Құмардың жолында құрбан болмайық

Сейсенбі, 21.06.2021

Құмар ойындарының тарихы тереңде. Тек сипаты, түрі өзгергенімен, мәні-маңызы бәз-баяғы қалпында. Бүгінде Қазақстанның өзінен құмар ойындарының небір түрлерін кездестіруге болады. Карта, ұтыс ойындары, лоторея... Олардың дені қазақ топырағына батыстан жеткені жасырын емес. Ең өкініштісі, қандастарымыздың арасында күнәға белшесінен батырар бәлелі дүниеге құмартқандар көп. Құмартып қана қоймай, құрбандығына айналып, жұтылып кеткендер, соның кесірінен шайқалған шаңырақтар, уығы шашылған отбасылар қаншама.

Әлімсақта Адам ата Хауа ананың азғыруына ілесіп, рұқсат етілмеген жемісті жеп, жұмақтан қуылғанын қарт тарих беттерінен білеміз. Ал Хауа ананы құмарлық жеңді деп ақтағандай болсақ та, оны бәрібір азғырған – сайтан-ағзам. Сол Ібіліс сонау заманнан бері адамзат баласын Аллаға қарсы қойып, Исламға жат әрекеттерге итермелеуде, жүрегімізді иманнан алыстатуда. Асыл дініміздің көзімен қарасақ, құмар ойындары да Ібілістің жолымен жүретіндердің ермегі екен. Өйткені, оның зияны мен залалы шаш-етектен. Осылай айта салу оңай-ақ, нақты дәлелдерді алға тартсақ... Бәлкім, пайдасы кем істің арбауында қалып, құрығына байланған бауырларымыз райынан қайтар немесе көкейімізде жүрсе, бір замандасымызға көмегі тиер...

Құмар ойындары – адам санасын еліктіріп, елітіп, өзіне тарта түсетін апиын секілді нәрсе. Оның соңына түскен жан көп жағдайларда құлқын игере алмай, құлына айналып, күнәлі істерге жол беріп алатынын ескере бермейді. «Құмар» – негізінен араб сөзі, бірақ Құран аяттарында «майсир» деп келтіріледі. Бұл – жеңіл  жолмен мал табу мағынасын білдіреді.

Кейбір жандар арақ-шарапты пайдалануын қоймай, ішкен үстіне іше түседі және құмар ойнауынан кері қайтпай құмартқан үстіне құмарта береді. Бұл – қазіргі қоғамда көптеп кездесетін келеңсіздіктердің бірі. Асыл дінімізде құмар ойындары харам етіліп, лағынеттелген. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінде: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар – лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен, шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» дейді. Бұл аятта ең үлкен күнәлардың қатарында Аллаға серік қосумен бірге, арақ ішу, бал ашу және құмар ойнауды ерекше атағанын көреміз. Құмар ойындарының адамды мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойылып, олардың адамға, отбасына, айналасына, қоғамға, қоршаған ортаға, моральдық құндылықтарға тигізетін кесірінің бірдей екендігі анық айтылған.

Құмар ойындары дос-жаран мен туған-туыстың арасына да іріткі салады. Ақшаның елесі еліткен жанды адастырып, көзін тұмандантып, жақын-жұрағаттарын ұмыттыратыны сөзсіз. Ойынға араласқан барлық ойыншының мақсаттары – тек қана ұту. Ал ұтыс тек бір адамда ғана қалады. Жеңіліс тапқандар болса, ашу-ызаға булығып, шайтанның арбауына оп-оңай түседі де, түрлі арам ойларға ерік береді. «Жығылған күреске тоймайды» демекші, алдамшы сеніммен ұтылған қаржысын қайтарып алуды көздеп, тағы ойнайды, тағы ұтылады. Осылайша, сол жерден айналшық жегендей ұзай алмайды. Қайтсе де жеңіске жету жолында қалтасындағы барын ортаға салады, болмаса қарызға ойнайды, нәтижесінде тағы да ұтылады. Соңында өзі де азғындайды, отбасы мен жақындарын да ұятқа қалдырып, аш-жалаңаштыққа ұшырайды, азып-тозады.

Ал ұтқан адам ше? Ұтқан қаржысына қанағаттана алмаған ол, ары қарай арбалған үстіне арбала береді. «Өгізге туған күн бұзауға да туады», дүние кезек, күндердің бір күнінде ұтылыс бұған да жетеді. Оның да нәтижесі жоғарыда аталғандай болып шығады. Құмар ойындары, сондай-ақ, қоғамды жалқаулармен, еріншектермен, ар-ұятын сатушылармен толтырып, өзіне, отбасына, айналасына дінін ұмыттырады.

Шын мәнінде, шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салынған. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде: «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін» дейді (Бұхари, Мүслім). Бұдан аңғаратанымыз, кімде-кім досына құмар ойнауға ұсыныс жасаса, оның садақа беруі – міндет.Демек, ол күнәсі үшін садақа беріп қана құтыла алады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл хадисте құмар бүкіл қоғамға зиян келтіретін болғандықтан тыйым салып отырғанын да байқаймыз. Өйткені, қазіргі таңда құмар ойыны адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге де жеткізіп отыр. Бұдан да сорақысы, өз әйелін, үйін, көлігін, басқа да қажеттіліктерін бәске тігушілердің де кездесетіндігі жасырын емес. Осылардың салдарынан қаншама отбасы ойран болып, жапа шегуде.

Ғалымдар еңбексіз келетін табыстың негізгі түрлерінің бірі ретінде құмар ойындарын алға тартады. Сахаба Абдулла ибн Омардың (р.а.): «Құмар ойын – еңбексіз, оңай табыспен келеді» деген сөзі бар. Сондай-ақ, ибн Жәриж Ата ибн Мәйсараның: «Еңбексіз, жеңіл жолмен келетін көлденең табыстың бәрі құмар ойын» деп бағалағанын жеткізген. Ал Мәкхуль бұған : «Жеңіл жолмен келетін табыс – құмар ойын болып саналады, ал құмар ойын – ақша табу немесе ақшаның жеңіл әрі қиындықсыз және әділетсіздікпен жұмсалуы» деп анықтама берген. Сондықтан, Ислам діні әр мұсылманды Алланың көрсеткен жолымен өз ризығын тауып, адал ас ішіп, иманның кәусардай таза бұлағынан сусындауын қалайды. Ал, құмаршы құмарға берілудің нәтижесінде Алланың алдындағы, қоғам, өзі мен отбасы алдындағы барлық жауапкершілікті ұмытып, өзіне берілген мүмкіндіктерден айырылады.

Шындығында, бос уақытында құмар ойын ойнаған мұсылман одан лайықты деңгейде көңіл де көтере алмайды, дем ала да алмайды, ақша да таппайды. Әсіресе, қазіргі заманның дертіне айналған, казино, букмекерлік кеңселер, лоторея, карта сияқты бәс тігілетін ұтыс ойындары адамды бос үміт пен кездейсоқ жетістікке тәуелді қылып қояды. Оларға салынған адам Алла тағала бұйырған пайдалы да парыз істерден мақұрым қалады. Ұтыс ойындарында ойламаған жерден асығы алшысынан түскен адам маңдай терімен еңбек етпей-ақ, біреудің ақшасын тартып алып, қалтасына басқанмен тең. Бірақ, бүгін ұтқан ақшасынан ертең ұтылып қалатындығын ескермейді. Әрине, мұндай құмар ойындарына Ислам діні түбегейлі қарсы. 

Сөз орайында айта кеткен жөн, Ханафи мен Малики ғалымдары шахматты уақыт өлтіруші бос ермек ойындардың санатына жатқызып, мәкрүһ деген. Өйткені, Пайғамарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «...мұсылманның алданып, ермек еткен бос ойындарының барлығы бекершілік. Тек садақ атып, атқа мінуді үйрену және әйелімен қалжыңдасу басқа» деген. Олардың пайымдауынша, хадисте айтылған үш ойыннан өзге ойындарды ақша тігілмесе де ойнау пайдасыз әрекет болғандықтан, харамға жақын мәкрүһ.

Осы тұрғыда имам Шафиғидің шахмат ойыны жайында айтқан мына сөзін келтіре кетсек: «Шахмат ойыны адамның есте сақтау қабілетін дамытады, ойлау қабілетін тазартады. Соғыс өнері мен тактикасын үйретеді. Ол рұқсат етілген заттар қатарынан саналады. Осы жағымен де, садақ ату мен атқа міну тәліміне ұқсап тұр...». Ол өзінің тағы бір сөзінде: «Шахмат ойынында ақша тігілмей, жаман сөз айтылмай, намаз ұмытылмайтын болса, харам емес» дейді.

«Адамның денесі секілді, жүрегі де қалжырайды, сондықтан мағыналы ойын-сауық құрыңыздар», «Жүректі уақытымен демалдырып тұрыңдар, әйтпесе, демалмаған жүрек соқыр жүрекке айналады». Бұл – Әли ибн Әбу Талибтің айтқаны. Яғни, шариғатта рұқсат етілген ойындар бар. Ондай ойындардың басты ерекшеліктері – адамға пайдалы және мағыналы болуында. Мысалы, той-томалақтарда, салтанатты кештерде және сәби дүниеге келген кездерде мұсылман үмбеті жиналып, өзара қуаныштарын бөліседі. Мұндай басқосулар шариғатта рұқсат етілген амалдар арқылы жүзеге асырылса, құба-құп.

Бірқатар хадистерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүгіруден, күрестен жарысқа қатынасқандығы, садақ ату, найза лақтыруға үндегені айтылады. Оның «Күшті мұсылман әлсізден гөрі жақсырақ» дегені соңғы сөзімізді қуаттай түседі Ал Құран Кәрімнің «Әнфал» сүресінің 60-аятында: «Сендер де шамаларың келгенше әртүрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер» дейді. Және Бұхариден жеткен бір хадисте Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бір топ сахабалардың садақ атудан жарысып жатқанын көріп, «Атыңдар, мен сендермен біргемін» деп айтқаны келтірілген. Ендеше, әр мұсылман құмардың жолында өз өмірін құрбан қылмай, пайғамбар (с.ғ.с.) істерімен амал етсе, игі.

Асан ЫСТЫ

Оқылды 391 рет
JoomShaper
Top