Тәжікстанға 150 лаңкес оралды

Сәрсенбі, 21.09.2021

Астана. 21 қыркүйек. E-ISLAM – Соңғы жылдары Тәжікстанға әртүрлі террористік топтардың, оның ішінде ДАИШ ұйымының құрамында болған 150-ден аса содыр қайтарылған.

Енді олардың барлығы сот алдында қылмыстық жауапқа тартылады. «Бұл адамдар террористік ұйым құрамында белсенді қызмет еткен. 133-і ДАИШ ұйымында, қалғандары «Джамоати Ансоруллох», «Хизб-ут-тахрир», «Салафия» т.б. ұйымдарда болған» деп мәлімдеді Тәжікстанның Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода. Министр сондай-ақ Түркия, Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан, Әзірбайжан мен Қазақстандағы әріптестеріне қылмыскерлерді ұстауға ықпал жасағаны үшін алғыс айтты.

«ДАИШ сапында соғысу үшін Ирак пен Сирияға аттанған тәжік азаматтарының басым бөлігі, ерте ме, кеш пе, істеген істеріне өкінеді, қателік жасағандарын түсінеді. Өзге идеологияның құрбаны болып жатқанына көз жеткізеді» дейді министр.

Тәжікстан Бас прокуратурасының деректеріне сүйенсек, Ирак пен Сириядағы ДАИШ қатарында республиканың 2 мыңнан аса азаматы жүр. 200-ден астамы қақтығыс кезінде қаза тапқан.

Оқылды 363 рет
JoomShaper
Top