Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ: «Мұсылмандарды артта қалдырып отырған үш кесел»

Дүйсенбі, 13.02.2022

Тәуелсіздік халқымыздың тілі мен ділін, тарихы мен дәстүрін, салт-санасын жаңғыртты. Құбылаға жүз бұрған, имандылыққа үйір жастар қарасы көбейді. Қуанарлық жайт. Дегенмен, діннің де дұрысы, ағымның да аласы болатынын соңғы жылдары болған уақиғалар көрсетіп берді. Жастарға дұрыс діни бағыт-бағдар қалай беріледі? Имамдар жат ағымнан жастарды қорғауға қауқарлы ма? Осы сынды сауалдарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы жауап берді.

– Имандылық үйіне  келуші, құбылаға жүз бұрушылардың басым бөлігін жастар құрайды. Діни басқарманың жастар ісіне қатысты бөлімнің жетекшісі ретінде, бұл құбылысқа қандай баға бересіз?

– Негізінде, қандай да бір елдің болашағы сол елдің жастарына тікелей байланысты. Сондықтан жастардың көбі имандылыққа бет бұрып, меіштке келуі көңіл қуантарлық жағдай. «Иманды елді жау алмас» деп атам қазақ бекер айтпаған. Иманды жан әрбір істе ең әуелі Алла көріп тұр деген сенімді бекем ұстанып, барлық жаманшылық атаулыдан бойын алыс ұстайды. Дана халқымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп те тектен текке айтпаса керек.

– Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеге атүсті қарап отырған жоқ. Жастармен тығыз байланыс жасап, қарым-қатынасты күшейтіп келеді. Бұл ретте мемлекеттік жастар ұйымдарымен бірлескен түрде бағдарлама, жобалар жүзеге асырылады. Өйткені, мешітке келген жастардың көпшілігі әртүрлі салаларда білім алып, қызмет ететін болғаннан кейін оларға дұрыс ұстаным мен бағыт-бағдар беріп отыру басты міндетіміз деп санаймыз. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жастардың ішіндегі ең жақсыларың – қарттарыңа ұқсағаның, қарттардың ішіндегі нашарларың – жастарыңа ұқсағаның» деп, жастардың қарттар секілді кең ойлап, жастық шағын босқа өткізіп алмай өмір сүру керектігін дөп басып айтқан. Дана Абай атамыз да: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп, өмірдің мәнін біліп өз орныңды тауып елге, дінге, жерге, халыққа пайдаңды тигізіп өтуді ескертті. Олай болса, жастарымыздың рухани болмысын күшейтуі – оның қос қанатпен самғауы. Адам тән мен жаннан тұрады. Тән күнделікті ішіп-жеу, дұрыс қоректену арқылы қанағаттанса, рухымыз, жанымыз тек құдыреті күшті Жаратушысын тапқан кезде ғана жай табады. Бұл жайында Құранда Алла Тағала: «Жүректер тек Алланы еске алған кезде жай табады» деген. Көптеген жастардың нашақорлыққа, зинақорлыққа, маскүнемділікке, казиноға, өзіне қол жұмсауға барып жататыны рухани аштық, ішкі дүниеміздің бостығынан. Рухымызға керекті азығын бере алмағаннан туындайтын жайт. Сондықтан, жастардың имандылық үйіне  келіп, құбылаға жүз бұрып имамдардан тәлім алуының елдің болашағына тигізер пайдасы зор деп білемін.

– Әлемде, сондай-ақ елімізде дін саласында күрделі жағдайдың қалыптасқаны белгілі. Ілгергі уақытта баласы намаз оқығанда ата-анасы қуанса, қазір керісінше түсінік туды. Бұған не себеп?

– Егерде тарихқа жүгінсек, ешбір ел дінсіз өмір сүрмегенін көреміз. Барлығыныңда бір сенімі болған. «Адамға дін кірмесе жын кіреді» деген ғибраты мол нақыл сөз әркімнің жадында сақталып келді. Алайда, үлкен өкінішке қарай, дінді дұрыс түсінбеген немесе бұрмалаушы топтар оны саясатқа айландырып құбыжық етіп көрсетуде. Соның салдарынан, кейбір жастарымыздың арасында салт-дәстүрімізге қырын қарап, бұрынғы өткендерге адасушылар деп кінә артатындар бой көрсетті. Тіпті, ата-анаға, үлкенге, ұстазға, басшыға, мешіттегі имамдарымызға дейін қарсы шығып, олардың сөзін тыңдамай, ата-анасын намаз оқымаған үшін тамағын ішпей, кәпірге балайтын әрекеттер жиі байқала бастады. Міне, осыдан соң көптеген ата-аналар мешітке баласы барса қорқатын деңгейге жетті. Тіптен, балаларын құлшылық жасауға да тыйым салуға мәжбүр болды. Алайда, ол жастардың ата-анасын кәпірге балап үкім шығаруы аятқа да, хадиске де сай келмейді. Мәселен, Алла Тағала:

«Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешелеріңе жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса: «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр!» (Исра, 23-24) деп, ата-ананы қандай жағдайда болмасын қас-қабағына қарап құрметтеу міндет екенін бұйырады. Дана халқымыздың «Ата-анаң жынды болса байлап бақ» деген тәмсілі Құран аяттарымен ұштасып отыр. Алла елшісінің: «Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!»деп ескерткені тағы бар. Олай болса, өз әке-шешесін кәпірге балағандардың әрекеті шариғатымызға түбегейлі қайшы келеді. Айналып келгенде, бұл жастар білімсіздіктің салдарынан теріс саясаттың құрбаны болып отыр.

– Дінге қызығушылықтың (сұраныстың) артуы имам-молдаларға да үлкен жауапкершілік әкелетіні белгілі. Республика көлемінде дін қызметкерлерін аттестациялаудан өткізу барысында қандай кемшіліктер байқадыңыз? Имамдардың білім-біліктілігі талапқа сай ма?

– Расында, дінге қызығушылықтың артуы имам-молдаларға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Дін қызметкерлері әртүрлі келімсектерге, діни жат ағымдарға қарсы тұру үшін өздерін жан-жақты жетілдіруі аса қажет әрі міндет. Сол үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасы бойынша еліміздегі барлық имам-молдалар сынақтар мен аттестациялардан өткізілді. Қазіргі таңда тәуелсіздік алған кезең мен бүгінгі діни деңгейді салыстыруға мүлдем болмайды. Ол кезде кім Құраннан бір-екі сүре білсе молда болғаны жасырын емес. Бүгінгі таңда жастар еліміздегі «Нұр-Мүбарак» университеті мен ҚМДБ-ға қарасты медреселерден білім алып еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет бөлініп, дін қызметінің қолын ұзартты. Ол – жетістігіміз. Сондай-ақ тұңғыш рет елімізде жоғары деңгейде имамдар форумы өткізіліп, 4 құжат қабылданғанын да атап айтуымыз керек. «Қазақстан мұсылмандары тұғырнамасы», «Мұсылманның бейнесі», «Имамның келбеті», «Дін қызметкерлерінің этикасы» атты  құжаттарда жазылған барлық талап-міндеттер имамдарымыздың болмысынан көрінуі үшін және білімдерін шыңдау мақсатында барлық имам, молдалардан сынақ алынды. Сынақ жақсы нәтиже көрсетті. Жалпы аттестацияның қорытындысы бойынша әлі де білімді кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Оныңда өзіндік себептері бар. Басты себебі – әлеуметтік жағдай. Сондықтан да, кейбір тұста ақсап тұрғаны жасырыным емес. Алла қаласа, ел ағаларының, дін жанашырларының қолдауымен бұл мәселенің де оң шешімі табылар деген үмітіміз бар. Бірқатар өңірлерде бұл жағдайлар шешіліп те келеді.

Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деген ұлағатты сөз қалдырған. Ендеше, жастардың білім алуына жағдай жасау – ел ағаларының басты міндеті болса керек.

Өз кезегінде ҚМДБ-ның Жастар ісі бөлімінің облыстардағы жауапты қызметкерлері имамдарымыздың жанынан табылып көптеген іс-шаралардың жоғары деңгейде өткізілуіне мұрындық болып отыр. Мәселен, 2016 жылы жалпы республика көлемінде жастарға қатысты 22 000-ға жуық іс-шаралар ұйымдастырылып, 626 000-дай адам қатысқан. Сонымен қатар,  4300 үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, онда 300 000 жуық жастар қамтылды. Оның ішінде 1250 танымдық рухани тәрбие жұмыстары жүргізілсе, 800 спорттық шара өткізіліп, 15 000 қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылған.

Мұның барлығы да жастарымыздың бір жақты емес, жан-жақтылығы және отансүйгіштігінің, дін қызметкерлерінің елдің игілігі, тыныштығы мен бірлігі үшін жасап отырған жұмысының бір көрінісі.

– Радикалды ағымдар ең алдымен жастар ортасында насихаттарын жүргізіп, оларды өз ықпалына тартатынын сарапшылар айтып келеді. Жат ағымдардан сақтандыру жұмысы ақпараттандыру көлемінде шектеліп отырған жоқ па? Қандай нақты мақсат-жоспарларыңыз бар?

– Жастарды жат ағымдардан сақтандыру жұмысы ақпараттандыру деңгейінде қалып отыр деуге келе қоймас. Керісінше, республика көлемінде ҚМДБ-ның жанынан ашылған 20 сайтымыз жат ағымның алдын алып, дәстүрлі дінімізді насихаттауға күш біріктірді. Сонымен қатар, «Хикмет» телестудиясы арқылы исламның асыл құндылықтары таспаға түсіріліп, әлеуметтік желілермен қоса мол тиражбен басылып таратылуда. Халықтың көкейтесті сұрақтарына жауап беретін «Пәтуа.кз» сайты да қарқынды жұмыс жүргізуде. Барлық діни портал, сайттарымыз ата-бабамыздан келе жатқан ұстаным, сенім тұрғыдан – Имам Матруди, ғибадат тұрғысынан – Имам ӘбуХанифа мазхабы бойынша дін насихатына үлес қосып отыр.

– Жалпы, өткенді өшкен санау, тарихи тамыры тереңде жатқан, қайнар-көзі, негізі бар дәстүрлі дінге деген теріс түсініктер қайдан келді? Жас буын неліктен сырт елден келген таным-ұғымдарды бүтіндей дін деп қабылдайды? Олардың санасына жол салып, бағыт-бағдар берудің дұрыс жолы қайсы?

– Құран Кәрімнің ең бірінші түскен сүресіндегі, алғашқы бұйрық «Оқы» деген талап болатын. Бұл жерде Алла Тағала барлық білім түрлерін меңгеруді нұсқады. Өйткені, оқу арқылы Жаратушыны танимыз. Бұған қоса, адамды қараңғылықтан жарыққа жетелейтін де – білім. Бүгінде ақ пен қараны ажырата алмай ел ішінде бүлік шығарып жүргендердің әрекеті білімсіздіктен туындап отырғаны күмәнсіз.

Соңғы ғасырлардағы ірі ғұламалардың «Мұсылмандарды артта қалдырып отырған үш кесел: білімсіздік, алауыздық, кедейлік» деп атап көрсеткеніндей, бүгінгі күнгі көзі ашық, көкірегі ояу мұсылмандардың елге деген жанашырлығы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруімен үндесіп жатыр.

– Сөз соңында, жастарға насихат қай кезден, қалай жүргізілуі керек және ата-аналарға айтар кеңес-пікірлеріңіз?

– Жастарға насихат бала кезден, отбасынан бастау алуы қажет. Отбасы, мектеп, медресе тәрізді. Оның негізгі ұстазы – ата-ана. Ата-ана балаға кішкентай кезінен өз сөзі, әрбір ісімен қалай үлгі болса ұрпақтың солай өсетіні анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығы дәл осыны меңзейді. Бала бейне бір тап таза ыдыс секілді. Ыдысты немен толтырсаң, нәтижесі сол болғанындай балаға немен үлгі болсаң қарымтасы да сол болмақ. Дана Абай:

Балам закон білді деп,

Қуанар ата-анасы,

Ойында жоқ бірінің,

Шариғатқа шаласы, - дегеніндей, баланың тек тәндік, яки материалдық қажеттіліктерін ғана ойламай, жан дүниесінің байытып, рухани иммунитетін дұрыс күшейте білсек екі дүниеде де бақытқа кенелеріміз сөзсіз.

Лайым Алла екі дүниенің бақытына кенелуді нәсіп етсін! Әумин!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

 

Оқылды 656 рет
JoomShaper
Top