Әділ АХМЕТОВ: Қазақстан әлемдік қауіпсіздікке сүбелі үлес қосып келеді

Дүйсенбі, 09.01.2022

Биылдан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметіне ресми түрде кірісті. Осы маңызды миссияны еліміз 2018 жылдың соңына дейін атқармақ. Аталған міндет Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етуге, отырыс шақыруға және талқыланатын күн тәртібін түзуге құқық береді. Мұнымен қоса, республикамыз үшін өзекті мәселелерді көтеріп, әлем назарын аударуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, Қазақстан - әлемдік маңызы зор ұйымның саяси органына сайланған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Бұл мүшеліктің маңыздылығын ескере отырып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым Әділ Ахметовтың ҚазАқпаратқа берген сұхбатын көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

- Әділ Құрманжанұлы, еліміз үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшеліктің маңызы қандай?

- БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне екі жылдық мандаты Қазақстанға тиесілі екені белгілі. Бірнеше елдің ішінде таңдау біздің елге түсті. Біріншіден, бізге деген осы маңызды сенім еліміздің мәртебесін көтереді. Бұған дейін осындай деңгейде мүше болмаған едік. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі алпауыт бес мемлекеттен тұрады, қалған оны әр екі жылда ауысып тұрады. Міне, енді Қазақстан осы абыройлы міндетке 2017 жылдан бастап кірісті. Таяуда қазақстандық делегацияны ҚР Уақытша сенімді өкілі Барлыбай Садықов бастап барып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде 2017 жылғы Кеңестің алғашқы отырысына қатысты. Осыны өзім тарихи оқиға деп бағалап отырмын.

Екіншіден, өздеріңіз білесіздер, көп жылдардан бері ядролық қаруға қарсы салмақты қадамдардың басында Қазақстан тұрғаны белгілі. Өйткені, еліміз Семей сынақ полигонын жауып, ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Сондықтан БҰҰ-да Қазақстанның абыройы өте жоғары.

Үшіншіден, Вашингтонда өткен антиядролық саммитте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жария еткен «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесінің маңызы зор. Бұл ауқымды құжатта Мемлекет басшысы қазіргі заманда бүкіл әлемге қарсы сын-қатерді өте салмақты дәйектермен дәлелдеген. Осы орайда ХХІ ғасырда қаупі төніп тұрған шиеленістердің тұтануына мүмкіндік бермеуді көздейтін БҰҰ-ның арнайы халықаралық конференциясын өткізу қажет екеніне үлкен мән берілген, сондай-ақ бұл шараны кешеуілдетпей, тез іске асыру қажеттігі де баса айтылған. Жалпы, осы бағытта бір мәмілеге келіп, ядролық қаруы жоқ аймақтарды көбейту керек.

Қазіргі кезде барлығы бірін-бірі аңдып отыр. Адамзат алдында тұрған қатерлерді жою үшін ҚР Президентінің «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесте атап өтілген «жол картасын» іске асыру маңызды. Осы тұрғыдан алғанда алдымыздағы екі жылда Қазақстан бұл бағытта үлкен шараларды іске асыруға қауқарлы деп ойлаймын.

20-шы ғасырда жаппай қырып жоятын ядролық қарулар тек алпауыт елдердің ғана уысында болса, бүгінгі таңда ондай қару шығаруға техникалық мүмкіндіктері жеткілікті мемлекеттердің саны 40-қа жетіп отыр және олардың арасында экономикалық тұрғыдан әлсіз елдер де баршылық. Бұл қай тұрғыдан болмасын өте қауіпті сын-қатер екені дау туғызбайды. Өйткені, түптің түбінде бұл күллі өркениет пен адам баласының тегіс жойылып кетуіне апаратын тұйық та, қатерлі жол.

Қазақстанның алдына қойып отырған мақсаты ядролық қаруы жоқ аумақтарды көбейтуге атсалысуға негізделген. Жалпы, Орталық Азияда ядролық қару болмауы керек деген бастаманы Қазақстан бастаған еді. Осы орайда көрші мемлекеттер елімізді қолдады. Бүгінде бұл өңірде қауіпті қару мүлдем жоқ. Бірақ, Қазақстанның мақсаты - барлық құрлықтарда аталған қарудан тазартуға қатысты жұмыстарда ықпалын жалғастыру болып табылады.

- Үлбі металлургиялық зауыты қоймасында МАГАТЭ-нің төмен байытылған ураны сақталатын болады. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?

- Бүгінде әлем елдерімен қатар халықаралық ұйымдар да Қазақстанның жаһандық аренадағы бастамаларына үлкен сеніммен қарап отыр. Бұл ретте Төмен байытылған уран банкінің елімізде құрылуы осы сеніммен тығыз байланысты. Неге МАГАТЭ басқа елдерде осы банкті құрмады? Себебі, басқаларға сенбейді. Қазақстан бұл бағытта әлемдік қауіпсіздікті үнемі назарда ұстап келе жатқанын айқын көрсете алды. Алдағы уақытта да бейбіт атомды дамытуға атсалысамыз, ал ядролық қаруды жоюға барынша күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.

Халықаралық лаңкестіктің етек алуымен байланысты ендігі апат, сын-қатерлердің бір парасы әлемдегі атом электр стансалары десек, мүлде артық айтқандық емес. Сондықтан  осындай электр стансалардың да қауіпсіздігін күшейту керек болып тұр. Өйткені, үстіміздегі жылы лаңкестердің Бельгиядағы атом электр стансасын жармақ болған әрекеті бұған нақты дәлел бола алады. Бұл тұрғыдан келгенде, бүгінгі таңда әлемнің 31 елінде электр қуатын өндіретін 192 атом электр стансаларының барлығы да осы сын-қатерлердің нысандарына жататыны күмән тудырмаса керек.

 - Сирия проблемасын реттеуге арналған келіссөздер 23 қаңтарда Астанада өтетіндігі хабарланған болатын. Жалпы, осы тектес бітімгерлік келіссөздер Қазақстанда өткізілуі жиілеп келе жатқан секілді?

- Сирияда соғысты тоқтату бойынша үлкен әрекеттер жасалуда. Атап айтқанда, Қазақстан әрі қарай да бұл проблеманы реттеуде 2017 жылдың 1 қаңтарынан 2018 жылдың 31 желтоқсаны аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде ықпал етуге әзір. Бірқатар елдер Астанадағы бұл келіссөздерге қолдау білдіріп отыр. Сондықтан бұл фактор Қазақстанның мүшелігі аясында тиімді қадамдарға үлес қосып жүргендігін дәлелдеуде. Себебі, бұндай мәселелерде Қазақстан Президентінің рөлі өте зор. Осыған дейін еліміз  Түркия мен Ресейдің арасын жақындатуға, Украинадағы жағдайды реттеуде, сондай-ақ Иран мәселесінде мәмілегерлік әрекеттер жасады. Бұл фактілердің барлығы Қазақстанның мәртебесін айқын көрсетіп тұр. 

Руслан Ғаббасов

Оқылды 115 рет
JoomShaper
Top