Ең алдымен неке қию рәсімі медреселерде емес, мұсылман мешіттерінде жүргізілетінін атап айтқымыз келеді. Ал еліміздің мешіттерінде жасалатын неке қиғызу рәсімінің жөн-жосығы, оған қойылатын талаптар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығы тарапынан бекітілген.
Негізгі талаптар ретінде мешіттің Бас имамының атына арыз жазып, арызда неке қию күні мен уақытын көрсетуі, неке қидыртатындар мен куәгерлердің мешітке ғұсыл-дәретпен шариғат талабына сай киініп келуі, неке қию кезінде жас-жұбайлардың ата-анасының қатысуы бекітілген. Жастардың ата-анасы болмаған жағдайда неке рәсіміне үйдің үлкендері қатысуы қажет саналады. Бұл талаптарды кез келген мешіт имамынан сұрап білуге немесе ҚМДБ сайттарынан нақтылай түсуге болады.
Дегенмен қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының барлық мешіттерінде неке қиылмас бұрын АХАЖ бөлімінің анықтамасын алып келу талап етіледі. Зайырлы мемлекет заңнамасына сәйкес келетін бұл талап жас отбасылардың қарым-қатынасының заңдылығын бекітіп, жауапкершілігін нығайта түсуді көздейді.
Сіздің жағдайыңызда заңды неке қиғызу Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы 2011 жылғы 26 желтоқсандағы №518-ІV Кодексінің 228-бабы бойынша жүргізіледі. Осы бапта Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиюын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында ел заңнамасына сәйкес жалпы негіздерде немесе некеге отыруға тілек білдірген адам азаматы болып табылатын шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде, консулдық мекемесiнде жүргізілетіні атап көрсетілген. Бұл мәселе бойынша жергілікті АХАЖ бөлімінен толығырақ жауап алуыңызға болады.