Ораза - мәңгілік бақытқа қол жеткізер құндылық

Дүйсенбі, 30.06.2021
Ораза - мәңгілік бақытқа қол жеткізер құндылық

Аллаһ-Тағала әрбір күні жаннатты безендіріп «Салих құлдарым жамандық пен қиянаттты жою үшін асығуда» дейді.

 

Тіршілікке байыппенен көз жіберсек, жаратылғандардың ішінде адам баласының артық туып, ардақты болып жаратылғандығын бағамдай аламыз. Дей-тұрғанмен, Аллаһ Тағала пендесіне нәпсіні де беріп қателесетін, жаза басатын, күнә жасайтын етіп жаратқан. Егер, адамзат баласының да болмысы періштелер секілді кемшіліксіз пәк болса, сынақ әлемі болып табылатын мына дүние мен есеп беретін арғы дүниенің ешбір мәні қалмас еді. Демек, адамзат баласы үшін тіршіліктің мәні - жасаған қатесін түзеп, тәубаға келіп, күнәдан арылудан тұрады. Біз бүгін күнәлардан арылтып, жасыл бақ жаннатқа жол бастайтын илаһи зор мүмкіндік - қасиетті Рамазан айының маңыздылығына аз-кем тоқталуды жөн көріп отырмыз.  

Аллаһ-Тағала Құран-Кәрімде: «Ей иман еткендер! Ораза тұту сіздерден бұрынғыларға парыз болғаны секілді, сіздерге де парыз етілді» (Бақара/183) деп бұйырады. 

Мұсылман қауымға Рамазан айында ораза тұту көш реформасының екінші жылы жоғарыдағы аяттың нәзіл болуымен парыз болып бекіді. Әсілі, мұсылмандар Мекке дәуірінде де әрбір айдың белгілі-бір күндері ораза ұстайтын. Ал, жоғарыдағы аяттың түсуімен, ауыз бекітуге қатысты үш түрлі мынадай жаңа өзгеріс енді. 

Біріншіден, мұсылмандар ораза тұту туралы жоғарыдағы аят түскенге дейін де әрбір айдың үш күнінде және ашура күндері ораза ұстайтын. Ал, Мәдина дәуірінде тұтас Рамазан айында ауыз бекіту парыз болып бекіді.

Екіншіден, науқас және сапарда жүргендер мен қарттар, сондай-ақ, омырауында сәбиі бар аналар, өзге ауыз бекіткен мұсылманның ас-ауқатын берген болса, ораза тұтудың орнын толтырған болып есептелді.

Үшіншіден, мұсылмандарға ауыз ашып болғаннан кейін жұбайларына жақындауға рұқсат берілді (Ибн Кәсир, Тәфсир. І т. 142-143 б). Осылайша көш реформасының екінші жылынан (624 ж) бастап әрбір жылы Аллаһ ризашылығы үшін Рамазан айында ауыз бекіту мұсылман қауымға үрдіс болып бекіді.  

Таң сәрісінен ымырт жабылғанға дейін ішіп-жеуден тиылып ораза тұту жөнінде Құран-Кәрімнен өзге мұсылмандық қайнар-көздерде қандай нұсқау бар? дегенге келетін болсақ, Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның бұл тұрғыда айтқан көптеген хадис-шарифтері бар. Бір құдси хадисте: «Адам баласының жасаған ізгі істері мен ғибадаттары олар үшін пайдалы болмақ. Бірақ ораза тұтудың сауабы мүлде басқа. Өйткені, ораза тұту Мен (Аллаһ) үшін жасалған ғибадат. Сондықтан оның сауабын Өзім беремін» деп айтылады. Сондай-ақ, басқа бір құдси хадисте: «...Мүмін Раббысымен қауышқан сәтте, ораза ұстағандығына қатты қуанады» деп баяндалады. Яғни, ораза тұту дегеніміз Аллаһ-Тағала қош көрген және Оның ризашылығын алуымызға себепші болатын ғибадаттардың ішіндегі ұлығы болып табылады. Пайғамбарымыз  (с.а.у)-ның айтуына қарағанда мұсылман баласы Алланың ризашылығы үшін ғана ораза тұтады. Сондықтан да ораза тұтудың сауабын өлшеп-пішу мүмкін емес. 

Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның хадис-шарифінде: «Рамазан жұлдызы туған сәтте рахмет есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылып, шайтандар шынжырланады» деп айтылады. Яғни, Рамазан айында нәпсіні қоздырып, жамандыққа итермелеуші шайтандар шідерленіп, адам баласы пәле-жаланың қамауынан босап, рухани еркіндікке қол жеткізеді. Сондай-ақ, хадистерде баяндалғандай жұмақ қақпаларының айқара ашылғандығы соншалықты бұл айда жасаған әрбір ізгі ісімізге жетпіс сауаптан жазылады. 

Аллаһ Елшісі (с.а.у) келесі бір хадис-шарифінде: «Кімде-кім иланып, ықыласпен Рамазан айында ауыз бекітсе, Аллаһ оның жасаған және болашақта жасайтын күнәларының барлығын кешіреді» деп сүйіншілейді. Яғни, бұл хадис бойынша Аллаһ ризашылығы үшін ынты-шынтымен ораза ұстаған адам қым-қуыт сүреңі көп мына фәнидегі илаһи сыннан сүрінбей өтіп, мәңгілік бақытқа кенеледі. Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның келесі бір хадис-шарифінде: «Жаннатта Райиан деген қақпа бар. Бұл қақпадан қиямет күні тек ораза тұтқандар ғана кіреді. Бұл қақпадан ораза тұтқандардан басқа ешкім кіре алмайды. (Қиямет күні) Ораза ұстағандар қайда деп сұралғанда, ораза тұтушылар бұл қақпа арқылы жаннатқа  кіреді. Ораза ұстаушылардың соңғысы бұл қақпадан кіргенде, қақпа жабылады. Бұдан кейін мұнда ешкім кіре алмайды» дейді. Яғни, Аллаһ Елшісі (с.а.у) бұл өсиеті арқылы Хақтың  ризашылығы үшін риясыз ораза тұтқан мүміннің жасыл бақ жаннатта мәңгілік жаны шалқитынын баян еткен. 

Имам Ғазали өз шығармасында Рамазан айында Исламға дейінгі қауымдарға берілмеген, тек мұсылман жұрағатына берілетін мынадай бес илаһи тартудың бар екендігін айтады: 

1 – Аллаһтың құзырында ораза тұтқан адамның аузынан шыққан иіс мисктің иісінен де қош иісті болып келеді. 

2 – Ауыз ашқанға дейін періштелер ораза тұтушылар үшін Аллаһтан кешірім тілейді. 

3 –  Бұл айда шайтандар шынжырланып, қамауда ұсталады. 

4 – Аллаһ-Тағала әрбір күні жаннатты безендіріп «Салих құлдарым жамандық пен қиянаттты жою үшін асығуда» дейді. 

5 – Рамазан айының соңғы кешінде мүміндер кешіріледі (Имам Ғазали, Мукашафатул Кулуб. 599 б). 

Ораза тұтудың әлеуметтік маңызы мен өзгеде жеке тұлғаға пайдалы элементтерін сөз ететін болсақ, әлбетте оны бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Рамазан айында ораза тұтудың артықшылығы мен иллаһи мол қайтарымына сене отырып, ауыз бекіткен адам өзіне кемел бір көркем уағыз жасаушы мен тура жолға жөн сілтеген жол бастаушыны тапқандай болады. Себебі, Рамазан кешірім және илаһи сый-сияпаттың қазыналы кені. Рамазан айында жан-тәнімен ғибадат жасаған жанның иншалла тәубесі қабыл болып, жапырағынан айырылған күзгі ағаштай күнәлары бойынан төгіліп түседі. 

Бұл айдағы кеш-құрым кездегі ауыз ашардың құттылығы мен таң сәрісіне тұрудың берекесі мол. Бұндай арайлы шақ көңілді сергітіп, жүрегіңді жылылыққа баулиды. Бұндай рухани елтуде адам кісімсуден, даңдайсудан, мейманасы тасудан арылып, кішіпейілдіктің кілтін тауып, ерекше рухани күй кешеді. Мүміннің көкірек көзі ашылып, ішкі иірімдері тамаша үйлесімдікке бой алдырады. Сөйтіп, жаратылыстағы саналы тіршілік иесі екендігіне көз жеткізіп, оған мың да бір шүкір етеді.

Мүмін, ізгі сезімдерге шомып, бұл айда өз-өзін бақытты санайды. Өйткені, мүмін бұл айда тамұқ есіктері жабылып, жұмақ есіктері ашылатынын, шайтандардың шынжырланып, байланатынын біледі. Бұл айда ынты-шынтымен ауыз бекітіп, рухы мен көңілін кір-қоқыстан тазартып ұстаған адамға шайтанның азғыруы өтпей, құрған тұзағы бос болып қалады. Себебі, бұл құлшылықтың мәнісін ұққанға, ораза күнәдан сақтайтын қалқан, жамандыққа қарсы бөгеу. Сонымен бірге, адам барлық періштелер жер бетіне түсетін айды бастан өткеріп, олардың пәк сезімдерімен бірге өмір сүреді. 

Рамазан айында бар ықыласымен ораза ұстаушының   күнә жасайтын сезімдері суалып, керісінше сауап жасауға деген ұмтылысының ұясы ашыла түседі. Бұндай жақсылық жасауға мол мүмкіндік туған сәтте мүмін ерекше рухани шабытта болады. Ал, керісінше шайтанның жігері жасып, әл-дәрмені құриды. Таң сәрісінен ауыз ашарға дейін жалғыз қалғанда да немесе көпшілік ортада да ішіп жеуден тиып, ойды лайлап, бойды шырмайтын сезімдерден өзін-өзі тұсап, тия білу нәпсіні тәрбиелеудің үлкен мектебі екендігі даусыз. Әсілі, бұлай деп айту маңызды емес, бұл рухани күрестің ләззатына шомып, оны бастан кешіру шын мәнінде ғанибет. Себебі, Рамазан айындағы күндізгі нәпсімен күресіп, кешкі уақытта оның дәмі бөлек ләззатына қанығасың. 

Рамазан айындағы рух майданындағы күрес біздің қарайған жүрегімізді ағартып, селкеу түскен көңілімізді жадыратып, сарғайған санамызға сілкініс туғызып, рухымызды тітіркентіп, таным көкжиегімізді арттырып, мұратымызды нақтылай түседі. Бұл айда айдында жүзіп көлдің шырайын келтірген аққу сынды, адамның ақылы өз дариясында еркін жүзіп, мәңгілік сөнбейтін сәуле Құран мен Сүннеттен жылу алып, ақыл өз арнасынан адаспай, адамдық болмысымыз өз биігіне көтеріледі.  

Рамазанда ауыз бекітудің мағынасы тек ашқұрсақ болып жүру десек қателесеміз. Адам ашқұрсақ болғанмен,  тілімен жалған сөйлеп, күпір айтып, боқтан өзгені әңгіме қылып, шақпақ болып әркімді шағыстырып, у ішіп жатса, иманның тұрағы болуы тиіс жүрек керісінше лаң тудырудың апанына айналған болса, ашқұрсақ болып ораза тұтқанның ешқандай пайдасы болмайды. Онда, тек өз-өзіңді алдап шаршап-шалдыққаның қалады. Әсілі, ораза ұстаушының аузы қайырлы нәрсені сөйлеп, айтпас жерде тілін тартып үнсіз қалуы тиіс. Ораза ұстаушының тілі зікір немесе дұға жасап, жақсы сөздерді айтуы керек. Иманның тұрағы болған жүрек қорқыныш пен үрей, шайтанның азғыруы мен күмән, лаң мен іріткі салушылшық пиғылдан тазаруы шарт. Бұлардың орнына саналы сенім мен көркем мінезді қалыптастырып, менмендік, өзін-өзі аса жақсы көру, тек қарақан басын ойлау секілді бұзық пиғылдан ада болуы керек. 

Ораза тұтудың негізгі мақсатын сай жүзеге асырған адам  ашқұрсақ болумен бірге қолы, тілі мен жүрегі де ораза тұтады. Адамның тұла бойы оразаның құндылығымен біте қайнасып, оразамен мұраттас болады. Ораза адамның өз нәпсісіне есеп берудің қайнар-көзі іспетті. Бейне жақсылық атаулының қазыналы кені секілді. Рамазанның көк жүзі әрқашан нөсерлеп жаууға дайын рахмет бұлттарға толы болады. Кенезесі кеуіп кеткен көңілдің бұл рамазан рахметімен кемері толады. Қол, тіл, көңіл біріге отырып, рахмет бұлттарымен біте қайнасады. 

Ораза ішкі жан дүниеміздегі кір-қоқысты жуып шаюға таптырмайтын  мүмкіндік. Талықсып шаршаған бой-тұрқымыз бұл айда тынығып дем алады. Көктемде жер бауырлап есетін алтын күрек самалындай құшағымыздан бауырмалдықтың желі есіп, қолымыздан келген игілікті жасап, жетімдердің жүзіне күлкі үйіріліп, кедей-кепшік бір қуанып, ата-аналарымыз бақыттың құшағында жүздері бал-бұл жанады. Әрбір жылы Рамазан айында қуанышқа кенеліп, айналамызға нұр-шұғыласын шашқан қасиетті кештердің, құлақтың құрышын қандырған азанның, таң сәрісіндегі тәттіліктің, ауыз ашардағы ләззаттың, тарауйһ намазға деген ынтаны көрген балалар бұл айды сүйіп өседі. Жас өскіннің жан сарайы арайланып, Құран оқуды заңдылыққа айналдырып, жоқ-жітік пен міскін-ғарыптарға көмек қолын созуға құштар болып тұрады. Адамдар бір-біріне деген ынтызар мейірімімен, бірін-бірі сүйіп, бірін-бірі қуантады. Күлкіні ұмытқан адамдар бұл айда ең азында жымиғанын көресің. Себебі, Рамазан айы өтірік сөйлемей, ешкімді арбамай, қулық  жасамай, қақ-соққа үйір болмай, мейірімді, мархаматты, жылы жүзбен өмір сүруді үндейді. 

Рамазан айының жылуары бейне таң шапағындай әр тарапқа шуағын төгеді. Еңбектеген  баладан еңкейген кәрі, шопан мен аңшы, мұғалім мен шәкірт, жұмысшы мен жұмыс беруші, әрбір адам ішкі жан дүниесіне және қабылетіне қарай одан өз несібесін алады. Отбасы болсын, көпшілік орта болсын көңіл тұтастығын құрады. Рамазан әрбір отбасыға тірлік, көңілдерге бірлік, жалпы қауымға жақсылық әкеледі. 

Рамазаның әртүрлі функцияларының бірі: «міскін ғарыптың жүзіне күлкі үйіріп, қоғамдағы әлеуметтік теңдіктің сақталуын қамтамасыз етуі» ерекше назар аудартады. Рамазан айындағы ерекше айтып өтер жәйт, бай адамдардың кедей адамдарға «пітір садақасын» беруі болып табылады. Осылайша бұл айда жоқ-жітікті қарайласу тек көңілмен ғана емес, іс жүзінде көмек қолын созуды міндеттеп, жүктейді. 

Тағы бір ерекшелігі білім мен тәрбие тұрғысынан алып қарағанда бұл ай жас балғын мен жасөспірімдердің жақсылыққа ұмтылуына, шылым, арақ, құмар секілді жаман әдеттерге салынып кеткен адамдардың өзін-өзі құтқаруына мол мүмкіндік. Шынында да жәй күнде бір сағат шылым тартпағанға тағатсызданатын адамдар, ауыз бекіткен таң сәріден күн ұясына батқан кешкі ымыртқа дейін шыдас білдіруі таңқалатын жәйт. Бұның психологиялық пайдасы бар екендігі даусыз. Мінеки, көріп отырсыздар Рамазан айында ораза ұстаудың жаман әдеттерден тиып, жақсылыққа үйретеді. Рамазан айының әрбір хикметіне үңіліп қарар болсақ, көптеген пайдалы жақтарын танып біле аламыз. Осы тұрғыдан да дін адамдарына Рамазан айының хикметін түсіндіру міндеті жүктеледі. 

Рамазан айының жалқы мен жалпыға үлкен әсері бар екені даусыз. Жеке тұлғаға әсерін айтар болсақ, ораза тұтқан адам рухани сүзгіден өтеді. Жаратылыста  адам болып қалудың сыры мен хикметін игеріп, сенім-нанымын нықтай түсіп, ізгі сезімдерді оятып,  жаман әдеттерден арылып өз-өзін мәңгілік құлдыраудан құтқарады. Өйткені, бұл айда адамның аузымен бірге тілі, көзі, құлағы, аяқ қолы да ораза тұтады. Тілі қақ-соқты әңгімелеуден, жалған сөйлеуден, жала жабудан, арандатудан, ғайбат айтудан тиылып, қолы дін тұрғысынан харам саналған жәйттерден ұзақ тұрып, аяғы абыройсыз жерге барудан тиылып, құлағы өсек тыңдаудан арылып, жүрегі лаң мен іріткі салудан ұзақ тұрады. Осылайша жеке тұлғаның мінез-құлқы көркейе түседі. 

Ерекше айтып өтер жәйт, адам құлқын сәріден кешқұрым ымырт шаққа дейін ашқұрсақ болып, өзін ішіп жеуден тиып, өзін-өзі басқаруды қолға алады. Өзін-өзі басқара білу дегеніміз жамандық атаулыға қарсы тұра алады деген сөз. Демек, бұл үлкен прогресc. Рамазанның көпшілік қауымға тигізер пайдасын аңдау қиын емес. Бұны қысқаша айтар болсақ. Рамазан айында әлеумет рухани бір сүзгіден өтеді. Бұл айда адамдардың көңілі райланып, бақытты сезімдері алаулай түседі. Таң сәрісінде отбасындағы қарым-қатынастың белгілі бір дәрежеге көтерілуі, ауыз ашар кезінде ағайын туыс пен дос-жаранның, бай-манап пен кедей-кепшіктің, жас-кәрінің бір дастарханда бас қосуы әлеуметтік бірігуді күшейте түседі. Әсіресе, жаңа замандағы іскер топтардың  базбір мәселелерде түсініспегенмен, ауыз ашарда бір даcтарханда бас қосып, табақтас болуы, олардың өзара түсіністікке келуін арттыруға зор мүмкіндік. Ауыз ашардан кейінгі тарауйһ намазының достықты арттырар салмағы өзінше бөлек әңгіме. Бір ғимаратта, бір көшеде тұратын ағайын-туыс пен дос-жарандар тарауйһ намазын бірге оқуға уағдаласып, кешқұрым бас қосады. Көбіне тарауйһ намазынан кейін бір-бірін шайға шақырып, сұхбаттар құрып, көңілді райландырар, құлақ құрышын қандырар рухани  әңгімелер өрбиді. Бұлардың барлығы Рамазан айындағы көпшілік қауымның береке-бірлігін арттырары сөзсіз. 

Статистикалық көрсеткіштер өзге айларға қарағанда Рамазан айында қылмыстың азаятынын көрсетіп отыр. Бұл да Рамазан айының жалпы көпшілікке әкелер пайдалы жағы деп қарастыруға болады. Cонымен бірге, ғибадаттардың сыры мен хикметі тұрғысынан алғанда жылда бір рет ай бойы ораза тұтудың  нәзік сырлары туралы көп нәрсе айтуға болады. Ауыз бекіткен мұсылманның мейірімі мен мархамат сезімдері атқақтап, жоқ-жітік пен күн ұзақ ашқұрсақ жүретін міскін-ғарыптардың қал-жағдайы қандай екенін өз басынан өткереді. Ораза ұстаушы аштыққа, сусыздыққа сабыр, тағат етіп, сабыр мен уәдеде тұра білу сезімдері орныға түседі. Дәрігер мамандардың айтуына қарағанда жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істейтін іш құрлысымыздың мүшелері бір сәт тынығуы, денсаулығымызға мол пайдасын тигізеді. Олай болса ораза тұту адамның рухани саулығымен бірге денсаулығын да күшейтеді. Сонымен бірге нәпсісімізді қадағалауға алып, өз-өзімізге есеп бере алуымызға септігін тигізеді. Біздің ойымызша Рамазан айындағы ораза ұстау адамның өз-өзіне есеп беруі мен өз-өзін басқаруына қол жеткізетін илаһи мүмкіндік. Дене мүшемізбен бірге рух әлемімізді түзеуімізді түгел қамтитын Рамазан айындағы ораза ұстау, мұсылмандардың әрбір жылы денсаулықты түзейтін, кешірімге ие болатын бақытты болуының қайнар-көзі десек болады. 

Мұхан Исахан

Оқылды 1396 рет
JoomShaper
Top