Тағдырға мойынсұну – иман шарттарының бірі

Дүйсенбі, 06.06.2022

Ислам тарихында алғашқы сенімдік тартысқа себеп болған тақырыптардың бірі тағдыр мәселесі екені көзі қарақты діни қауымға белгілі.

Мүшріктердің кейбірі өмірден көрген теперіштерін тағдырға телитін. Құран-Кәрім бұл туралы былай баяндайды: «Аллаға серік қосқандар: «Егер Алла қаласа еді, біз де аталарымыз да серік қоспаған болар едік, әрі еш нәрсені харам қылмаған болар едік» дейді. Осы секілді бұлардан бұрынғылар да бейнетімізді татқанға дейін жасынға шығарған. (Мұхаммед с.а.у): «Жандарында бізге қарсы шығара алатын білімдерің бар ма. Негізінде сендер ойларыңа ғана ілесесіңдер де өтірік айтасыңдар» де» (Әнғам, 6/148).

Атақты тәпсірші Алуси: «Мүшріктер Құран аятындағы бұл сөзді істеген күнәлары үшін кешірім сұрау мақсатында айтқан емес. Өйткені, олар өз іс-әрекеттерін теріс деп ойламайтын. Алла олардың іс-әрекетін ұнатпаған, сондықтан, оларға жақсылық жасауды жазбаған. Керісінше, олар өз іс-әрекеттерінің жақсы екенін және табынғандарының (пұттар) Аллаға ұластыратынына иланатын. Өздерінің харам деп санаған істерін Алла харам деп санайды деп ойлайтын. Құранда баяндалғандай мүшіріктер өз іс-әрекеттерін Алладан көріп, өз-өзін ақтайтын. Олар: «Егер Алла қаламаған болса,  біз Оған  серік қоспаған болар едік. Біз іс-әрекеттерімізді Оның қалауымен жасағандықтан, харам санамаймыз» дейтін.

Пайғамбарымыздың (с.а.у) дәуірінде тағдырдан өзге сенім мәселелеріне қатысты кейбір арабтар ескі түсініктердің негізінде талас-тартыстар тудыратын. Аш-Шахристани өз шығармасында бұл мәселелерді жан-жақты баяндап өткен. Құран-Кәрімде: «Көктің гүрілі; дәріптеп, періштелер қорқып, Алланы пәктейді. Алла нажағайларды жіберіп, қалағанына тигізеді. Олар Алла жайында таласады. Негізінде Алла орасан күшке ие» (Рағыд, 13/13) деп ескі діни сенімдегі арабтар туралы баяндалған. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.а.у) дәуірінде өмір сүрген екіжүзділер Алла Елшісін (с.а.у) орасан күш пен құдыретке ие деген асқын пікірлер айтып қалатын. Осылайша кейбір екіжүзділер сыртқы пішінімен мұсылман болып көрініп, исламға қайшы әртүрлі пікірлерді айтып, арам пиғылдарын білдіретін. Олардың пікірлері алғашқыда мұсылмандар арасында талас-тартыстар туғызбағанмен, кейінгі дәуірдегі сенімдік мәселелерде туындаған талас-тартыстардың тұздығына айналды. Сондай мұсылмандарды жік-жапар еткен талас‑тартыстардың бірі тағдыр мәселесі еді. Шынтуайтында, Пайғамбарымыз (с.а.у) үмбетті тағдырға илануға үндеп, бұл тақырыпта тартыспауды аманаттаған еді. Тағдырға иман келтіру туралы «Жебірейіл» оқиғасын нақты айтылған болатын. Жебірейіл (с.а.у) Пайғамбарымыздың (с.а.у) арасындағы диалогта иманның анықтамасы: «Аллаға періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға, ақырет күніне және жаманшылық пен жақсылықтың тағдырдан екендігіне сену» (Мүсілім, Иман/1; Тирмизи, Қадар/10) деп нақтыланған еді.

Тағдырға сену дегеніміз – Аллаға мойынсұнып, Оның ілімі әрбір нәрсені қамтитынын және Оның әу баста болатын әрбір қозғалыс пен оқиғаларды белгілегеніне илану. Пайғамбарымыз (с.а.у) тағдырға мойынсұнуға шақырып, бірақ, бұл мәселеде пікірталастыруға тиым салды. Өйткені, тағдыр тақырыбында пікірталас жасаудың нәзік және әлсіз тұстары бар. Пікірталас барысында әртүрлі көзқарастар айтылғаннан кейін ақылдың діңі босап, сенімге қылау түседі. Пікірталас асқына түссе адам имани ақылдан айырылып, әртүрлі көзқарастардың жетегінде кетіп, нәтижесінде мұсылмандар арасында бөлінушіліктер орын алады. Тағдыр мәселесі бойынша пікірталастырушылар өз ұстанымдарына нақты бір дәлел таппағаннан кейін, мәселеге сенім тұрғысынан емес, жалаң сезіммен қарап, сыңыржақтыққа ұрынады.  

Пайғамбарымыз (с.а.у) жантсәлім еткеннен кейін ислам халифатының шекарасы кеңейіп, мұсылмандар ескі мәдениеттер өркен жайған өлкелерді бағындырды. Бұл жаңа өлкенің тұрғындары исламды қабылдағанмен, ескі діни сенімдерінен мүлде қол үзе қойған жоқ. Осының салдарынан исламның атын жамылған дүбәра сенімдер ортаға шықты. Олардың ішінде тағдырға сенгендер және тағдырға сенудің түпкілікті мәнін ұқпағандар, тіпті тағдырға сенуден бас тартқандар да бар болатын. Дүбара діни сенімдегі адамдар Пайғамбарымыздың (с.а.у) тағдыр мәселесінде пікірталасқа тиым салғанына құлақ түрген жоқ. Мысалы, Омар ибн Хаттаб дәуірінде тағдырға қатысты мынадай бір оқиға орын алды:

Жасауылдар Омар ибн Хаттабтың алдына бір ұрыны алып келеді. Әзіреті Омар одан «неге ұрлық істедің» деп сұрағанда, әлгі ұры: «Алла пешенеме жазғаннан кейін істедім» деп жауап қатады. Әзіреті Омар ұрлық қылмысына берілетін қол кесу жазасымен қоса, оған дүре соқтырады. «Дүре не үшін соғылды» деп сұрағандарға, халиф: «Қолын кескенім ұрлығы үшін, ал дүре соқтырғаным, өз бәлесін Аллаға жапқаны үшін» деп жауап береді.

Бірде әзіреті Омар оба ауруы шыққан бір кентке барудан бас тартады. Сонда тағдыр туралы түсінігі дұрыс емес бір жан: «Алланың тағдырынан қашамысың?» деп сауал тастайды. Әлігі әзіреті Омар: «Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашамын» деп жауап береді. Әзіреті Османды өлтірген қанды қол қарақшылар да: «Сені Алла таспен ұруда» деп, қылмыстарынан бас тартпақ болған еді. Сонда оларға әзіреті Осман: «Жалған сөйлейсіз» деп жауап қатқан болатын.

Әсілі, мұндай жартыкеш түсініктер ескі сенімдер мен мәдениеттерді жақтаушылардың діни ұстанымынан мұсылмандар арасына тарай бастады. Тағдыр мәселесі күн тәртібінен түспей, қатты ушыққан кезде мұсылмандар бірлігінен айырылды. Базбір оқымыстылар жүрекпен қарауға тиісті нәзік мәселеге философиялық өлшемдерді араластырып, тағдыр дауының қоламтасын үрлей түсті. Алайда, мұсылмандар ақыл көзімен қараса да тағдыр мәселесінің шешімін таба алмай даурығатын. Тағдыр мәселесі ескі мәдениеттер мен діндердің ықпалымен күннен күнге зорая түсті.

Жалпы, ислам тарихында оқтын-оқтын көтерілген өзекті тақырыптардың біріне айналған тағдыр мәселесі ақида ағымдарының шығуына да ықпал етті.

Мұхан ИСАХАН,

исламтанушы 

Оқылды 148 рет
JoomShaper
Top