Жыраулар поэзиясының дінді насихаттаудағы рөлі қандай?

Дүйсенбі, 23.05.2016
Жыраулар поэзиясының дінді насихаттаудағы рөлі қандай?

Жыраулар поэзиясының өн бойы ислам шариғатынан бастау алған адамгершілік-өнегелілік ұстанымдарға, рухани құндылықтық қағидаттарға толы екенін әрбір қазақ мектеп қабырғасынан біледі десек, артық айтқанымыз емес.

«Заманына қарай амалы» демекші, алағай да бұлағай кезеңде, «Орманбет би өлген күн, Он сан ноғай бүлген күн» делінетін тағдырымыз тамырлас Ноғайлы ұлысының ыдырау дәуірінде ғұмыр кешкен ХV-ХVІ ғасырлардағы жыраулар негізінен жорық жыраулары болды. Осы кезеңдегі Асан Қайғы, Доспанбет, Қазтуған, Ақтамберді, Шалкиіз жырау жырларында көбіне-көп елдік сарын, жауынгерлік рух басым.

Дегенмен аталған жыраулардың қай-қайсысын алып қарасақ та, ислам қағидаттарымен астаса өрілген имани-рухани құндылықтарды қоса жыр еткенін байқаймыз.

Асан Қайғы жырларына назар аударайық:

«Еділ бол да, Жайық бол,

Ешкімменен ұрыспа!

Жолдасыңа жау тисе,

Жаныңды аяп тұрыспа!

...Ақың болса біреуде

Айыбын тап та ала бер,

Ерегісіп, ұрыспа.

Сенікі жөн болса,

Атың шықпас дұрысқа.

Атаңның құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа.

...Көшетұғын сай үшін,

Өлетұғын тай үшін

Тәуір көрер кісіңмен

Жалған айтып, суыспа.

...Ашу – дұшпан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің

Түбі жоқ терең қуысқа?!».

Осы жырдың өн бойында исламда ерекше насихатталатын көркем мінез-құлық әдептері – кеңпейілділік, кешірімді болу, ашуланбау, сабыр ету, татулық пен бірлікті сақтау ұстанымдары көктей өрілген. 

Ал Шалкиіз жыраудың туындылары Тәңірі ісінің тағылымы жайлы термелеулерге толы:

Еділден аққан сызашық

Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді –

Телегейдесін сайқалтып,

Жарқыраған беренді

Теңіз етсе, Тәңірі етті!

Жағасына қыршын біткен тал еді,

Жапырағын жайқалтып,

Терек етсе Тәңірі етті.

Тебінгінің астынан

Ала балта суырысып,

Тепсінісіп келгенде

Тең атаның ұлы едің,

Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті!

Әр істің жүзеге аспағы бір Алланың әмірімен екенін аңдата отырып, Шалкиіз жырау «өзім болдым» деген менмендіктен сақтандырады. Бұл толғау «Көкірегіңізде тарыдай менмендігіңіз болса, жұмаққа кірмейсіздер» деген Мұхаммед пайғамбар хадисімен де үндеседі.

Мұсылманшылықтың абзалы жүректегі иманның дүние тіршілігінде көрініс табуында, өзгелерге пайдалы болуда екендігін жақсы түсінгендіктен Шалкиіз жырау:

         Жығылғанды тұрғызсаң,      

         Жылағанды уатсаң,

         Қисайғанды түзетсең,

         Тәңірінің үйі бәйтолла,

         Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты,

деп, ел қорғаны болған би Темірді қажылық сапарынан  тоқтатқан. Өз басы үшін жасаған құлшылықтан ел үшін жасалған еңбектің сан есе сауапты екенін осы термемен ұғындырған.

Бұқар жыраудың атақты «Тілек» атты толғауының мәтіні көпшілікке жақсы таныс:

«Бірінші тілек тілеңіз –

Бір Аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз –

Әр шұғлы (ісі) пасық залымның

Тіліне еріп, азбасқа.

Үшінші тілек тілеңіз –

Үшкілсіз көйлек кимеске,

Төртінші тілек тілеңіз –

Төрде төсек тартып жатпасқа.

Бесінші тілек тілеңіз –

Бес уақытта бес намаз

Біреуі қаза болмасқа».

Мұнда да күнәға баспау (Аллаға жазып қалмау), тыйым салынған істерден аулақ болу (пасықтың тіліне ермеу), тіршіліктің қадірін білу (үшкілсіз көйлек – кебін киіп, көрге түсуден сақтауын тілеу), сауапты істі көп жасау үшін аман-есендікті тілеу (төсек тартып жатудан сақтану), мұсылманның бес парызының бірі – намазды қаза қылмай, Алланың бұйрығымен жүру секілді исламның құнды қағидаттары термеленген.

Көптеген толғау-термелердің ішкі мазмұнында өз дәуірінің, өз қоғамының өзекті мәселелері қамтылатыны табиғи жайт. Алайда Алланы бір, пайғамбарды хақ деп білген мұсылман-қазақ жырауы сөздің басы мен соңын Аллаға қаратпай сөйлемеген. Қазтуған жырау өзіне арналған мадақ жырының соңғы сөзінде «Мұсылман мен кәуірдің Арасын бұзып, дінді ашқан» ерлігін ерекшелеп дәріптесе, «Тәңірінің өзі берген күнінде, Хан ұлынан артық еді менің несібем» деп төгілткен Доспамбет жыраудың ақырғы айтары: «Ер Мамайдың алдында Шәһид кештім, өкінбен» болып өрнектеледі.

Осындай ерекшелікті әдебиет тарихында аты қалған әрбір жыраудың дерлік туындысынан көре аламыз. Жоғарыда келтірілген мысалдардан аңғаратынымыздай, барлық жыр-термелерде бірдей Алланың аты аталып, дін қағидаларының түсі түстелмесе де, олардың ішкі мазмұны имани құндылықтарды кеңінен дәріптеуге арналған. Жыраулар поэзиясының халыққа етене жақын ұғымдармен, рухани ұстанымдармен, жыр тілімен дін насихатын жүргізудегі маңызы осыдан танылады.

 Айнұр Әбдірәсілқызы

Оқылды 846 рет
JoomShaper
Top