Ислам мен иман сөздерінің ұғымы

Сәрсенбі, 06.11.2021

Ислам сөзі негізінен өте ауқымды, кең мағыналы термин. Ал иман осы ауқымды, кең мағыналы ұғымның бір бөлігі ғана.

«Ислам» сөзі - мойынсұну, бағыну, берілу, амандықта болу деген ұғымды білдіреді. Терминдік мағынасы: Ұлы Жаратушы Ие Аллаһқа мойынсұну және Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың дін ретінде әкелген, үйреткен, жеткізген нәрселерін толықтай қабыл етіп, ұстану.

Құранда иман мен ислам сөздері кейде бір мағынада айтылса, кейде екеуі екі бөлек мағына екенін білдіретін аяттар бар. Осы аяттардың екі мағынада айтылуы мұсылман ғалымдарының екі түрлі пікір ұстануына бірден‑бір себеп болған. Әрбірі, осы екі пікірдің бірін дәлелдеуге тырысады.

Ислам сөзі негізінен өте ауқымды, кең мағыналы термин. Ал иман осы ауқымды, кең мағыналы ұғымның бір бөлігі ғана. Ислам негізінен берілу, тәслім болуды білдіреді. Тәсілім болу, мойынсұну үш түрлі жолмен: жүрекпен сену арқылы, тілмен айту арқылы және дене мүшелерімен құлшылық ету арқылы жүзеге асады. Бұлардың ең жоғарғы мәртебесі жүрекпен сеніп берілу. Міне, мұны иман дейміз.

Әшғарилер мен Матуриди ғалымдарының көпшілігі ислам мен иманды бөлек ұғым ретінде түсіндіреді. Әрбір мумин мұсылман болады. Бірақ, әрбір мұсылман мумин бола алмайды. Өйткені, тілімен иман еткен мунафиқтар тек сырт көріністе мұсылман болуда, ақиқатында жүрегінде иманы болмағандықтан мумин емес. Олар бұған дәлел ретінде Хужурат сүресінің 14 аятын нұсқайды

Әбу Хурайрадан риуаят етілген Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Жибрил» хадисі деген мәшхур хадисінде ислам, иман, ихсан сөздері мен ұғымдарын үш түрлі мағынада қолданғандығы мәлім: «Расулуллаһ бір күні сахабаларымен бірге отырған кезде бір адам келіп Пайғамбарымызға:

- Иман деген не? - деп сұрайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Иман дегеніміз, Аллаһқа, періштелеріне, Аллаһқа қауышуға, пайғамбарларына, өлгеннен кейін қайта тірілуге сену, - деп жауап берді.

Ол кісі қайта:

- Ислам деген не? - деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Ислам дегеніміз - Аллаһқа құлшылық ету, оған ешнәрсені серік қоспау, намаз оқу, парыз болған зекетті беру, рамазанда ораза ұстау және Қағбаны хаж етуің, - деп жауап берді. Әлгі кісі:

- Ихсан деген не? - деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Сені көріп тұрғандай Аллаһқа құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрады, - деп жауап берді. Ол:

- Қиямет қашан болады?, - деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Мұны сұралушы сұрағаннан жақсы білмейді, - деді». (Бухари, Китабул иман – 47)

Хадистен де көз жеткізіп отырғанымыздай иман мен ислам әсте бір ұғым емес екен. Түйіндей айтқанда: иман сену болса, ислам негізгі құлшылықтарды орындау болып табылады.

Оқылды 2675 рет
JoomShaper
Top