Елбасы және елдік мұрат

Сенбі, 30.08.2021

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Алаш елі азаттығын алғаннан бері, Құдайға шүкір, тұрақты даму үстінде, қазақтың жерінде сан алуан ұлт-ұлыстың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Осының бәрі қазақ еліне берген Тәңірдің тартуы, өлшемсіз рахымы десек, сол тәуелсіз елдің тұғырын тұғырлап, туын берік ұстайтын ел басшысын тағайындап беруі тағы бір үлкен мейірімі, нығметі деп түсінгеніміз жөн.

Елбасымыз еліміздің өркендеуіне, мығым мемлекет болып қалыптасуына ерен еңбек сіңіріп келеді. Соның ішінде ұлттық болмысымыздың, діліміздің діңгегі болып табылатын асыл дініміздің қайта жандануына, әрі қарай дамуына қосқан үлесі де зор.

Айталық, әу баста Қазақстан мұсылмандарының дербес діни басқармасының құрылуына тікелей ықпал жасады. Жастардың діни білім алуына жол ашты. Қаншама мешіт-медреселердің салынуына тікелей қолдау көрсетті. Облыс орталықтарындағы зәулім-зәулім жәми-мешіттер соның айғағы. Сондай-ақ, қазақ жастарының өз жерінде діни білім алуы үшін Мысыр елімен бірігіп Нұр-Мүбәрак сынды іргелі оқу ордасының іргетасын қалады. Ел мұсылмандарының Меккеге еркін түрде қажылыққа баруына жағдай жасады. Осының барлығы «Заман өзгереді, ал дін – мәңгілік» деген қағиданы ұстанған құрметті Елбасымыздың дініміздің ең басты жанашыры екендігін дәлелдейді. Материалдық бақуаттылықпен бірге рухани байлықты ешқашан да естен шығармағандығын білдіреді.

Қазақстанда Ислам дінін дамытуға бағытталған іс-шараның барлығы Елбасының тікелей қолдауымен атқарылып жатыр.

«Сындарлы он жыл» атты кітабында «әлемдегі лаңкестіктің түпкі себебі дамудың теңсіздігінде жатыр» деп атап көрсеткен Нұрсұлтан Әбішұлы діннің бөлуші, іріткі салушы емес, керісінше, елдің етегін жабар ұйытқы, мемлекетті дағдарыстардан құтқаратын, халықты рухани бірлікке шақыратын фактор екенін алға тартады. Соның ішінде, әсіресе, ұлттық құндылықтардың бастауы болған Ислам діні туралы Н.Назарбаев: «Бәрінен бұрын біз үшін Ислам – өзімізді-өзіміз таныта алудың мүмкіндігі. Қазақ халқының басқа да діни тәубе етушілікке құрметпен қарауы, олар үшін діни экстремизмді жүзеге асыру былай тұрсын, ол туралы жұрт көзінше сөз етудің өзіне тыйым салатын тиімді тосқауыл болып табылады», – деп атап көрсетті.

Жаңа мыңжылдықтың басында, 2001 жылы қыркүйек айында дүние жүзін дүр сілкіндірген террорлық әрекеттен кейін әлемдегі алпауыт елдер Ислам дінін жаппай айыптап жатқан кезде Н.Ә.Назарбаевтың байыпты да парасатты сөздері талай жұртты сабасына түсіріп, келелі ойға шақырды. Пәтуалы пікірден даурықпа сөз озып тұрған сол тұста Президентіміз: «Исламдық қауіп-қатер» деген ұғымды еріннің ұшымен айта салу оп-оңай болғанымен, оның үрейлі қанатының кеңге жайылып бара жатқаны соншалық, енді ислам тарапынан болатын мифтік қауіп-қатер туралы емес, Исламның өзін нақтылы қорғаудың қажеттілігін сөз ететін кез келді», – деді.

Осылайша Елбасымыз Ислам дінінің халықаралық деңгейдегі қорғаушысына айналды.

Шариғатта басшыға бағыну айнымас қағидалардың бірі болып табылады. Мұсылмандық таным тұғырнамасында басшыға, имамға бағыну иманның ажырамас бөліктерінің бірі. Алла Тағала барлық иман келтірген, өзін мұсылманмын деп санайтын жандарға былай деп бұйырды: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға бойсұныңдар, елшіге және өздеріңнің әмір иелеріңе бойсұныңдар!» (Ниса, 59).

Демек, басшыға бағыну Жаратушыға бағынудың бір шарты.

Алланың елшісі (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Сендерге Алладан қорқуды, егер сендерге бір эфиопиялық қара құл әмірші болса да, басшылыққа бағынып, мойынсұнуды өсиет етемін».

Мұсылмандардың дүниетанымын тұғырлап берген «Ақида Тахауия» кітабында былай делінген: «Біз имамдарымыз бен істерімізді басқаратын басшыларымызға қарсы шықпаймыз. Оларды қарғамаймыз, бағынудан бас тартпаймыз. Өйткені оларға бағынуды құдіретті де ұлы Аллаға бағынудың бір бөлігі, міндетті парыз деп есептейміз. Оларға Алладан туралық пен саламат-саулық тілеп дұға қыламыз».

Біздің Елбасымыз, Құдайға шүкір, әрдайым ізгілікке бастайтын халқының адал да ардақты ұлы.  Ол бір сөзінде: «Халық Алласына сеніп, ертеңгі күнін ар жақтағы ана дүниеге баратын күнін ойлап, дүниеде мынау бүгінгі күннің күйбеңімен жүре бермей, Мұхаммед Пайғамбарымыздың хадистеріне сәйкес өмір сүрсе деймін», – деп,  елдегі ақсақалдарға, жалпы жұртшылыққа насихатын айтып өтті. Бұдан артық қандай уағыз керек?

Президентіміздің халықаралық деңгейдегі беделі өте зор. Мұсылман елдері жетекшілерінің арасындағы көшбасшылардың бірі. Сондықтан да барлығы Елбасының қайраткерлігін ерекше бағалап, қатты құрметтейді. Араб әлемінің жетекшілері көшбасшымыздың көтерген бастамаларына оң бағасын беріп, әрдайым қолдауға дайын тұрады. Ал Елбасыға көрсетілген құрмет қазаққа, Қазақ еліне көрсетілген құрмет деп ұғынамыз.

Президенттің парасатты-пайымы биік, көтерген бастамалары терең мағынасы бар. Жүргізіп отырған бейбітшіл саясатының арқасында кезінде үлкен империяның бір аймағы болып келген Қазақстанды қазірде бүкіл әлем таниды. Еліміз Еуропаның беделді ұйымдарына, мұсылман елдерінің ұйымдарына басшылық жасады. Халықаралық қақтығыстарды, әртүрлі жанжал, алауыздықтарды тек бейбіт жолмен шешуді қолдады. Осының барлығы салиқалы саясаттың аясында іске асырылған аса ауқымды шаралар.

Президенттің: «Түбіміз – түрік, дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран» деген сөзі қазірде нақылға айналды. Қазірде Ұлт Көшбасшысы түркі тектес халықтардың да лидері. Түркияның Премьер-министрі Т.Ердоғанның Назарбаевты «түрік әлемінің лидері» дегені сол мойындаудың келісті көрінісі.

Қазірді күллі түркінің қара шаңырағы болып есептелетін ұланғайыр аймақты ұстап отырған, кешегі Алтын Орданың бірден-бір мұрагері болып есептелетін меймандос Қазақ Елінің кең құшағы түркі тектес бауырларының барлығына да ашық әрі туыстас халықтардың басын қосатын ардақты атажұрт болып отыр. 

Үстіміздегі жылдың ақпан айында Астанада өткен Қазақстан мұсылмандарының VII құрылтайынан кейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев діни басқарманың өкіл имамдарымен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы келелі кездесуде Исламның халқымыздың сан ғасырдан бері рухани құндылығы болып саналатынын айтып, еліміздегі дініміздің дұрыс бағытта дамуы дін мамандарына байланысты екеніне баса назар аударды және асыл дініміз Исламның қызметкерлері ретінде біздерге сенім артты. Елбасы имамдардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігі жайлы ойларын жеткізді.

Сонымен қатар ел бірлігі мен мұсылмандардың ауызбіршілігін нығайтуда дін қызметкерлерінің рөлін айрықша атап өтті. Президент діни басқарма мен мемлекеттік органдар арасындағы рухани-ағартушылық сондай-ақ, әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты нығайта түсуге жете көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды. Бүгінде әртүрлі діни ағымдар пайда болғанын, мешіт қызметшілері түрлі теріс ағымдардың қандай екенін, ал Исламдағы дәстүрлі бағыттың қайсы екенін дұрыс түсіндіру үшін халықпен, әсіресе, жастармен жұмыс жүргізе білулері керек екенін айтты.

Мемлекет басшысы дін қайраткерлеріне, имамдарға былай деді: «Еліміздегі дәстүрлі Исламның бірден-бір мойындалған құрылымы – Қазақстан мұсылмандары діни басқар¬масы. Діни қатынастарды реттейтін жақында қабылданған Заңда мемлекет халқымыздың рухани өмірінде исламның ханафи бағытының орны мен рөлін мойындайтыны атап көрсетілді. Бұл – өте дұрыс. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сон-дықтан біздің дін саласындағы саясатымыз конфессияаралық татулық пен тағаттылықты нығайтуға бағытталған. Бізде діни сенім бостандығына Конституция кепілдік береді. Діни басқарма өкілдері тек дін саласында ғана емес, өзге салаларда да өз білім-біліктерін арттыруға тиіс».

Осыған орай, еліміздің барлық имам-молдаларына шариғат шеңберінде, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары мен еліміздің дін саласындағы саясаты негізінде бірқатар іс-шаралар жүзеге асуда.

Тегінде, имандылықтың бір шарты – басшыға бағыну. Біз Пайғамбардың (с.а.с.): «Басшыларыңа бағыныңдар» деген өсиетіне амал етіп, Елбасының төңірегіне топтасып, исі қазаққа ортақ мақсат-мүдделерімізге жету үшін лайықты қызмет ете алсақ, бірлігімізге бекем болсақ, егемен еліміздің туы әрқашан да биік,  тәуелсіздігі баянды болатындығына сенімдімін.

Жаратқан Ие ел ағаларының істеріне табыс, тауфиқ берсін. Еліміздің тәуелсіздігін, тыныштығын баянды етсін. Жан-жақты дамыған, имандылық салтанат құрған іргелі елге айналдырсын. Әмин.

muftyat.kz

Оқылды 789 рет
JoomShaper
Top