дінсіз қоғамнан оқшаулану. Олардың көзқарасында қазіргі қоғам дінсіз болып саналады. Һижратты олар мекен ауыстыру немесе ой-пікір тұрғысынан оқшаулану деп түсіндіреді.

Ағымның келесі ұстанымы, мұсылмандарды мешітте оқылатын жұма және жамағат намаздарына қатыспауға шақырады. Себебі, олардың түсінігі бойынша «дирар» – елді бұзатын нәрсе ол мешіттер екен. Ал имамдарды кәпір деп есептейді. Олардың түсінігінше тек қана төрт мешіт: Меккедегі «әл-Харам», Мәдинадағы «Пайғамбар мешіті», «Құба» және «әл-Ақса» мешіттерінен басқа мешіттерде намаз оқуға болмайды. Тек өз қатарларынан бір адам имамдық жасаса ғана ұйып намаз оқуға болады.

Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) үмбетіне: «Сендерге жамағатпен бірге болу міндет, бөлінуден сақ болыңдар. Расында шайтан жалғызбен бірге, ол екеуден алысырақ. Кімде-кім жәннаттың кеңшілігін қаласа, жамағатпен бірге болсын», - деп айтқан.(Ахмет б. Ханбәл, муснәд, 5-том) Сондай-ақ: Әбу Хурайрадан жеткен хадисінде Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім итағаттан безіп, жамағаттан бөлінсе әрі сол күйінде өлсе жәһилдік өліммен өлген болады»,- дейді. (Бухари, ахкам, 4; Муслим, имарат, 53)

Асыл дініміздің ең құнды құлшылығы – намаз. Жамағатпен құлшылық ету қоғам мүшелерін бір-біріне жақындата түседі. Ал, мешіттеріміз – рухани орталығымыз. Онда Жаратқанға мінәжат ету үшін, Ислам құндылықтарын үйрену үшін барамыз. Сонымен бірге, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Жақсы-жаман әр имамның артында тұрып намаз оқыңдар»,- деген бұйрығына бойұсынып, қандай мешітте болсын, қандай имам болсын оған ұйып намаз оқуымыз керек.(Ажлуни, кәшфул-хафә, ІІ, 32; Ибн Мәжә, Дарақутни, Табарани, Әбу Нуайм, Әбу Дәуіт, Байхақи)

Өкінішке қарай, кейбір мұсылман бауырларымыз Пайғамбардың кей даналы өсиеттерін білмей, білсе де құлаққа ілмей келеді. Мұндай теріс пиғылды топтар Исламның шынайы мәніне бойлай алмай, ғапыл қалып, діннің тереңіне бара алмағандар. Олардың теріс әрекеттерінің барлығы дінді дұрыс түсінбеуінің нәтижесі. Бұл туралы Абай:

«Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар, Хақиқат та, діндағы тереңінде»,-дейді.

Бүгінгі қоғам Ислам дінін бүлікшіл топтарға қарап емес, сан ғасыр бұрын ата-бабаларымыз қалдырған мұраға қарап баға беруі керек, сол жауһарлардан үлгі-өнеге алып, үйреніп, насихаттауымыз керек.

Тәкфир жамағаты тек қана өздерінің түсінігіндегі Исламды дұрыс деп, біз ғана ақиқаттың шырағын жағушылармыз деп санайды. Жастарды қаталдыққа, бұзақылыққа тәрбиелеуші адасқан ағымдар - рухани құлдырауға апарады, мемлекетке қарсы шығып, саяси-экономикалық тұрғыдан дамуына кедергі жасап, халықты діннен алшақтатады. Ал, Ислам діні өркениетке, ғылым мен білімге, мейірім мен бірлікке шақыратын кемел дін. Енді салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Ислам дінін әкелген соң барлық салада өсу, өркендеу, гүлденіп даму процесі болды, ал, теріс ағымдардың насихаттап жүрген бағыты тығырыққа, күйзеліске алып келуде. Сондықтан, тәкфиршілдік ағымы күңгірт, түсініксіз дүниетанымның нәтижесі. Олар жиһад ұғымын қарулы күрес ретінде, біржақты ғана түсіндіреді. Сондай-ақ, олар бұл күресті барлық мұсылмандардың өмір сүруінің жалғыз жолы ретінде көрсетеді. Ал, қазіргі қоғамға керекті жиһад - өзіңнің нәпсіңмен күресіп, тәрбиелеу екенін түсінгісі келмейді. Өзгелерді өзгерту үшін ең алдымен өзіңді өзгерткен ләзім. Өз жан-дүниеміз бен мінез құлқымыздағы кемшіліктерді түзетпей тұрып, әлемді тура жолға салу мүмкін емес.

Адам баласы ең әуелі Жаратушы Иеміздің мейірімі мен рахымынан үміт етеді. Ал, осы жақсылықтарды өзгелерге көрсетпей тұрып Алла Тағаладан мейірімін үміт етуіміз қаншалықты орынды. Ізгілік пен игілік – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолы. Рахым Пайғамбары (с.ғ.с.): «Жанымды құдіретімен билеп тұрған Аллаға ант етемін, сендер бір-біріңе мейірімді болмайынша, жәннатқа кіре алмайсыңдар!» - дейді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Бәріміз мейірімдіміз», - десті. Алла елшісі: «Мейірімділік – сендер түсінгендей өзара мейірімді болуларың ғана емес, бүкіл жаратылысты құшағына алатын мейірбандық, иә, бүкіл жаратылысты құшағына алатын мейірбандық!» - деп өзгелерге зиян тигізбеуге, қиянат жасамауға шақырып және әрбір мұсылман осыған амал етуін қалаған еді..

 

Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ
Алматы қаласының бас имамы

 

Оқылды 5607 рет
JoomShaper
Top