ДІНАРАЛЫҚ БЕЙБІТШІЛІК – біз сақтап қалуға және дамытуға тиіс ұлы құндылық

Жұма, 15.11.2021
ДІНАРАЛЫҚ БЕЙБІТШІЛІК – біз сақтап қалуға және дамытуға тиіс ұлы құндылық

 

 

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Дін – халық даналығының мәдениеті мен салтдәстүрлерінің шырақшысы», – деп ізгіліктің өміршеңдігін айтқан болатын.

ДІНАРАЛЫҚ БЕЙБІТШІЛІК – біз сақтап қалуға және дамытуға тиіс ұлы құндылық

Серік НҰРМҰРАТОВ,

ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институты директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігінің қызметін жетілдіру мәселесіне арналған кеңесте идеологиялық, аумақтық ұйымдастыру және экономикалық бағыттар бойынша барлық жұмысты жолға қоюдың маңыздылығын атап өткен болатын. Берілген тапсырмалар бойынша қажетті ісшаралар жүргізіліп, олардың ақпарат құралдарында көрініс табуы қажеттігін айрықша тапсырған еді. Осыған байланысты атқарушы билік ведомстволары өз жұмыстарына тиісті өзгертулер енгізіп, даму бағытындағы түрлі шаралар өткізуді қолға алуда. Біз осы сауалдарымызға жауап алу мақсатында ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институты директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор Нұрмұратов Серік Есентайұлына жолығып, әңгімелескен едік.

Қазақстан зайырлы мемлекеттер қатарына қосылады

– Серік Есентайұлы, жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз тапсырмаларында еліміздегі патриоттық тәрбиемен бірге діни ахуал саласындағы жұмыстардың пәрменділігін арттыру жөнінде айтқан болатын. Осы орайда қоғамдағы діннің рөлі туралы ойларыңызды білдірсеңіз?

– Қазіргі заманда дінді «мемлекеттік» деген мәртебеге көтерген елдер көп болмаса да, олардың жалпы қатары бар екенін, тіпті кейбіреулерінің біршама ықпалды елдер екенін айта кету керек. Мәселен, әлемдегі Иран Ислам Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Сауд Арабиясы Корольдігі, Ватикан сияқты елдерде діндер өздерінің қызметін мемлекеттік ресмиленген құқықтық деңгейде атқаруда. Дегенмен, әлемдегі өркениетті елдердің көбісі өздерін «зайырлы мемлекеттерміз» деп жариялаған және олар өздерінің заң жүйесінде азаматтық құқықтарды негізгі басымдылық ретінде бекіткен. Осындай мемлекеттердің ішінде егеменді Қазақстан Республикасы да бар және ол өзін қазіргі замандағы, өркениетті, демократия жолын ұстанған зайырлы мемлекеттер қатарына қосады, сонымен қатар ол барлық діндерді және діншілдердің құқықтарын, көзқарастарын сыйлайтынын жария еткені де баршаға мәлім.

Кезінде елімізде кеңестік социалистік идеология атеистік сипаттағы дүниетанымды бекітіп, оны мемлекеттік идеологияда басымдықта ұстап, дінді кертартпа, сарқыншақ дүниетаным ретінде таныды. «Дін халық үшін апиын» деген ұстаным басқарушы биліктің, коммунистік идеологияның негізгі қағидасы болатын. Міне, енді заман өзгерді және дінге, діни сенімге деген көзқарас түзелді. Қазақстан өзінің тәуелсіздігін айқындаған жылдары ұждан бостандығы туралы ҚР заңын қабылдап та үлгерген болатын. Ол заңға халықаралық ұйымдар тарапынан оң баға да берілген еді. Дегенмен, уақыт өз дегенін істейді, өмір дін саласы бойынша жаңа заңның, жаңа тәртіптің қажеттілігін алға тартты.

Дін мәселесі заманауи мірмен тығыз байланысты болуы керек

– Адамзатты ежелгі заманнан өзінің ертеңіне ұластырып, небір қиыншылықтардан аман алып келе жатқан ізгілік құндылықтары екені сөзсіз. Ал ізгілік құндылықтарының нәзік жібі үзілген жерде тоқырау басталатындығы анық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Дін – халық даналығының мәдениеті мен салтдәстүрлерінің шырақшысы», – деп ізгіліктің өміршеңдігін айтқан болатын. Еліміздегі діни тәрбие қай деңгейде деп ойлайсыз? –

 2011 жылы елімізде алғашқы «Діни бірлестіктер мен діни қызмет» туралы Заңға түзетпелер енгізіліп, қайта қабылданды. Міне, осы құжаттарда біздің мемлекетіміз дінге деген қатынасын ашық және нақты түрде білдірді, Қазақстан Республикасы «зайырлы мемлекет екені және оның территориясында сүнниттік бағыттағы ислам мен христиан дінінің православие конфессиясы» дәстүрлі діни қауымдастықтар екені соңғы Заңның алғысөзінде айтылып кетті. Әрине, бұл жерде діни конфессиялар арасындағы иерархиялық тәртіп орнатылмайды және іріктеулер де жасалынбайды, сонымен қатар, демократиялық ұстаным да бұзылмайды десе де болады, тек діни ұйымдардың заңды орындарда тіркелуі бұрынғымен салыстырылғанда біршама күрделендірілді, енді елімізге жаппай келуін үдетіп кеткен әртүрлі діни миссионерлердің мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілігін күшейте түсетін маңызды құжат пайда болды.

Ақиқатты іздеумен, оны пайымдаумен философия да, әртүрлі ғылымдар да, әр қилы діндер де айналысады. Әрине, дәйектемесіз және практикадағы дәлелдерсіз дүниеде шындықты табу мүмкін емес және гуманитарлық тұрғыдағы зерделеулерсіз ғылыми процесс те жанданбайды. Сондықтан негізгі мәселе, осы зерделеудің сыңаржақты емес, барынша шынайы, объективті сипатта өрнектелуінде. Сондықтан қоғамымыздағы дін мәселесіне, оның тарихына, қазіргі кезеңдегі жағдайына және болашағына ғылыми талдаулар жасаудың зәрулігі өзінің өзектілігін таныта бастады.

Осы дәйектемелерге сәйкес өзінің 55 жылдық тарихы бар Философия және саясаттану институты ауқымында 2011 жылдың 26 ақпанында дін және мәдениет философиясы негізінде «Дінтану» бөлімі ашылды.

Қазіргі кезеңде бөлімде бес ғылым докторы, профессорлар, дінтану, мәдениеттану салалары бойынша 4 Phg докторанттары қызмет атқаруда. Олар жақында, яғни, бір-екі жылдың шамасында докторлық диссертацияларын қорғауға ниет білдіруде.

Сөйтіп, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің бастамасымен Философия және саясаттану институты өзінің ғылыми зерттеулер ауқымын кеңейтіп, «Философия, саясаттану және дінтану» институтына айналды.

Қазіргі уақытта бөлімде 3 сектор жұмыс істейді: 1) Дінтану теориясы мен әдіснамасы секторы; 2) Мемлекеттік-конфессионалдық қатынастар секторы; 3) Исламтану секторы. Бөлімнің бүкіл ұйымдастырушылық және ғылыми қызметі осы ғылыми бағыттардың аясында «Елдің зияткерлік әлеуеті» басымдылығы бойынша табысты іске асыруға бағытталады.

Ғылыми жобаларды орындаудан басқа Институт мамандарының күшімен Алматы қаласының мемлекет қызметкерлеріне арналған біліктілікті жетілдіру курстары өткізілді, Үкімет тарапынан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен басқа мемлекеттік органдар тарапынан келген тапсырыстарға үнемі ғылыми-талдамалық баяндамалар мен жазбахаттар дайындалып отырылады. Институтта Дінтану бөлімі ашылғаннан бері бірнеше халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдер мәжілістері өтті, халықаралық деңгейдегі мамандармен, әртүрлі діндердің жетекшілерімен ғылыми мекеме мамандары кездесулер өткізіп, пікіралмасулар жасады. Демек, Институт мамандары өздерінің іргелі теориялық зерттеулерін дін мәселесіне қатысты заманауи практикалық өмірмен тығыз байланыстыруда.

– Ислам көңілге сүйіспеншілік орнатып, адамдардың арасындағы айырмашылықтарды жойғандығы тарихта айтылады. Одан туындаған құндылықтар адамдар арасында қарапайымдылықты уағыздайды. Онда рахман мен раһим сипаттары басым. Діни философияның қандай ерекшеліктері мен үлгілері бар?

– Ғылым негізінен білімге, дәлелдеуге арқа сүйесе, дін болса, сенім арқылы догмалық тұжырымдарын өз жақтастарының санасына ұялатады, насихаттайды. Осы жерде әріптестеріміз атап көрсетіп жүргендей, діннің ішіндегі өкілі тұрғысындағы көзқарас пен сырттағы бейтарап зерттеуші тарапындағы ғылыми-зерттеу негізіндегі пайымдаулардың біршама айырмасы бар екенін айта кету керек. Осы айырмашылықты анықтап, олардың сәйкес келіп түйісетін жерін көрсету қазіргі зертеушілерге өзіндік парыз деуге болады. Себебі, адамзаттың болашағында, түбінде дін, ғылым және мәдениет өзара ықпалдасып, ортақ адами мүддеге қызмет ете бастауы тиіс. Сонда көптеген қоғамдағы, мемлекеттегі дүниетанымдық және гуманитарлық қайшылықтар мен мәселелер ұтымды шешіле бастары анық. Мемлекет үшін дін әлеуметтік институт ретінде сонда нағыз гуманистік тұрғыны орнатушы тірекке айналары сөзсіз.

Қазақтардың тарихының арғы түркілік кезеңінде әртүрлі діни наным-сенімдердің орын алғанын жасырмауға тиістіміз, өйткені, ол – біздің нақты тарихымыз және болғаны дәлелденген дүниелер. Сонау Шамандық (бақсылық) пен Тәңірге сенуге арқа сүйеген кезеңінен басқа Зороастризм, Будда, Христиан діндері қазақтың кең даласында өзінің кейбір көріністерін танытып отырған дәуірлер болғанын айта кету керек. Ал аруаққа сену, қасиетті жерлер мен аңдарды қадірлеу – дәстүріміз үшін өзінше бір төбе.

Қазіргі кезеңде оларды жоққа шығаруға тырысу және этноәлеуметтік кеңістікке дәстүріміз бен салтымызды мойындамайтын, «тазартылған исламды» енгіземіз деген әрекеттер де жоқ емес. Бірақ, бұл ұлттың тарихи және мәдени құндылықтарын сақтау мәселесі өзектене түседі, өйткені, ұлттық менталитеттің өрнектерін қадірлеу мәселесі алға шыға бастайды. Дегенмен, нағыз іргелі және жүйелі діни құбылыс ретінде қазақ болмысында, оның арғы тарихында орныққан рухани құрылымға ислам дінін толықтай жатқыза аламыз, тіпті, ол қараханидтер дәуірінде түркілік тайпалар арасында «мемлекет дін» ретіндегі сипатын танытқанын атап кетуге болады. Жалпы ислам философиясының осы кезге дейін елімізде әлі де кеңінен іргелі мағынада зерттелмей келгенін ескерсек, онда осындай сипаттағы еңбектерге қоғамда, жалпы гуманитарлық білім саласында өзіндік біршама сұраныстың бар екенін білдіреді. Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы ауқымында “Ислам философиясына” арналған екі томның жарық көруі бұл істегі маңызды қадам болғаны анық. Әрине, Қазақстандағы діндер қазіргі заманда ғалымдар тарапынан жан-жақты зерттелу үстінде және олардың ерекшеліктері мен сипаттамалары жөнінде кейбір оқулықтар мен біршама сапалы ақпараттық-сараптамалық дүниелердің де жарық көре бастағанын айта кету керек. Мәселен, өткен 2011 жылы елімізде «Религии в Казахстане: Хрестоматия» деп аталатын екі томдық шығарма орыс тілінде және «Қазақстандағы діндер» деген қазақ тіліндегі екі томдық хрестоматия жарық көргені белгілі. Әрине, осындай хрестоматиялар жаңғырып отыруы керек.

Бұл хрестоматияға бірқатар діндердің мәтіндері ғана емес, сонымен қатар олардың қазіргі заманғы негізге алынатын бірқатар құжаттары енгізілген. Жалпы осындай ұжымдық шығармалар еліміздегі әртүрлі конфессия өкілдерінің бір-бірлеріне шынайы ізетті қатынастарын орнатуға, біріншісі екіншісін жау көрмейтін деңгейге көтерілетін қатынастардың қалыптасуына ықпал етеді деген ойдамыз. Адамдардың бір-бірімен бейбіт қатар өмір сүруі, рухани ұстанымдардың бекітілуі және өзара көмек үлгілерін тарату сияқты принциптер еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың негізі екеніне Қазақстан Үкіметі баса назар аударады.

Әрине, діни сананың өзіндік ерекшеліктері мен сипаттары бар, оларға құрметпен қарауды үлгі еткен қауымдастықтың болашағы зор және ондай қоғамда көптеген қайшылықтардың алдын алу әрекеттері жүзеге асады. Мемлекет пен діни конфессияның арасындағы қатынас барынша үйлесімді реттелген жағдайда зайырлы мемлекеттің өзінде діни ағымның қызметіне нұқсан келмейді, ол шексіз дәріптелмейді, немесе ретсіз кемсітілмейді, өзінің бірқалыпты іс-әрекеттерін атқара алады. Қазіргі тарихи кезеңде елімізде діни конфессия мен мемлекеттің арасындағы бірлесе жұмыс атқаруға болатын салаларға – халықаралық, этносаралық және азаматтық деңгейлердегі бітімгершілік, адамдар, халықтар және мемлекеттер арасында өзара түсіністікке және ынтымақтастыққа оң ықпал ету; қоғамда адамгершілік ұстанымдарын сақтауға атсалысу; рухани, мәдени, адамгершілік және патриоттық тәрбие және білім беру; ізгілік және қайырымдылық шараларын іске асыру, бірлескен әлеуметтік бағдарламаларды орындау және т.б. көптеген дүниелер жатады.

Зайырлы мемлекетте діни қызметке нұқсан келмейді

– «Өзіңді құтқару үшін, алдымен әлемді құтқар» деген Шығыс даналығын ұстана отырып, Қазақстан адамзатқа ХХІ ғасырда өркениеттердің шиеленіссіз өмір сүруі бойынша өнегелі модель ұсынды. Мемлекеттің жылдам жетілуі қамтылған объективті шарты және оның әлемдегі бәсекелес елдер қатарына кіруі болып табылады. Еліміздегі дінаралық бейбітшілік – біз сақтап қалуға және дамытуға тиіс ұлы мұра емес пе?

– Қазақстан Республикасы Үкіметі мемлекет тарапынан исламның Құрбан айты мен Православияның Рождествосын ресми мейрамдауға жол ашып берді, осы қадамның арқасында елімізде біршама өзара түсіністік және сұхбаттастық қатынастарға жол салынды деуге болады. Тәуелсіз Қазақстан тарихи субъект ретінде өзінің саяси және рухани кеңістігін нығайта түсу мақсатында, діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты тереңдете түсу бағытында ХХІ ғасырдың басындағы он жылдың ауқымында біршама қомақты ісшаралар атқарғанын атап өтуге болады. Солардың қатарына елімізде 2003 жылдан бастап әрбір үш жыл сайын өткізіліп тұрған әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің өткізілуі мен мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының жүзеге асырылуын жатқызуға болады. Бұл екі ісшарамен қоғамның интеллектуалдық мұқтаждығы мен рухани сұраныстары толығымен қанағаттанбасы анық. Бірақ, қоғамдағы мәдени диалогтық қатынастарға дайындық мен пәрменді қадамдар осындай іс-әрекеттерден басталары да сөзсіз. Kйткені, қоғам қазіргі жаһандану заманында дүниетанымдық оқшауланумен өмір сүре алмайды, ол өзара ықпалдасу ауқымында өзін оңды паш ете алады.

Міне, осындай күрделі процестердің қазіргі заманда теріс бағытқа бұрылып кетпеуі үшін әрбір саналы азамат әлемдік өзара диалогқа өзінің сүбелі үлесін қосуы тиіс. Сонда ғана болашаққа белгілі бір оптимизммен қарауға болады. Қазақстан Республикасында Әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылтайын өткізу идеясы гуманистік бастама ретінде көтерілуі жаһандық деңгейдегі үлкен оқиға екені анық. Ол Елбасының қазіргі әлемді гуманизациялауға, ғаламда тарихи қалыптасқан әртүрлі көзқарастарды диалогқа шақыруға ұмтылған сындарлы қадамы және әлеуметтік дүниені руханиландыруға қосқан қомақты үлесі болары сөзсіз.

Көпдіншілдік мәселесі қазіргі заманда жалғыз Қазақстанда ғана емес, өркениеттіліктің біршама биігіне көтерілген – Германия, Франция және Англия сияқты Еуропа елдерінің өзінде көпдіншілдік пен көпэтностық мәселесі күннен-күнге өзектене түсуде. Сондықтан “діни сенімге, діни дүниетанымға деген мемлекеттің көзқарасы, ұстанымы қандай болуы керек?” деген сауал көптеген өркениетті елдер үшін ХХІ ғасырда анықтала түскен іспетті. Яғни, басқару органдары мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін, қоғамдағы тыныштықты, адамдардың еркін өмір сүруге деген құқығын қорғауға ұмтылады. Әртүрлі діндердің бір-бірінен теологиялық артықшылығы туралы таласты ешкім шешіп бере алмайды, тек ортақ мәмілеге келудің жолы бейбіт қатар сыйластықпен өмір сүру екенін зерделегенде ғана ол шешімін табады.

Болашақта біздің институтта Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтымен біріге отырып «Қазақтардың рухани өмірі: әл-Фарабиден Абайға дейін» тақырыбын ғылым дамуының басым бағыты: «Халық тарих толқынында» тарихи зерттеулер бағдарламасы ауқымында қарастыру жоспарланып отыр.

Ғылыми-зерттеу жобасының мақсаты – қазақ халқының әл-Фараби заманынан Абайға дейінгі рухани әлемінің дүниетанымдық, этномәдени негіздерін жүйелеу және оны тұтастанған ғылыми сипатта зерделеу. Ханафи мазхабы ілімі мен ұлттық мәдениет әрекеттестігінің дәрежесін, бұрынғы ұлттық идея қызметіндегі оның рөлі, дін қайраткерлерінің идеологиялық бағдарларының мемлекеттілікпен өзара байланысын, дәстүрлі исламның ұлы өкілдерін зерделеу арқылы дәстүрлі қазақ мұсылман қоғамын нығайтудағы олардың алатын орнын анықтау.

Сонымен қатар екі институттың болашаққа жоспарлаған діни мәселелерді зерттеу бойынша мақсатты бағдарламасы жасалынды. Оның атауы – «Қазақстанның тарихи және рухани-мәдени дамуындағы діннің рөлі: дәстүр және қазіргі заман». Бұл бағдарлама да жоғарыдағы «Халық тарих толқынында» тарихи зерттеулер бағдарламасы ауқымында жоспарланған.

Мақсатты бағдарламаның мақсаты – белсенді бейімделуді қамтамасыз ету мен мемлекет дамуының жаңа идеологиясын қабылдау үшін, төзімділік және қазақстандық қоғамның сұхбаттық санасын қалыптастыруда ҚР Президентінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы негізінде діннің онтологиялық және феноменологиялық рөлін ашу. Бұл мақсатты шешу үшін кешенді жобалар қолға алынып отыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

                                                                                                                                               Дереккөз

 

 

 

 

Оқылды 1121 рет
JoomShaper
Top