Әкенің ең қымбат сыйлығы

Дүйсенбі, 30.05.2022

Бала – таза ақ қағаз. Әке-шешенің  әрбір сөзі, іс-әрекеті сол ақ қағазға таңбаланады. Соңыра, ол жазбалар баланың болашағында айтарлықтай рол ойнайды. Баланы адамдарға деген мейірімділікке, қамқорлық пен құрмет танытуға үйрету аса маңызды. Әдетте, бала бұл қасиеттерді ата-анасынан көріп бойына сіңіреді. «Құс ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» демей ме?

Сондықтан әрбір ұсақ-түйек бала үшін маңызды. Қыста жұқа күртешеде жүрген кедей, емтихан тапсыра алмаған сыныптасы, мұқтаж қарт көрші әжей т.б. Мұның барлығына баланың өз пайымы бар. Баланың өз ортасындағы болып жатқан жайттарға немқұрайлы қарамауына ата-анасы жауапты.

«Баланы жастан» дегендей жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін мүмкіндігіне сай жауапкершіліктер тапсырудан бастаған жөн. Мәселен:

1.Жауапкершілік. Демалыс күнді қалай өткізуді жоспарлауды тапсырыңыз. Бала өз жоспарында үйдегілердің ойлары мен қалауларын ұмытпауын ескертіңіз.

2.Құрмет. Ақиқаттың бірнеше қыры барын үйретіңіз. Сондықтан, әркімнің жеке пікірін құрметтеу қажет. Мейлің, ол бір-бірімен сәйкеспесе де.

3.Достарымен ойынын қадағалау. Бұл баланың жүріс-тұрысындағы кемшілікті байқауға мүмкіндік береді.

Міне, мұның барлығы әрбір шешімнің ең тиімді тұсын табуға тәрбиелейді. Ең бастысы, баланың қатесін қатты сынға алып «Сені ешкім жақсы көрмейді. Сенің жөні түзу досың жоқ» дегендей сөз айтпаңыз. Бұл баланы айтарлықтай жаралайды.

Кез келген бала қателеседі. Бұл – заңды. Мәселе басқада. Баланың кезекті қателігіне ата-ананың көзқарасы қандай? Міне, мәселе қайда! Бір ата-ана «бүлдірген» баланы жазалайды. Екінші ата-ана бағыт-бағдар беріп, баласына қателіктен сабақ алуды үйретіп тәрбиелейді. Әрине, сазайын тартқан бала, тынышталып ешнәрсе бүлдірмей отырады. Бірақ бұл шешім емес. Ең маңызды шешім баланың болмысын түзу қалыптастыру. Жеке дербес ойы бар, өзіне сенімді, жат мінезі жоқ тұлға ету.

Мәселен, бала інісін ұрды дейік. Анасы ашуланып мән-жайды түсінбей баланы ұрды немесе зәре-құтын алып айқай салды. Бала анасының бұл әрекетін қалай түсінеді? Жарайды, сол уақытта бауырына тиіспейтін шығар. Алайда, тәрбие деген осы ма? Баланы жазалау тәрбиеден күткен нәтижені бере ме?

Мәселенің басқа да шешімі бар. Баланың қателесуі заңды екенін ұмытпаған жөн. Бала бүгін де, ертең де қателеседі. Бұл оның әсілі жаман деген сөз емес. Бар болғаны баланың өз эмоциясы мен мінезін қолдануды үйрену процесі. Ол үшін балаға біршама уақыт керек.

Ойыншығын сындырған немесе суретін жыртқан інісін ұрған балаға асықпай бауырының бұзықшылық жасағаны дұрыс емес екенін, оның не үшін ұрғанын да білетіндігін, бірақ келесі жолы ұрмай, болған жайтты үлкендерге айтуды анасы ескертсе. Балаға көңіл бөліп, оның «проблемасын» шешудің нәтижесінде біріншіден, ата-ана баласымен диалог құрудың жолын қалыптастырады. Екіншіден, бала басқалармен санасатын болады. Үшіншіден, бұл жайт қайталанса, кімге айту керектігін білетін болады. Төртінші, бала анасына немесе бауырына деген реніші болмайды. Бесінші, кіші бауырымен қалай мәміле жасауды үйрене бастайды. Міне, мұның барлығы баланың дұрыс қалыптасуына әсер етеді.

Демек, балаға «төбелесе берсең, бұдан былай ол баламен ойнама» деген сияқты тиымдар шешім емес. Керісінше, балаға басқалармен ұрыспай-таласпай ойнауды үйреткен жөн. сіз жанында болмаған кезде өз бетінше балалармен ешбір «қақтығыссыз» қарым-қатынас құра білетін болады.

Мәселен...

1.Теориялық дайындық. Балаңызға «екі бала бір машинамен қалай ойнаса болады, қалай бөліседі?»,-деген сұрақ қойып, оның шешімін алыңыз. Осындай бірқатар сұрақтармен балаға алдын ала басқа балалармен қарым-қатынас құруды үйретесіз.

2.Төрелік. Ойыншыққа таласқан сәтте баланың қолынан күштеп алып, басқа балаға беру қателік. Бөлісу керектігін жанжал үстінде емес, кейінірек барлығы басылған соң үйреткен дұрыс. Ал, қазірше екінші балаға басқа бір ойыншық тауып берген жөн.

3.Оқшауламау. Бала жеке дара емес басқа балалармен көпшілікте ойнағаны дұрыс. Бұл баланың жүріс-тұрыстағы кемшін тұстарын байқауға мүмкіндік береді.

4.Салдарын түзету. Ойын үстінде жылаған немесе ойыншықсыз қалған баланың көңіл-күйі жайлы онымен емін-еркін кезде сөйлесу. Баланың ойын біліп, оған мән-жайды түсіндіру.

Ал, енді баланы тәрбиелеу ең әуелі жас ата-ананың өзін-өзі тәрбиелеуден басталады. Теориялық тұрғыда біршама жайтты ата-аналар біледі. Дегенмен, оның басым бөлігін орындай бермейді. Қала берсе, құлағы тыныш боп, мазасын алмаса балаға аса көңіл бөлмейді. Баланың әрбір бұзықшылығы, тентектігі оның қалыптасу және дараланып дербес бола бастауы екенін ұмытпау керек. Тәрбиедегі немқұрайлық салдарынан ата-ана пен баласын арасы алыстап кетеді. Екеуінің арасында байланыс үзіледі.

Сондықтан, баланы сырттай бақылап бағыт-бағдар беру қажет. Бір орында тұрмайтын және сәт сайын төбелесіп қала беретін баладан ата-ана шыдамы таусылып шаршайды. Қала берсе, жүйкесі де қажиды. Алайда, шаршадым деп баланың үрейін ұшыратындай немесе бала ата-анам мені жеккөреді екен деген ойға баратындай етіп айқайлау немесе ең жаманы ұру дұрыс емес. Мұндайдың алдын алу үшін бірнеше кеңес бар.

1.Жас ата-ана қателігі. Барлық ана ашуын тізгіндей алмағанын былай түсіндіреді: «мұның қате екенін білемін. Бірақ, ашуыма ие бола алмай қол көтеріп қоя беремін»,-дейді. Не себепті ашуланасыз деген сұраққа ана: «балам бір қатені жүз рет айтсам да қайталайды»,-дейді. Демек, ата-ана боп сіз қайта-қайта қателесетін болсаңыз, баланың бір қатені жүз қайталауы заңдылық емес пе? Міне, осыны ұмытпаңыз.

2.Ашу – дұшпан. Ата-ана ашуланғандағы не ойлайтындығы аса маңызды. Көбінесе, балам айтқаныма құлақ аспай, керісінше ерегісіп тұр деген ой ата-ананы қатты ашуландырады. Ал, негізінде, ойын баласы ата-ана ескертпелерін ұмытып кеткендіктен орындамайды. Бала емес пе?

3.Дәрменсіздік. Жеке уайым-қайғы немесе өмірдегі қиындық пен сәтсіздіктердің есесін баладан алу. Бұл ең сорақысы. Бейкүнә баланың жазығы не? Әрине, бұл дәрменсіз ата-ананың қылығы.

4.Өкініш. Ашуланған сәтте, барлығы басылған соң не болатынын бір сәт ойлап көріңіз. Әдетте, «қап, баламды бекер ұрыстым немесе ұрдым» деп өкініп жатады. Демек, ата-ана баланың бұл бұзықтығы оған ашулануға тұрарлық жайт емес екенін кеш болса да түсініп отыр. Ендеше, ата-ана ашуын өз қолында ұстауды үйренгені әлде қайда жақсы.

5.Тосын сый. Баланың «тосын сыйына» дайын болыңыз. Бала тағы да тентектігін қайта жасағанда онымен қалай мәміле жасайтыныңызды ойша жүгіртіп шығыңыз. Мәселен, келесі жолы ойыншықтарын жинамаса, не істейсіз?

Ең бастысы бала тәрбиелеу арқылы адам әуелі өзін тәрбиелеу қажет. Жаман әдеттерінен арылу тиіс. Өйткені, бала естігенін емес көргенінен көбірек үлгі алады. «Құс ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Ал, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әке балаға жақсы тәрбие (мінез-құлықтан) артық сый бере алмайды[1]»,-деген.

Руслан ҚАМБАРОВ,

исламтанушы 



[1] Тирмизи

Оқылды 551 рет
JoomShaper
Top