Қазақ мәдениетіндегі «кісі» ұғымы

Дүйсенбі, 08.12.2021

Қазақ мәдениетіндегі әдеп мәселесіне қатысты әлі де мағынасы терең ашылмаған, зерттеуді қажет ететін ұғымға “кісі” жатады. Бұл ұғым туралы сан-алуан түсіндірмелер бар. ”Қазақ даласының ойшылдары (ХІІІ-ХV ғасырлар)” кітабының авторлары ортағасырлық түркі ойшылдары мен хакім Абай да адамның теріс қылықтарына сай “кісі” деген ұғым қолданды дейді де, мынадай қорытындыға келеді: “…әдетте, хакім де пендені адамнан бөліп алады да, оны адам қатарына жатқызбай, ол туралы тек ”кісі” деген ғана ұғымды қолданады”. Алайда “кісі” ұғымы жақсы адамды бейнелеуге де қолданылады [1].

Кісілік қасиеттер әл-Фарабидің “Қайырымды қала” ілімінде арнаулы қарастырылады. Оның пікірінше, кісілік белгілер, әсіресе, елбасыға тән болуы қажет. Осындай кісіге қойылатын талаптар: “Біріншіден, бұл кісінің мүшелері мүлдем мінсіз болуға тиіс: жаратылысынан өзіне айтылғаның бәрін жете түсінетін және істің жай-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық айтып бере алатын ділмар болуы шарт; өнер-білімге құштар болуы, оқып-үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болуы керек; тағамға, ішімдік ішуге, сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болуы керек; шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көруі керек; жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт; оның жаны жаратылысынан пысық істердің бәрінен жоғары болып, игі істерге ынтазар болуға тиіс; дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да атрибуттарына жирене қарауы керек; жаратылыстан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты жек көру керек; қыңыр болмау керек; өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек”, – дейді. Сонымен, “кісі” шығыстық мәдениетте инабатты адам мағынасына жақын қолданылатын адамдық келбет болып табылады [2].

Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде “кісі” ұғымы өзіндік Менін және сөз өнерін жете меңгеру арқылы үлгі боларлық адамды да білдіреді. Бұл, әсіресе, ақын-жыраулардың перформативтік дискурсына тән. Бұл дискурста кісілік алдыңғы қатарға шығады. Асан Қайғы толғауындағы кісі өзінің ерекше әдептілігімен көзге түседі:

Ақың болса біреуде,

Айыбын тап та ала бер,

Ерегесіп ұрыспа.

Сенікі жөн болса да,

Атың шықпас дұрысқа.

Мінезі жаман адамға,

Енді қайтып жуыспа.

Тәуір көрер кісіңмен,

Жалған айтып суыспа.

Әрине, дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі ”кісілік” ұғымы тек эпикалық дәстүрден ғана емес, сонымен бірге мұсылмандық әлеммен қатысты ортағасырлық жазба мәдениетінен де бастау алады. Ұлттық қазақ философиясында “жетілген адам” мәселесі жалпы шығыс философиясы шеңберінде қарастырылып, адамды этика, адамгершілік тұрғысынан қарай отырып, сонымен қатар оны білімділікке, парасаттылыққа шақыруға ерекше көңіл бөлінеді. “Түркі тілдес халықтарының Конфуцийі” деген беделге ие болған Жүсіп Баласағұн Конфуций сияқты адам мен адам, адам мен мемлекет арақатынасы, әсіресе мемлекетті басқару мәселесін айшықтағанына байланысты жетілген адам мәселесін осы тұрғыдан қарастырады. Ал әл-Фараби бұл мәселені “Мұрат қоғамды” ұйымдастырумен байланыстырады. Әл-Фараби бақыт мәселесіне, ең алдымен адамның осы дүниеде бақытты өмір сүруінің жолдарын іздестіруге өзінің философиясын бағыттады. Сонымен қатар, әрбір жеке адамның жетілуіне ақыл-ойдың, парасаттылық пен білімнің рөлін ерекше жоғары бағалады.

Кетеген болса – түйең жау,

Тебеген болса – биең жау,

Ұрысқақ болса – келінің жау,

Бәйбішең аю болса аса алмассың,

Қарау болса, әй деуге бата алмассың,

Мейманға отыңның басы болса суық,

Еліңе жақсы жігіт атанбассың! [3].

Үмбетей жыраудың осынау жыры әдепті адам болмақтың басты шарты үй ішінен, отбасынан басталады деген ойды тарқатады. Азаматтың өз ортасында, елінде ісі жүріп, абыройы биіктеп кетуі үшін бар жағдай отбасынан басталып, көңілі тыныш, көкірегі жүйрік болуы керек екен. Бұлай болмаған жағдайда, яғни, отбасында сені түсінетін, ақыл бөлісетін кісі табылмаса бейне “арқаңа тұз артқандай” еңсең езіліп, ілгері басқан аяғың кері кетіп, күнкөрістің қамымен кеткенің. Ақын-жыраулар сан тараулы өмірдің қиындығы мен қуанышын, шер мен қайғысын, байлығы мен кедейлігін, ылдиы мен өрін кезек алып, сырластыра суреттеп көзге елестетуге шебер. Адам бойындағы кісіні кері кеткізер кесапат қылықтарды қанын шығара ашумен қатар, жақсы мен жаманның айырымын таразылап көрсетуімен қымбат. Ақылгөй даналарды тыңдаған жас қауым іштей жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтыла жүреді, өзін ар таразысының алдында әрқашан салмақты, таза ұстауға тырысып бағады. Жыраулар өмірдің өткіншілігін, дүниенің опасыздығын айтып, пәлсапалық түйіндеулер жасайды. Пенденің көзі мен көңілі тойымсыз, ашқарақ көңіл ішсем, жесем, байысам, қуансам, құшсам, сүйсінсем деп, еш басылып болмайды. Дүниені жиған үстіне жинай берсем, жұрт менің байлығыма қызықса, тіпті кезі келгенде аяғыма жығылса деп армандайды. Тоқтамы, шүкіршілігі кем адамдар сол арманының соңына шам алып түсемін деп жүріп жарық тіршіліктің баянсыз боларын, бәрінің де бүгін бар, ертең жоқ екеніне ой жібермейді. Намысты ұмытады.

Дәстүрлі қазақ мәдениетінде кісілікке жетелейтін рухани күштердің арасында намыс ерекше рөл атқарады. Намыс адамдық Менді қайрай түседі; “ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді” дейді халық. Қазақ руханиятындағы өмірдің мәні мәселесімен айналысқан ғалым Г. Нұрышева намысты кісілік пен елдікті (қауымды) тұтастырып тұратын фактор ретінде қарастырады [4].

«Намыс» ұғымына Д. Кішібеков өзінің «Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең» [5] деген монографиясында арнаулы тоқталып өтеді. Оның пікірінше, намыс адамгершілік қасиеттің ең бағалы көріністерінің біріне жатады. Әрине, намыстың түрлері көп. Ол отандық намыс, ұлттық намыс, діни намыс, жершілдік намыс, рулық намыс, жыныстық намыс, семьялық намыс, мамандық намыс болып бөлініп кете береді. Намыс бар жерде жігер бар, қайсарлық, алған мақсатқа жету үшін қиындықтарды жеңе алатын табандылық бар. Намысы жоқ, ар-ұяттан, тіпті адамдық бейнеден айырылады. Намыс азаматтықтың басты бір көрінісі. Қазақ халқының тегі нашар емес. Ол мықты халық. Онда намыс та, жігер де, батырлық та болған. Оның негізі де бар. Тарихқа үңілейікші. Александр Македонский көп әскерлерімен Орта Азия жерлеріне енгенде мықты қаруланған күштің қарсылығына тап болған, олардың ішінде әсіресе ерекше қимыл көрсеткен сақ-скифтер екендігі тарихтан белгілі.

Осындай ұғым-нормалар арасында қазақ мәдениетінің әдеп жүйесі мен тұлғааралық қатынастарды реттеу қызметтері бойынша «күнә» мен «кінә», «обал» мен «сауап», «тәубе», «киелілік», «бейнет» пен «зейнет», «қанағат», «рахымдылық» т.т. маңызды рөл атқарады. Қазақы түсінікте аталған ұғымдар тек рухани дүниемен шектелмей, нақтылы тіршіліктегі кісілік өасиеттердің маңызды бөлігін құрастырады. Енді оларға қысқаша талдау беріп өтелік.

Күнә ұғымы халық санасында ислам діні арқылы кең жайылған. Бұл Алланың қаһарына ұшыраған адамның басынан жиі кездеседі. Күнәға жалпы адамгершілікке жатпайтын көптеген теріс қылықтар (нәпсіқұмарлық, арамдық, азғындық, опасыздық, екіжүзділік, жауыздық, т.б.) жатады. Өз күнәсін кешіру үшін адам қателігін мойындап, ізгілік бағытында аянбай қызмет етуі тиіс.

Күнәһарлық кешірілуі екі талай, сойқан мінездің көрінісі болса, кінә күнделікті өмірде жиі кездесетін құбылыс. Кінәні әдетте ықылас қойып түзеуге, жуып-шаюға болады. Кей жағдайда дұрыс секілді көрінген іс-әрекеттердің өзі де адамдарды кінәлі етіп қоюы мүмкін. Мәселен, аңдамай сөйлеу, қателесіп кету, осындай қылыққа жатады. Кінә мен күнә ұғымдары қазақ ақын-жазушылары мен даналарының қашанда жиі талқыланған мәселесі болып келген. Оларды қазақ өмірінің айнасы деп қарастыруға болады. Мысалы, Шәкәрім өз замамындағы теріс қылықтармен келіспес күрес жүргізе отырып, ол замана мәселелерін, адамның өміріндегі адал еңбек пен маңдай тер төгіп, жасаған кәсіптің орны мен маңызын, адамзат қоғамының дамуы барысындағы өнер мен ғылымның, мәдениеттің пайдасын шабыттана айтып, мынадай тұжырым жасайды: «Өзінің қадір-қасиетін жақсы білетін адам өзгелерді де қорламайды. Ол ісінде де, сөзінде де ешқашан пасықтыққа бармайды, ол әрқашанда сабырлы, ұстамды болады. Өзін құрметтейтін адам өзі барда өзгелердің де өзін лайықсыз ұстауына, бейпіл сөздер айтуына немесе дауыс көтеруіне жол бермейді. Ол өзі орындай алмайтын жеңілтек уәделер бермейді. Ол берген сөзінде тұру қажет екенін біледі. Өзінің қадір-қасиетін сезінетін адам сенімді бағалай біледі».

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. 1.     Қазақ даласының ойшылдары. 2-ші кітап / ред. Нысанбаев Ә. –Алматы: ФСИ, 2001.
  2. 2.     Әл-Фараби философиясы // Қазақ халқының философиялық мұрасы. 20 томдық. – Астана: Аударма, 2005. – 2 том.
  3. 3.     ХV-ХVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы / редактор
    Дербісалиев
    Ә. Алматы: Ғылым, 1982. –308 б.
  4. 4.     Сборник материалов по мусульманству. Том 2. // Под ред.
    Наливкина, В.П.
    - Ташкент: Типо-Литография бр. Порцевых, 1990.
  5. 5.     Кішібеков Д. Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең – Алматы: Ғылым, 1999. – 256 с.

 

Оңғаров Ершат Ағыбайұлы

ҚМДБ Уағыз-насихат

бөлімінің меңгерушісі,

теолог, PhD (доктор)

 

 

 

 

 

Оқылды 1096 рет
JoomShaper
Top