Дінаралық келісім діңгегі

Сейсенбі, 17.09.2021
Дінаралық келісім діңгегі

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Қазақстанда адамның таңдау еркін өзіне қалдыру мақсатында елімізде барлық дінге бірдей есік ашылды.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Қазақстанда адамның таңдау еркін өзіне қалдыру мақсатында елімізде барлық дінге бірдей есік ашылды. Кейіннен Қазақстан діни және саяси тұрғыда өзінің көптармақты ұстанымын ашық әрі жариялы түрде мәлімдеген соң, діни ағымдар тіптен көбейе бастады. Дін атын жамылған миссионерлер, неше түрлі бағытты ұстанған діни топ өкілдері лек-легімен келіп, елімізге қоныс тебе бастады. Сөйтіп, уақыт өте келе олар Қазақстан қоғамының ажырамас бөлігіне айналды. Әрине, түрлі ағымдар мен бұрын халық арасында белең алып көрмеген діндердің ағылып келуі – бір жағынан елдің тұтастығы мен қауіпсіздігіне селкеу түсіретін қауіпті құбылыс. Екінші жағынан, кім қандай дінге бет бұрам десе де, ол – әр адамның өз құқығы.

Өз жастарымызды түрлі діни ағымдар мен беймәлім діндерге бет бұруынан сақтандыра отырып, елдің ішкі тұрақтылығы үшін, барша азаматтардың діни сенім бостандығына кепілдік беретін Ата заңымыздың тиісті баптарын бұлжытпай орындау үшін олардың барлығына тең қарауға тиіспіз. Басқаны былай қойғанда, сонау тоқсаныншы жылдардан бастап, оңтүстігіміздегі көрші мемлекеттерде түрлі діни экстремистік ұйымдардың насихатын өрістетуі, соның салдарынан әсіре діни ұйымдардың ол елдердегі тұрақтылыққа қауіп төндіруі елді елең еткізген. Бұл қауіптен, әрине, сабақ алмаса болмайды. Алайда, осы жолда сақтану кей жерлерде азаматтардың діни сеніміне шектеу қою деп танылды. Ал, негізінде қауіптен сақтану – діни сенімге шектеу қою емес, жас ұрпақты қауіпті діни ағымдардан сақтандыра отырып, өзге дін өкілдеріне сеніммен, түсіністікпен қарау қажеттілігін сезіндіру. Сол себепті де, 1990 жылдардың басынан бастап мемлекет құқық қорғаушылардың жұмыстары арқылы дінаралық қақтығыстардың алдын алуға ғана емес, осынау аса күрделі саладағы қатынастардың үндестігін орнатуға барынша кірісіп, осы мақсатта күш жұмсауға тиіс еді. Әрине, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Ол бойынша дін мен мемлекеттің арасы ажыратылған. Дегенмен, дін сол мемлекеттің ішінде өмір сүріп отырған қоғамға мейлінше ықпалға ие болғандықтан, оны мүлдем қаперден шығаруға тағы болмайды. 2000 жылы үкіметтің қаулысымен діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі арнайы кеңес құрылып, Қазақстандағы діни ұйымдар мен мемлекеттің өзара қатынасына жаңа серпін берілді. Осынау ақылдастық органына елдегі ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету, дінаралық қатынастарға өзара үндестік пен байсалдылықты негіз ету, дін саласындағы ахуалды зерттеу, мемлекеттік органдарға азаматтардың ар-ұждан және дін еркіндігін қамтамасыз етуге байланысты нақты ұсыныстар әзірлеу секілді маңызды міндеттер жүктелді.

Қазақстан аумағында діни бетперде жамылған, шын мәнінде рухани дүние мен адамдардың наным-сенімдеріне ешбір қатысы жоқ түрлі лаңкестік ұйымдардың қызметтерін өрістетуіне тосқауыл қою мақсатында көптеген шаралар атқарылды. Қазақстанның дінаралық қатынас саласын­дағы саясатының тұжырымдамасы ТМД аумағындағы басқа да мемлекеттердің осы тақылеттес жұмыстарына үлгі ретінде алынуы бұл бағыттағы шаралардың мейлінше тиімді болғанын өзгелердің де мойындағаны деп түсіндірілді.

Бұл ретте Қазақстанның дінаралық татулық саласындағы тәжірибесі тек елдің ішкі тұрақтылығын сақтау үшін емес, халық­аралық қауымдастыққа, әлем елдеріне де барынша пайдалы болып шықты. Сондықтан да, Қазақстан Президенті Нұсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен Астана­да бірнеше мәрте өткен әлемдік және дәстүрлі діндер құрылтайы әлемнің әр түкпірінен келген дінбасылардың қолдауына ие болды. Діндер съезі жыл өткен сайын өзіне тілектестердің, оған қатысып, пікір алысуға ықыласты дін жетекшілерінің санын көбейтіп келе жатыр.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайлары осынау игі үрдіске БҰҰ, мүдделі халықаралық және аймақтық ұйымдар, түрлі елдердің үкіметтері мен қоғамдық ұйымдарының тарапынан да қолдауға ие болғаны атап көрсетілген маңызды құжаттар қабылданды. Онда түрлі діндердің өкілдері бейбітшіліктің бесігі атанған Қазақстан жерінде ой тоғыстырып, ақыл қоса отырып, барша адамзат баласы жаңа мыңжылдықта бейбіт өмір сүруі үшін өркениеттер арасындағы сұхбаттастыққа үн қосуы, рухани және мәдени құндылықтарды дамыту жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуға күш салуы қажеттігі нақтыланғаны айтылды. Басқаны былай қойғанда, осынау дүниежүзілік деңгейдегі ауқымды форумның Қазақстан жерінде өтуінің өзі біздің еліміздің әлемдік діндердің өзара ынтымақтастығын арттыру және діни байсалдылығы жөнінен күллі әлем алдында үлкен беделге ие болғанын, сонымен қатар, жалпы халықаралық сахнада өзіндік орны бар елге айналғанын көрсетті.

Осы айтулы жиындарда сөйлеген сөздерінде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елі қай заманда да мемлекеттік саясатта байсалдылық, келісім, түсіністік секілді құнды қағидаларды басым бағыт ретінде ту етіп ұстап келе жатқанын, болашақта да осы ұстанымнан айнымайтынын мәлімдеді. Бұл жұмысты қазір бертінде құрылған Дін істері жөніндегі агенттік жалғастырып келе жатыр. Жалпы алғанда Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық татулықты ту еткен тәжі­рибесі қазірдің өзінде көптеген мемлекеттерге үлгі атанып, белді ғалымдар мен сарапшылардың зерттеу нысандарына айналып келеді. Тәуелсіз мемлекетті аяқтан тұрғызу үшін талмай еңбек етіп келе жатқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дінаралық және ұлтаралық татулық саласында орасан зор жетістіктерге жетті. Бүгінде Қазақстан — дінаралық ахуалы тұрақты, түрлі ұлттар мен ұлыстар, түрлі дін ұстанушылар арасында өзара түсіністік орнаған бейбіт ел. Мұның бәрі, әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы.

22.11.2021

Дереккөз

 

 

 

 

Оқылды 735 рет
JoomShaper
Top