Абайдың Жидебайдағы қорық-мұражайы

Сәрсенбі, 10.12.2021
Абайдың Жидебайдағы қорық-мұражайы

Абай қорық-мұражайы қорында 20 мыңнан астам жәдігері, 12 950 кітабы бар ғылыми кітапхана және көшірме жасайтын ғылыми-техникалық бөлім бар.

Абайдың Жидебайдағы қорық-мұражайы - 1971 жылы Жидебайдағы Абай қыстауы үкімет қаулысымен қалпына келтіріліп, мұражай ретінде ашылды. Үй - дәлізден, асүйден, қонақжайдан, Абайдың жұмыс бөлмесінен, Ділдәнің, Әйгерім мен Еркежанның отауынан, соғым сүрлейтін шошаладан, лапастан, екі себеттен тұрады. Әр бөлмеге Абайдың өзі Семей өлкетану мұражайына өткізген экспонаттармен қоса, сол үйге тікелей қатысты заттар орналасқан. Ақынның көзі тірісіндегі жиһаз-мүліктер, Ділдә мен Еркежанның жасаулары, саят құралдары, жиған кітаптары, тоғықұмалақ тақтасы, ақынның қойын сағаты мен тісқабы, жазу үстелі мен орындықтары, ат әбзелдері, сондай-ақ өзге де тұрмыстық-этнографиялық мемориалдық мұралар қойылған.
1990 жылы сәуір айынан бастап қорық-мұражай болып қайта құрылды. Жидебайдың айналасындағы Абайға тиесілі 6 400 га жер қорық ретінде мемлекеттік қорғауға алынды. Қорықтың аймағында Зере, Ұлжан, Құдайберді, Ғабитхан кесенесі, Абай мен Шәкәрімнің ғимарат-кешені, Кеңгірбай бидің мазары, Оспан көлі, Мұқсақұл төбесі, Турағұл қыстауы, Тәкежанның қоныстары орын тепкен.
Мұхтар Әуезовтің ұсынысы бойынша, мұражай 1957 жылдан бастап қоршалып, түрлі мұрағаттық жабдықтармен толықтырыла бастады. Жазушы бала кезінде атасы Әуезге еріп, Жидебайға келген, Абайды көріп, батасын алған. «Абай жолы» эпопеясында Жидебай қыстауы кеңінен суреттелген. «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында ұлы жазушының өзі сызып, қағазға түсірген Жидебайдағы Абай үйінің жобасы сақтаулы.[1]

Мұхтар Әуезов энциклопедиясы - Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011

Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы–ақынның туғанына 95 жыл толуы қарсаңында Халық Комиссарлар Кеңесінің 1940 жылғы 1-сәуірдегі қаулысы бойынша ұйымдастырылды.

Оның негізгі қорын 1885 жылы өлкетану мұражайына Абай тапсырған заттар құрайды. Аталмыш заттардың 30-ға жуығы мұражай қорында сақтаулы. 

Алғашқы жылдары мұражай Абай ақын Семейге келгенде ат басын тіреп, түсіп жүрген Бекбай Байысов пен Әнияр Молдабаевтың үйлеріне орналасқан болатын. 1967 жылдан бастап, мұражай көпес Ершовтың (Ленин көшесі, 12) үйіне орын тепті.

1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Абай мұражайы мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайы болып қайта құрылды. 

Қорық-мұражайдың құрамына қалалық кешен, Бөрілідегі М.Әуезовтің музей-үйі, Жидебайдағы Абайдың әдеби-мемориалдық музейі, қорық аймағына кіретін 16 тарихи орындар, Абай ауданы Құндызды ауылындағы халық ақыны Шәкір Әбеновтың мұражайы және Мақаншыдағы Әсет Найманбаевтың музейі кіреді. 

Қалалық кешенге Ахмет Риза медресесі мен мешіті, «Алаш арыстары және М.Әуезов» музейі кіреді. Мұнда ақын пайдаланған кітаптардың түпнұсқалары қойылған. Мұражайда ұлы ақын өміріне қатысты бірнеше бөлімдер бар. Осының бәрі қосыла келгенде Абай дәуіріне, оның шығармашылығына терең бойлауға жол ашады. 

Бас мұражай экспозициясы келесі залдардан тұрады: «Абай және оның дәуірі», «Абай шығармашылығы», «Абай шығармашылығының қайнар бұлақтары», «Абай аудармалары мен музыкалық мұрасы», «Шығыс поэмалары», «Ескендір поэмасы», «Күмбезді зал», «Жыл мезгілдері», «Жаз өлеңіне арналған панорамалық заң», «Тақырыптық көрмелер залы», «Ақындық айналасы», «Абай халық жүрегінде», «Сыйлықтар залы».

1855-1859 жылдары Ахмет Риза медресе экспозициясы, медресе тарихы, Абай және Шығыс бөлімдерінен тұрады. Медреседе жас шәкірт Абай (Ибраһим) пайдаланған түпнұсқа кітаптар қойылған. Бұлар әдеби оқулықтар, шығыс ғұламаларының еңбектері.

Абай қорық-мұражайы қорында 20 мыңнан астам жәдігері, 12 950 кітабы бар ғылыми кітапхана және көшірме жасайтын ғылыми-техникалық бөлім бар. 

1997 жылы Семейдегі Әнияр Молдабаевтың үйінде «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы ашылды. Ол М.Әуезовтің Семейдегі өмірі мен қызметіне, сондай-ақ алашорда қайраткерлеріне арналған.

Абай ауданының аймағында орналасқан Бөрілі-Мұхтардың балалық, жастық шағы өткен жер. Сондықтан мұнда жазушының өмірі мен шығармашылығын қамтиды. 

Жидебай – Абайдың әкесі Құнанбай әулетінің ата қонысы. Мұнда ақынның әдеби мұралары: қарасөздері, өлеңдері, аудармалары жазылды. 

Ақын мұражайын кезінде өркендетуге үлес қосқан жазушы, ғалым, қайраткерлер Қ.Туғанбаев, Қ.Мұхамедханұлы болды. Мұражайда жазушы М.Әуезовтың өз қолымен сыйға тартқан ақынның көзі тірісінде түскен фотосуреттері және Абай үйінің дүниелері асылдың көзіндей сақтаулы. 

Сонымен қатар, қаланың музыка, өнер саласындағы өнерпаздарының жиі бас қосатын жері.
Белгілі жазушы-сыншы, әдебиет және өнер зерттеушісі, абайтанушы Төкен Смайылұлы Ибрагимов 1976 жылдан осы Абай қорық мұражайын басқарады.

http://new.nabrk.kz/index.php?page=content&rootmenu=true&id=113

 

 

 

Оқылды 1548 рет
JoomShaper
Top