Дін істері министрлігі мен мүфтият меморандумы қабылданды (ФОТО)

Сәрсенбі, 15.02.2022

Астана. 15 ақпан. E-ISLAM – Бүгін Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік басшысы Нұрлан Ермекбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ел мұсылмандарының бірлігі қоғамның тұрақтылығын нығайтудағы маңыздылығына тоқталды.  «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларда діни басқармамен жан-жақты өзара іс-қимыл жасайтын боламыз. Келісімге қол қоюымыздың басты себебі де осы» деп атап өтті Нұрлан Байұзақұлы.

Министр сондай-ақ өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету желісінде діни экстремизмді насихаттаудың алдын алуда және өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу ісінде діни бірлестіктермен бірлесіп жұмыстар жүргізу туралы тапсырмасын орындау барысында мүфтиятпен көптеген іс-шараларды бірлесіп атқаруды көздеп отырғанын жеткізді.

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Маямеров өз кезегінде өзара і-қимылды арттыру туралы келісімнің мемлекет пен діни басқарма арасындағы байланысты нығайта түсетінін айтты. «Бұл екі тарапқа тұрғындар арасында дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттауға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізуге мүмкіндік береді. Дін саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп іске асырылатын жұмыстар жастарымыздың бойында зайырлы мемлекеттің қағидаттарына сәйкес келетін рухани құндылықтарды қалыптастыруға негіз болады» деді бас мүфти.

Іс-шара соңында келісім құжатына қол қойылды.


 

 

 

 

Оқылды 261 рет
JoomShaper
Top