Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІV Съезінің ашылуында сөйлеген сөзі

Сенбі, 17.08.2021

Астана 
30 мамыр 2012 ж.

Ардақты дінбасылар!

Құрметті делегация басшылары!

Қадірлі меймандар!

Ханымдар мен мырзалар!

Бүгін Қазақстан жері жоғары руханилық пен алғыс-батаның сәулесімен нұрлана түсуде.

Біз үлкен мақтанышпен Астанада төртінші рет әлемнің діни және рухани көшбасшыларын қабылдап отырмыз!

Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының IV съе­зіне дү­ние жүзінің 40 елінен келген барлық 85 делегация басшылары мен қатысушыларын шын жүрек­тен құттықтаймын.

Тоғыз жыл бұрын бірінші Съезд жұмысына әлемнің 17 елінен 17 делегация қатысқан еді.

Біздің форумның жаһандық маңызының сандық және сапалық өскені бірден көрінеді.

Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съезі ха­лық­аралық үнқатысудың теңдес­сіз құрамдасына айналды.

Біз БҰҰ, ЮНЕСКО және ИСЕСКО, сондай-ақ басқа да бір­­қатар халықаралық бірлестік­тер жетек­шілеріне,  белгілі саясаткерлер мен сарапшыларға съезге назар аударып отырғаны үшін риза­шылығымызды білдіреміз.

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы пирамидасының төрінде әркез діндер мен мәде­ниеттер арасындағы өзара түсі­ністікті нығайтудың көкейкесті мәселелері талқыланып келеді.

Үшінші мыңжылдықтың ба­сындағы күрделі кезеңде  бұ­рын­ғы съездердің игілікті бастамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдау тапты.

Олар көп жағдайда әлемнің «өркениеттер қақтығысының» шы­­­ңырауына құламауына ықпал етті.

Жаһандық дамудың барлық күр­деліліктеріне қарамастан, үн­қатысуға деген жан-жақты ұм­ты­лыс қазіргі заманғы жалпы­әлем­дік үдерістер талап етіп отырған үрдістер болып қалып отыр.

Мен төртінші Съезд де тарих­қа ХХІ ғасырда адамзат әділетті әлемдік тәртіп негіз­дері­не бас­тайтын жаһандық үнқа­ты­судың маңызды бөлшегі ретінде кіре­тініне  сенімдімін.

Құрметті съезге қатысушылар!

Жаңа ғана Дін көшбасшы­ла­ры кеңесінің алғашқы мәжілісі болып өтті.

Осындай орган құру туралы менің ұсынысым осыдан үш жыл бұрын өткен Съезде қолдау тап­қанын еске сала кетейін.

Кеңес құрамына әлемнің же­текші конфессиялары – Ислам­ның, Христиандықтың, Иу­даизм­­нің, Буд­дизмнің, Ин­дуизмнің, Син­тоизмнің, Зороас­тризмнің өкіл­дері енді.

Іс жүзінде бұл діндер ара­сындағы өзара іс-қимылдың көп жақты пішініндегі алғашқы жұ­мыс тетігі болып табылады. Ке­ңес құру бүкіл конфессияаралық үнқатысуды жаңа деңгейге алып шығуға қабілетті.

Біріншіден, оның аясында басқа халықаралық үнқатысу құрылымдарымен өзара іс-қимыл қалыптастырылатын болады.

Екіншіден, үлкен әлеуетке ие, уақыт өте келе жаһандық бітім­гер­шіліктің маңызды құралына айналатын жаңа тұрақты орган құрылады.

Оның беделі мен әлеуеті тіпті ықтимал жанжалдар жағдайында да үндеулер мен үндеу-хаттар қабылдауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, Кеңес шеңберін­де дінге сенетіндердің құқық­тары мен бостандықтары сақ­талуына  жаһандық мониторинг орнық­тыру маңызды.

Төртіншіден, жаңа Кеңес аясына топтастырылған діннің рухани күші әлемдік даму үдеріс­терінде тепе-теңдік қалыптас­ты­ру­дың ма­ңызды элементі рөлін ат­қаруға қабілетті екеніне се­німдімін.

Бесіншіден, бұдан кейінгі бар­лық съездерді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жұмыстар қазіргіден сапалы деңгейге кө­шірілетін болады.

Мен біздің бастамамызды оң қабылдап, құрылған Кеңестің ал­ғашқы қатысушылары болуға ке­лі­сім­дерін берген барлық әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ла­рына ризашылы­ғым­ды біл­діремін.

Құрметті делегация басшылары мен съезд қонақтары!

Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съездері өз тарихының 9 жылында да күр­де­лі жаһандық үдерістер ушы­ғып тұрған тұста өткізіліп келді.

Алғашқы съездер діндер  «қақ­­тығысы» қатеріне жауап ре­тін­де және дінді халықаралық тер­роризм мен экстремизмнің қа­терлі мақсатына қарсы қол­дану үшін ұйымдастырылды.

Үшінші Съезд ең күшті әлем­дік қаржы-экономикалық дағ­дарыс қызып тұрған шақта өтті.

Біз биылғы форумды да  бүкіл әлем үшін бетбұрысты кезеңде өткізіп отырмыз.

Әлемдік тәртіптің жаһандық трансформациясы басталды.

Адамзат іс жүзінде жүйелі дағдарыстың кезеңінен өтуде.

Әлем табалдырығына тап бол­ған жаһандық рецессия көп­те­ген қоғамдастықтарға ауқым­ды әлеу­мет­тік жарылыстар қа­терін төн­діріп тұр.

Қазіргі дүниеде миллиардтан астам жұмыссыздар бар деп есептелсе, олардың  жартысы – жастар. Олардың ішінде жақсы білім алған жастар да бар.

Лайықты еңбектену мүмкін­ді­гінің жоқтығына, әлеуметтік ке­пілдіктердің төмендеуіне байланысты жастар арасында радикализация мен криминализация өсіп келеді.

Осы аралықта моральдық-адам­­­гершілік құндылықтардың жаһан­дық дағдарысы да үдей түсіп отыр.

Көптеген қоғамдарда «жал­ған-бостандық» насихатталып және орнықтырылып отырғанын көрмеу мүмкін емес.

Адами қарым-қатынастар та­би­ғатына жат көзқарастарды қа­зіргі қоғамның қалыбы ретінде көр­­сетуге тырысушылық бай­қа­лады.

Таза еңбекке талпыныс қан­дай тәсілдермен болса да тез баю­ға ұмтылыспен алмастырылуда.

Және мұндай «анти-мораль» көп жағдайда абсолют ретінде мадақталады.

Әлемде моральдық-адамгер­шілік дағдарыстың өрістеуіне тән белгі дінге сенетіндерді баса-көктеп қаралау оқиғалары, дінді әлеуметтік үдерістердің  жаға­лауына ығыстырып шығару әре­кеттері болып табылып отыр.

Діни құндылықтарды қорлау фактілері көптеген елдерде, іс жүзінде,  барлық діндерге қатыс­ты байқалып отыр.

Бұлардың қатарында қасиетті кітаптарды  көпшілік алдында өр­теу, мешіттерді, храмдарды, си­нагогаларды және басқа да ғи­бадат орындарын қорлау мен өртеу, дін қызметкерлерінің бе­де­лін түсіру, діншілдерді соқ­қыға жығу мен өлтірулер бар.

Неге мұндай жағдайлар орын алып отыр?

Дін – руханисыздық пен аш­кө­здіктің алдындағы аса берік қорғаушы бөгеттердің бірі.

Көптеген кезеңдерде дәл осы дін халықтық даналықтың, мәде­ниеттер мен дәстүрлердің кей жағдайда тіпті бірден-бір сақ­таушысы болып келді.

Қазақстан қоғамы мұны құ­дай­сыз кеңестік режимдегі өзінің өмір тәжірибесінен, әсіресе, ста­лин­дік  қуғын-сүргін кезеңінен біледі.

Съезге қатысушылар ертең бұрынғы зұлымдық шашқан «ГУЛАГ» архипелагы «аралдары» бірінің орнына салынған саяси қуғын-сүргін құрбандарына ар­налған тарихи-архитектуралық мемориалға барады.

Ол «АЛЖИР» – «Отанын сат­қандар әйелдерінің Ақмола ла­гері» деп аталады.

Сол жылдары бұрынғы КСРО аумағында миллиондаған жа­зықсыз адамдар өлтірілді.

Олардың ішінде ондаған мың Исламға, Христиандыққа және басқа да конфессияларға діни қызмет етушілер болды.

Бұл Жаратушыға сенім із­басарлары мен уағызшыларының төзімділігі мен мұқалмастығы үшін діндер төлеген қасіретті құн болатын.

Бүгін дінге қарсы жасалып жатқан өнегесіз іс-әрекеттер, бұл храмдарды «аластауға» әрекет­тенген 20-30-шы жылдар бары­сындағы оқиғалар сияқты құ­былыс болып табылады.

Біз мұндай қылықтарды ше­шімді түрде жазғырамыз және бар­лық дін көшбасшыларына, бар­лық діндерге жауыққан құ­дай­сыздарға қарсы тұруда қолдау білдіреміз.

Қымбатты достар!

Қазіргі дүние жол айыры­ғында тұр.

Сондықтан съезде талқы­лауын күткен түйінді мәселе жүз есе көкейкестірек бола түседі.

Адамзаттың жаһандық тарихында Бейбітшілік пен Келі­сім­нен өткен құндылықтар болған емес.

Қазіргі дүниеде әлемдік құры­лыстың оң тұжырымдамасының тапшы екенін мойындауға тура келеді.

Адамзат, бұрындары талай мәрте болғанындай, оған Жоғары Сана берген жаңалықтардың бар­лығын әркез әлем игілігі жолына жұмсамауда.

Мәселен, халықтарды бірік­ті­руге тиісті аса жоғары ақпа­рат­тық технологиялар мен аса жаңа коммуникациялар көп жағдайда адамдарды бөлу үшін, қоғам іші мен елдер арасына жаңа тос­қауылдар қою үшін қолданылуда.

Желілік ресурстар білім та­ра­тудың орнына көп жағдайда ке­сірлі істерді насихаттауға қызмет етіп, жалғандықтың, адамдардың арсыз түйсіктерінің, ағайынара­лық өшпенділікке үндеулер мен жеккөрушіліктің ұрығын шашады.

Кез келген қоғамның мораль­дық және өнегелілік беріктігі – отбасы, балаларды тәрбиелеу дәстүрі, ұрпақтар сабақтастығы және басқалар бұзылады.

Осының бәрі қазіргі заманның ащы шындықтары.

Өз кезегінде мен өзімнің саяси тәжірибемнің нәтижесі болып табылатын өзімнің көзқарасым­ды білдіргім келеді.

Жаһандану жағдайында әлем­дік экономиканы рецессиялық ты­ғырықтан бүкіл ұлттар қоғам­дас­тығының бірлескен күш-жігері­мен ғана алып шығуға болады.

Мұны барша жұрт мойындайды.

Сондықтан осыдан бір апта бұрын Астана экономикалық форумында мен ХХІ ғасырда әлемдік қарым-қатынастардың тиімді моделін қалыптастырып, жүзеге асыруды ұсындым.

Мен оны «G-GLOBAL – ҰЛЫ ӘЛЕМ» деп атадым.

Бұл дағдарыстардан сенімді қорғалған, тиімді әлемдік валютасы, сауда мен ықпалдастықтың әділетті жүйесі бар өркендеген жаһандық экономика.

Бұл жоғары технологиялар адамдардың бақыты мен әл-ауқаты үшін қызмет ететін әлем.

Бұл халықтар мен мемлекеттер арасындағы өңірлік және жа­һан­дық қауіпсіздіктің берік негіз­дері бар әділеттілік пен сенім әлемі.

Бұл барлық проблемалар келі­сім мен құрмет негізінде ше­ші­летін ұлттардың толерантты қауым­дастығы.

Бұл ядролық қырып-жоюдан біржола азат етілген, жаппай қы­рып-жою құралынан тыс біздің планетамыз.

Мен адамзат бес іргелі қағи­даттарға негізделген осындай модельді құруға қажетті білімдер мен тәрбиелерге ие деп сенемін.

Біріншіден, бұл әлеуметтік-саяси жүйе дамуының эволю­ция­лылығы, саяси дамудың түрі ре­тіндегі революциядан бас тарту.

ХХІ ғасырда дін емес, дәл осы революция халық үшін апиын­ға айналды.

Екіншіден, бұл бүкіл мемлекеттер арасындағы қарым-қаты­настардағы әділеттілік, теңдік және консенсус.

Үшіншіден, халықаралық қа­рым-қатынастарда кез келген «қо­сар­лы стандарттарды» және «кү­бір-сыбыр әңгімені» жоққа шы­ға­ратын жаһандық транс­па­рент­тілік.

Төртіншіден, өткен жүзжыл­дықтың блоктық психологиясынан арылған, геосаяси тепе-тең­ік жүйесі ретіндегі сындарлы көп полярлылық.

Және ең соңында, бесіншіден, ХХІ ғасырдағы мәдениетаралық, дінаралық және мемлекетаралық қарым-қатынастардың бастапқы негізі ретіндегі жаһандық толе­ранттылық пен сенім.

Мен полимәдениеттілік, эт­нос­тық және діни саналуандық – ол қоғам үшін қатер емес, орасан артықшылық деп есептеймін.

ХХІ ғасырда толеранттылық инновациялық экономиканы дамыту мен өркендетудің шешуші факторына айналып отыр.

Соңғы 30 жылда этномәдени сан алуандылығымен ерекшеленген елдердің неғұрлым зор та­быс­тарға жету фактісін көрмеуге болмайды.

Бүгінгі әлем осындай тәжі­рибені кеңінен таратуға және дамытуға мұқтаж.

Бұл тұрғыда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары­ның съезі ХХІ ғасырда әділетті әлем құрудың негізін идеялық-рухани құрылымдауға нақты бағытталған жетекші үнқатысу тұғырнамасы бола алар еді.

Бүгінде жаһандық үнқатысу – ол тек халықаралық форумдар мен кездесулер ғана емес.

Интерактивті қарым-қаты­настар жасау арқылы оған барған сайын бүкіл әлем бойынша көп­теген адамдар атсалысуда.

Қазақстан ұсынған G-GLOBAL идеясы мен пішіні бұл тұрғыда жаһандық өзара түсіністік пен то­леранттылық үшін жаңа мүмкін­діктер ашады.

Сондықтан мен Төртінші Съезге қатысушылардың ақ ті­леуі­мен жаһандық толеранттылық пен се­німді қалыптастыру мен ны­ғай­ту проблемаларына арнал­ған Интернет-ресурс құруды ұсы­намын.

Бәлкім, ол G-GLOBAL жалпы электронды порталының бір бө­лігі де бола алар еді.

Оның шеңберінде Дін көш­басшылары кеңесі мен біздің Съезіміз Хатшылығының ин­тер­активті отырыстарын өткізуді, интернет пайдаланушылардың кең ауқымы үшін тұрақты түрде онлайн-форум жүргізуді қарас­тырудың маңызы зор.

Мен бұл ұсынысқа сіздер қолдау көрсетеді деп сенемін.

Құрметті Съезге қатысушылар мен меймандар!

Бейбітшілік пен келісімнің тиім­ді моделі – ол біздің еліміз­дің табысты дамуының арқаулық факторы.

Тәуелсіз Қазақстан – бұл 140 этнос бейбітшілікте және  келі­сім­мен өмір сүріп жатқан ел.

Біз ХХІ ғасырдың бірінші он­жылдығында экономикасы неғұр­лым ырғақты дамыған елдердің үштігіне ендік.

Біз этносаралық келісімнің өзіндік моделін құрдық.

Кез келген этносқа және дінге жататын қазақстандық – ол тең құқылы азамат, біртұтас азамат­тық қоғамның ажырамас бөлігі.

Біз әрбір адамның өз дінін еркін ұстануы, туған тілін оқып және пайдалануы, өз этносының мәдениеті мен дәстүрлерін дамытуы үшін барлық жағдайларды жасаудамыз.

Әрбір дін – ислам, православие, католицизм, протестанттық діни ілім, иудаизм, буддизм және бас­қалар уағыздайтын жоғары құн­дылықтар – әркезде де Қазақ­стан мемлекетінен қолдау тауып келеді.

Сондықтан біздің қоғамымыз­да 20 жылдан астам уақыттан бері рухани қайта өрлеу үдерісі жүруде.

Жаңа мешіттер мен храмдар бой көтеруде.

Біз Конфессияаралық келі­сімді нығайтудың 2016 жылға дейінгі бағдарламасының жобасымен жұмыс істеудеміз.

Қазақстанның бастамасымен 2010 жыл Мәдениеттерді жақын­дастырудың халықаралық жылы ретінде өтті, ал 2013-2022 жылдарды ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы деп жариялады.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы барысында 2010 жылы біз оған толеранттылықты нығай­ту мә­се­лесін қоса отырып, әріп­тес­тері­міз­ге еуроатлантикалық және еу­ра­зиялық қауіпсіздік өл­шемдерінің санын кеңейте түсуді ұсындық.

ЕҚЫҰ Астана саммитінің Декларациясында конфессияара­лық үнқатысуды дамыту, мемлекеттер арасындағы сенімді ны­ғайту туралы біздің бірқатар идеяларымыз көрініс тапты.

Қазақстан бір жыл бойы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымын басқарды, оның өзі Умма үшін күр­делі уақытпен тұспа-тұс келді.

Біз әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық саладағы өткір проблемаларды шешуде мұсыл­ман мемлекеттерінің ынтымақ­тас­тығын дамытуға бағытталған бірқатар бастамалар ұсындық.

Бүгінде мұсылман әлемінде күрделі үдерістер жүруде.

Мұнда экономикасы ырғақты және елеулі әлеуметтік-саяси проб­лемалары жетерлік елдер бар.

Ислам – бұл адамзаттың мә­дени және материалдық мұра­лары­ның орасан зор және өсіп келе жатқан қатпары.

Қазіргі заманғы және бола­шақтағы жаһандық қоғамдас­тықты Ислам әлемінсіз көзге елес­тету мүмкін емес.

Оған тосқауыл қоюдың кез келген түрі көрегенділік емес, тіпті қатерлі де.

Үлкен де көп бейнелі әлемнің осынау бөлігінде болып жатқан оқи­ғаларға түсіністікпен қарау қажет.

Қазақстан – мұсылман тұр­ғындары басымдыққа ие ел.

Ислам діні – біздің халқымыз­дың рухани тіректерінің бірі.

Біз олардың қандай дінге және этномәдениетке жататынына қа­рамастан барлық қазақстан­дық­тардың жалпыұлттық бірлігі мен келісімінің ерекше формуласын қалыптастырдық.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съезі – бұл Қа­зақ­станның бүкіл әлемге парасатты сыйы.

Алдағы жылы Бірінші Съез­дің шақырылғанына 10 жыл толады.

Осыған орай алдағы жылы онда үнқатысудың маңыздылығы мен көкейкестілігін, діни рухани көш­басшылардың бітімгершілік рөлін арттыруды атап көрсете отырып, Дін көшбасшылары ке­ңесінің арнайы үндеуін дайындап, қабылдау жөнінде ұсыныс білдіргім келеді.

Қымбатты достар!

Астанада Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшылары­ның съезін өткізу діндер арасындағы бітіспес әртүрлілік пен алауыз­дық туралы тезистің бар болғаны елес қана екенін білдіреді.

Бір-бірімен жауласатын дін­дер емес, адамдар мен мемлекеттер.

Әлемнің ұлы ойшылдары дінді өнегелілік формуласы деп атайды.

Ұлы Абайда «Дінге сенушінің борышы – жақсылық жасау. Бірақ сенімсіз жасалған жақсылық не тұрады?» деген сөз бар.

Кез келген діннің жоғары мағынасы адам мен адамзатты жоғалтып алған жетілу жолына қайтару болып табылады.

Біздің жоғары мәртебелі фо­румның басты мақсаты да осыған келіп тіреледі.

Барлық Съезге қатысушы­лар­ға жемісті және сындарлы пікір­таластар тілеймін.

Біздің ізгілікті ниеттерімізде бізге Жаратушының жәрдемі тие берсін!

 

 

 

Оқылды 1123 рет
JoomShaper
Top