Дінаралық келісім – бейбітшілік кепілі

Бейсенбі, 03.10.2021
Дінаралық келісім – бейбітшілік кепілі

Әлемнің жаратылысының негізі – сүйіспеншілік, рақымдылық пен шапа­ғат. Ұлы Жаратушы рақымдылық етіп бұл ғаламды жаратқанда, барлық жаратылыс­тың ішіне сүйіспеншілік пен мейірім-шапағаттың...

Әлемнің жаратылысының негізі – сүйіспеншілік, рақымдылық пен шапа­ғат. Ұлы Жаратушы рақымдылық етіп бұл ғаламды жаратқанда, барлық жаратылыс­тың ішіне сүйіспеншілік пен мейірім-шапағаттың ұрығын сепкен. Сондықтан ғаламзаттың да, жер бетіндегі жанды-жансыздың да арасында сиқырлы әуен­дей бір-бірлерінің арасын­да ғажайып бір үндестік, татулық, өзара тығыз қатынас бар. Табиғат заңды­лықтары осы татулық­тың арқасында тепе-теңдігін сақтап тұр. Алайда соңғы ғасырлардағы адамзаттың қолымен жасалған өз тума қасиетіне жарас­пайтын қылықтары мен іс-әрекет­тері сол тепе-теңдікке, экологияға кері әсерін тигізіп, әлемдегі симфониялық әуен­нің ырғағы мен нотасын бұзуда. Соңғы кездері жер бетінде болып жатқан әр түрлі табиғи апаттар сол бұзылған но­таның белгісіндей. Бұл – жұмыр жердің өз бетінде қырғи-қабақ болып соғысу, қырқысу емес, тек қана өзара үндестікті, тату­лықты қалайтындығының айғағын­дай. Негізі, адамзаттың бір-біріне өшпен­ділікпен қарау арқылы діттеген мақсат­тарына жете алмайтыны айдан анық.
Ендеше, бесіктей ырғақпен тербеліп ғарасатқа қарай кемедей бет түзеген жұ­мыр жердің бетінде қамшының сабын­дай келте ғұмыр сүруге келген адамзатқа өзара түсіністік аса қажет. Бұл үш түрлі болмақ. Ең бастысы – адамзат жарал­ғалы дінсіз ғұмыр кешкен емес. Тарих сах­на­сындағы болған барлық саясаттың да, мәдениеттің де астарында сол дін, сенім жатыр. Демек, әлемдегі татулықтың ең басты белгісі – дінаралық үнқатысу. Екіншісі – ұлтаралық үнқатысу мен жара­сымдылық. Ақырғысы – еларалық үнқатысу мен ымырашылдық.
Қандай қоғам болса да ол бес негіз арқылы өзін сақтай алады. Ол – діннің, жанның, нәсілдің, мал-мүліктің және ақыл­дың сақталуы. Ал осы бес негіздің ең бастысы – діннің сақталуы. Дін­аралық келісім, үндестік және татулық өзін сақ­тауымен қатар, қалған төрт негіздің де сақталуына арқау болады.
Соңғы жылдары әлемде кейбір ал­пауыт елдердің өздері бір-біріне тату­лық пен ымырашылдықтың жолда­рын іздеп дағдарған шақта Отанымыздың «дін­ара­лық үнқатысу, өзара үндестік» деп әлемді татулыққа шақыруы әлемді елең еткізген үлкен жаңалық болды. Алғаш­қыда көптеген елдер және дін өкілдері осы съезге күмәнмен қарады. Содан бері әлем­­дік және дәстүрлі діндердің елор­дамыз – Астанада үш съезі болып өтіп, дін­аралық үнқатысу арқылы әр түрлі адам­дардың бір-бірімен түсінісе ала­тын­дығына көз жеткізілді. Иә, соңғы ғасырларда дін өкілдерінің арасында осы бағытта іс-әрекет байқалған. Бірақ әр түрлі дін өкілдерінің басын қосып, «Құдай сөзін бітімгершілік пен келісім­нің пәрменді құралы ретінде пайда­лануы­мыз керек», – деп татулыққа шақыру соңғы тарих сахнасында болған емес.
Әлемдік және дәстүрлі діндер ара­сын­дағы осындай келісім мен үнқа­тысуға сол діндердің өзі қалай қарайды? Әсіресе, әр түрлі дін өкілдеріне қонақ­жайлық таныт­қан Қазақ елі бұған қандай баға береді? Кейбір тұстарда «Ислам дінінде өзге дінмен үнқатысуға тыйым салынған» деген сөздер де айтылады. Ендеше, осыған талдау жасап көрелік.
Адамзатты махаббатымен жаратқан Жап­пар Иенің түсірген діні де сүйіспен­шілік пен бейбітшілікке толы еді. Сон­дықтан әр мұсылманның өзге дін өкілде­рімен қарым-қатынас жасап, татулыққа шақыруы, үнқатысуы – оның басты міндеті. Әсіресе, «әһлі кітап» саналған яһу­дей мен христиан дінімен үнқатысу, оларды татулыққа шақыру Ислам дінінде баса айтылған. Тіпті Ислам дінінде сол екі дін өкілдерімен дінаралық келісім жасап, татулыққа шақырған ең алғашқы адам – хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) өзі.
Алдымен Пайғамбардың христиандармен үнқатысуына көз салайық. Әз Мұхаммед (с.а.у.) өзіне пайғамбарлық кел­ген шақта Меккеде христиандар бола­тын. Сол христиандардың арасында қо­лында Інжілдің қолжазбалары бар Уарақа ибн Нәуфәл еді. Міне, Әз пай­ғам­барға ал­ғаш рет Хира тауында «оқы!» деген аяттар түскен кезде ол осының мән-жайын біле алмайды. Сонда ол Уарақаға барып, жағдайды баян­дайды. Сонда әлгі христиан ғалымы оған: «Сен көп ұзамай пай­ғамбар боласың. Әттең! Мен сол күнге жетіп саған көмекші болсам ғой, шіркін», деп оған демеу беріп, пайғамбарлығын растайды. Ендеше, Ислам мен Христиан арасындағы үнқатысу Құранның алғаш­қы аяты түскеннен бастау алған. Пайғамбар қатты қысылған шақта христиан ғалымы демеу болған.
Меккедегі Ислам дінінің алғашқы жыл­дарында мұсылмандар меккелік мүш­ріктерден қатты қысым көрді. Сол кезде Әз пайғамбар көп жапа шеккен көптеген мұсылмандарды Эфиопияға, яғни христиан еліне жіберіп: «Сол жерге ба­рыңдар. Өйткені, ол жер татулық пен бей­бітшіліктің мекені», дейді. Тіпті Әз пайғамбар сол жердің патшасына хат та жазып, хатында: «Мәриямның ұлы Иса – Алланың Рухул-Қудусы (қасиетті рух) және пәк Мәриямға берілген сөзі екенін растаймын», дейді. Бұл хат мұсылман пай­ғамбары мен христиан елінің басшысы ара­сындағы ең алғашқы жазбаша түрдегі үнқатысу еді. Елімізде өтіп жүрген Әлем­дік және дәстүрлі діндер съезі де сол кездегі қасиетті бастаманың жалғасы деуге болады. Тіпті кейіннен сол елдің патшасы қайтыс болғаны туралы ғайыптан хабар алған Әз пайғамбар сахабалармен бірге тұрып сырттай соның жана­за­сын шыға­рып, дұға жа­сайды.
Хақ пайғамбар қашан да хрис­тиандарды өзіне жақын тарт­ты. Сол Мекке кезеңінде бірде Византия әскері Иран әске­рі­мен со­ғыста жеңіліп қалады. Олар­­дың жеңілгенін естіген Мек­кедегі бүкіл мұ­сыл­ман аза тұтып, олар­дың қайғысына ор­тақ­та­сады. Сол жеңілістен кейін Византияның қайта бас көтеруі мүмкін емес бо­латын. Сол кезде Алладан Әз пайғамбарға уахи-аян түсіп, көп ұзамай үш жыл мен тоғыз жыл ара­лы­ғында қайта жеңіске же­тетінін айтып сүйін­ші­лейді. Тіпті бұл аяттар «Рум» (Рим) сүресінде ай­тылады. Бұл христиан дін өкілдеріне деген ең жақын үн­қатысудың бірі еді. Кейіннен Бәдір соғы­сында мұсылмандар жеңіске жет­кен күні римдіктер де қайта жеңіске жетіп, басып алынған жерлерін азат етеді. Сол күні мұсылмандар олардың да жеңі­сіне қатты қуанып, олардың қайғысына да, қуаны­шына да ортақтығын дәлелдейді.
Әз пайғамбар Мединеге қоныс ау­дарған шақта христиандармен үнқа­тысуын бұрын­ғыдан да арттыра түседі. Ол Мединеде елдік құрған соң дереу христиан елдерінің патшаларына хат жазып, дінаралық үнқа­тысуға, мұсылман болуға шақырады. Бірде сол шақыруды қабылдап Араб түбегіндегі ең көп христиандар тұратын аймақтан бір топ нәжрандық христиандар Мединеге келіп, Пайғамбармен үнқатысады. Сол топты христиандардың діни көсемі – Әбу Хәрисә бастап келеді. Сол кезде христиан­дардың Құдайға құлшылық ету уақыттары келеді. Әз пайғамбар сол кезде Мединедегі өз мешітін босатып, христиандар сол жерде Құдайға мінәжат жасайды. Міне, осы кө­рініс те мұсылман мен христиан арасын­дағы үнқа­тысудың ең биік шыңы деуге болады.
Тіпті осы христиандар тобын Әз пайғамбар өзі қарсы алып, төріне шыға­рып үстіндегі жүннен тоқылған сырт киімін шешіп, жерге жайып соның үстіне оты­рғызады. Сондай-ақ Әз пайғамбар христиан мен яһудейлердің астары мен жаназа­ларына қатысқаны, тіпті науқас­тарына зиярат жасап көңіл-күйлерін сұра­ғаны, оларға ас бергені кейбір деректерде айтылады.
Һәм хазіреті Пайғамбар яһудей дінінің өкілдерімен де үнқатысу жасап, олармен қарым-қатынаста болған. Әз пайғамбар Ме­динеге келіп мемлекет құрған шақта, қаланың беделді кісілерін шақырып, елдің негізгі заңын жазған. Ол тарихтағы ең алғашқы ата заң болып есептеледі. Оның 2 және 25-бабында яһудейлер туралы: «Олар мұсылмандармен бірге бір халық», 16­-бабында: «Бізге ерген яһудейлер ешбір әділетсіздік көрмейді. Оларға бізден әр­дайым жәрдем етіледі», ал 36-бапта: «Мұ­сылмандарға яһудейлер арасында қол­ұшын беріп көмектесу, насихат және жақсылық жасалады», деп жазылған.
Әрі Құранда яһудей мен христиан­дарды дінаралық татулыққа шақырған аяттар көп. Мысалы, Әз пайғамбарға екі дін өкілдерін дінаралық татулыққа ша­қыруын Алла тағала бұйырып оған: «Ей, кітап иелері! Біздің арамыз бен сендердің араларың бірдей сөзге келіңдер. Жалғыз Аллаға құл­шылық қылайық. Оған ешбір нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзге бір-бірімізді тәңір тұтпайық» деп айт», дейді.
Алла тағала Құранда «Фатиха» сүре­сінен кейінгі «Бақара» сүресінің басым көпшілігі яһудейлерге бағытталып, олар­ды татулыққа шақырса, «Әли Имран» сүре­сінде христиандар туралы көп айтылады. Тіпті «Әли Имран» (Имран отбасы) сүресі бибі Мәриямның әкесінің аты және соның отбасымен аталған.
Сондай-ақ, Алла тағала мұсылман­дарға яһудей мен христиандардың сойған малын «арамсынбай» жеуге шақырады. Құранның «Маида» сүресінде: «Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Әһлі кітаптардың да тамағы (бауыздағандары) сендерге, сен­дердің де тамақтарың оларға халал етілді» деп айтылады. Яғни, мұсылмандар жейтін малды олар өз сенімдері бойынша соятын болса, мұсылмандар да жей алады. Ал­ланың осылай олардың сойғандарын мұ­сыл­мандарға адал етуінің астарында дін­аралық татулық, үнқатысу және жылы қарым-қатынас жатыр.
Әрі Алла тағала мұсылмандардың яһудей мен христианнан қыз алып, олармен жүз жылдық күйеу, мың жылдық құда болуына да рұқсат етеді. «Маида» сүре­сінде: «…әрі сендерден бұ­рын Кітап берілгендерден (христиан, яһуди) де маһрлерін беріп, абыройлы әйел­дер­мен бой суыту­шы, астыртын көңілдес болмай үйлену­лерің халал етілді…», деп айты­лады. Бір мұсылман сол екі діннің бірінен қыз алып, үйленетін болса, сол әйе­лінің мұсылман болуы да шарт емес. Бір шаңырақта тұрып, әйел өз діні бойынша Құдайға құлшылық жасайды. Міне, ендеше, осы аят та мұсылмандарды сол екі дәстүрлі дінмен тығыз қарым-қатынаста болуға үндейді. Сондықтан Әз пайғамбар сахаба­ларына: «Мен сендерге әһлі кітапты аманат етемін. Кімде-кім олардың біріне жамандық жасаса, ақыретте алдынан мен шығып, есеп сұраймын», деп қатаң ескертіп кеткен.
Хазіреті Пайғамбар әһлі кітап қана емес, айналасындағы барлық дін өкілде­рімен қарым-қатынас құрып, татулыққа ша­қырған. «Һұд» сүресіндегі: «(Мұхам­мед) Егер Раббың қаласа, адамдарды (зор­лықпен дінге бет бұрғызып, бәрін бір дінді ұстанған) бір ел қылар еді», деп айты­лады. Ендеше, бұл аятта да дінаралық қатынасқа қатысты көп сыр жатыр.
Әз пайғамбардан соң халифа Әбу Бәкір де сол екі дін өкілдеріне аманат көзімен қараған. Мысалы, мұсылмандар Табария қала­сын алғанда Әбу Бәкір ондағы хрис­тиандарға: «Шіркеулеріңе ешкім тиіспейді», деп кепілдік берген.
Хазіреті Осман да халифа болып тұрған кезінде армяндардың қаласы Дәбилді ал­ғанда христиан, яһудей және мәжуси секілді басқа да әр түрлі дін өкілдерінің мінә­жат­ханаларына тиіспейтіндігіне кепілдік берген. Тіпті кейбір өртенген монас­тырь­лар­ды қайта салдыр­ған. Омияттар за­ма­нында Урфа шіркеуі қайта күрделі жөн­деуден өтіп, Александрияда Маркос шіркеуі салдырылған. Тіпті, дінаралық татулық­тың белгісі ретінде мынадай тарихтағы мысалда айта кету жөн болар. Бірде халифа Абдулмәлик Дамаск мешітін кеңейту мақсатымен Юханна шіркеуін құлаттыра­ды. Бірақ Омар ибн Абдулазиз халифа болғанда сол қателікті түзеу мақсатымен мешіттің кеңейтілген жерін құлатып, ор­нына бұрынғы шіркеуді қайта салдыруға жарлық береді. Бірақ бұған христиандар ризалық танытпай, бұрынғыша қалуын қалайды. Әйткенмен Омар ибн Абдулазиз өз жарлығынан бас тартпайды.
Египеттегі III ғасырда салынған Тұр тауының басындағы Сина монастырі мен дәл қасындағы мешіт ғасырлар бойы христиан мен мұсылмандар арасындағы дін­аралық келісімнің рәмізі болып келді деп айтуға болады. Әлі осы күнге дейін үш дін өкілдері (яһудей, христиан, мұсылман) сол таудың басына түнделетіп шығып, таңның атқаны мен батқанын бәрі бірге отырып тамашалайды. Үш дін өкілдерінің мың­да­ған жылдар бойы хазіреті Мұса пайғамбар шыққан ұшар тау­дың басында бәрі бірге бейбітшілік таңын қарсы алуларын дін­аралық үнқатысу мен татулықтың ең биік шыңы деуге негіз бар. Бұл күнде осындай ғажайып дін­аралық келісім кездесуін елордамыз – Астанада көру тарихи оқиға. Пирамида үш бұры­шының бір нүктеге тоғысып, бірігуі де осындай татулықтың айқын нышаны.
Дінаралық үнқатысу Исламның ал­ғаш­­қы тарихында ғана емес, Османлы кезінде де жалғасын тапқан. Мысалы, Фатих Ыс­тамбұлды алған кезде Ортодокс патриар­хының орны бос екендігін білген кезде дереу христиандарға жаңа діни басшы сай­лауларына бұйрық береді. Христиан халқы, шіркеу басшылары бәрі жиналып, Георгий (Kortesios) – «Геннадий» деген атпен жаңа діни басшы етіп сайлайды. Осы­лайша Геннадий түріктің қол астын­дағы алғашқы Ыстамбұл дін басшысы бо­лады. Осыдан кейін Фатих хрис­тиан­ның жаңа дін басшысын өзіне қонақ етіп шақы­рады. Оны қарсы алуға өзінің ақ­сақал уәзірлерін жіберіп, ресми және сал­та­натты түрде қарсы алады. Ол келген кезде Фатих орнынан тұ­рып, оған қарай жүріп оның қолы­нан ұстап қасына отыр­ғызады. Онымен ұзақ уақыт сұх­баттасқан Фатих оған «Ұлт ба­сы» деген лауазым ұсынып, елдегі барлық дін өкілдерінің ісіне араласа алатын билік береді. Сосын қай­тар­да өзі сарайдың қақпасына дейін шы­ғарып салып, сол жерде ақбоз атқа мінгізіп, шіркеуге дейін сал­та­натты түрде жеткізуге уәзірле­ріне әмір береді.
Фатих сұлтан Ыстамбұлды ал­ғанда тек Аясофияны ғана мешіт етті. Ыстамбұлдағы барлық шіркеулерге тиіспей, қарамағына алды. Аясофия мешіт болса да ондағы хрис­тиандардың киелі санаған суреттерін өшірмеді. Тек намаз уақы­тында ғана пердемен жауып тастап тұрды. Кейіннен Мимар Синан Аясофияның төрт бұрышына төрт мұнара тұрғызып, оның бүгінгі күнге дейін сақталуына мүмкіндік жасады.
Осындай дінаралық үнқатысу Османлы тарихының соңына дейін жал­ғасты. Османлылар тек хри­с­тиан­дарға ғана емес, сондай-ақ яһудей дінінің өкіл­деріне де осын­дай көзбен қарады. Мы­салы, бірде Испания өмір сүрген яһу­дейлер сол елдің королі Фердинандтан қатты қысым көреді. Тіпті, Фердинанд олардың көздерін жой­мақ болады. Міне осы кезде шалғайдағы Османлы елінің сол кездегі сұлтаны II Баязит оның бұл ісін кінәлап, дереу заң шығарып, Испанияда өмір сүрген бар­лық яһудей дінінің өкіл­дерін Ыстам­бұлға көшір­тіп алып, оларға қаланың ең шұ­райлы жерлеріне орын беріп, барлық құқықтарын сақ­тайды.
Қазақ елінің басшылығы да бүгінгі әлемнің жаңа тарихында бұрынғы халифалар мен сұлтандардай бір басшы, бір жолбасшы ретінде дінаралық және ұлтаралық татулық пен үндестік идеоло­гия­сын жүргізіп, әлемге бейбітшілік ша­ңы­рағын тұрғызуға қадам жасап келеді. Біз Қазақстан халқының діни және этнос­аралық татулықты ту еткен асыл қасиет­терін әдайым мақтан тұтамыз. Бұл жетістіктерімізді әлем жұртшылығына үлгі етуге ұмтыламыз. Жаңа мыңжыл­дықта толастамай отырған әлемнің әр бұры­шын­дағы діни текетірестер мен ұлттық қақты­ғыстардың алдын алуға ықпал етіп келеміз. Астанадағы бүгінгі басқосу – елі­міздің осындай табанды ұстанымының бір көрінісі. Сондықтан Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбас­шыларының ІІІ съезі дүние жүзінде дінаралық келісімнің өркен жайып, өркениеттердің өзара үн­дес­тік табуы ісінде айтарлықтай рөл ат­қа­рады деп есептейміз.
Құранда: «Ей, кітап иелері! Біздің ара­мыз бен сендердің араларыңа бірдей сөз­ге келіңдер», деп айтылады. Бұл жердегі «кітап иелері» деген сөзді «ғылым, мәде­ниет және өркениет иелері» деп тәпсір­ле­гендер де бар. Ендеше, Ислам дінінде тек қана әһлі кітапты шақырып тұрған жоқ. Сонымен қатар, жер бетіндегі барлық өр­ке­ниетті елдерді бірлікке, татулыққа ша­қы­рады. Олай болса, еліміздегі дінаралық, ұлтаралық және ел­ара­лық үнқатысулардың өзі де жүздеген жылдар бойы қазақ халқының сенген қасиетті кітабынан алынған өнеге екен­дігінің белгісі. Біз тегіміз – түркі, дініміз – Ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін қасиетті кітап – Құран Кәрімді насихаттауымыз керек. «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетін ашып, ІХ ғасырда ашылған әл-Әзһар уни­верситетімен тікелей байланыс орнатуымыз да ғы­лымның бейбітшілікке қызмет етуі тиіс екендігіне негіз.
Бұл идея дінаралық келісім съезінде ғана бастал­ған жоқ. Бұл сонау еліміз егемендік алып, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан кезде басталған. Кейбір елдер ядрорлық қару жасауға жанта­ласып жат­қанда Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту пікірін білдіруі әлемді бейбітшілікке ша­қыруға жасаған ал­ғашқы қа­дам бола­тын. «Адам түзел­мей, заман түзел­мек емес. Бүлінген заманды түзеу – адам­ның өз міндеті» деген идея сол кезде қалыптасқан болатын. Еліміз­дің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі де осы тың идеяның жал­ғасы іспетті. Алда­ғы Ислам Кон­ференциясы Ұйымына төрағалық етуімізде де мұсылмандардың үмбет­аралық келісімінде жаңаша бір үрдіс, ерекше бір серпіліс болады деген үлкен сенім жатыр.

Мұхитдин ИСАҰЛЫ, теология ғылымдарының докторы, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ректорының ғылыми кеңесшісі.

www.egemen.kz

 

 

 

Оқылды 1340 рет
JoomShaper
Top