Ғалым ШОЙКИН: Қажылық қатаң қадағалануы тиіс

Жұма, 23.09.2021

Астана. 23 қыркүйек. E-ISLAM – Дін туралы еліміздегі заңға сәйкес, Қазақстаннан кіші қажылыққа барған азаматтар идеологиялық қауіпке кез болады. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мәлімдеді.

Комитет төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта терроризм мен экстремизмге қарсы әзірленіп жатқан заң жобасы ұмра қажылығын қатаң бақылауға алуды көздейді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қажылық пен ұмраны туристік агенттіктерден ажыратып, тікелей мемлекет пен мұсылмандар діни басқармасының қарауына беру туралы ұсынысын дін істері комитеті толығымен құптайды. Неге? Себебі, қазіргі заң бойынша, Қазақстанда дінмен тіркелген діни ұйым ғана айналыса алады, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сондай ұйым. Ал, қажылық пен ұмра бұл тікелей діни рәсімдер, яғни, туризм емес. Сондықтан, заңға жүгінсек, қажылық пен ұмра тек діни ұйым айналыса алатын мәселе. Оның үстіне, қажылыққа баратын адамдардың идеологиялық және рухани қауіпсіздігі тағы бар. Өзіміз білетіндей, қажылық Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тікелей араласуымен өтетін сапар. Діни басқарманың имамдарынан, медициналық қызметкерлер мен басқа да мамандардан құралған топ жыл сайын қажылыққа кеткен азаматтарымыздың амандығын, олардың барғанда жасайтын құлшылығын қадағалап отырады» дейді Ғ.Шойкин.

Комитет төрағасы атап өткендей, қазіргі заңнама бойынша үлкен қажылыққа баратын қазақстандықтардың рухани қауіпсіздігі қадағаланып отыр деуге болады. Ендігі мәселе – ұмра қажылығы.

«Ұмраға тоқталатын болсақ, бұл жерде белгілі бір қауіп бар. Себебі, ұмра жыл он екі ай бойы жасауға болатын құлшылық, қазір ұмра қажылығы заң бойынша қадағаланып отырған жоқ және басқа туристік сапарлардан еш айырмашылығы жоқ деуге болады. Тиісінше, ұмра қажылығына барам деушілерге кез келген туристік агенттік қызмет көрсетіп жатыр. Туристік агенттік олардың рухани қауіпсіздігін мүлде қаперге ілмейді. Яғни, азаматтарымыз жыл бойы ұмра қажылығына аттанады да 5-10 күн бойы рухани ақпарат іздейді. Олардың жанында еріп жүрген имамдарымыз, болмаса, діни басқарманың басқа қызметкерлері жоқ. Осылайша, «адасып» жүрген азаматтарымыз өздері түр-сипатын білмейтін ұйымдар мен діни ағымдардан ақпарат алуы мүмкін. Ұмраға рухани байып қайтамыз деп кеткен азаматтарымыз осылайша қандай идеологиямен оралатынын ешкім білмейді. Жат діни ағымның вирусын жұқтыратын алғашқы қадам осы болмақ» деп түсіндірді Ғ.Шойкин.

«Бүгінгі күні Дін істері комитеті мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  осы мәселені көтеріп, оны бір ізге салу жөнінде ұсыныстар әзірлеген. Яғни, үлкен қажылық сияқты кіші қажылық та Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қадағалауымен жүзеге асуы тиіс» деп түйіндеді комитет төрағасы.

Оқылды 1117 рет
JoomShaper
Top