Бала – отбасы қазынасы

Сәрсенбі, 23.11.2021

Перзент ата-анаға берілген Алланың аманаты. Баланың жүрегі пәк, нәзік, аңқау және ешбір нақыш салынбаған таза гауһар тас сияқты. Алла тағала Құранда былай деп айтады:

«Мал мен балалар дүние тіршілігінің сәні...» (Кәһф, 46) және

«Адам баласы үшін әйел-аналар, балалар, алтын күмістен жиналған қазыналар, сәнделген аттар, малдар және егіндерді қызыға сүю әдемі көрсетілді. Бірақ олар дүние тіршілігінің сәні» (Әли Имран, 14).

Дүние қаншалықты көркем, сұлу болса, бала-шаға соның әдемілігін арта түсетін әшекейі. Айша анамыз мынадай риуаят келтіреді:

«Бір күні Алланың елшісіне (с.ғ.с.) бір бәдауй келіп: «Сендер балдарыңды сүйесіңдер ме. Оның себебі не?!» – деп таң қалып сұрайды. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Алла сенің жүрегіңнен мейірімді алып қойғанын қалайсың ба?», – деді» (Бұхари).

Сондықтан, шариғат баланы ұрып-соғуға, жәбірлеуге, оның ақысын жеуге қатты тиым салады. Ал енді кейбір жас-жұбайлардың ризық несібесі үшін қорқып: «Егер біз бала тусақ, оны асырау қиын. Баланың тамағын қайдан тауып береміз», – деген сияқты сылтау айтып, бала тууын шектеуі мүлдем дұрыс емес. Шариғат бұған тиым салады. Құранда Алла тағала ашық айтқан:

 «Бірде кедейшіліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды да сендерді де қоректендіреміз. Расында оларды өлтіру зор қателік» (Исра: 31).

Аяттан байқағанымыздай ризықты беретін ата-ана емес, ризық беруші Алла тағала. Ал ата-ана бар болғаны себепші. Ата-ананың міндеті, Алла тағаладан сол бала үшін мол ризық-несібе сұрау, мінәжат етіп оның дәулетті болуын тілеу. Бала шаңыраққа келетін берекетті алып қоймайды немесе оны азайтып қоймайды, керісінше бала – үйге кіретін ризықты молайтады. Жаңа туылған бала ананың аналық мейірімін күшейтсе, әкенің аталық сүйіспеншілігін оятады. Жас жұбайларға алдарына асқақ мақсат қояды.

Бала – әке-шешесін жоқтатпайтын нығмет, оның ізбасары әрі жалғасы. Әбу Һурайра (р.а.) пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисын риуаят қылады:

 «Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады: (олар) жүріп тұратын садақасы, пайдалы білімі және өзіне дұға ететін перзенті» (Мүслим).

Тіпті, керек болса ата-Әнасының жәннатқа кіруіне себеп болмақ. Бұған Әбу Һурайраның (р.а.) мына риуаяты дәлел:

«Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Егер мұсылманның үш баласы болып, олар дінбұзар болмаса, онда оның күнәсі кешіріледі, тозаққа түспейді»,– деп айтты» (Бұхари, Мүслим).

Айша анамыз (р.а.): «Маған екі қызы бар әйел қайыр сұрап келді. Менде піскен құрмадан басқа ештеңе жоқ еді, соны бердім. Ол бұл құрмаларды қыздарына бөліп берді, өзіне ешнәрсе қалған жоқ. Олар кеткен соң пайғамбар (с.ғ.с.) келді. Мен оған болған оқиғаны айттым.Сонда Пайғамбар:

Кім өз қыздарына қамқорлық жасап, оларға жақсы қараса, оның тозақ отынан қорғанышы болады, – деді»(Бұхари, Мүслим,Термези).

Нәрестені шыр етіп дүниеге келген сәтінен қарайлап, оған жақсы тәрбие бере білген ананы Алла тағала бұл дүниеде құрметке бөлесе, о дүние де жарылқайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«...Жәннат аналардың табанының астында», — деп айтқан Талха ибн Мағауиядан (Бұхари, Табарани).

Сонымен, сәби отбасына береке дарытады. Оның ризығын беретін Алла тағала. Омар ибн Хаттабтың (р.а.) мынадай сөзі бар: «Балаларыңды көбейтіңдер. Расында сендер олардың қайсысының арқасында ризыққа бөленетіндеріңді білмейсіңдер».

Мұндай жағдайда дана қазақ: «Бір қозы дүниеге туса, бір түп жусан артық шығады», – деп айтады. Үйге келген қонақтың өз ризығы болғаны сияқты, туылған сәбидің де бұл дүниеде аузына алатын дәм-тұзы болады. Мұнан соң, туылған сәбидің өсіп-өнуі, тәлім-тәрбие алуы ата-ананың мойнына жүктеледі.   

Ата-ана перзентін дүниенің қиындығы мен машақатынан қаншалық сақтаса, ақырет отынан да сақтауы керек. Ол үшін оған жақсы тәрбие береді, көркем мінезді үйретіп, жамандықтардан қайтару қажет. Бұзық құрбы-құрдастардан қорғап, жеңіл өмірге әдеттендірмей, жалқаулыққа емес, еңбек сүйгіштікке баулуы тиіс.

Гүлнар Жаладинқызы, дінтанушы

Оқылды 83 рет
JoomShaper
Top