Имам Ағзамның ұстаздары-1

Сейсенбі, 14.02.2017
Имам Ағзамның ұстаздары-1

Әбу Ханифаның ұстаздарын тану оның ғасырлар бойы нұр шашып, көңілдерді шуаққа бөлеген ілімінің қайнарларының бастауының қайда жатқанын  көрсетеді. Бұл жайында өзі: «Мен ілім мен фиқһтың қайнаған ортасында өстім. Ғұламалармен бірге жүріп-тұрдым. Фиқһта ең білгір деген ғалымнан білім алдым» деген[1].

Әбу Ханифаның бұл сөзі оның нағыз ілім ордасында өскенін көрсетеді. Көптеген ғалымдармен жолығып, белгілі бір салада тереңдеп, танымал болғандарынан сабақ алған. Солардың арасында Ирактағы фиқһ саласының көрнекті ұстаздарының бірі Хаммад ибн Әбу Сүлейменге шәкірт болып, одан ілім үйренген. Әрине, ол Хаммадтан ғана сабақ алумен шектелмеген.

«Тарихул-Бағдат» кітабында Әбу Ханифаның кімнен ілім алғандығы жайында былай делінген: «Әбу Ханифа бір күні Халифа Мансұрдың жанына барады. Халифаның жанында Иса ибн Мұса да бар еді. Бұл тақуа, сопы ғалым Иса ибн Мұса халифа Мансұрға бүгінгі әлемнің бірегей ғалымы осы деп, Имам Ағзам Әбу Ханифаны көрсетті. Сонда Мансұр:

– Ей, Нұғман, ілімді кімнен үйрендің? – дегенде Әбу Ханифа:

– Хазірет Омардан білім алғандар арқылы Омардың, хазірет Алиден сабақ алғандар арқылы Алидің, Абдуллаһ ибн Мәсғудтан ілім үйренгендер арқылы Абдуллаһ ибн Мәсғудтың білім кәусарынан сусындадым. Иә, өз кезеңінде Ибн Аббастан асқан ғалым жоқ еді, – дейді. Осыны естіген Мансұр:

– Сен өте дұрыс істегенсің, білімді түп-тамырынан алған екенсің»[2], – деп мақтайды. Осы жерден байқағанымыздай, Әбу Ханифа ілімінің бастауын ілім мен фиқһы жағынан танымал осы төрт сахабаға апарып негіздейді. Шынында да, Әбу Ханифа мен оның мәзһабының ілімінің қайнар бұлағы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жарық дүниеден өткеннен кейін, Куфаға қоныс аударған Али ибн Әбу Тәліп пен Абдуллаһ ибн Мәсғуд еді. Осы сахабалардан ілім алған Мәсрук ибн Әжда (қ. 63 һ.ж.)[3], Алқама ибн Қайс (қ. 62 һ.ж.)[4] және Шурәйх ибн әл-Харистан (қ. 80 ж)[5] Әмир ибн Шәрәхил әш-Шағби (қ. 104 ж.)[6] мен Ибраһим ән-Нәхәи (қ. 96 ж)[7] сабақ алған. Олардан Хаммад ибн Әбу Сүлеймен (қ. 120 һ.ж.) арқылы Әбу Ханифа ілім үйренген[8]. Сонымен қатар, Абдуллаһ ибн Аббастың құлы Икрима (қ. 105 һ.ж.) мен Абдуллаһ ибн Омардың азат етілген құлы Нафи (қ. 117 һ.ж.) арқылы осы екі аты аталған сахбалардың ілімдерінен сусындаған. Меккенің фақиһы Ата ибн Рабахтан (қ. 114 һ.ж.) ұзақ жылдар бойы сабақ алған[9].

Олай болса, Әбу Ханифа өзінің ұстазы Хаммадпен бірге басқа да фиқһ және хадис ұстаздарынан сабақ алуды тоқтатпаған. Кейбір кітаптарда ұстаздарының саны төрт мың деп беріледі. Әрине, мұнда біраз әсірелеу бар екені байқалады,  дегенмен, бұл оның бір ғана ұстаздан сабақ алмағанын көрсетеді.

Әбу Ханифаның ұзақ жылдар бойы дәріс алған ең негізгі ұстазы Хаммадқа тоқталмастан бұрын ғылыми танымының қалыптасуында ерекше рөл ойнаған Куфа медресесінің негізін қалауға себеп болған сахабалар[10] мен табиғиндарға аз-кем тоқтала кеткен жөн.

Алқама ибн Қайс ән-Нәхәи. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әлі суішкілігі таусыла қоймаған кезде дүниеге келген, әйгілі сахабалардың ілім каусарынан сусындап, Куфа мектебінің негізін қалаған табиғиндардың бірі – Алқама ибн Қайс ән-Нәхәи (қ. 62/681). Ол Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Ілімнің қақпасы» деген марапатына бөленген, өзінің ұрпағын жалғастырушы хазірет Алиден нәр алған. Төрт халифамен қатар жүздеген сахабадан хадис риуаят еткен Алқама Ибн Мәсғудпен Куфада бірге өмір сүріп, одан сабақ алған. Куфалықтар Ибн Мәсғудты Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ең қатты ұқсайтын сахаба десе, жұртшылық Алқаманы да тақуалығы, ілімі мен түр-әлпеті жағынан Ибн Мәсғудқа қатты ұқсататын. Алқамадан кейбір сахабалардың өзі білмегендерін сұрап үйренгендігі айтылады. Ибн Мәсғуд «Менің білгендерімді Алқама да біледі»[11] деп, оның ілім дариясы екенін айтып кеткен. Өз кезегінде Әбу Ханифа Әузағимен Меккеде кездесіп, бір мәселенің шешіміне қатысты өзінің келтірген дәлелінің де негізсіз емес екенін көрсету үшін «Хаммад Зухриден, Ибраһим Сәлімнен, ал Алқама сахаба болмаса да Ибн Омардан деңгейі төмен емес» деген кезде, Әузәғи оның уәжіне жығылған[12]. Ол Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннетін сақтауға зор үлес қосқан алып имамдардың бірі. Одан көптеген табиғин имамдары хадис алған. Ол Куфада Әсуәд ән-Нәхәи, Ибраһим ән-Нәхәи, Хаммад ибн Әбу Сүлеймен секілді ғұламаларды тәрбиелеп жетілдірген кемеңгер тұлғалардың бірі. Осы орасан еңбегіне орай оны Куфа медресесінің құрушысы десек қателеспейміз.

Мәсруқ ибн Әждә. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүниемен қош айтыспай тұрып, Йеменде Ислам дініне өткен Мәсруқ ибн Әждә Хамадани (қ. 63/682) Әбу Бәкірдің халифалығы тұсында Мәдинаға келген. Әбу Бәкірдің артында тұрып намаз оқыған, Әбу Бәкір, Омар, Осман, Али, Мұғаз ибн Жәбәл (Бәрінен де Аллаһ разы болғай!) секілді сахабалардан ілім үйренген. Айша анамыз да оған ерекше құрмет көрсеткен. Кейін Куфаға қоныс аударып, Ибн Мәсғудтан сабақ алған. Тақуалығымен қатар ілімге деген құштарлығымен де ерекшеленген тұлға еді. Біраз уақыт қазылық міндетін де атқарған Мәсруқ жайлы «Қады Шурәйхтан да білгір ғалым еді» делінген[13]

Әмир ибн Шәрәхил әш-Шағби (104/722). Әбу Ханифа – сахабалардың пәтуаларын талмай іздестіріп, оларды бір-бірімен салыстырып, зерттеген ғалым. Ол табиғиннің жасы үлкендерінен фиқһ ілімін үйреніп, олардан хадис риуаят етті. Әбу Ханифаға білім берген табиғиндер түрлі саланы меңгерген ғалымдар еді. Солардың ішінде Куфада өмір сүріп, хадис ілімінде танымал болған ғалым – Шағби. Ол Омар ибн Хаттабтың кезінде дүниеге келген. Абдуллаһ ибн Мәсғудпен бірге тілдік мәселелерді көп талқылаған оның ең фақиһ шәкірті еді. Тіпті табиғин болғанына қарамастан, сахабалардың арасында отырғанда адамдардың оған сауал қоюы білімінің қай деңгейде болғандығынан хабар береді. Соған қарамастан ол әр мәселеде пікірін білдіруден сақтанып, кейде «Оны Ибраһим ән-Нәхәиден сұраңдар»[14] дейтін. Әбу Ханифаның түбегейлі ғылымға бет бұруына әсер еткен осы Шағби еді.

Ибраһим ибн Язид ибн Қайс ән-Нәхәи (қ. 95/714). Нәхәи Йеменнің Мәзхиж аймағында тұратын Пайғамбарымыздың кезінде мұсылмандықты қабылдап, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дұғасын алған үлкен елдің атауы болып табылады. Олар кейін Куфа аймағына қоныс аударған. Осы елден «Нәхәи» лақабымен аталатын ғалымдар көп шыққан. Солардың арасындағы ең танымалдарының бірі Ибраһим ән-Нәхәи – имам, хадис хафызы, өз кезеңінде күллі Ирак аймағының ең білгір фиқһ ұстазы еді. Аталмыш аймақта көптеген ғалымдар өмір сүргенімен, ақылдылығы мен алғырлығының арқасында он сегіз жасының өзінде ілім үйрететін кісілердің дәрежесіне жеткен. Сахабаларды көзі көрген, бірақ, олардан хадис риуаят етпеген.

Ол өзінің ұстаздары секілді Құранға ерекше мән беретін, өзі қари әрі тәпсірші болатын. Шағби, Әбуд-Духа және Ибраһим үшеуі хадистерді бірге талқылайтын. Мәселе пәтуа беруге келіп тірелгенде барлығы да осы Ибраһимнің аузына қарайтын. Жарық дүниемен қош айтысқан кезде қай жағынан алғанда да оның орнын жоқтатпайтын адам шықпады[15].

Ханафи фиқһының қалыптасуында оның орны бір төбе. Шах Уәлиуллах Дәхләуидің «Ханафи фиқһының қайнар көзі» деп атаған Ибраһим ән-Нәхәи Әбу Ханифаның ұстазы Хаммадтың көзқарасы мен ғылыми әдісінің қалыптасуына ең үлкен ықпал жасаған ғалымдардың бірі[16]. Әбу Ханифаның шәкірттерінің еңбектеріне үңілгенде Ханафи мәзһабының пәтуаларының көпшілігінің Ибраһим ән-Нәхәидің хадистері мен пікірлеріне негізделгені байқалады[17].

Икрима (қ. 105 ж).Икрима Абдуллаһ ибн Аббастың ілімін бойына сіңірген мәуласы (азат етілген құлы), фиқһ ғалымы. Ұстазы Ибн Аббас оның білімінің кемеліне келгенін көргенде: «Бар, халыққа пәтуа айт!» деген.  Бір күні Саид ибн Жабирге: «Сенен асқан білімді кім бар?» деп сұрағанда ол: «Икрима» деп жауап берген екен. Икрима қайтыс болғанда халық ол жайлы: «Ең фақиһ ғалымымыз дүниеден өтті» деп қайғырып, қара жамылған болатын. Ал әл-Уақиди оны «Мекке мүфтиі» деп атаған[18].

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының

докторы, исламтанушы



[1]    Әбу Захра, Әбу Ханифа, 62-б.

[2]    Бағдади, Тарих, 8-т., 334-б.

[3]    Зәхәби, Тәзкирәтул-хуффаз, Дәру ихяит-турасил-араби, Хайдарабад, 1956, 1-т., 49-50-б.

[4]    Бұл да сонда, 1-т., 48-б.

[5]    Бұл да сонда, 1-т., 59-б.

[6]    Бұл да сонда,  1-т., 79-88-б.

[7]    Ибн Хажар әл-Асқалани, Тәхзибут-тәхзиб, Бейрут, 1968, 2-т., 154-155-б.

[8]    Әбу Захра, Әбу Ханифа, 68-б.

[9]    Бүл да сонда, 68-б.

[10]  Абдуллаһ ибн Мәсғуд пен Али ибн Әбу Тәліп жайлы төменгі бөлімдерде тоқталамыз.

[11]  Ибн Сағыд, Табақатул-Кубра, Бейрут, 1968, 6-т., 86-87-б.; Бағдади, Тарих, 2-т., 98-б.

[12]  М. Е. Кылычер, Ислам фыкхында рай тарафтарлары, Анкара, 1961, 32, 35-б.

[13]  Ибн Сағыд, Табақат, 6-т., 76-б.; Кылычер, 33-б.

[14]  Бұл да сонда, 6-т., 106-б., 250-б.

[15]  Бұл да сонда, 6-т., 332-б.

[16]  Бұл да сонда, 6-т., 284-б.; Әбу Захра, Әбу Ханифа, 90-91-б.

[17]  М.Ө. Арас, 59-б.

[18]  әл-Мукрим Мұхаммед ибн Жалалуддин, Табақатул фуқаһа, Бейрут, Лубнан, 1970, 1-басылым, 1-т., 70-б.

Оқылды 330 рет
JoomShaper
Top