Стамбул лаңкесі тергеуде жоспарын айтып берді

Бейсенбі, 19.01.2022

Астана. 19 қаңтар. E-ISLAM – Стамбулдың Reina клубында шабуыл жасаған өзбекстандық Абдулгадир Машарипов  қолға түсіп, тергеу барысында өзінің қандай жоспар құрғанын айтып берді.

Ол алдымен Стамбул орталық алаңы Таксимде шабуыл жасауды жоспарлағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Hürriyet. 34 жастағы террорист бұл әрекеттерін Сирияның Ракка қаласындағы ДАИШ содырларынан алған тапсырма деп түсіндірді. 

Алайда, Машарипов орталық алаңдағы қауіпсіздік деңгейінің жоғары болуы себепті ойын іске асыра алмаған.

«Мен Таксим алаңын алдын ала бақыладым, сосын басшыларыма түсірген суреттерді жібердім. Олар Таксимде шабуыл жасауды тапсырды. Жаңа жыл түнінде алаңға келдім, бірақ онда қауіпсіздік қатты күшейтіліпті. Тапсырманы орындау мүмкін еместігін көрдім. Қайтадан оларға хабарласып, жаңа нұсқау алдым. Ол маған осы ауданда басқа нысанды көрсетті» дейді террорист.

Осыдан соң ол күзет қызметі аса күшейтілмеген жағалаудағы Reina клубына келеді. «Раккадағы басшымен кеңесіп, Reina клубы шабуыл жасауға ыңғайлы екенін айттым. Ол келісті. Таксиге отырдым да Зейтинбурнуға келдім. Осында тоқтаған пәтерден қару-жарақ алып, тапсырманы орындауға шықтым» дейді ол.

Айта кетсек, Машариповты тұтқындау кезінде ол кереует астында жасырынған. Артынша өзін өлтірмеуін өтінген.

Сондай-ақ, Машариповтың Ауғанстантағы «әл-Каида» лагерінде жаттығудан өткені анықталды. Онан соң ДАИШ ұйымына кіріп, Сирия асқан. Түркияға өткен жылдың қаңтар айында Иран арқылы келген. 

Оқылды 2453 рет
JoomShaper
Top